Журналист Динара Егеубаева үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Полиция түсініктеме бермеді

Журналист Динара Егеубаева

Қазақстандық журналист Динара Егеубаева Алматыда өзі тап болған жол-көлік оқиғасына байланысты полиция қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Бұл туралы ол 4 тамыз күні Facebook парақшасына жазды.

Журналист өзіне қатысты іс Қылмыстық кодекстің 345-бабының 1-бөлігі бойынша қозғалғанын айтып отыр. Ол бапта жол ережесін бұзып, абайсызда адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірген көлік жүргізушінің жауапкершілігі қарастырылған.

Бұған дейін Динара Егеубаева 31 шілде күні жеңіл көлігімен Алматыдағы Темірбек Қожакеев атындағы көшедегі ауладан жолға шыға бергенде жолдың қарсы бағытында келе жатқан велосипедші қатты жылдамдықпен оның көлігіне соғылғанын хабарлаған еді.

Журналист көлігімен оңға қарай бұрылып көше жолына түспес бұрын әуелі сол жаққа қарап, қозғалыс қауіпсіздігіне көз жеткізгенін, жолдың оң қапталында көше бойын жағалай тұраққа қойылған көліктер оның көз алдын көлегейлеп тұрғанын айтқан.

Ал велосипед мініп, жолдың қарсы бағытында келе жатқан адам, Егеубаеваның сөзінше, жолындағы көлікті көрген кезде жылдамдығын үдеткен. Кейін әлеуметтік желіде тараған видеода велосипедшінің жолындағы жеңіл көлікке соғылып, құлап қалғаны көрінеді.

Осы оқиғаны желіде талқылаған жұрт бұл іс бойынша әкімшілік іс қозғалуы мүмкін деген болжам айтқан еді. Алайда қазір журналист қылмыстық іс қозғалғанын хабарлап отыр.

"Үш күн ішінде әкімшілік іс қылмыстық іске айналды. Тергеуші ақпаратты жария етпейтінім туралы қолхат беруімді талап етті. Мен бас тарттым. Жолдың қарсы бағытына шығып алып, қатты жылдамдықпен келе жатқан велосипедші көлігіме соғылғанын еске салайын. Бірақ мені кінәлі қылып отыр. Енді мұның тапсырыс екеніне толық сенімдімін", – деп жазды Егеубаева сейсенбі күні әлеуметтік желіге жариялаған постында.

Журналист тап болған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалған деген ақпаратқа байланысты Азаттық Азия комментарий алу үшін 5 тамыз күні Алматы қаласының полиция департаментіне хабарласқан еді. Алайда полицияның баспасөз қызметі әзірге жауап берген жоқ.

Динара Егеубаева Қазақстандағы саяси жүйені реформалауды ашық талап ететін медиа-тұлға ретінде танымал. 1990 жылдары қазақстандық "Хабар", "КТК" телеарналарында жаңалықтар бағдарламасын жүргізген ол кейін медиа саласында түрлі жобалармен айналысқан.

Қазақстанда кемінде 238 адамның қазасына апарып соққан 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін Динара Егеубаева әлеуметтік желілерде Қаңтарда зардап шеккендердің құқығын қорғап, тікелей эфирлер мен сұхбаттар жүргізді.

2023 жылы Егеубаева бір мандатты сайлау округінен парламент мәжілісі депутаттығына өзін-өзі ұсынып, саяси бәсекеге түсті. Өткір мәлімдемелері мен кәсіби қызметіне байланысты журналист бірнеше рет түрлі қысымға тап болды. Мәселен, 2023 жылдың басында белгісіз біреулер оның автокөлігін өртеп кетті, кейіннен ол ұлына да қоқан-лоқы жасалғанын мәлімдеді.

Кейінгі кезде журналистің әлеуметтік желідегі парақшалары түрлі қиындыққа тап болған. Шілде айында Meta компаниясы Динара Егеубаеваның Instagram аккаунтын бұғаттап тастаған. Кейін журналист YouTube платформасындағы арнасына да шабуыл жасалғанын, әлдекімдер оның аты-жөнін пайдаланып, жалған аккаунттар ашып жатқанын да мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Шекара қызметі журналист Лұқпан Ахмедияровты елден шығармады. Оның үстінен шағым түсірген кім?Алматы соты Александра Алёховаға жаза кесіп, журналистикамен айналысуына тыйым салды"Алаңдатарлық үрдіс". Қазақстан медиақауымдастығы журналист Азамат Омаровтың қамалғаны жайлы не дейді?ҚазТАГ-тың бас директоры мен бас редакторына үкім шықты. Оларға журналистикамен айналысуға шектеу қойылдыТәуелсіз жеті журналистің WhatsApp аккаунттары бұғатталып қалды. Бұл қысым ба?Алматыда Гүлнәр Бажкенованың соты қалай өтіп жатыр? "Адамды сөзі үшін түрмеге қамауға болмайды". Тамара Калеевамен сұхбат