Accessibility links

Ринат және Жандарбек ақындардың айтысы


Айтыскер ақындар Жандарбек Бұлғақов (сол жақта) пен Ринат Заитовтың (оң жақта) сөз сайысы. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Айтыскер ақындар Жандарбек Бұлғақов (сол жақта) пен Ринат Заитовтың (оң жақта) сөз сайысы. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Азаттық радиосы тыңдарманға «…Тіл кеспек жоқ!» деген атпен өткен наурыз айтыстағы Ринат Зайытов пен Жандарбек Бұлғақовтың сөз сайысын ұсынады. Бұл жұптың айтысында Шығыс Қазақстандағы су тасқыны және «Нұр Отан» партиясының іс-әрекеттері өлең-сөзге арқау болды.

Ринат пен Жандарбек ақындардың айтысын мына жерден тыңдаңыздар.

Бұл жұптың айтысының алдында әнші Ардақ Исатаева қазақтың халық әні «Ақбақайды» шырқады.

Әр айтысында биліктегілердің іс-қарекетін сын қырына алған Ринат Зайытов көрерменнің ықыласынан да кенде болған жоқ. Жандарбек Бұлғақовпен айтысында Ринат Зайытов оны «Нұр Отан» партиясының «адвокаты» деп қалжыңды жырмен қағыта келіп, осы партияның кейбір іс-әрекеттерін өлеңге қосты:

«Әрбір жерде билігін жүргізетін «Нұр Отан»,
Студенттерді зорлықпен құрамына партияның кіргізетін «Нұр Отан».

Айтыскер ақындар Жандарбек Бұлғақов (сол жақта) пен Ринат Заитовтың (оң жақта) сөз сайысы. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
Жалбыратып жарнама ілгізетін «Нұр Отан»,
«Нұр Отан» деген бір ұран қазаққа орнап алған тек.
Елін тонаған Әлиев, қашып кеткен Храпунов соның құрамында болмап па ед.

Баяндап айтсам мән-жайды,
Көгершін жырым самғайды.

Айналайын, партияң армандай қашан жалғайды,
Тарбағатай деген ауданда бес ауылды су алып, көмек күтіп сарғайды.

Жаңағы сенің партияң сол жаққа неге бармайды?
Бес мөшек ұнды жіберіп, көмек бердік деп сарнайды.

Әне барам, міне барам деп, әйтеуір тағы алдайды,
Сол ауылда қиналған жұртшылықтың жартысы «Нұр Отанға» мүше емес пе?»
Айтыскер ақын Ринат Заитов. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Ринат Зайытов Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында дүниеге келген. 17 жасында қолына домбыра алып, айтысқа түскен Ринат республикалық айтыстарда бірнеше мәрте бас жүлдені жеңіп алған. Оның жұрт жадында жүрген елеулі айтыстарының бірі - Дінмұхаммед Қонаевтың 95 жылдығына арналған айтыстағы Балғынбек Имашевпен болған сөз сайысы.

Бұл жолы Ринат Зайытовтың «Нұр Отан» партиясын сынауын ел алдында бедел жинау деп уытты қалжыңмен қағытқан Жандарбек Бұлғақов «Датың болса президентке айт» деп қарсыласының алдын тосты:

«Ау, Ринат «Нұр Отанда» басың қалсын,
Оппозиция боп маған ашынғансың.
Өзің ше ел алдында ұпай жинап,
Бойыңа сын садағын асынғансың.

«Нұр Отанды» армансыз ғайбаттадың,
Байқаймын, ДВК-ға қосылғансың.
Ринат маған азу батырған-ай,
Суырдай тыныш отыр шақылдамай.

«Нұр Отанның» тізіп ап бар былығын,
Ел алдында басымды қатырған-ай.
Мына менің қолымда не бар дейсің,
«Нұр Отанға қосқанмен атымды оңай.

Бұл сахна ақынның мінбесі ғой,
Нұр-ағаңа жеткізер датыңды оңай.
Айтқыш болсаң патшаның өзіне айт,
Қаршадай балаға кеп, қақылдамай».

Айтақын Бұлғақовтың ұлы Жандарбек Бұлғақов 6-сыныпта оқып жүрген шағында айтысқа шығып, көпшіліктің көзіне түсе бастаған. 15 жасында тұңғыш рет респбуликалық айтысты жыр додасына түсті.

Жандарбек Бұлғақов әр қатысқан айтыстан жүлделі орындар иеленіп, жыры көрермен көңілінен шығып келеді. Соның бірі биылғы наурыз мейрамына күндері Алматыда өткен айтыстағы әкесі Айтақын Бұлғақовпен болған жыр сайысын мына жерден тыңдай аласыз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG