Accessibility links

Египетте копт христиандары мен полиция қақтығысып, 23 адам мерт болды


Копт христиандары мен полиция күштері арасындағы қақтығыс. Каир, Египет, 9 қазан 2011 ж.
Копт христиандары мен полиция күштері арасындағы қақтығыс. Каир, Египет, 9 қазан 2011 ж.
Египет астанасы Каир қаласында жексенбі күні копт христиандары мен полиция арасындағы қақтығыс салдарынан, соңғы деректер бойынша, кемінде 23 кісі өліп, 150-ден астам адам жараланған.

Мыңдаған копт христиандары Асуан провинциясында өткен аптада шіркеуге жасалған шабуылға наразылық білдіріп, Каирдағы мемлекеттік телеарна ғимаратының маңына шыққан. Аталған провинция губернаторының әл-Марейнаб елді мекеніндегі шіркеудің "заңсыз салынғаны" туралы мәлімдемесі копт христиандарының ашу-ызасын туғызды. Олар жартылай қираған шіркеуді қалпына келтіруді және губернатордың қызметтен кетуін талап етіп, оның суретін өртеді.

Шеруге қатысқан куәгерлердің айтуынша, бейбіт түрде телеарна ғимаратына қарай келе жатқан оларға пышақ және таяқпен қаруланған белгісіз біреулер тап берген. Ішкі істер министрлігінің өкілі, шерушілер тарапынан қауіпсіздік күштеріне оқ атылғанын айтса, әскери күштердің өкілі оқты арандатушылар атқан болуы мүмкін деген болжам жасайды,

Қақтығыс кезінде полиция күштеріне тас пен тұтанғыш зат құйылған шөлмек лақтырылып, көшеде бірнеше әскери автокөлік жанып кеткен. Қала билігі Каирдың орталығында түн ортасынан таңертеңгі сағат жетіге дейін коменданттық сағат тәртібін енгізді.

Бүгін бұл мәселе Египет үкіметінің отырысында қаралмақшы.

80 миллион халқы бар Египет тұрғындарының 10 пайызын құрайтын копт христиандары елде өздерін кемсітетіні туралы жиі шағымданады. Қаңтар айында елдің солтүстігіндегі Александрия қаласындағы копт шіркеуінде жанкешті жарылыс жасап 23 адам қаза тапқан болатын. Мамыр айында елде копт христиандарының шіркеулеріне жасалған шабуыл салдарынан 12 адам мерт болды. Наурыз айында Каирдағы Тахрир алаңында копт христиандары мен мұсылмандар арасындағы қақтығыстан 13 кісі көз жұмған еді.
XS
SM
MD
LG