Accessibility links

Қоғамдық тыңдауда Ленин атын өшіріп, ескерткішін сүріп тастауға шақырды


Қарағандыдағы Ленин ескерткіші. 10 қаңтар 2020 жыл.

Қарағандыдағы бірнеше көше атауын ауыстыруға қатысты дау жақын арада тоқтамайтынға ұқсайды. Қаладағы көше атауын ауыстыру мәселесі қаралған қоғамдық талқылауда жұрттың бір бөлігі советтік атауларды қолдаса, халықтың басым көпшілігі Ленин атауын өзгеріссіз қалдыруға келіспейтінін көрсетті. Жиында советтік көсемнің ескерткішін сүріп тастауға шақырғандар да табылды.

ЛЕНИН АЙНАЛАСЫНДАҒЫ ШУ

Көшелердің атын ауыстыру бойынша қоғамдық талқылауға мыңнан астам тұрғын жиналды. Жергілікті биліктің өзі Қарағандыда қоғамдық тыңдауға бұрын-соңды осынша көп адам жиналмағанын мойындады. Жиын өткен зал мен көшедегі жағдайды ішкі істер органының қызметкерлері бақылап, ғимарат алдында полиция көлігі тұрды.

Залдағы тартысқа революционер және СССР негізін салушы Владимир Ленин атындағы көшенің атын ауыстыру туралы ұсыныс себеп болды. Осыған дейін көше атын өзгерту туралы бастама бірнеше рет көтерілгенімен, әр жолы Ленин атауының өзгеріссіз қалуын қолдайтындар жеңіске жетіп келген. Бұл жолы өткен қоғамдық тыңдауда қала тұрғындарының басым бөлігі Ленин көшесіне қазақ ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының атын беруге келісті. Залда отырғандардың бірқатары Қарағандыдағы Ленинге қойылған ескерткішті сүріп тастауға шақырды.

– Бұл – өте маңызды мәселе. Белгілі бір эмоция туғызатын жағдай екені түсінікті. Бірақ бәріміз Қазақстан азаматтары және Қарағанды қаласының тұрғындары болып қалуымыз керек. Қоғамдық тыңдау өткен соң, бәріміз дос, әріптес, көрші болып қаламыз. Сондықтан сіздерді әдеп пен идеология мәдениетін сақтауға шақырамын, – деді Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов.

Қарағандыдағы көше аттарын ауыстыру бойынша қоғамдық тыңдау. 13 қаңтар 2020 жыл.
Қарағандыдағы көше аттарын ауыстыру бойынша қоғамдық тыңдау. 13 қаңтар 2020 жыл.

Бірақ бұл сөзге залда отырғандардың бәрі бірдей құлақ асқан жоқ. Ұйымдастырушылардың ашуға мінген азаматтарды бірнеше рет сабырға шақыруына тура келді.

–Мен барлық атауларды өзгертуге келісемін. Бірақ Ленин көшесі – Қазақстан тарихы, – деді егде жастағы қала тұрғыны Лидия Горбачева.

Бірақ залдағылар оған сөзін аяқтауға мүмкіндік бермей, ысқыра бастады.

– Бұл Ленин көшесі болса, жас ұрпақ орысқа қатысты дүниенің бәрін жек көретін болады, – деді сөз алғандардың бірі.

Ленин көшесінің атын өзгерту қаладағы өзекті мәселелердің бірі екені белгілі болды.

– Владимир Ильич Ленин, сөзсіз, жаңа мемлекет құрған ұлы адам. Тарихқа теңдік идеясына негізделген мемлекет құру утопиясын енгізуге тырысты. Ленин көшесінің атын өзгеріссіз қалдыруды талап еткендер көбіне Лениннің 1920 жылы тамыздың 26-сы күні Қырғыз (Қазақ) ССР құру туралы декретке қол қойғанын дәйек ретінде келтіреді. Бірақ оған дейін 1920 жылы көктемде қазақ зиялылары құрған, екі жыл жұмыс істеген қазақтардың тұңғыш Алаш автономиясының жойылғанын ұмытпауымыз керек. Белгілі саяси қайраткердің атындағы көше қазақ әдебиетінің негізін салушы, ұлы ойшылдың атымен аталғаны жақсы деп ойлаймын. Ақыл, ерік және жүрегіммен көше атауын өзгертуді қолдаймын, – деді тарих ғылымдарының докторы, Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры Зәуреш Сақтағанова.

– Мен – Орынборды салғандардың ұрпағымын. Бұл жерде қазақ даласына келіп, қала салып, бәрі құрмет тұтатын Абылай ханның, Бұхар жыраудың сұрауымен қазақ елін құтқарып қалғандар туралы айтып отырмын. Ата-бабам Қазақстан территориясына соғыстан кейін Қазақстан мемлекетінің іргесін қалауға келді. Қазақстанда біз сияқты қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың балалары мен немелері көп. Мұнда біреу өз еркімен, енді біреу қазір бәрі жатсынатын мемлекеттік партия шешімімен көшті. Қазақстанды, Қарағанды қаласын әскери тұтқындар, жапондар, сырттан көшіп келгендер салды. Бұл – қала тарихы. Мен Лениннің арқасында тудым. Ленин көшесінің атауын өзгеріссіз қалдыру керек деп есептеймін, – деді қалада бұрыннан тұратын Нина Серова.

Халық арасынан әлдекім әйелдің сөзін бөліп, "Сіз ата-бабаңызды қуғын-сүргінге ұшыратқан жүйені неге қорғайсыз?" деп сұрады. Қоғамдық тыңдауға қатысқан тағы бір тұрғын, блогер Иван Стрижаков интернетте онлайн дауыс беру өткенін, онда халықтың көбі көше атауын ауыстыруға қарсы дауыс бергенін түсіндіруге тырысты. Блогердің сөзін халықтың шуы басып кетті. Соңында ол сөзін аяқтамай, залдан шығып кетті. Ол болған жағдайды "арандату" деп атады.

– Қазақтар – өте қонақжай және ақкөңіл халық. Өз жеріне келгендердің бәрін құшақ жая қарсы алған. Нәтижесінде не болды? Мұнда адамдар көшіп келгенде, бұл жерде шөл дала болған жоқ, халық тұрып жатты. Әр төбе мен өзеннің өз атауы болған. Қарағандыда адам намысын қорлайтын атаулар бар болғаны үшін ұялуымыз керек . Мәселен, Тупиковая, Торпедная және басқа да көшелер бар, — деді қоғамдық тыңдауға қатысқандардың бірі.

Жиын кезінде орыстілді халықтан "қазақ тілінде күніне тым болмаса үш сөз жаттауды" сұрағандар да табылды.

КӨШЕ АТАУЫН АУЫСТЫРУ ҮШ МИЛЛИОН ТҰРАДЫ

Қарағандыдағы он көшенің атын ауыстыруға шамамен үш жарым миллион теңге керек. Бұл туралы Қарағанды қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Баян Нұртаева хабарлады. Ол барлық шығын мемлекет тарапынан өтелетінін айтты. Қоғамдық тыңдауға қатысқандардың бірқатары көше атауын өзгертуге салық төлеушілердің ақшасы жұмсалатынына наразылық білдірді.

— Мен Қазақстан азаматы ретінде салық төлеймін. Ол ақшаның көше атауын өзгертуге жұмсалғанын қаламаймын. Бұл ақшаға қалада жабық, жылы аялдамалар жасауға болмай ма? Немесе мүгедек балаларға, жетімдер мен аз қамтылған отбасыларға көмектессін. Бұл туралы ойланған жоқсыздар ма? Көше атауын ауыстырып үлгереміз. Атауларды қалада басқа мәселе қалмаған кезде өзгертейік. Бұл – біздің ақшамыз, олар оны көше атауын өзгертуге жұмсап отыр. Мен – қарсымын, – деді Нұржан есімді қарағандылық жас азамат.

Өз пікірін айту үшін оған даусын көтеріп сөйлеуге тура келді.

Қарағандылық кәсіпкер Ерлан Әшім қызу тартысты тоқтатуға тырысып, өзі басқаратын сүт өнімдері компаниясы көшелердің атауын ауыстыру бойынша шығындарды мойнына алуға дайын екенін білдірді. Залдағылар оның ұсынысын қызу қолдап, ду қол шапалақтады. Негативті арнаға ойысып бара жатқан талқылау уақытын ұзартып алмау үшін, тезірек дауыс беруге көшу туралы ұсыныс айтылды.

Талқылау нәтижесінде Ленин көшесіне Абайдың есімін, Волочаевская көшесіне Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагері, Даңқ орденінің кавалері, Құрмет орденінің иегері Камали Дүйсембековтің атын беру ұсынылды. Кувская көшесі енді Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагері, Совет одағының батыры Қазыбек Нұржановтың, Кривогуз көшесі қазақ поэзиясының қайраткері, ақын Қасым Аманжоловтың, Защитная көшесі этнограф, қоғам қайраткері және халық ауыз әдебиетін жинақтаушы Григорий Потаниннің, Зональная көшесі қазақ ұлттық музыкасын зерттеуші, Қазақ ССР халық әртісі Александр Затаевичтің, Олимпийская көшесі еңбек ардагері, Қарағанды қаласының құрметті азаматы Нарманбет Төлеповтың атымен аталады. Аманжолов көшесінің атауы Қарағанды облысының территориясында орналасқан таулы қыраттың құрметіне Балқантау деп өзгереді. Нұржанов көшесіне Мерей елдімекенінің аты беріледі, ал Приканальная көшесі енді Сарыарқа деп аталады.

Көше атаулары сол жерде бекітілді. Енді әкімдік пен мәслихат қаладағы он көшенің атауын ауыстыру туралы ұсынысты комиссияның қарауына беруі керек. Жергілікті билік көше атауларына байланысты өзгерістер қашан күшіне енетінін нақты айтқан жоқ.

"Көшені емес, сананың күйін ауыстырайық"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:24 0:00

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG