Покатиловканың орнына – "Атамекен". Елді мекен атауын өзгерту "отарлық мұрадан" арылу ма?

Покатиловка ауылының атын Атамекен деп өзгертуге қарсы екенін айтып тұрған адамдар. Батыс Қазақстан облысы, 9 сәуір 2021 жыл.

Ресеймен шекаралас өңірлердегі ауылдар мен ондағы көше атауын өзгерту туралы бастаманың астарында не жатыр? Жергілікті халық арасында бұл ұсынысты қолдайтындар да, қарсылар да бар. Азаттық олардың уәжін тыңдап, зерттеушілердің пікірін сұрады.

ПОКАТИЛОВКАНЫ "АТАМЕКЕНГЕ" АЙНАЛДЫРУҒА ҚАРСЫЛЫҚ

Батыс Қазақстан облысындағы Покатиловка ауылы өңірдің әкімшілік орталығынан 50 километр жерде орналасқан. Негізі Орал қаласынан Покатиловкаға автокөлікпен бір сағатқа жетпей жетуге болады. Бірақ ой-шұңқыры көп жайсыз жолмен ауылға жету мүмкін еместей көрінеді. Әсіресе, жолдың қиыршық тас төселген соңғы 20 километрін жүріп өту тіпті қиын. 30 жылдан бері жөндеу көрмеген ескі жол көктемде қар ерігенде ми батпаққа айналған.

– Жолды жөндеуге бәрі дайын болды, сол кезде тіпті құм мен қиыршық тас та әкелді. Бірақ кейін [Совет одағы] тарап, жұмыс аяқсыз қалды. Содан бері жолды ешкім жөндеген жоқ. Көлікпен топырақтың үстін тегістеп өтеді, болды, бар жөндеудің түрі – осы, – дейді Покатиловкада тұратын Виталий біз мінген көлікті батпақ жолмен айдап келе жатып.

Покатиловка ауылына кірберістегі жазу.

Покатиловканың ішінде де жөні түзу жол жоқ. Ауыл орталығындағы әкімдік пен мәдениет үйі орналасқан көшеге жету үшін бірнеше шалшықты айналып өтіп, кейде батпақтың үстімен жүруге тура келеді: өйткені ауыл ішінде басқа жол жоқ.

Азаттық тілшісі Покатиловкаға ауылдың атауы "Атамекен" болып өзгеруі мүмкін деген хабардан кейін барды. Өткен ғасырдың басында большевиктер революциясына дейін құрылған, қазір мыңға жуық адам тұратын ауыл халқы арасында елдімекен атауын жаңғырту бастамасына наразылар бар.

9 сәуірде ауыл халқы жиналыс өткізген. Жергілікті басылымға бұл жиын туралы хабарлама да берілген. Белгіленген уақытта әкімдіктен бір квартал жердегі кең көшеге 50 шақты адам жиналған.

Покатиловка ауылындағы жиынға қатысушылар.

– Үй-үйді аралап, ауыл атауын өзгерту бастамасына байланысты жұрттың пікірін жинадық. 427 адам Покатиловка атауын өзгертуге қарсы болды. 152 адам қолдады, – дейді Покатиловкада өскен Динара Сатыбалдиева.

Сатыбалдиева бұл бастаманы "сырттан келген", "тәуелсіздік алғалы 30 жыл өтті, елдімекендер атауы қазақ тілінде болуы керек" деп есептейтін азаматтар көтергенін айтады.

Покатиловка атауын өзгертуге қарсы азаматтар өткізген жиынға бастаманы қолдайтындардан ешкім қатыспаған. Жиналғандар ауыл атауын өзгертуді жақтайтындар кездесуі содан бір күн бұрын өткенін айтты. Ауыл халқының сөзіне қарағанда, Покатиловкада қалғысы келетіндер мен "Атамекенде" тұруды армандайтындардың арасында кикілжің бар сияқты.

– Маған мессенджерге "Ауыл атауын өзгертуге қарсы болсақ Украинадағы жағдай қайталанады" деп жазып жіберіпті. Кім жазғанын білемін. Мұндай ақпарат таратудың қажеті қанша, бейбіт өмір сүргіміз келеді, – дейді осы ауылда тұратын Александр Сланин.

Покатиловка ауылында тұратын Александр Сланин.

Жұрт жиналған жерге Покатиловка ауылдық округі әкімі мен полиция өкілдері де келді. Әкім ауылдың атауы өзгермейтінін айтып, жұртты қуантып қойды.

– Тұрғындардың жеке бастамасымен, ауыл атауын өзгертуді қолдайтындар мен оған қарсы азаматтар арасында сауалнама жүргізілді. Азаматтар қол жинап өткізді. Қос тараппен де кездесіп, екі рет жиын өткіздік. Нәтижесінде ауыл атауын өзгертуге қарсылар басым болды. Мәселе сонымен бітті. Покатиловка атауын өзгеріссіз қалдыру туралы шешімге келдік, – деді әкім Абзал Хами.

Бірнеше әйел әкімнен ауыл атауы өзгермейтінін растайтын құжат көрсетуді талап етті. Әкім оларға сұраған құжатты беруге дайын екенін айтты, сәлден кейін жиналғандардың бәрі әкімдікке қарай беттеді.

Покатиловка ауылдық округі әкімі Абзал Хами.

Кейінірек ауыл әкімдігі ғимаратының алдында тұрып Сатыбалдиева жиналған жұртқа "Жергілікті қауымдастықтың 2021 жылы 9 сәуірге жоспарланған "Покатиловка ауылының атауын өзгерту туралы" жиналысы қатысушылар аз болуына байланысты өтпей қалды. Мәселе автоматты түрде күн тәртібінен алынды. Яғни, Покатиловка ауылының атауы өзгермейді" деген мәтінді дауыстап оқып берді.

Мұны естіген кезде жиналған адамдар "Ура!" деп айғайлап, қол соғып, шулап кетті.

Покатиловка ауылының атауы өзгермейтінін естіп қуанып тұрған адамдар. Осы жайлы жазылған қағазды ұстап ортада тұрған — Динара Сатыбалдиева.

Осы кезде әкімдікке ауыл атауын қазақшалауды талап еткен азаматтар да келіп жеткен еді.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай мемлекет елдімекендер атауын өзгерте бастады. Біз де ауылымыздың атауын өзгертуді ұсындық. 70-80 адамбыз. Елдімекен атауын өзгерту бастамасын қолдаймыз, бірақ уақытымыз болмай, жиналысқа қатыса алмадық. Ауыл атауын өзгертуге қарсы болып отырғандардың жартысы мұнда тұрмайды, – дейді Покатиловка атауын өзгертуді ұсынған, осы ауылда тұратын Бағдат Өтеғалиев.

Онымен бірге әкімдік ғимаратына келген бірнеше азамат пікір білдіруден бас тартты. Олар жиналыс өтіп жатқан жерден сәл әріде бірақ уақыт тұрып, кейін кетіп қалды.

Суретте сол жақтағы көзілдірік таққан ер адам – Покатиловка атауын өзгертуді қолдайтындардың бірі, осы ауылда тұратын Бағдат Өтеғалиев.

Азаттық тілшісі жергілікті қауымдастық мүшелерінің тізімінде аты-жөні көрсетілген осы ауылдағы мектептің директорымен сөйлесіп көрмек болды. Бірақ ол жұмыс орнында жоқ екен. Мектеп қызметкерлерінің айтуынша, директор аудан орталығына шаруамен кеткен.

"ОРЫС ХАЛҚЫНЫҢ СЫЙЫ" ТУРАЛЫ МӘЛІМДЕМЕДЕН КЕЙІНГІ ШАРА

Покатиловка – өңірдегі атауын өзгерту ұсынылған жалғыз ауыл емес. Батыс Қазақстан облысында кейінгі бірнеше аптада әртүрлі аудандағы бірнеше елдімекенде осындай бастамаларды талқылауға арналған жиындар өткен. Олардың қатарында Трёкино, Новенький, Володарка ауылдары да бар. Өңірде барлығы қанша елдімекеннің атауын өзгерту жоспарланып отырғанын анықтау мүмкін болмады. Батыс Қазақстан облыстық әкімдігі редакция сұрақтарына мақала жарияланғанға дейін жауап берген жоқ.

Покатиловка ауылындағы мәдениет үйінің алдындағы шалшық.

Өңірдегі негізгі су айдыны – Жайық өзенінің жағасында орналасқан көп ауыл бұрын казактар бекінісі болған. Бұл елдімекендердің көбі өңірге 19 ғасырдың соңына қарай Орталық Азияны отарына айналдырған орыс патшасына қызмет етіп, империяның іргесіндегі әскери бекіністер рөлін атқарған казактар келгеннен кейін құрылған. Казактар мен жергілікті халықтың қарым-қатынасы қайшылыққа толы болған. Арадағы кикілжіңге казактар қонысының жергілікті халықтың дәстүрлі көшпелі тұрмыс-тіршілігін бұзуы әсер еткен. 1917 жылы Ресейде алдымен патша тақтан тайдырылып, кейін большевиктер төңкеріс жасап билікке келгеннен кейін совет өкіметі ақтардың қатарына қосылған казактарды жау көріп, басып-жаншыған. Уақыт өте келе казактар қозғалысы жойылып кеткен. Бірақ Батыс Қазақстан облысындағы көп елдімекенге казактар берген атаулар патша кезінде де, Совет одағы тұсында да өзгермеген.

Покатиловка ауылындағы шіркеудің алдынан өтетін жол.

"Сандж" зерттеу орталығының басшысы, әлеуметтанушы Жанар Жандосова "Ресеймен шекаралас Батыс Қазақстан облысындағы елдімекендер атауын өзгерту туралы тапсырма жоғарыдан беріліп отыр, бұл Ресей саясаткерлерінің территория туралы айтқанына реакция ретінде жасалған болуы мүмкін" деп есептейді.

– Бұл кейінгі кезде Ресей саясаткерлері мен [федералдық арналардың] жүргізушілері жиі айтып жүрген Ресейдің "сыйы" туралы мәлімдемелерге қатысты болса керек. Бұл сөздер шынымен сепаратистік көңіл-күйге түрткі болуы мүмкін, – дейді Жандосова.

Кейінгі айларда қоғамда Қазақстанның жер аумағына байланысты Ресейдің қояр талабы бар деген тақырып қызу талқыланды. Былтыр Ресей мемлекеттік думасының депутаттары Вячеслав Никонов пен Евгений Федоров Қазақстанның солтүстік өңірлерін "орыс халқының сыйы" деп атаған. Бұл мәлімдемеден кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Мәскеуге дипломатиялық нота жолдаған. Бірақ Қазақстанның ескертуіне ешқандай жауап келген жоқ. Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресей парламенті мүшелерінің айтқанын "бос сөз" деп атаған. Кейін біраз уақыт орнаған үнсіздікді бірнеше айдан соң көрші мемлекеттің президенті бұзды.

Ресейдің Қырымды өзіне қосып алғанына (әлем елдерінің көбі Украинаға тиесілі түбекті Ресейдің жаулап алуын "аннексия" деп атайды) бес жыл толуына орай ұйымдастырылған концертте Владимир Путин де Ресейдің "жомарттықпен берген сыйлары" туралы айтып, "өткен ғасырда большевиктер квазимемлекеттік құрылымдарға геосаяси кеңістіктерді беріп жіберген, нәтижесінде СССР тарағаннан кейін Ресей көп территориясынан айырылды" деп мәлімдеген. Путин қандай квазимемлекеттік құрылымдарды меңзеп отырғанын ашып айтпады.

Қазақстанға жер мәселесі бойынша бұрын да бірнеше рет талап айтып жүрген ресейлік саясаткер Владимир Жириновский биыл сәуірде тағы бір мәлімдеме жасады. Жириновскийдің өзі айтқан ескі тақырыпты қайта қозғауына Қазақстанның Ресеймен шекаралас Павлодар облысының әкімшілік орталығындағы көше атын ауыстыру бастамасы себеп болған. Қалада ондаған көшенің атын жаңғыртып, қазақшалау туралы шешім қабылданған.

"Өздерің қазақтардың қаласын салып, сондағы көшелерге қазақша атау беріңдер. Басқаның қаласында нелерің бар? Бірінші Петр тұсында тұз өндірушілерді қорғайтын Коряковский бекінісі құрылған. Ол жақта ешқандай мемлекет болмаған, жазық даланың әр жерінде көшпенділер ғана жүрген… Орыс әлемі, орыс кеңістігі өз шекарасын қалпына келтіріп, әлі-ақ тәртіп орнатады" деді Жириновский.

Жириновскийдің сөзіне қазақстандықтар интернетте наразылық білдірді. Ресей одақтасы саналатын Қазақстанның ресми тұлғалары үнсіз қалды. Осыған дейін Нұр-Сұлтан Мемлекеттік дума депутаттарының пікірі Кремльдің көзқарасын білдірмейтінін айтқан еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәскеудің "ақпараттық соғысы", Нұр-Сұлтанның "болбырлығы" және "рубльге байланған теңге"

"МИНА ТОЛЫ ЖЕРМЕН ЖҮРГЕНДЕЙ"

Павлодарда ескі атауларды жаңарту бастамасы қызу пікірталас туғызды: халықтың бір бөлігі көшелердің бұрынғы атауын (Донецкая, Молодежная, Юннатов) қалдыруды дұрыс деп санайды, екінші бөлігі қазақша атау беруді талап етіп отыр. Өткен айда Қазақстанның орталығындағы өндірістік қала Қарағандыда да осыған ұқсас пікірталас өткен. Октябрьский ауданына сталиндік репрессия жылдары атылған "Алаш" партиясының жетекшісі және Алаш автономиясының басшысы Әлихан Бөкейхановтың атын беру ұсынылған. Бұған байланысты қоғамдық тыңдау өтіп, қызу пікірталастан соң аудан атауын ауыстыру туралы шешім қабылданған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тұрғындар ауданға Бөкейханов атын беруге неге қарсы?

– Бұл тақырып минаға толы жермен жүргенмен бірдей. Өйткені көше мен ауыл атауын өзгертуге келгенде біз үнемі ұлтаралық қатынас мәселесіне тірелеміз. Орыс тілінде сөйлейтін жұрт мұндай бастаманы өз тілі мен мүддесіне қысым көрсету деп түсінеді. Ал қазақша сөйлейтіндер олардың Қазақстанды "отаным" деп қабылдамайтынын айтып, елде саны басым ұлттың құқығы бұзылып отыр деп санайды. Ауыл атауын өзгерту азаматтардың бір-біріне қоятын талабын күшейтіп отыр. Халық бірігудің орнына ұлтына, мәдени және тіл ерекшелігіне қарай жік-жікке бөліне бастады, – дейді Оралдағы "Уральская неделя" газетінің бұрынғы редакторы, тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедияров.

Журналист Қазақстан билігі көше мен елдімекен атауын өзгерту арқылы жаңа идеология енгізіп, ескі отарлық тарихтан арылуға тырысып жатыр" деп есептейді.

Журналист Лұқпан Ахмедияров митингіде сөйлеп тұр. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.

Қазақстан билігі ұлтаралық жанжал мен өзге де кикілжің тақырыбын үнсіз айналып өтуге тырысады. Ресми түрде Қазақстан өзін ұлтаралық және дінаралық келісімнің үлгісі етіп көрсетеді. Ал елде оқта-текте болып тұратын ұлтаралық жанжалдарды "тұрмыстағы келіспеушілік кесірінен болған" деп сипаттайды.

1990 жылдардың соңында қазағы көп оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығыс және оңтүстік-батыс өңірлерде елдімекендердің орысша совет топонимдерін жойып, тарихи атауын қайтарған. Ресеймен шекаралас, орыс тілінде сөйлейтіндер көп тұратын өңірлерде кей атаулар ауысқанымен бұл шара жарым-жартылай ғана іске асқан. Кейінгі кезде солтүстіктегі Петропавл және Павлодар қалаларының атауын өзгерту туралы ұсыныстар мен үндеулер жиі айтылып жүр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Орыс аюы" иек астында. Солтүстік өңірдегі жұртты не мазалайды?

Әлеуметтанушы Жанар Жандосова елдің батысындағы көп ауылда, оның ішінде Покатиловканың маңыңдағы "жолсыз, шаң-топырағы шығып" жатқан Новопавловка, Фёдоровка сияқты елдімекендерде болып, жағдайды көрген. Сарапшы экономикалық әділетсіздік, сапасыз білім мен денсаулық сақтау жүйесіндегі олқылыққа көз жұма қарайтын азаматтардың көбі елдімекен мен көше атауын қазақшалауға келгенде өре түрегелуге бейім екенін айтады.

Жандосованың пікірінше, мұндай жағдай әртүрлі топтардың өзі тұрып жатқан жердің атауына деген көзқарасына байланысты қалыптасып отыр. Ол басқаратын "Сандж" орталығы осыдан екі жыл бұрын қазақстандықтардың елдімекен атауын өзгертуге қатысты көзқарасын зерттеген (зерттеу 2019 жылы ел астанасының атауы Нұр-Сұлтан болып өзгергеннен кейін жүргізілген; бұл ұсынысты елді отыз жылға жуық басқарған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін билікке келген Қасым-Жомарт Тоқаев жасаған). Зерттеушілер ел ішіндегі "кей ұлттарға" "кіші отан" ұғымының маңызы зор деген қорытындыға келген.

"Сандж" зерттеу орталығының басшысы, әлеуметтанушы Жанар Жандосова.

– Бұл – олар үшін өте маңызды [орын]. Олардың балалық шағы, жасөспірім кезі осында өткен, бүкіл тірлігі осы жермен тығыз байланысты. Менің ойымша, қазақтар бүкіл Қазақстанды отаным деп түсінсе, басқа этнос өкілі ауылы мен көшесін "кіші отаным" деп біледі. Сондықтан Қазақстанда атауды жаңғырту туралы бастаманы көбіне бір кезде өзгенің боданы болған ескі заманнан қалған атаудың әлі күнге өзгермегеніне алаңдаған қазақтар ғана көтереді. Қазір бұл тақырыпты ысырып, ең әуелі экономикалық мәселелерге көңіл бөліп, шиеленісті шешуге тырысқан жөн, – дейді Жандосова.

Покатиловка ауылының көрінісі. Оң жақта — ой-шұңқыры көп жолда келе жатып аударылған автокөлік.

Покатиловкадағы жиын кезінде ауыл халқы жұмыссыздық жайлы, азаматтардың көбі мұнай кенішінде вахта әдісімен жұмыс істеуге мәжбүр екенін, мал жаятын жайылым жоғын, суы тартылған Барбастау өзенін қалпына келтіру үшін шлюздерді жөндеу керегін айтып шағынды. Олармен кездесуден кейін Азаттық тілшісі Новопавловка, Федоровка, Пойма, Придорожный, Донецк және Приречный ауылдарын басып өтетін шұрқ-тесік жолмен екі сағат жүріп, Оралға қайтты.