Wildberries негізгі қоймаларын Ресейден көшірмек деген хабарды жоққа шығарды

Wildberries компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Татьяна Ким мен дрон шабуылы салдарынан өртеніп жатқан қоймалар суретінен коллаж

Wildberries пен Russ (RWB) бірлескен компаниясы негізгі логистика орталықтары Ресейден тыс елдерге көшірілмек деген ақпаратты жоққа шығарды. Компания ресейлік ТАСС агенттігіне Ресейден тыс жерлерде қойма инфрақұрылымын жедел кеңейту немесе негізгі логистика қуаттарын көшіру туралы тарап жатқан ақпарат Wildberries бизнес-процестерінің шынайы жағдайымен сәйкеспейтінін айтқан.

RWB тобы компания жұмыс істейтін барлық елде логистика инфрақұрылымын жоспарлы түрде дамытып жатыр, ал жаңа қоймалар құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүріп жатыр деп мәлімдеген.

Бұған дейін ресейлік "Коммерсант" басылымы дереккөздерге сүйеніп, Ресейдегі логистика орталықтарына дрон шабуылдары жиілегеннен кейін Wildberries Қазақстан аумағынан ірі қойма орындарын іздей бастаған деп жазған еді.

Осы аптада Қазақстанның сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев әзірге компаниядан ондай өтініш түспегенін, қазір Қазақстанда шамамен 46 мың шаршы метр қойма жалға алып отырған Wildberries Алматы мен Астанада бұрыннан бері салып жатқан екі ірі логистика кешені 2027 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланғанын айтқан еді.

Украина қарулы күштері 18 шілдеден бері Ресейдегі Wildberries маркетплейсінің оннан астам ірі қоймасына соққы жасады. Осы кезге дейін Котовск, Электросталь, Краснодар өлкесі, Невинномыск, Воронеж, Санкт-Петербург, Рязань, Пенза, Пермь, Волгоград, Татарстан мен аннексияланған Қырым түбегінде Симферополь қаласындағы қоймалары шабуылға ұшырады.

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Украинаны азаматтық нысандарға әдейі шабуыл жасады деп айыптады. Ал Украина президенті Владимир Зеленский бұл шабуылдарда "Ресейдің әскери өнеркәсібіне навигациялық жүйелер, дрон өндірісіне арналған компоненттер және Ресей армиясына қажетті өзге де жүктерді жеткізген логистика орындары" нысанаға алынғанын мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Украина соққыларынан қоймалары өртенген Wildberries Қазақстанға көз тікті: Астанаға қауіп бар ма?Ресейдің Тула облысында дрон шабуылынан кейін Wildberries орталығы өртендіWildberries иесі дрон шабуылдары бірнеше елдің кәсіпкерлерін шығынға батырғанын айттыРесейлік шенеунік Мәскеу мен Астана маркетплейстерді біріктірмек дейдіҚазақстанның сауда министрі кәсіпкерлерге отандық маркетплейстерге басымдық беру жайлы кеңес айтты