Accessibility links

Топонимдерді өзгертуді «тарихи қажеттілік» деп сипаттайды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда жер-су атауларын өзгертуге қатысты бес жылдық мораторий біткен соң «елді мекендерге тарихи атауын қайтару» сөз бола бастады.

Мамырдың соңында мәдениет министр­лігінің тіл комитеті Талдықорған қаласында «Ономастика және тарихи дәстүрлі атаулар» деген дөңгелек үстел өткізді. Жиынға қатысқан мәдениет министрі орынбасары Жанай Омаров Қазақстандағы елді мекендер атауларының 40 пайыздан астамы орыс тілінде екенін айтып, «олардың тарихи атаулары қайтарылуы керек» деді.

Республикалық ономастикалық комиссияның мүшесі Серік Негимов Азаттық тілшісіне берген сұхбатында топонимдерді – жер-су, қала, ауыл, көше атауларын өзгертудің қандай себебі барын түсіндірді.

Азаттық: – Соңғы кездері елді мекендердің тарихи атауларын қайтару мәселесі жиі сөз бола бастады. Мұның қандай астары бар?

Серік Негимов: – Мұның ешқандай саяси астары жоқ. Бұл тарихи қажеттіліктен туындап отыр. Әрі-беріден кейін бұл – халық санасының оянуы. Бұған қуану керек. Осы талпыныс тереңдей берсе, байырғы атауларды толық қайтарып аламыз.

Азаттық: – Қазақстанда тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылдан бері қанша елді мекен тарихи атауын қайтарып алды?

Серік Негимов: – Тәуелсіздіктің арқасында республикамызда оң өзгерістер жеткілікті. Ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Көптеген байырғы жер-су атаулары өзінің бұрынғы тарихи атауын қайтып алды. Мысалы, Астанадағы Мирзоян көшесінің атауы баспасөз құралдарындағы пікірлерден кейін өзгертіліп, қазір ол басқаша аталынады. (Астанадағы Левон Мирзоян көшесіне Қаныш Сәтбаев есімі берілетіні 2013 жылы қарашада хабарланған – ред.). Бұл да – жаңалықтың, оң өзгерістердің белгісі.

Азаттық: – Астанадағы бір көшенің аты ауысқанмен, ол өңірде советтік кезеңнен қалған жер атаулары әлі көп қой?

Серік Негимов: – Әрине, солтүстік өңірлерде Лениннің, Кировтың есімдерімен аталатын ондаған ауылдарды кездестіруге болады. Бірақ мұның бәрі уақыт өте келе өз тарихи атауларын қайтарып алады. Жергілікті байырғы тұрғындар тарихи атауларды қайтаруға белсенділік танытуы керек, өздері-ақ осы мәселені көтерулері керек.

Бұл жерде республикалық ономастикалық комиссияның ешқандай кінәсі болмау керек. Қазір белгілі бір елді мекеннің атын өзгерту үшін сол жердегі тұрғылықты тұрғындардың пікірі есептеледі. Мәселен, Петропавлдың Қызылжар болмауы, Павлодардың Кереку болмауы – жергілікті тұрғындардың белсенділігінің төмендігінен.

Астанадағы көшелердің біріне Кенесарының атын берерде қала тұрғындарының пікірімен қатар зиялы қауымның пікірі де есепке алынған болатын. Сондықтан тек жергілікті тұрғындардың ғана емес қоғам қайраткерлерінің де пікірлері ескерілуі керек.

Азаттық: – Мамыр айында мәжіліс депутаты Оңалсын Жұмабеков үкіметке сауал жолдап, «Астанадағы мемлекет басшысының бастамасымен көтерілген Салтанат қақпасы тұрған Орынбор көшесінің атауын «Алтын ғасыр» деп өзгертейік» деді. Ол «Орынбор – қазір басқа мемлекеттің облыс орталығы» деген уәж айтқан. Топонимді өзгертудегі мұндай қисынға қалай қарайсыз?

Серік Негимов: – Кезінде Астана қаласының сол жағалаудағы көшелеріне ат қою керек болғанда үлкен жұмыстар істелді. Сол кезде Түркістан, Сығанақ секілді атаулармен қатар Орынбордың аты да кетіп қалған ғой «бұрынғы қазақтың астанасы, тарихи атау» деп. Сондықтан өзгерткен де дұрыс болар.

Азаттық: – Кейбірде «елді мекендердің тарихи атауын қайтару» науқаны сол елді мекендердің нақты әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуден жалтару тәсіліне айналып кетпей ме?

Серік Негимов: – Жоқ, ешқандай жалтару болмайды. Керісінше, өзінің тарихи байырғы атауын қайтарып берсе, ол сол елдің рухын көтеруге, тағылым алуға септігі болады.

Азаттық: – Бір шағын кенттің және ірі қаланың атауын өзгертуге салыстырмалы түрде қанша қаржы жұмсалады?

Серік Негимов: – Ол жағын айта алмаймын. Әкімшіліктен сұрау керек.

Азаттық: – Әңгімеңізге рахмет.

Құрметті оқырман, Қазақстандағы қала, ауыл, көше атауларын өзгерту бастамасына сіз қалай қарайсыз?
XS
SM
MD
LG