Accessibility links

(Пост)советтік Қарағанды: Тұрғындар өз ауданына Алаш қайраткерінің атын беруге неге қарсы?


Қарағанды қаласы Октябрь ауданындағы Мәдениет сарайы.
Қарағанды қаласы Октябрь ауданындағы Мәдениет сарайы.

Қарағандыдағы Октябрь ауданына публицист ғалым, Алашорда көшбасшысы, большевиктер революциясының идеялық қарсыласы Әлихан Бөкейхановтың атын беру туралы ұсыныс жергілікті тұрғындар арасында қызу талқыға түсті. Бұл СССР тарағалы 30 жыл өтсе де, әлі де советтік топонимдерден арылуға қарсы адамдар барын көрсетті.

Майқұдық, Пришахтинск, Сортировка. Қарағандының ескі ауданында өндірістік нысандар, жерасты көмір шахталары, Совет одағының тұсында салынған біртиптес көпқабатты үйлер орналасқан. Мұнда 220 мыңнан астам адам немесе шахтерлар қаласы халқының жартысы тұрады. Бір кездері Сталинский деп аталған аудан 60 жыл бұрын Октябрский деген атқа ие болған. Енді Қарағанды билігі ауданға Әлихан Бөкейхановтың атын беруді ұсынып отыр.

— Атауын өзгертудің не қажеті бар? Одан да ақшаны ауданның жағдайын жақсартуға жұмсасын, шешілмеген мәселе көп. Автобусты ұзақ күтеміз, таңертең жұмысқа жету қиын, жол жаман, — дейді Азаттық тілшісі аудан шетіндегі көшелердің бірінен кездестірген жергілікті тұрғын Ирина Кашпанова.

— Жаңа мөлтекаудандар салынып жатыр ғой. Неге соларға жаңа атау бермейді? Ескі атауларды неге өзгертеді? — дейді Октябрь ауданының тағы бір тұрғыны Анастасия Климкина.

БИЛІК БАСТАМАСЫ МЕН ТҰРҒЫНДАР РЕАКЦИЯСЫ

Аудан атауын өзгерту бастамасы бұрын да көтерілген. 2016 жылы елдімекенге Әлихан Бөкейхановтың (1937 жылы сталиндік репрессия кезінде атылған публицист, саясаткер, "Алаш" партиясының негізін қалаушылардың бірі және "Алашорда" қазақ автономиясының бірінші төрағасы) атын беру ұсынылған. Бұл ұсынысты Бөкейхановтың туған жері Ақтоғай ауданындағы ескерткіштің ашылу салтанатында аудан әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков айтқан. Бірақ әкімнің бастамасы бірден жүзеге аспаған. Енді араға бес жыл салып, жақында Қарағандыда аталған тақырып бойынша қоғамдық тыңдау өтті.

Жергілікті биліктің желіге жариялаған екі парақтан тұратын хаттамасында "12 наурызда Қарағандының он жерінде қоғамдық тыңдау өтіп, оған барлығы 685 адам қатысты. Олардың 664-і аудан атауын өзгертуді қолдап, 17 азамат қарсы болды, төрт адам қалыс қалды" деп көрсетілген.

Қарағанды тұрғыны Сергей Фролов билік өкілдері қоғамдық тыңдауға қатысқан 685 адамның емес, бүкіл аудан халқының шынайы пікірін білгісі келсе, карантин кезінде дауыс беруді онлайн форматта өткізуі керек еді деп есептейді.

— Заң бойынша, белгілі бір аумақтың атауын өзгерту үшін тұрғындардың келісімін алу керек. Неге дауыс беруді интернетте өткізбеді? Сонда объективті жауап алар еді, — дейді Сергей Фролов.

Қарағанды көшесі.
Қарағанды көшесі.

Жергілікті биліктің дерегінше, Қарағанды әкімдігінің қаулысы негізінде дайындалған аудан атауын өзгерту туралы ұсыныс мәслихаттың қарауына берілген. Мәслихат "белгіленген аумақ тұрғындарының пікірін ескеру үшін" қоғамдық тыңдау өткізген.

Коронавирус пандемиясы кезінде көп адам жиналатын шараларға тыйым салынғандықтан, қоғамдық тыңдау қаланың түрлі 10 жерінде өткен. Жоспарланған шара еш қиындықсыз өткенімен, одан кейін виртуалды кеңістікте қызу тартыс басталған. Тұрғындардың бір бөлігі аудан атауын өзгертуді құп көрсе, басқалары бұл шешімге қарсы шыққан. Кей қолданушылар тіпті, Facebook және "Вконтакте" желілерінде адамдардың этникалық сипатына байланысты қорлау сөздер жазған. Біреулер "Октябрь бізге аштық, өлім мен қираған мемлекет сыйлады" десе, басқа қолданушылар "Қазіргі Қазақстанның көше мен аудан атауын ауыстырудан басқаға шамасы келмейді" деген пікір айтқан.

Danila Vanyushkin: Октябрь Ұлы социалистік Октябрь революциясы сияқты Қарағанды мен Теміртаудың, ҚазССР-дегі ғана емес, Совет одағының басқа мемлекеттеріндегі көп қаланың құрылуына әсер етті. Сондықтан аудан атауының тарихи негізі бар.

Bota Bairamkulova: Жергілікті билік көшелер мен аудандарға қазақ қайраткерлерінің атын берсін. Онда тұрған не бар? Мен халықтар достығын, сәйкесінше, интернационализмді, этникалық топтар теңдігі мен олардың арасында өзара құрмет болғанын қолдаймын. Бірақ қазақтар байырғы халық ретінде көшелер мен қалаларға қалаған атауын беруге құқылы.

Жарты ғасырдан бері Қарағандыда тұратын азаматтық белсенді, зейнеткер Айтқожа Фазылов 12 наурызда өткен қоғамдық тыңдалымда жиналғандарға аудан атауын өзгерту неге маңызды екенін түсіндіруге тырысты.

Қарағандылық белсенді Айтқожа Фазылов.
Қарағандылық белсенді Айтқожа Фазылов.

"Қарағандыдағы ғана емес, бүкіл Қазақстандағы адамдардың бір бөлігі белгілі бір нысанның атын өзгерту туралы ұсынысты қандай да бір этносқа немесе көрші мемлекетке қарсы әрекет деп қабылдайды. Бұл қате түсінік. Әртүрлі нысандардың атауын өзгерту арқылы біз тәуелсіздігіміз үшін күресеміз. Бұл әлемдік тәжірибе ғой. Мәскеуде Октябрь ауданының атауы Якиманский болып өзгерді. Ленинградта (Санкт-Петербургте. — Ред.) Октябрьский және Ленинский аудандарын біріктіріп, Адмиралтейский ауданы деп атады. Әр дәуірдің өз қаһарманы, әр халықтың өз батыры бар. Біздің батырымыз — Әлихан Бөкейхан. Ол – Абылайдан кейін қазақ мемлекеттігін қалпына келтіріп, "Алашорда" автономиясын құрған адам. Қазақ ССР осы "Алашорданың" негізінде құрылды. Оның атын ауданға ғана емес, қала не облысқа берсе де жарасады" деді қоғамдық тыңдалым кезінде сөз алған Айтқожа Фазылов.

Қарағанды қаласы Октябрь ауданындағы ескі үйлер. Оны жер аударылған жұмысшылар соққан. Қазір бұл ауданға Әлихан Бөкейхановтың атын беруді ұсынып жатыр.
Қарағанды қаласы Октябрь ауданындағы ескі үйлер. Оны жер аударылған жұмысшылар соққан. Қазір бұл ауданға Әлихан Бөкейхановтың атын беруді ұсынып жатыр.

СОВЕТ ОДАҒЫНЫҢ МҰРАСЫНАН АРЫЛУҒА ТАЛПЫНЫС

Қазақстанның көмір өндіретін орталығы Қарағанды қаласы өткен ғасырдың 30-жылдары СССР-дің индустриализацияға бет бұрған кезінде салынған. Бұл Бөкейхановтың ғана емес, басқа да мыңдаған ұлт зиялысының өмірін қиған репрессивті шаралар күшейген кезге тұспа-тұс келді.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының Азаттық тілшісіне көрсеткен тарихи анықтамасында “1931 жылы маусымда Қарағандыға Ресейдің орталық бөлігі, Повольже, Оренбург пен Украинадан отбасымен жер аударылған адамдардың бірінші эшелоны келген" деп жазылған.

Анықтамада "Жер аударылған азаматтардың көбі жақын маңдағы шахталарда жұмыс істеген. Осылай шахталардың маңында елдімекендер қалыптаса бастаған: солтүстігінде — Пришахтинск, шығысында — Майқұдық, оңтүстігінде Федоровка пайда болған. Қарағанды қаласының құрылысы 1930 жылы бірінші барлау ұңғымасы қазылған кезде басталған. Адамдар ауыр жағдайда өмір сүріп жатқанына қарамастан, көмір үшін күресіп жүріп, қаланың қалыптасуына үлес қосқан" делінген.

Қарағандыда совет кезінен қалған атауларды ауыстыру — жергілікті халық арасында жиі дауға себеп болатын тақырыптың бірі. Былтыр біраз тұрғын Ленин атындағы даңғылдың атын өзгерту туралы ұсынысқа қарсы шыққан. 2020 жылы қаңтарда өткен қоғамдық тыңдаудың тартысқа толы болғанына қарамастан, соңында даңғыл көшеге Абайдың аты берілген.

Қалада әлі де Ленин атындағы кинотеатр және оның жанында тұрған Ленин ескерткіші бар. Жергілікті мұражай қызметкерлері шетелдік туристер, әсіресе, декоммунизациядан өткен Украина мен Балтық елдерінен келген азаматтардың советтік атауларды көргенде таңғалатынын айтқан. Бірақ Қарағандыда советтік топонимдерді тарихтың бір бөлігі көріп, одан бас тартқысы келмейтін тұрғындар да жетіп-артылады.

— [Октябрь ауданының атауын ауыстыру туралы] қоғамдық тыңдауға барсам, "жоқ" дер едім. Бірақ бәрібір бізді ешкім тыңдамайды, қалағандарын істеп, аудан атауын өзгертеді. Неге екенін білмеймін, бізде осылай. Үйренуге тырысып жатырмыз, әрине, — дейді Қарағанды тұрғыны Анастасия Климкина.

Қарағанды қаласы Октябрь ауданының тұрғыны Анастасия Климкина.
Қарағанды қаласы Октябрь ауданының тұрғыны Анастасия Климкина.

Қарағанды әкімдігі аудан атауын өзгертуге қарсы азаматтар барын біледі. Бірақ жергілікті билік бастаған ісін соңына дейін жеткізуге бекініп отыр.

"Қоғамдық тыңдаудың нәтижесі легитимді, аудан атауын ауыстыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру заңды деп есептейміз. Адамдардың бұл шешімге қарсылық білдіру себебіне келсек, атаулардың өзгеруіне байланысты меншік құқығын растайтын және құрылтай құжаттарына өзгеріс енгізу қажет болады. Бұл жеке немесе заңды тұлғалардан белгілі бір көлемдегі қаржылық шығындарды талап етеді. Бірақ жылжымайтын мүлік сипаттамасы мемлекеттік органдардың шешімімен өзгертілген жағдайда жеке немесе заңды тұлғалар мұндай өзгерістерді тіркеуден өткізуге міндеттелмейді. Сондықтан елдімекендер мен көшелердің атауы өзгерсе, құжаттарды өзгерту тегін болады" дейді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың пікірінше, биліктің коммуникация процесін дұрыс жолға қоя алмауынан, топонимдерді өзгерту туралы жоғарыдан түскен ұсыныстардың көбі қоғам қарсылығына ұшырайды. Ол өңірлік әкімдіктер мұндай бастамаларды қолға алған кезде жергілікті халықтың пікірін ескеріп, қолдайтындар мен қарсы азаматтардың дәйектерін тыңдап, әлеуметтік зерттеу жүргізбейтінін айтады. Сарапшы биліктің ұсынысын қолдамағандардың бәрін "Совет одағын аңсап жүрген", "ескі идеологиямен өмір сүретін" адамдардың қатарына жатқызуға болмайды деп есептейді.

— Адамдар белгілі бір атаудың өзгеруіне қатысты наразылық білдірген кезде, өзінің бір бөлшегі саналатын дүниелерге байланысты реакция білдіреді. Бұл —бірінші аспект. Яғни, олар мұны аудан атауы деп емес, өзі тұратын, жеке басын, тарихы мен отбасын байланыстыратын ұғым деп бағалайды. Бұл — адамдардың белгілі бір жерге тиесілі екенін білдіретін, олардың жеке әлемінің бір бөлігі. Сондықтан қандай да бір елдімекен атауын ауыстыру туралы ұсыныс айтылып, тұрғынға ықтимал жаңа атау ұнамаса, ол "Бұл — менің ауданым, осында тұрамын, не басқа нұсқа ұсыныңдар, не осындай өзгеріс керек екенін дәлелдеңдер" деген реакция білдіреді. Екінші аспект адамдардың шешім қабылдау процесіне қатысуына байланысты. Қазақстанда бұл қиын мәселе. Көбіне ең маңызды шешімдер жоғары жақта, азаматтардың пікірін ескермей қабылданады. Әрине, бұл ешкімге ұнамайды, — дейді Бейсембаев.

Қарағанды әкімдігінің айтуынша, Октябрь ауданының атауын өзгерту үшін енді жергілікті атқарушы органдарға қажет құжаттарды өткізу керек. Жергілікті билік бұл құжаттарды ары қарай үкімет жанындағы Республикалық ономастикалық комиссияға жібереді. Комиссия аудан атауын өзгертуге рұқсат берсе, өңір әкімдігі нормативті-құқықтық акті дайындайды. Осыдан кейін аудан атауы өзгерген болып есептеледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG