Accessibility links

Күлекеевтің ісіндегі Қаржы полициясының басты "көзірі" ақыры сотқа келмеді


Астанадағы №2 Сарыарқа аудандық сот залында

Астанадағы №2 Сарыарқа аудандық сот залында

"Қазақстан темір жол" ұлттық компаниясының экс-президенті Жақсыбек Күлекеевтің ісіне қатысты сот отырысы аяқталуға жақындаған сайын, құқық қорғаушы мекемелердің түрлі былықтары ашылуда.

24 қазанда мемлекеттік айыптаушы Еркін Шәріпов "Бекет АСТ" ЖШС-нің өкілі Кенжеболат Такеевтің сотқа енді келмейтіндігін айтты. Айтқан уәжі: оны іздеп таба алмаған.

Такеев Күлекеевке қарсы қылмыстық істің бас куәгері. Ол ҚТЖ-ның мемлекеттік сатып алу тендерін жеңіп шығу үшін, басшылыққа 100 мың АҚШ долларын бердім деп жазған.
Судья Нұржан Жолдасбеков те енді Такеевті одан артық күте алмайтындығын жеткізіп, оның тергеушілерге берген жауабын оқып берді.

Есесіне, сотқа Күлекеевтің адвокаты Серікқали Мусиннің шақыртуымен сол "Бекет АСТ" фирмасының директоры Амина Қайырбекова және ҚТЖ-ның қаржы ісі бойынша бұрынғы вице-президенті Александр Андрюшенко келді. Адвокат судьяға бірден олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуін сұрады. Өйткені, сот ғимаратында қаржы полициясы мен прокуратура өкілдерінің қаптап жүр деді ол.

Осыдан соң, мемлекеттік айыптаушы Шәріпов те өзіне соғылған телефон қоңырауынан кейін, үзіліс сұрап, бірден сот залын тастап шығып кетті. Үзілістен соң да қайта келмеген прокурор, түстен кейін ғана қара көрсетті.

Сот барысында "Бекет АСТ" фирмасының директоры Қайырбекованың сөздерінен, Кенжеболат Такеевтің фирмаға ешқандай қатысы жоқ екені мәлім болды. Ол ешқашан "Бекет АСТ"-да жұмыс істемеген.

Бірақ Қайырбекова Такеевті танитындығын жасырмады. Ресейдің азаматы, Астанада пәтер жалдап тұратынын білемін деген Қайырбекова оның жыл басында өзінен сенімхат сұрағанын айтты.
"Жеке шаруаларыма қатысты фирмаңның атынан сенімхат керек болып тұр" деген соң жазып бергем. Бірақ ол сенімхат арқылы ешқандай тендерге қатыса алмайды. Менің фирмамның өзі ұлттық компаниялардың тендерлеріне қатысуына құқықтық мүмкіндігі жоқ. Өйткені, өткен жылдың ортасында фирмаға кіріс кірмегендіктен, Сбербанктегі есепшот жабылып қалған. Сонымен бірге менің фирмамның да тендерге қатыса алатындай ҚТЖ-ға ешқандай қатысы жоқ. Ал Такеевке берген сенімхаттың күшін мен өзім үстіміздегі жылдың 1 ақпанда-ақ жойып жібергем," - деді Қайырбекова.

Ал 100 мың АҚШ долларына қатысты, ол фирмада мұндай көлемдегі сома ешқашан болып көрген емес деді ол.
Мемлекеттік айыптаушы тарапынан "Бекет АСТ" фирмасының өкілдерін сотқа алдыра алмай жатырмыз, директоры қалада жоқ" деген сөздер бірнеше рет айтылған болатын. Алайда Қайырбекова өзін осы уақытқа дейін ешбір қаржы полиция өкілдерінің іздеп келмегенін, Астанадан ешқайда кетпегенін де айтты.

Күлекеевке тағылған айыптардың бірі - қызметін асыра пайдаланып, үйіне қойылған күзет қызметкерлеріне еңбекақыларын компанияның есебінен төлеп отырды деген айып болатын. Бұл мәселеге қатысты ҚТЖ-ның бұрынғы вице-президенті Александр Андрюшенко компания басшыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шығыны компанияның бюджеті есебінен төленетіндігін айтты. Бюджет алдын - ала, яғни бір жыл бұрын қарастырылады деді. Яғни, Күлекеев компанияға келмей тұрғанда-ақ, бюджетке ақша бөлініп қойған екен.

Сот отырысы аяқталған соң, журналистермен әңгімесінде Андрюшенко "Күлекеевті тұтқындады дегенді естігенде, жағамды ұстадым. Өйткені, мен билік тармақтарының әртүрлі саласында біраз жылдардан бері қызмет істеп келем. Күлекеевтің өз ісіне адал, таза азамат екенін жақсы білемін. Осыдан кейін кімге сенуге болады? Қалай жұмыс істеуге болады деп қатты алаңдадым" деді.
Сот отырысы келесі сәрсенбіде жалғасады.

ҚТЖ-ның бұрынғы президенті Жақсыбек Күлекеев 1 сәуір күні 100 мың АҚШ доллар пара алды деп тұтқындалған болатын. Алайда оған тағылған айыптардың бірде-бірі сот отырысында дәлелденген жоқ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG