Украинадағы соғыс биыл біте ме?

Полицейлер Ресейдің әуе шабуылынан соң қираған үйді бақылап жүр. Киев, 9 қаңтар, 2026 жыл.

Түйін

  • Украинадағы соғыс 2026 жылы аяқталуы екіталай, өйткені Ресейдің шегінуге құлқы жоқ дейді сарапшылар.
  • Ресей шабуылы жалғасып жатыр, ал Украина Донецк, Запорожье және Херсон облыстарының едәуір бөлігін әлі де бақылауында ұстап отыр.
  • 24 ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіргеніне төрт жыл болады.
Ресей Украинаға соғыс ашқалы төрт жылға таяп қалды, негізгі мәселелер бойынша тараптардың ұстанымы бір-бірінен әлі де тым алшақ. Сарапшылар Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі Еуропадағы ең қанды қақтығыс 2026 жылы аяқталуы екіталай деп болжайды.

"Әрине, бәрі тез аяқталғанын қалаймын. Бірақ бұл әлі біразға созылатын сияқты". Майдан шебінде соғысып жүрген украин солдаты Петр мамырда Азаттыққа сұхбатында осылай деген.

"Ешқандай бітім болмайды. Барлық белгілеріне қарасақ, соғыс жалғаса береді" деді онымен бір ротадағы Александр есімді сарбаз. Оның ойынша, Ресей ең кемі Донецк аймағының Украина бақылауында тұрған бөлігін күшпен басып алуға тырысады.

Арада сегіз ай өтті, бейбіт келісім түгіл атысты тоқтату жөнінде уақытша бітім де жоқ. Кескілескен ұрысқа қарамастан, Ресей басты көздегені – Донецк облысын толық басып ала алмады. Сарапшылардың болжамы бойынша, Еуропадағы Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең ұзақ соғыс биыл да аяқталмауы мүмкін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей НАТО еліне соғыс аша ма? Сарапшылар пікірі қақ жарылды

"Қақтығысты толық шешуге қажет алғышарттың ешқайсысы әлі қалыптасқан жоқ, — деді Лондондағы King’s College университетінің Соғыс зерттеулері департаментінің аға оқытушысы Рут Дейермонд Азаттыққа. — Украина да, Ресей де майданда шешуші жеңіске жете алатын жағдайда тұрған жоқ, әрі екеуі де айтарлықтай қысымға ұшырап отырса да, ешқайсысы толық жеңілетін сыңай байқатпайды".

Ресей президенті Владимир Путин Украинаны қысқа мерзімде бағындырамын деген үмітпен 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға соғыс ашқан. Арада төрт жылға жуық уақыт өтсе де, Ресей әскері соғыстың алғашқы апталарында бақылауға алған аумақтан да аз жерді ұстап отыр.

Ресей әскері жаяу да, мотоциклмен де, батпақты жерде тіпті атпен де баяу ілгерілеп жатыр. Дегенмен әскер шығыны өте көп. Киев Донецк, Запорожье және Херсон облыстарының едәуір бөлігін әлі де бақылауда ұстап отыр. Бұл — Мәскеу еш негізсіз өзінікі деп жариялаған бес украин аймағының үшеуі.

Батыс барлау қызметтерінің есебі бойынша, екі тарапты қоса есептегенде, соғыс барысында 1,5 миллионнан астам жауынгер қаза тапқан немесе жараланған. Ресейдің Украина аумағына жасаған үздіксіз әуе соққылары кесірінен ондаған мың бейбіт тұрғын қаза тапты не жараланды, елдің электр және энергетика инфрақұрылымы тас-талқан болды.

2026 жылы "жалпы соғыс түгіл майдандағы атысты тоқтатуға құлқы жоқ" Ресей – бейбітшілікке басты кедергі дейді сарапшы Дейермонд.

АҚШ президенті Дональд Трамп былтыр қаңтарда екінші президенттік мерзіміне кіріскенде басты міндетінің бірі – Украинадағы соғысты тоқтату деген. Соңғы бірнеше айда қарқынды дипломатиялық әрекеттер нәтижесінде Украина, оны қолдап отырған Еуропа елдері және АҚШ бейбітшілікке жеткізетін ортақ жоспар жөнінде келісімге келуге жақын қалды.

ҚАТАҢ МӘЛІМДЕМЕЛЕР

Алайда "Ресей Донбасс аймағын және Украинаның өзге де жерін қайтаруға құлықты бола ма?", "Ресей Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруге, оның жеріне Батыс әскерін орналастыруға келісе ме?" деген сияқты ең басты мәселелерге келгенде бітімнің ауылы алыстай берді. Ресей басып алған Запорожье атом электр станциясы бойынша келіспеушілік те басты түйткіл болып тұр.

"Бейбіт келіссөздер нақтылана бастаған сайын жағдай айқындала түсуі мүмкін, — дейді Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының әскери сарапшысы Марк Кансиан Азаттыққа. — АҚШ, Украина және Еуропа ортақ мәмілеге келе алатындай көрінеді, алайда Ресей ымыраға баруға дайын емес. Оның стратегиялық мақсаттарын басқа тараптардың ешқайсысы қабылдай алмайды. Олар соғыста жеңіп жатырмыз деген сенімнің арқасында айтқанынан қайтпай отыр.

Есесіне Ресей Украинаны Путиннің резиденциясына шабуыл жасады деп айыптаған соң Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "келіссөздегі позициясын қатаңдата түседі" деген. Киев бұл айыпты жоққа шығарды, ал Трамп алдымен Путиннің телефонмен берген ақпаратына сенетінін айтқанымен, кейін Ресей президенті де, оның резиденциясы да нысанаға алынған жоқ Орталық барлау басқармасының ұстанымын қайталады.

Путин 19 желтоқсандағы баспасөз мәслихатында да, жаңа жыл және православ рождествосы күнгі құттықтауларында да Ресей бейбітшілікке емес, жеңіске ұмтылады деген емеурінін білдірді. 31 желтоқсандағы және 7 қаңтардағы құттықтауларында ол "қасиетті борышын" атқарып жүрген Ресей сарбаздарына ерекше мадақ айтты. Бірақ бейбітшілік туралы ештеңе демеді.

"ПУТИННІҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМЫ – СОҒЫСТЫ ЖАЛҒАСТЫРУ"

Ресей әскері жөніндегі сарапшы, Карнеги қорының Халықаралық бейбітшілік жөніндегі аға ғылыми қызметкері Дара Масикоттың айтуынша, Мәскеу соғысты әрі қарай соза түскісі келеді. "Жергілікті жердегі операцияларды, қолбасшыларына берген нұсқаулықтарды негізге алып айтсақ, Путиннің басты ұстанымы – соғысты әрі қарай жалғастыру. Олар 2026 жылы да Ресей өзінікі деп санайтын Қырымнан өзге Украинаның төрт аймағы — Луганск, Донецк, Запорожье және Херсон облыстарының барлығында шабуылды жалғастыруға ниетті", – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, "Путин әлі де "Донбасс пен Новороссияға" көз тігіп отыр". Патшалық дәуірде Ресей Украинаның шығысындағы өзі үстемдік құрған аймаққа осындай ат қойған. Сарапшы осы даулы терминді еске салды.

Путин соғысқа, Украинаға қатысты қатаң мәлімдемелерді көп жасайды және көбіне біршама прагматикалық немесе байыпты ұстанымын жасыру үшін жария түрде қоқан-лоқы көрсеткенді ұнатады.

Ішкі және сыртқы қысым күшейген сайын, "Ресей де, Украина да соғысты көп жылға созбай, өздеріне барынша тиімді шарттармен аяқтаудың жолдарын іздеп отыр", — дейді Crisis Group ұйымының Ресей жөніндегі аға сарапшысы Олег Игнатов Азаттыққа.

Львов қаласындағы зират. Кейуана соғыста қаза болған туысының бейітіне келіп тұр. 23 мамыр, 2025 жыл.

ЕКІ ЖАҚТЫҢ ОСАЛ ТҰСТАРЫ

"2025 жылдың ең басты сабағы – осы. Олар жаппай соғысты тым ұзаққа созса, өз елдерінде тұрақсыздық туып, дамуды біраз жылға шегереді деп қауіптенетін болса керек", – дейді ол. Сарапшының айтуынша, қазір "қос тарап та соғысты соза түсу 2026 жылы олардың келіссөздегі позициясын нықтай түседі деп ойлайды".

Екі жақтың да осал тұсы бар, екі елде де әскер күші жетіспейді, әсіресе Украина үшін бұл – үлкен мәселе. Бұған қоса қару-жарақ тапшылығы, экономикалық қиындықтар және басқа да факторлар бар.

Соғыс қашан аяқталады, ол жағы беймәлім, бірақ белгілісі – "2026 жылы Ресейдің ішкі соғыс машинасына қысым алдыңғы 4 жылдағыдан да қатты болады" дейді АҚШ-тағы Шетелдік саясатты зерттеу институтының сарапшысы Андрас Тот-Цифра.

Бірақ "адам күші мен ақша жетіспей жатқанына қарамастан, Украина қаруы мен солдаты біткенше соғыса беретін сияқты. Экономикалық шығыны көбейіп, көп адамын жоғалтып жатқанына қарамастан, Ресей де күйреп қалады деп ойламауымыз керек, – дейді Халықарлық дағдарыс орталығының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Ольга Оликер. – Іс жүзінде қос тараптың екеуі де биыл ең қиын нүктеге жетіп қалуы мүмкін, бірақ оның уақытын біз тек болған кезде ғана біле аламыз".

Көп бөлігі қиран Донецк облысының Угледар қаласындағы бүлінген көпқабатты тұрғын үй. 27 қаңтар, 2023 жыл.

Сондықтан үлкен соғыс "құрлықта аздап қана жылжығанымен, көп адам шығынымен, Украинаның бүкіл аумағына және Ресейдегі басты нысандарға зымыран және дрон шабуылымен бесінші жылға аяқ баспақ".

Жаппай соғыстың орнын алмастыратын балама варианттар бар. Дегенмен "Украинадағы соғыс 2026 жылы баянды бейбітшілікпен аяқталуы екіталай", – дейді Оликер. Оның айтуынша, бір ықтимал сценарий бойынша, "Трамп әкімшілігі Киевті Ресей қойып отырған шарттың көбіне, бәлкім барлығына, көнуге мәжбүр етеді. Ал бұл тізе бүгумен парапар", – дейді Оликер.

Оның болжамы бойынша, бұл Украинада саяси тұрақсыздықты күшейтіп, Еуропаның өзге бөлігі Ресейдің ендігі ниеті қандай деп алаңдай бастауы мүмкін. "Мәскеу де мазасызданары анық, бірақ сонымен бірге ол қолы жеткен нәрселерін орнықтырып алуға тырысады, – деді ол. – Мұның ешқайсысы бейбітшілікке ұқсамайды және бұл одан әрі зорлық-зомбылыққа ұласуы әбден мүмкін".

Дейермонд та соғыс 2026 жылы аяқталуы екіталай деп болжайды, бірақ егер бітімге қол жеткізілсе, "уақытша тоқтатылған қақтығыс" санатына өтуі мүмкін дейді.

"ЭКЗИСТЕНЦИЯЛЫҚ ҚАТЕР"

Алайда, оның сөзінше, "атыс-шабыс тоқтағанның өзінде, басқа қатырылған қақтығыстар сияқты оны да келіссөздер арқылы шешу мүмкін емес, өйткені екі тарап та өздерінің ең басты мүдделеріне қауіп төніп тұр деп есептейді".

"Украина үшін… Ресей оккупациясы және Украинаны бақылауға алуды көздейтін империялық пиғыл, яки украин тәуелсіздігі мен ұлттық болмысын жоққа шығаратын отарлық қатынасқа қайта мәжбүрлеу ниеті – экзистенциялық қатер, — деді Дейермонд. – Ал Ресейде Путиннің президенттігі соғыспен және Украинаны бағындыру жобасымен тығыз байланысқаны сондай, жаңа президент келмейінше басып алған жерден шығу немесе Украинаның болашақтағы сипаты мен бағытына қатысты талаптарды өзгерту мүмкін емес сияқты".

Дегенмен, "2026 жылы Кремльде өзгеріс болады дегенге айтарлықтай үміт жоқ, сондықтан 2026 жылдың соңында "2027 жылы соғыс аяқталуы мүмкін бе?" деп өз-өзімізге тағы да сұрақ қойып отырамыз" дейді ол.