Токиоға ресми сапары барысында Қазақстан президенті Жапония императоры Нарухитомен, Жапония парламенті мүшелерімен, Rakuten Group компаниясының басшысы Хироши Микитанимен және қазақ диаспорасының өкілдерімен кездескен.
Жапон ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, 18 желтоқсанда император сарайындағы түскі аста император Нарухито Қазақстандағы су мәселесіне, былтыр елде болған су тасқынына және Каспий теңізінің тартылуына назар аударған. Тоқаев елдегі су мәселесін шешу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымынан қолдау сұрағанын айтқан.
Бейсенбі күні Тоқаев Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичимен келіссөз жүргізді.
19 желтоқсанда Токиода Такаичидің төрағалығымен "Орталық Азия + Жапония" саммиті өтпек. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан басшылары қатысады. Саммитте жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық аясы нақтыланып, Ресейді айналып өтіп, Каспий теңізі арқылы Еуропаға тауар таситын транзит жолын дамыту жайы талқыланбақ. Жапония премьері Орталық Азия елдері басшыларының әрқайсымен жеке кездесу өткізбек.
Бұл саммит 2004 жылы құрылған "Орталық Азия – Жапония" диалогының 20 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Осы уақытқа дейін бұл формат аясында елдердің сыртқы істер министрлері мен олардың орынбасарлары ғана кездесетін. Ал биыл кездесудің жоғарғы деңгейге көтерілгені Жапония Орталық Азиядағы геосаяси рөлін арттырғысы келе ме деген сұрақ туғызды.
Халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Асылзат Қарабаеваның сөзінше, тарихи тұрғыда Орталық Азия Жапонияның сыртқы саясатта басымдық беретін өңір қатарында болмаған. Аймақ халқының аздығы, сатып алу қабілетінің төмендігі және жаһандық өндіріс тізбегінен алшақтығы Токионың мүддесін шектеп келген. Соған қарамастан Жапония Орталық Азияға концептуалды түрде алғашқылардың бірі болып назар аударып, 1997 жылы "Еуразиялық дипломатия" және "Жібек жолы дипломатиясы" тұжырымдамаларын ұсынды. 2004 жылы Жапония бастамасымен құрылған "Орталық Азия – Жапония" диалогы аймақтағы ең тұрақты әрі институтталған көпжақты механизмге айналды. Сарапшының пікірінше, дәл осы формат кейін өзге елдер қолдана бастаған "Орталық Азия + 1" саммиттеріне үлгі болған.
Қарабаеваның айтуынша, Жапония Ресейді империалистік держава деп есептейді және Қытаймен бәсеке де аймақтық саясатқа тікелей әсер етіп отыр. "Ресей мен Қытайдың ықпалы, ресурстық қауіпсіздік мәселесі Жапонияны Орталық Азияның рөлін қайта қарастыруға итермеледі" дейді сарапшы. Қазақстан мен Жапония сауда-саттығының көлемі басқа елдермен салыстырғанда аз болғанымен, екеуара серіктестік артып келеді. Қазір Қазақстанда 50-ден астам жапон компаниясы жұмыс істейді. Жапонияны әсіресе уран сияқты сирек әрі стратегиялық металдар қызықтырады.
Қытай, Ресей, АҚШ пен Еуропа қатаң бәсекелестік жағдайында Жапония Орталық Азиямен қаншалықты тығыз әрі терең серіктестік орната алады? Токионың Орталық Азиядағы мүддесінің артуы Мәскеуді не Пекинді алаңдатуы мүмкін бе? Азаттық осы және өзге сұрақтарды КИМЭП университетінің ассистент-профессоры, халықаралық қатынастар бойынша PhD доктор Асылзат Қарабаеваға қойды.
Азаттық: "Орталық Азия + Жапония" форматы министрлер деңгейінен аймақ елдері басшыларының деңгейіндегі саммитке өтуі Токио үшін стратегиялық өзгеріс па, әлде өңірдегі басқа елдердің белсенділігіне жауап ретінде жасаған қадамы ба?
Асылзат Қарабаева: Бұл екі жақта бар деп айтуға болады. Біріншіден, геосаяси салада болып жатқан мәселелер, мысалы, Украинадағы соғыс, я болмаса Қытай мен қазіргі Жапония арасындағы толып жатқан әртүрлі мәселелер, Тайвань статусы, Қытай мен Жапония өзара келіспеушіліктері салдарынан Жапония экономика жағынан зардап шегіп жатқанын байқап отырмыз. Сол себепті бұл жерде екі жақта да бір өзгерістер бар.
КИМЭП университетінің ассистент-профессоры, халықаралық қатынастар бойынша PhD доктор Асылзат Қарабаева
Бірінші жағынан, Ресей мен Қытайдың Орталық Азияға экономикалық я саяси, жан-жақты ықпалын дамыту, т.с.с. Бұл басқа үлкен күштердің (Great Powers) Орталық Азияның елдерінде үлестері артуы я кемуі басқа күштердің де осы аймаққа қызығушылығының, мүдделерінің артуына мүмкіндік берді. Бір жағынан Жапония мемлекетінің де тарихи үлестері Қытай мен Ресейдің Орталық Азияда көп ықпалын азайтып, Орталық Азия мемлекеттерімен байланысын тұрақтандыру мақсатында 2004 жылы "Орталық Азия – Жапония" деген диалог бастаған. Оның жемісін қазір көріп отырмыз. Орталық Азияның бес мемлекеті Қытаймен, Ресеймен, АҚШ-пен осы платформаны әрі қарай жалғастырып жатыр. Яғни бірінші 2004 жылы өзі бастаған, сол қазір өз жемісін беріп отыр. Және де осы арқылы Орталық Азияда үлестері, мүдделері көбейген я болмаса азайған күштермен бәсекелес болу. Бұны, әрине, Жапония басқа мемлекеттермен салыстырғанда ашық айтып, ашық көрсетпейді. Олар көбіне жұмсақ күш арқылы – инфрақұрылымдар салу, жоспарланған іс-шаралар атқарып жасап жатыр.
Бұл жерде Жапония мемлекетінің мүддесі – әсіресе Ресей мен Қытайдың ықпалдарына баланс болу, сонымен қатар Орталық Азия мемлекеттерінің бірегейлігін, өз мүдделерін таныта алатындай аймақ болуына үлес қосу болған.
Азаттық: Қытай, Ресей, АҚШ пен Еуропа одағымен бәсекелестік жағдайында Жапония Орталық Азиямен қаншалықты тығыз байланыс орната алады? Сыртқы саясатта қандай батыл қадамдар жасай алады деп ойлайсыз?
Асылзат Қарабаева: Жапон мемлекеті басқа мемлекеттермен салыстырғанда өзін батыл көрсетеді деп айта алмаймын. Яғни ол батылдық, я болмаса көбірек жаңағы батыл қадамды бастау жапондардың сыртқы істер мәдениетінде жоқ деп айтуға болады. Олар жай, терең ойланып, ашық көрсетпей, ұзақ уақытта, тұрақты, төзімді ұстаныммен өз сыртқы саясатын қалыптастырады. Яғни бірден шешім шығару, мақсатына тез жетуге тырысу, болмаса экономикадан басқа тараптарға, мысалы, қауіпсіздік тараптарға ойысып кету секілді іс-қимылдар оларда жоқ деуге де болады. Жапония Орталық Азия елдерінен алыста орналасқан. Яғни Ресей болмаса Қытай арқылы өту керек. Сондықтан Орталық Азияға жету – географиялық тұрғыдан үлкен мәселе. Сол себепті, мысалы, жапондардың Орталық Азия елдерімен саудасы әзірге бір пайыздан төмен. Жапон тауарлары Еуропаға Қытай теңізі, ары қарай Үнді мұхиты, Қызыл теңіз арқылы жетеді. Жапон тауарларын Еуропаға, Америкаға теңізбен жеткізуде кедергілер барын былтыр геосаяси келіспеушілік мәселелер туындағанда жапондардың басқа бір бағытты, басқа бір жолды таңдауда стратегиялық мүддесі бары байқалды. Яғни оның бір жолы – Ресейге тәуелсіз, Орталық Азия арқылы өтетін орта дәлізбен Еуропаға жету. Былтыр бірінші байланысты іс жүзінде байқап көрді: жапон жүктері Орталық Азия арқылы Еуропаға жетті.
Азаттық: Жапония мен Ресей арасында жер дауы мен саяси келіспеушіліктер барын білеміз. Украинадағы соғыстың басталуы оны күшейткен тұста Токионың Орталық Азия елдерімен, әсіресе Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасқа қалай әсер етеді?
Асылзат Қарабаева: Украинадағы соғыс басталғалы бері Ресейдің Орталық Азияға деген ықпалы – экономика жағынан болсын, саяси жағынан болсын, қауіпсіздік жағынан болсын – тежелгенін байқадық. Бұл Орталық Азия елдеріне өз сөзін айта алатын аймақ ретінде, Үндістан, Жапония сияқты мемлекеттермен қарым-қатынасын көбірек дамытуға жол ашты. Ресейдің ықпалының төмендеуі Жапонияның Орталық Азияға қызығушылығының артуына, күрделі түрдегі стратегиялық ынтымақтастық орнатуына жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Токио Орталық Азияның аймақ ретінде бірге болғанын қалайды". Жапон премьерінің Астанаға сапарыАзаттық: Жапонияның Орталық Азияға қызығушылығының артуы мен өзара әрекет форматының ең жоғары деңгейдегі саммитке көшуі Ресейді не Қытайды алаңдатуы мүмкін бе? Мәскеу оны өңірдегі ықпал үшін бәсекелестіктің күшеюі ретінде қабылдай ала ма?
Асылзат Қарабаева: Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы қандай да бір басқа үлкен күштермен (Great Powers) бірлескен қарым-қатынасы әрқашан Ресейдің қандай да бір реакциясын туғызып тұрады. Бірақ Орталық Азия мемлекеттері Ресеймен болсын, Еуропамен болсын, Қытаймен болсын, әрбір саммитте қандай да бір жаққа шығып жатырмыз, иә болмаса бір жаққа өтіп жатырмыз демейді, яғни олар Ресейді шеттететіндей я қарсы шығатындай ұстанымнан алыс тұрады. Сол себепті мұндай әрекеттерге Ресей де үйренген деп ойлаймын. Әрине, әлдебір алма-кезек сөздері қайталануы мүмкін. Алайда саяси я болмаса әскери қандай да бір реакциялар болады деп ойламаймын.
Азаттық: Сирек кездесетін металдар мен маңызды элементтерді кей сарапшы "өңірдің жаңа мұнайы" деп атайды. Жапония Орталық Азияны тек шикізат көзі деп қарастырады ма, әлде өңдеуге инвестиция салуға дайын ба, қалай ойлайсыз?
Асылзат Қарабаева: Тек қана Жапония емес, сонымен қатар Еуроодақ мемлекеттері де көбіне халықаралық құқықты, халықаралық келісімдерге құрметтеу саясатын жүргізіп келді. Бірақ қазіргі таңда барлығы: Батыс мемлекеттері болсын, Жапония болсын, сыртқы саясатта көбіне прагматикалық саясатқа өтіп жатыр. Жапонияның Орталық Азия елдерімен бүкіл іс-шаралары екіжақты жүреді. Мысалы, Қазақстан – Жапония, Қырғызстан – Жапония болып, т.с.с. Ал өзгелері аймақтың бес елімен, мысалы, АҚШ – Орталық Азия, Ресей – Орталық Азия, Қытай – Орталық Азия деген тәрізді форматта жүргізеді, олармен екіжақты процестерде, үрдістерде асимметриялы күшті байқаймыз, яғни күшті мемлекеттер басымдылыққа ие. Ал Жапонияның бұған ұқсамайтын жағы – мұндай асимметриялықты жою мақсатында, Орталық Азияның бес елімен тең деңгейде әрекет жасау. Яғни олармен толерантты, транспарентті, инклюзивті, саяси, халықаралық деңгейдегі іс-шараларға, я болмаса келісімдерге келуге мүмкіндік береді.Бірінші мүдде шикізат деп айтуға болады. Екіншісі, инфрақұрылымдық байланыс, өңіраралық байланыс деген сияқты көбінесе материалдық мүдделер басым.
Азаттық: Жапония Орталық Азияның Ресеймен және Қытаймен қарым-қатынасы тығыз екенін біледі. Токио өңір елдерімен серіктестікке түсерде осыны ескере ме? Бұл фактор қаншалықты рөл ойнайды деп ойлайсыз?
Асылзат Қарабаева: Басында, 1990-жылдары қатты білінбеді. Кейін, 1997 жылдан бастап, премьер-министр Хашимотоның кезінде, ең бірінші концептуальды түрде "Еуразиялық дипломатия" деген саясатпен басталды. Содан бастап Орталық Азия мемлекеттеріне қызығушылық пайда болған. Бірақ Жапония Орталық Азия мемлекеттеріне қатысты Ресеймен я Қытаймен теңесе аламыз, я болмаса жарысамыз деп ешқашан айтпаған. Олар Қытаймен де, Ресеймен де таласа алмайтынын, ондай мүмкіндігі шектеуі екенін түсінеді. Сонымен қатар Жапония Орталық Азия мемлекеттеріндегі түрлі табиғи апаттардың алдын алу, су проблемасы, денсаулық сақтау, т.с.с. мәселелерге көбірек көңіл бөлді.
Азаттық: Орталық Азиядағы жапон моделі мен Пекиннің "Бір белдеу, бір жол" бастамасының айырмашылығы неде?
Асылзат Қарабаева: АСИАН деген ұйым бар, Оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттері бірлестігі. Бұл осы аймақтың тек қана өңір болып қалыптаспай, ықпалды, өз мүдделерін ортаға шығарып, сонымен бірге үлкен күштердің осы АСИАН елдері мүддесімен келісіп, санасуына қол жеткізуіне осы жапондардың да өте үлкен әсері бар. Яғни, жапондардың іс-әрекеті – Орталық Азияны да соған ұқсас ету, яғни АСИАН өзі жеке, ешқандай күшқе байланбаған аймақ болып құрыла алды ғой, яғни Орталық Азия да ондай тәуелсіз аймақ деңгейіне жете алуы мүмкін. Ал Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасында Орталық Азия өз көзқарасы бар жеке аймақ ретінде емес, Қытаймен бірге екіжақты пайдалы келісімдер, іс-шаралар қарастырылған, сонымен қатар Қытайдың қандай да бір шарттары бар. Яғни жаңағы жоба бойынша келісім жасасқан мемлекеттер ол шарттарды орындай алмайтын болса, оның зардабын шегуі әбден мүмкін. Ал Жапонияның саясатында ондай мәселе болмады, шарт қойылмады.
Азаттық: Жапониядағы саммиттен Орталық Азия елдері не күтсе болады? Ол өңір мен Токио арасындағы қарым-қатынасты қалай өзгертеді деп ойлайсыз?
Асылзат Қарабаева: Орталық Азияның бес мемлекеті деп айтып жатырмыз ғой, оған Әзірбайжан да қосылды жақында. Бұл орта дәліз жолын дамытуға, сонымен қатар Орталық Азия мемлекеттерінің Еуропаға шығуына да өзі жақсы үлес қосатыны Жапония үшін қуанышты және қолдау табатын дүние болып тұр. Сол себепті, менің ойымша, бұл Орталық Азия мемлекеттері үшін өте үлкен саммит болғайын деп тұр. Орталық Азия мемлекеттеріне инвестицияны көбірек тарту, энергетика, жасыл энергетика, цифрлық трансформация, сонымен қатар өңіраралық байланысты дамытуда үлкен бір мүмкіндік бұл. Бұның барлығын Жапонияның жақын серіктестері АҚШ пен Еуропа да қолдап тұр. Ал Жапония үшін Орталық Азия мемлекеттері стратегиялық маңызға ие минералды ресурстарға бай, оларды экспорттау, тасымалдау – бұл да Жапония экономикасы талап етіп жатқан дүние, сондықтан бұл оларға жақсы мүмкіндіктер беріп тұр деп ойлаймын.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытайдың жұмсақ күші, Ресей ықпалы. Қазақстан үшін тиімді жол қайсы? Кэтрин Путцпен сұхбат