Accessibility links

Украинадағы соғыс Орталық Азияны қалай өзгертті?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путинді ұшақ алдынан қарсы алып тұр. 9 қараша 2023 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путинді ұшақ алдынан қарсы алып тұр. 9 қараша 2023 жыл.

Бес сарапшы Ресейдің Украинаға басып кіруі Орталық Азияға –Мәскеумен қарым-қатынастан өңірлік саудаға дейін – қалай әсер еткенін талқылайды.

Ресейдің Украинаға қарсы соғысы үшінші жылға кетіп барады. Соғыстың салдары ғаламдық сипат ала бастады. Ауыр кикілжің саяси көзқарасты өзгертіп, халықаралық экономикаға зардабын тигізіп, геосаяси сілкіністерге жол ашты.

Ресей басқыншылығының салдарын ең қатты сезінген аймақ — Орталық Азия. 2022 жылдың 24 ақпанынан бастап Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан мүлде басқа әлемге түсіп кеткендей болды.

Мәскеу — бұрыннан өңірдегі жетекші ойыншылардың бірі. Бірақ Украинадағы соғыс Орталық Азияның Ресейге көзқарасын өзгертті. Бұл Қытай, Түркия, АҚШ пен Еуроодаққа жаңа мүмкіндіктер ашты.

Орталық Азиядағы екі жылға созылған экономикалық, әлеуметтік, саяси өзгерістерден кейін не болады?

Украинадағы соғыс Орталық Азияны қалай өзгерткенін түсіну үшін Азаттық бес жетекші сарапшы мен журналистің пікірін сұрады.

РЕСЕЙМЕН ЖАҢА ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ІЗДЕУ

Темур Умаров
Темур Умаров

Темур Умаров, Берлиндегі Карнеги қорының ғылыми қызметкері:

Басында Орталық Азияда Ресей зияны көп серіктес, онымен әріптестік жүргізу мүмкін емес деген пікір болды. Бірақ соғыстың екі жылы мүлде басқа картинаны көрсетті: Ресейдің бүкіл әлемнен оқшау қалғанына қарамастан, Орталық Азиядағы рөлі өзгермеді.

Кейінгі екі жылда Ресей Орталық Азиядағы авторитар режимдердің маңызды серіктесі болып қалды. Мәскеу де өңір мемлекеттерін батыс санкцияларын айналып өтуге пайдаланып отыр.

Орталық Азия халқының Ресейге көзқарасы өзгерді. Өңір тұрғындары Мәскеуге енді басқа призмамен қарайды. “Орталық Азиялық барометр”, Demoscope жүргізген сауалнамалар халық арасында солтүстіктегі көршіге қарсы наразылық барын көрсетті. Украинадағы соғыс қоғамдық көңіл-күйдің өзгеруіне әсер етті. Ресейдің Украинаға басқыншылығы әлем қауымдастығының назарын Орталық Азияға бұрды.

Болашақта Орталық Азия елдерінің алдында маңызды міндеттер тұр. Біріншіден, бұл мемлекеттер халықаралық қауымдастықпен белсенді араласып, сыртқы қаржылық және саяси мүмкіндіктерді ішкі прогреске айналдыруы керек. Екіншіден, Орталық Азия мемлекеттеріне Ресеймен және басқа да ғаламдық ойыншылармен қарым-қатынаста баланс табуға тура келеді. Ресейді сөзсіз қолдамау керек, бірақ қарсы да шықпаған жөн. Осындай тепе-теңдік Орталық Азияның тұрақтылығы мен гүлденуінде маңызды рөл атқарады.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДИПЛОМАТИЯҒА СЫНАҚ

Крис Риклтон
Крис Риклтон

Крис Риклтон, Азаттықтың Орталық Азия бойынша тілшісі:

Ресей әскері Украина қалаларын бомбалаудан бірнеше апта бұрын Қазақстанда президенті Қасым-Жомарт Тоқаев билігін сақтап қалу үшін Мәскеу басқаратын Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскерін көмекке шақырды. 2022 жылы қаңтарда Қазақстанда жаппай тәртіпсіздік болып, кемінде 238 адам қаза болды.

Соғыс қарсаңында Қазақстан Украинаның шығысындағы Ресейді қолдайтын сепаратистік құрылымдарды мойындамайтынын ашып айтты. Сыншылардың көбі Тоқаев қаңтардағы көмегі үшін Путинге борыштар деп жазды. Қазақстанның бейтарап позициясы ресейлік депутаттар мен Кремль пропагандистерінің ашуын туғызды.

Олар Қазақстан мен Ресей арасындағы ең ұзын құрлық шекараны (7600 километр) меңзеп, елдің солтүстігіндегі этникалық орыстар мәселесін көтерді. Бірақ осындай шиеленіске қарамастан, Тоқаев Мәскеу мен Астана арасындағы қарым-қатынасты сақтап қалды.

Қазақстандық саяси шолушылар Астананың әрекетін “бір мезетте екі орындықта отыруға” балады. Қазақстан қалайша мұны жүзеге асырды?

Оған Қытай көмектесті.

2022 жылы қыркүйекте Қытай басшысы Си Цзиньпин пандемиядан кейін шетелге жасаған алғашқы сапарын Астанадан бастады. Ол “Пекин кез келген күштердің Қазақстанның ішкі ісіне араласуына жол бермейді” деді. Бұл — Мәскеу мен Батыс елдеріне қарата айтылған мәлімдеме болды. Осыдан кейін солтүстіктегі көршінің гиперагрессивті қағытпалары да сап тыйылды.

Бұл эпизодтан Ресейдің Украинаға қарсы соғысы Орталық Азиядағы халықаралық қатынастардың жаңаруына жол ашқанын көреміз. Мұндай көпвекторлы саясаттың дәл ортасында — Қазақстан мен оның тәжірибелі дипломат басшысы Тоқаев болды.

Қазақстан президенті қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы жиынының аясында өткен АҚШ президентінің Орталық Азия елдерінің басшыларымен кездесуінде Джо Байденнің қасында отырды. Кейін дәл осы форматта Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесу өтті. Франция президенті Эммануэль Макрон Қазақстан мен Өзбекстанға ресми сапармен келді. Тоқаев Түркия, Таяу Шығыс елдерімен де қарым-қатынасын нығайтқысы келеді.

Орталық Азия елдерінің басшылары және Германия канцлері Берлиндегі саммитте. 29 қыркүйек 2023 жыл.
Орталық Азия елдерінің басшылары және Германия канцлері Берлиндегі саммитте. 29 қыркүйек 2023 жыл.

Кремльге мұндай дипломатиялық ойындар ұнамайды.

Бір жағынан, Мәскеу одақтастарының әлемнен оқшау қалып, санкциядан зардап шеккенін қаламайды. Екінші жағынан, Қазақстанға орнын көрсеткісі келеді.

ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРДІ ПАЙДАЛАНУ

Лука Анчески
Лука Анчески

Лука Анчески, Глазго университетінің еуразиялық зерттеулер бойынша профессоры :

Орталық Азия елдері Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін пайда болған геосаяси шиеленістен жол тауып шықты.

Өңірдегі маңызды ойыншылар Қазақстан мен Өзбекстан Кремльден іргесін аулақ салуға тырысып, Ресейдің Украинаға қарсы соғысын ашық сынамаса да, Мәскеудің жақтасы болып көрінбейтін позицияны ұстанды.

Мәселенің алтын ортасын табудың артықшылығы көп. Демократиялық көзқарастан алыс басшылар авторитар билігін күшейтуде жаңа жетістіктерге жетті.

2022 жылдан бастап Қазақстан мен Өзбекстан президенттері билігін ұзартудың жаңа амалдарын тауып келеді. Түркіменстан билікті мұрагерлік жолмен беруді сәтті жүзеге асырды. Тәжікстан династиялық билік ауысымының негізін қалады, ал Қырғызстан президенті бар билікті өз қолына шоғырландырды.

Соғыстың экономикалық аспектілеріне қарасақ, Ресейдің Украинаға қарсы соғыс ашуы Орталық Азияға да тиімді болғанын көреміз. Қырғызстан мен Тәжікстан экономикасы үшін маңызды саналатын Ресейден ақша аударымдары артты, Мәскеумен екіжақты сауда күшейді, өңірдің экономикалық өсімі жақсарды.

Көп нәрсе Батыс елдерінің реакциясына, қазіргі шарттардың қалай өзгеретініне байланысты. АҚШ пен Еуроодақ санкциялардың бұзылуына баса назар аударса, Орталық Азияның соғыстан көріп отырған экономикалық пайдасы азаяды. Батыс елдері сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстанның алтын орта ұстануын қиындатуы мүмкін.

ҚЫТАЙ, РЕСЕЙ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ

Джулия Шиоратти
Джулия Шиоратти

Джулия Шиорати, Лондондағы экономика және саяси ғылымдар мектебінің ғылыми қызметкері:

Соғыс басталғалы 2 жылдан кейін Қытай Мәскеуге қатысты позициясында тепе-теңдік сақтап қалды. Қытай дипломаттары Украина мәселесі бойынша жоғары деңгейдегі кездесулер өткізіп, жанама түрде экономикалық қолдау көрсетуге тырысты.

Былтыр Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И украин әріптесі Дмитрий Кулебамен кездесті. 2021 жылдан бері Украинаның Қытайдағы елшісі қызметі бос болып еді, жақында жаңа елші тағайындалды. 2023 жылы шілдеде Украина экономика министрінің орынбасары Тарас Качка Қытайға барды. Бұл — соғыс басталғалы украин шенеуніктің шетелге жасаған алғашқы сапары.

Тепе-теңдік сақтау — оңай шаруа емес. Соғыстан бұрын Пекин мен Мәскеу “шексіз әріптестік” орнатқанын жариялаған. Бір кездері Қытай Батыс елдеріне бірлесіп қарсы тұру үшін Ресеймен қарым-қатынасына басымдық беруге тырысты.

Мамырда Қытай Орталық Азияның бес мемлекетімен саммит өткізді. Артынша экономикалық, саяси серіктестікті арттыратын жол картасы қабылданды. Пекин соғысқа қатысты ғаламдық имиджін өзгертіп, кикілжіңді шешу жолдарын ұсынып, бейтарап бітімгер болуға тырысты.

Сиандағы саммиттің ашылуына қатысып жатқан Орталық Азия жетекшілері және Қытай басшысы. 18 мамыр 2023 жыл.
Сиандағы саммиттің ашылуына қатысып жатқан Орталық Азия жетекшілері және Қытай басшысы. 18 мамыр 2023 жыл.

Пекин мен Мәскеудің көзқарастары барлық кезде бірдей бола бермейді. Бірақ олардың өңірге, әріптестікке қатысты мүддесі ортақ. Қытай мен Ресейдің Ауғанстан, Газа секторы мен Иран бойынша позициясы да ұқсайды.

Бұл Қытайдың Орталық Азия мен әлемде Мәскеумен әріптестігі салдарынан зардап шеккен беделін жақсартуға мүмкіндік бермей отыр.

ЕУРАЗИЯЛЫҚ САУДАҒА АШЫЛУ

Эмиль Авдалиани
Эмиль Авдалиани

Эмиль Авдалиани, Тбилисидегі Еуропа университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі профессоры

Украинадағы соғыс Орталық Азия елдерін сыртқы саясатта батылырақ болуға итермелеп, өңірдің ғаламдық сауда дәлізі ретіндегі маңызын арттырды.

2022 жылдың ақпанына дейін Еуроодақ пен Қытайға Азия мен Еуропа арасындағы Ресей арқылы өтетін солтүстік сауда жолы жеткілікті болып көрінді. Олар Мәскеудің теміржол желісі мен кеден тәжірибесін пайдаланатын. Қара теңізден Каспий арқылы Орталық Азияға шығатын “Орта дәлізді” көп ел назарға ілмей келді. Бұл жолға салынатын инвестиция да, қызығушылық білдірген ірі державалар да аз еді.

Бірақ Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін бәрі өзгерді: Қытай, Түркия мен осы жол бойында орналасқан басқа да мемлекеттер “Орта дәлізді” кеңейтуге күш салып жатыр.

Бұл Орталық Азия елдеріне көбірек кеңістік берілетінін білдіреді. Қазақстан жағдайында соғыс Астанаға жағдайды қайта бағалап, Мәскеумен ресми одақтастығы мен ол басқаратын әртүрлі ұйымдарға мүше болғанына қарамастан, Ресейге экономикалық тәуелділігін азайтуға ықпал етті. Қазақстан “Орта дәліздегі” негізгі қозғаушы күштердің бірі еді. Елде сауда көлемі артып, жаңа инвестиция келе бастаған.

Соғыс пен одан кейін Мәскеуге салынған санкциялар Ресейді Орталық Азиядағы АҚШ, Еуроодақ, Үндістан, Жапония, Иран, Түркия, Қытай, Парсы шығанағының елдері сияқты көп ойыншының біріне айналдырды.

Осы тұрғыдан алғанда, Украинадағы соғыс Ресейдің Орталық Азиядағы үстемдігін тоқтата алады. Бұл ықпалды жаңа сауда жолдары мен саяси серіктестер бұзып жатыр.

XS
SM
MD
LG