ҰҚК "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының басқарма мүшесін жемқорлық күдігімен ұстаған

Қуаныш Омарбеков – "Үлбі металлургия зауыты" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. ҮМЗ сайтындағы фото

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі 2026 жылғы 23 қарашада "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының басқарма мүшесі Қуаныш Омарбеков пен тағы бірнеше адамды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған. Мұндай ақпаратты 25 қарашада ҰҚК баспасөз қызметі таратты.

"Олар "Самұрық-Қазынаның" бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінді" делінген ҰҚК таратқан қысқа ақпаратта.

ҰҚК сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 367-бабының 4-бөлігі ("Аса ірі мөлшерде немесе қылмыстық топ жасаған пара беру") бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлап, Омарбековпен бірге неше адам ұсталғанын, олардың аты-жөні мен қандай қызмет атқаратынын нақтыламады.

Бұған дейін "Қазатомөнеркәсіп" осы компанияның директорлар кеңесінің 24 қарашадағы шешімімен басқарма мүшелері – коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байғожин мен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбековтің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылғанын хабарлаған.

"Олардың функционалдық міндеттері міндеттер мен өкілеттіктерді бөлу жөніндегі ішкі рәсімдерге сәйкес компания басшылығының ішінде қайта бөлінді. Компания өндірістік және коммерциялық персоналдың толық құрамда жұмысын жалғастырып, ағымдағы шаруашылық қызметі штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр", – деген компания жаиялаған ақпаратта.

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы құрылымында 12 жылдан бері жұмыс істеп келген Қуаныш Омарбеков 2023 жылдың маусым айынан компанияның өндіріс жөніндегі бас директоры, 2023 жылдың маусым айынан – басқарма мүшесі болды. Ол 2023 жылдың желтоқсанында "Үлбі металлургия зауыты" акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды.

11 қарашада ҰҚК "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Елжас Отыншиев және аты-жөні аталмаған өзге де адамдарды жемқорлық күдігімен ұстағаны бір күннен кейін белгілі болды. 14 қарашада тергеу соты оларды тұтқындау туралы шешім шығарды.

13 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында "Самұрық-Қазына" қоры мен "Қазақстан темір жолы" басшыларының ұсталуына байланысты мәлімдеме жасап, мұны "мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай" деп атаған.

Ал 16 қарашада Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қызметінен босатып, оның орнына Марат Ирменовті тағайындады. Тоқаевтың кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадиярдың сөзінше, президент мұндай шешім қабылдағанда жемқорлық оқиғасына қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстау жағдайын да ескерген.

"Президенттің пікірінше, күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жіберген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды", – деген Смадияр министрге ескерту жариялауға нақты не себеп болғанын ашып айтпады.

Жақыпов пен Отыншиев ұсталғаны жайлы ақпарат жарияланған күні әлеуметтік желіде тараған видео қоғамда резонанс тудырған еді. Онда Астанадағы "Атлант" тұрғын үй кешені маңында доллар купюралары шашылып, әлдебір шабадан жатқаны, маңайында күштік құрылым өкілдері жүргені көрінеді. Ресми органдар видеоның екі топ-менеджерді ұстаумен байланысы бар-жоғына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Басын құмға тыққан түйеқұс болмаймыз". Тоқаев жемқорлық мәселесін жасырмауға уәде етті"Жұрт биліктің күресіне сену үшін бар шындықты жасырмау керек". Жемқорлық күдігі жайлы сарапшылар не дейді?“Самұрық-Қазына” және ҚТЖ басшылары қамауға алындыТоқаев «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына пікір білдірді"Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ басшылары жемқорлық күдігімен ұсталды. Тоқаев шұғыл жиын өткізбек