Accessibility links

«Қайрат» футзал командасы УЕФА кубогын иеленді


Қайрат" футзал командасының ойыншылары бапкерлері Какауға құрмет көрсетіп жатыр. Грузия, Тбилиси, 28 сәуір 2013 жыл. Сурет УЕФА ресми сайтынан алынды.
Қайрат" футзал командасының ойыншылары бапкерлері Какауға құрмет көрсетіп жатыр. Грузия, Тбилиси, 28 сәуір 2013 жыл. Сурет УЕФА ресми сайтынан алынды.

Футзалдан Қазақстанның «Қайрат» командасы тұңғыш рет УЕФА кубогын жеңіп алды. Бапкер «бұған ешкімнің сенбегенін» айтты. Жанкүйерлер де бұл хабарды күтпеген.

«Қайрат» жартылай финалда былтырғы УЕФА кубогының иегері саналатын «Барселонаны» 5:4 есебімен жеңген.

Ал сәуірдің 27-сі күні Грузия астанасы Тбилисиде өткен финалдық матчтың 11-минутында «Қайрат» алға шықты. «Динамо» қақпашысы Алексей Попов өз қақпасына гол соғып алды. Бұдан 8 минут өткенде «Динамо» ойыншысы Сергей Сергеев есепті теңестіріп кетті. Екінші тайм басталған сәтте «Қайрат» ойыншысы Лео Сантана доп соқса, 29-минутта «Қайрат» сапындағы бразилиялық легионер Фумаса есепті 3:1-ге жеткізді. Ал 33-минутта «Қайрат» қақпашысы Игитаның алаң ортасынан тепкен добы "Динамоның" қақпасынан бір-ақ шықты. Ойын аяқталуға 4 минут қалғанда «Динамо» ойыншылары Пула мен Тату екі гол салып, есепті 4:3-ке жеткізген. Бұдан соң «Қайрат» ойыншылары қорғанысқа көп көңіл бөліп, 4:3 есебін сақтап қалды.

Осылайша, алматылық «Қайрат» футзал командасы өз тарихында тұңғыш рет УЕФА кубогын иеленді. Ал Ресейдің «Динамо» командасы осымен екінші жыл қатарынан финалда ұтылды.

«БҰЛ ЖЕҢІСТІ БЕС ЖЫЛ КҮТТІК»

Финалдық матчтан кейін баспасөз маслихаты өтті. «Қайрат» командасын жаттықтыратын бразилиялық бапкер Какау жиында:

- Біз әлемнің екі мықты командасына қарсы тұрдық. «Қайраттың» жеңісіне ешкім сенбеді. Бірақ біз биылғы кубокты ұтып алуға барымызды салдық. Командаға Бетао, Эулер сияқты бразилиялық ойыншыларды шақырдым. Лео Сантана және Игита да (екеуі де – бразилиялық легионер – ред) команданың негізгі күшіне айналды. Қазақстан футзалы жеңіске лайық. Бұл кубокты алу үшін футзал федерациясы ештеңені аяған жоқ, - деді.
"Қайрат" футзал командасының ойыншылары бапкерлері Какауға құрмет көрсетіп жатыр. Грузия, Тбилиси, 28 сәуір 2013 жыл. Сурет УЕФА-ның ресми сайтынан алынды.
"Қайрат" футзал командасының ойыншылары бапкерлері Какауға құрмет көрсетіп жатыр. Грузия, Тбилиси, 28 сәуір 2013 жыл. Сурет УЕФА-ның ресми сайтынан алынды.

Ал команда капитаны, «Қайрат» сапында ойнайтын екі қазақ ойыншысының бірі Дінмұхамед Сүлейменов баспасөз маслихатында «Біз бұл жеңісті бес жыл бойы армандадық. Жетістікті қайталай аламыз ба, қайталай алмаймыз ба - белгісіз. Бірақ арманға жеттік» деді.

«Қайрат» осыған дейін УЕФА кубогының жартылай финалына 4 рет шығып, 2 рет қола жүлде иеленген еді. Алматылық клубтың құрамында 10 қазақстандық, 11 бразилиялық ойыншы бар.

Финалда жеңілген «Динамо» клубының бас бапкері Фаустина Перес УЕФА сайтына берген сұхбатында «Қарсыластарымыз ойынның басында біздің тактикамызды бұзды. Ойында «Динамо» белсенді болғанымен, «Қайраттың» тактикасы өз нәтижесін берді. Бірінші таймда біздің ойынымыз жүрмеді. Екінші таймда қиын жағдайдан шыға алмай қалдық» деді.

«БАРСЕЛОНАНЫҢ» АТЫНАН-АҚ ҚОРҚЫП ЕДІМ»

Журналист Әсем Қабылбекова «Қайрат» командасының жеңісіне сенбегенін айтады.

- «Қайраттың» ойынын жиі қадағалап жүремін. Бірақ биылғы кубокты алады дегенге сенбегенмін. Жартылай финалда «Барселонаны» ұтқанда кездейсоқ жеңіс деп бағалап едім. Бірақ қателесіппін. Еуропаға үлкен футболмен емес шағын футболмен танылып жатырмыз. Енді Еуропа Қазақстанды футзалдағы үздік елдердің бірі деп біледі, - дейді спорт шолушысы Азаттыққа берген сұхбатында.

Ал спорт жанкүйері Еламан Қоңыров:

- Басында «Барселонаның» атынан-ақ қорыққанмын. Тіпті олардың формасының өзі қорқынышты ғой. «Қайраттың» жеңісіне ешкім сенбеді, букмерлік кеңселердің барлығы да «Қайраттың» жеңісіне төмен коэффицент берді. Енді осы жеңісті Қазақстан ұлттық құрамасы қайталаса деген тілегім бар, - деді
Футзалдан EURO-2007 чемпионаты ойындарынан көрініс. Португалия, 23 қараша 2007 жыл. (Көрнекі сурет)
Футзалдан EURO-2007 чемпионаты ойындарынан көрініс. Португалия, 23 қараша 2007 жыл. (Көрнекі сурет)

Футзалдан УЕФА кубогы 2001 жылдан бері ұйымдастырылады. Кубокты Испания (6 рет), Ресей (2 рет) және Италия, Португалия, Бельгия клубтары (бір-бір реттен) ұтқан еді. Енді бұл қатарға Қазақстан да қосылды.

Футзал - шағын залда ойналатын футбол. Футзал деп екі түрлі спорт түрін атайды.

Біріншісі - футзалдың УЕФА (Еуропа футбол қауымдастығы) өткізетін түрі де, екіншісі - AMF (Футзалдың дүниежүзілік ассоциациясы) өткізетін түрі.

Екеуінің айырмашылығы аса көп емес. Мәселен ойын өтетін залдың ені мен ұзындығында (3-4 метр шамасында) ерекшеліктер, ойын ережелерінде айырмашылықтар бар.
XS
SM
MD
LG