Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақыны тұрмыс деңгейіне қарап беру туралы шешім әлі де қызу талқыланып жатыр. Бірі мұндай төлемдер азаматтың әл-ауқатына қарамастан берілуі керек десе, бірі үкімет қадамының қисыны бар, бірақ жұртты топтарға бөлу және есептеу әдісі күмәнді дейді. Ал екі күн бұрын eGov Mobile қосымшасында адамдардың тұрмыс деңгейін бағалайтын калькулятор қызметіне шектеу қойылды. Азаттық осы тақырып жөніндегі кейінгі өзгерістерді талдап, экономист Мақсат Халықтан сұхбат алды.
Үкімет калькуляторына кіру шектелді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 18 қазанда eGov Mobile қосымшасында адамдардың тұрмыс деңгейін бағалайтын калькуляторды іске қосқан еді. Келесі күні таңертең сервис жұмысы тоқтап қалды. Әуелде экраннан техникалық жөндеу жүргізіліп жатқаны көрінген. Түстен кейін есептеуіш құрылғы әлеуметтік төлем мен жәрдемақы алатындарға ғана ашылатын болып өзгертілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңарту себебін әзірге түсіндірген жоқ.
Калькулятор табыс, мүлік, отбасы құрамы және өзге де өлшемдерге сүйеніп, азаматтарды A, B, C, D, E деген бес санатқа жіктейді. Бұл – өзіңіз берген дерекке сүйенетін алдын ала болжам. Осы арқылы үкімет адамдардың жағдайын қалай бағалайтынын шамалап білуге болады.
Калькулятор сынақтан өткізгендердің көбін орта санатқа, бірсыпырасын жоғары санатқа жатқызғаны байқалды. Нәтиже азаматтардың шамына тиген. Жұрт мүліктің құны, сапасы және кіріс пен шығыс әділ бағаланбайтынын айтып шағынып жатыр. Адамның мойнындағы кредиттер де есепке алынбаған.
"Орташа жалақың, үйің мен көлігің болса, несиесіз өмір сүрсең жетеді екен, жоғары қамтамасыз етілген азамат болып шығасың. Мені жоғары бағалап жатқандарына рақмет, әрине... Бірақ мынау сұмдық қой..." дейді Threads желісінің just_ibray есімді қолданушысы калькулятор бағалауының нәтижесін бөлісіп.
Kunekei_finance деген Threads қолданушысы үкіметті есептеуішті дамытуға шақырады. Оның ойынша, жүйе табыстың қанша бөлігі қарызға кететінін ескермейді.
"Әл-ауқатты бағалау калькуляторында анық қате бар. Санаттарға бөлерде қарызыңызды ескермейді. Мойнында несиесі, қарыздары бар азаматтың жалғыз пәтері болса, ол "тұрмысы орныққан орта санаттағы" адамға айналып шыға келеді. Бұқаралық ақпарат құралдары калькулятор жетілдірілетінін жазып жатыр. Иә, калькуляторды жақсарту қажет" дейді ол.
Шығын мәселесін Әлмира Асхатқызы есімді Threads қолданушысы да қозғаған.
"Төрт баланың анасымын. Көпбалалы ана ретінде жәрдемақы аламын. Бірақ B санатында екенмін ғой. Сонда енді байлар қатарына қосылып кеткенім бе? Төрт баланың тамағы, киімі, балабақшасы, мектебі, дәрісі бар дегендей… Бірақ мемлекет мені бай деп таныса, қарсы емеспін ғой. Тек сол байлығымның қайда жатқанын айтып жіберсе екен. Әзіл бір бөлек, бірақ көпбалалы аналардың жәрдемақысы табысқа байланып қалмаса екен" дейді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, шығындар да есепке алынады. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап екінші деңгейлі банктер жәрдемақы алушының және оның отбасы мүшелерінің келісімімен банк шоттары мен депозиттері туралы мәліметтерді ұсынады.
Желі қолданушылары бұл калькулятор мектепте оқитын 16 жастағы баланы да еңбекке жарамды азамат қатарына қосқанын жазды. Олар ата-анасының қолына қарап отырған балалар есебінде тіркелген. Жұрт мұндай есептеу жүйесі түрлі әлеуметтік төлемдерден айыра ма деп қауіптенеді.
Азаттық калькуляторға айтылған сын мен оның неге ашылмай қалғанын түсіндіруді сұрап, Еңбек министрлігіне сауал жолдады. Оған бес күнде жауап келуі керек.
Азаматтарды санатқа бөлу қалай жұмыс істейді?
Қазақстанда келесі жылдан бастап 36 түрлі жәрдемақының 14-ін тағайындағанда отбасының әл-ауқаты ескеріледі.
Мемлекет енді жәрдемақы алып келген азаматтарды A, B, C, D, E санаттарына бөледі. A – әл-ауқаты жоғары және B – ауқатты отбасыларға 14 түрлі жәрдемақы берілмейді. Олардың қатарында бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы, бала 1,5 жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақы, көпбалалы отбасына берілетін және үшінші, төртінші топтағы мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақылар да бар.
Адамның қай санатқа жататынын 50-ден астам көрсеткішпен өлшейді.
Табысы, несиесі, жылжымайтын мүлкі, көлігі, жұмысы, кәмелетке толмаған бала саны, денсаулығы, қалада не ауылда тұратыны және қосымша бизнесі бар-жоғы ескерілмек.
Мысалы, Астана, Алматы не Шымкентте тұратындар балы өседі. Ал ауданда, ауылдық жерде тұрғандардың балы азаяды.
Ал облыс орталығында тұратындар, жалғыз үйі мен бір көлігі бар отбасыларға да балл қосылмайды да, азайтылмайды да.
Үкімет дерегінше, жәрдемақы тағайындарда мемлекеттік 30 түрлі деректер базасы қаралады. Ол күн сайын жаңарады, ал санаттар ай сайын қайта анықталып отырады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Үкімет жағдайы жақсы азаматтардың есебінен $5,5 млрд теңге үнемдеуді жоспарлап отыр"Бұған дейін де дағдарыстар болған, бірақ төлемдерді қысқартпаған едік"
Үкіметтің әлеуметтік жәрдемақы төлеудің тәртібін өзгерту арқылы бюджет қаражатын үнемдеу идеясы жөнінде экономист Мақсат Халықпен сөйлестік. Ол мұндағы басты мәселе әділ есептеу екенін айтады.
Азаттық: Мақсат мырза, үкіметтің әлеуметтік жәрдемақы төлеу тәртібін өзгерту арқылы бюджет қаражатын үнемдеу идеясына қандай баға бересіз?
Экономист Мақсат Халық
Мақсат Халық: Бюджет шығындарын оңтайландыру идеясына өзім оң қараймын. Бірақ әлеуметтік шығындарды, оның үстіне балаларға арналған төлемдерді қысқарту арқылы үнемдеу дұрыс емес деп ойлаймын.
Азаттық: Қазір Қазақстан бюджетінің едәуір бөлігі әлеуметтік төлемдерге жұмсалады. Үкімет осы шешімнен қанша қаражат үнемдемек?
Мақсат Халық: Соңғы мәліметтерге қарағанда, үкімет 700 миллиард теңгедей үнемдейміз деп отыр. Бірақ "Оны қалай есептедіңіздер, үнемделген ақшаны қайда жұмсайсыздар?" деген сұраққа журналистер әлі жауап ала алмай жүр. Демек, бұл есептеулердің экономикалық негіздемесі әлі де әлсіз. Меніңше, үнемделген қаражаттың нақты қайда жұмсалатыны, ол кейін қандай экономикалық тиімділік беретіні алдын ала барынша есептелуі керек еді.
Азаттық: Қалталы, бай немесе тұрмыс жағдайы жақсы адамдардың бала туғанына байланысты үкіметтен әлеуметтік төлем алып отыруын шектеу әділдікті қалпына келтіру ме? Өйткені премьер-министр Олжас Бектенов мұны әділетсіздік деп атады ғой.
Мақсат Халық: Логикалық тұрғыдан қарағанда, дұрыс сияқты. Ауқатты азаматтар өздерін-өздері қамтамасыз етіп отыр, мемлекеттің қосымша әлеуметтік төлеміне мұқтаж емес, сондықтан олардан бас тартуға болады деген ой бар. Сырттай қарасаңыз, қисынды көрінеді.
Бірақ мәселенің екінші жағы бар: азаматтарды A, B, C санаттарына бөлгенде қандай негізге сүйенді? Елімізде "орта тап" деген ұғымның өзіне әлі нақты экономикалық баға берілмеген. Олар кімдер деп сұрағанымызда, үйі бар, көлігі бар, табысы жоғары адамдар деген жауап айтылады. Ал тереңірек үңілсек, үйі ипотекада, көлігі несиеде болса, ол адамды қалай бай деп санаймыз? Сондықтан бұл шешім қазірдің өзінде көп сұрақ туғызып отыр.
Азаттық: Әлеуметтік жәрдемақы алу үшін кейбір тұрғындар қитұрқы әрекетке, алаяқтыққа барады деген мәлімдемелер айтылып жүр. Жаңа шектеулерден кейін бұл қауіп бірнеше есе күшеймей ме?
Мақсат Халық: Сұрағыңыздың орны бар. Көп азамат табысын жасыруға көшуі, көлеңкелі экономика одан әрі ұлғаюы мүмкін. Меніңше, бұл сын-қатерді де есепке алу керек.
Жалпы, әлеуметтік төлемдерге қатысты есептеулеріміздің негіздемесі дұрыс емес деп айтқым келеді. Біз әлі күнге дейін кеңес заманынан қалған есептеу әдісіне сүйенеміз. Ең төменгі жалақыны, орташа жалақыны, ең төменгі зейнетақыны есептеу тәсілдеріне қарасақ, әлем әлдеқашан жаңа әдістер мен технологияларға көшіп кеткен. Ал бізде бұл мәселе неге әлі талқылау күйінде қалып отыр? Үкіметтің экономикалық блогы ең алдымен осы мәселені шешуі тиіс. Оны созудың қажеті жоқ, осы жылдың аяғына дейін бір шешімге келу керек.
Азаттық: Үкімет Қазақстанда жалпы ішкі өнім 300 миллиард доллардан асты, экономикалық көрсеткіш жыл сайын жақсарып келеді дейді. Алайда қазір қысқарып жатқан әлеуметтік жәрдемақылар ЖІӨ бұл көрсеткішке жетпей тұрғанда да төленіп келген еді ғой. Бұл жерде логикалық қайшылық жоқ па?
Мақсат Халық: Бұл өте өзекті, мәнді сұрақ. Әрине, мұнда ешқандай логикалық қисын жоқ. Қазақстан талай дағдарыстан өтті, 2008–2009 жылдары халықаралық қаржы дағдарысының салдарын бастан кешті. Сол кезде де біз бұл төлемдерді қысқартқан жоқпыз ғой.
Өткен жылы экономикамыз 6,5 пайыз өсім көрсетті. 300 миллиард доллардан астам экономика құрдық, әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына қосылдық деген статистика бар. Осындай жағдайда, экономика күннен-күнге өсіп жатқанда, төлемдерді неге қысқартып жатырмыз деген сұрақ заңды деп есептеймін.
Азаттық: "Нарық.кз" сайтының жазуынша, 22 әлеуметтік төлем түрі барлық санаттағы азаматтарға беріле береді. Сол 22-нің тізімін қарап шығып, қайран қалдым. Мәселен, олар Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне беріледі екен. Биылғы мамырдағы ақпарат бойынша, Қазақстанда ондай ардагердің 57-сі ғана қалған. Тағы бір топ – "жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандары". Бұл Кеңес Одағы кезіндегі қуғын-сүргін туралы шығар, өйткені билік қазір елде ондай қуғын-сүргін жоқ дейді. Демек, ондай адамдар да көп болмаса керек. Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері де саусақпен санарлық қалған болар. Осы іріктеуге қарағанда, үкімет тарихқа, өткен шаққа көбірек мән беріп, болашақтың жүгін азаматтардың өзіне артып жатқандай көрінбей ме?
Мақсат Халық: Бұл анық солай көрініп тұр. Мемлекеттік бюджетте тапшылық бар екенін мойындаймын, экономист ретінде оны көріп отырмыз. Түсіп жатқан салық көлемі әрі кеткенде 19 триллион теңгеге жуықтаса, 2026 жылы бюджет шығыстары 26 триллион теңгеден асып отыр. Демек, тапшылық бар екені анық.
Бірақ экономист ретінде айтарым – әлеуметтік маңызы бар мәселелерден бастау керек емес. Оңтайландыратын нәрсе – мемлекеттік сатып алулар, көлеңкелі экономикада жатқан қыруар қаражат. Үкіметтің басты назары сонда болуы керек деп есептеймін. Айналымда әлі қаншама ақша жүр. Ақша айналымын дұрыс жолға қойып, мөлдірлікті қамтамасыз етсе, бюджетті толтырудың мүмкіндігі өте көп. Ал өкінішке қарай, оңтайландыру әлеуметтік маңызы бар шығындарды қысқартуға бағытталып, мәселені орта тап өкілдерінің есебінен шешу сценарийі таңдалып отыр.
Азаттық: Қазақстан Конституциясының бірінші бабында ел әлеуметтік мемлекет деп жазылған. Осы қысқартуларға қарап, Конституциядағы бұл тұжырымды да өзгерту керек болмай ма?
Мақсат Халық: Үкіметтің қазіргі риторикасына қарасақ, олар әлеуметтік төлемдерден бас тартпаймыз, бұл тек әлеуметтік жағдайы жақсы, бай деп есептелетін азаматтарға ғана қатысты дейді. Дегенмен, меніңше, бұл әлеуметтік тұрғыдан сол азаматтардың да, олардың отбасындағы балалардың да құқығын шектеу сияқты көрінеді. Бұл жағын заңгерлер мен құқықтанушылар да айтып жатыр.
Экономист ретінде менің көзқарасым мынадай: егер біз әлеуметтік бағдарланған нарықтық экономика құрамыз деп шешім қабылдасақ, мемлекет әлеуметтік бағытын қысқартпауы керек. Керісінше, әлеуметтік төлемдердің дұрыс есептеліп, дұрыс көлемде төленуіне баса назар аударуы тиіс. Соңғы жылдары өспей тұрған ең төменгі жалақыны да дұрыс есептеп, көтеретін уақыт келді. Әрине, бюджет тапшылығы бар, жағдай қиын болса, үкімет оны ашық айтуы керек.
Өйткені мұндай қадамдар арқылы үкімет ең қымбат нәрсесінен – қоғамның сенімінен айырылады. Тағы бір маңызды мәселе бар: бүгінгі балалар – еліміздің болашағы. Олар ертең өсіп, экономикаға қызмет ететін азаматтар, жұмысшылар болады. Бұл – адам капиталы. Төлемдерді қысқарту арқылы ертеңгі адам капиталымыздың сапасын түсіріп алсақ, бұл қате шешімнің салдары ауыр болуы мүмкін. Сондықтан әр шешім ойластырылған, экономикалық тұрғыдан теңгерімді болуы керек.