Accessibility links

Алматы дәрігерлері аштық акциясындағыларға тегін емес, ақылы ғана көмек көрсете алады екен


«Халыққа баспана қалдырайық» қоғамдық бірлестігінің мүшелері аштық акциясын өткізіп жатқанына 9 күн. Алматы, 26 наурыз, 2009 ж.

«Халыққа баспана қалдырайық» қоғамдық бірлестігінің мүшелері аштық акциясын өткізіп жатқанына 9 күн. Алматы, 26 наурыз, 2009 ж.

Ипотекалық борышкерлердің аштық акциясын өткізіп жатқанына наурыздың 26-да тоғыз күн болды. Ашығушылардың төртеуі денсаулығына байланысты жедел жәрдем шақыртқан, бірақ ауруханалар оларды қабылдаудан бас тартыпты. Ал дәрігерлер ипотекалық борышкерлердің айыптауларын жоққа шығарады.

Аштық акциясын көпшілікпен бірге бастаған ипотекалық борышкер Гүлмира Сәкенованың денсаулығы нәрсіз өткізген сегізінші күні сыр беріп, көршілері дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Жедел жәрдем науқасты Қалқамандағы №7 қалалық ауруханаға жеткізген. Науқастың өзі созылмалы демікпе кеселіне шалдыққанына 36 жыл болғандығын, үнемі гормоналдық дәрі-дәрмектерді пайдаланатындығын айтады. Алайда аталған мекеме дәрігерлері тиісті көмек көрсете алмады деп шағынды Гүлмира.

– №7 қалалық ауруханада дәрігерлер маған ем қолданбағаны былай тұрсын, бір түйір дәрі бермеген соң сол күні кешке үйге қайттым. Дәрігерлер өз денсаулығына саналы түрде зиян тигізушілер ақылы бөлімде емделетіндігін ескертті. Ал менің қазір дәрігерлік көмекке төлейтін ақшам жоқ. Менің ойымша, дәрігерлерге жоғары жақтан біреу «аштық жариялап жатқандарды емдемеңдер» дегендей тапсырма беріп отырған секілді. Аурухананың бас дәрігеріне тікелей кіріп сұрайын деп едім, бірақ қазір артық қозғалуға шамам жоқ болып тұр, - деді аштық акциясын үзуге мәжбүр болған Гүлмира Сәкенова Азаттық тілшісіне бейсенбі күні.

Қайыпжамал Иманғалиева ауруханадан шыққан соң аштық акциясын қайта жалғастырды. Алматы, 26 наурыз 2009 ж.
Ал бұған дейін ипотекалық борышкерлер Гүлбаршын Тұмабаева, Майгүл Шерубаева және Қайыпжамал Иманғалиева денсаулық жағдайына байланысты дәрігерлерге жүгініп, ешқайсысы да тиісті ем қабылдай алмағандықтарын айтады.

– Сәрсенбі күні басым қатты ауырып, өзімді әлсіз сезінген соң жедел жәрдемге жүгінуге мәжбүр болдым. Қалқамандағы қалалық аурухананың дәрігерлері қанның құрамындағы гемоглобиннің деңгейі күрт түсіп кеткендігін анықтаған соң маған мекемеде қазір орын жоқтығын, ақылы бөлімге ғана жатқыза алатындығын айтты. Сондай-ақ, дәрігерлер көмек көрсетпек түгілі, мекеме қызметкерлеріне қояр талабым жоқтығын растайтын қолхатқа қолымды қойғызып алды. Амал жоқ, ауруханадан шыққан соң аштық акциясын жалғастырушыларға қайта қосылдым, – дейді Қайыпжамал Иманғалиева.

Алайда №7 қалалық аурухананың дәрігерлері ипотекалық борышкер Қайыпжамал Иманғалиеваның бұл уәжімен келіспейді. Аталған емдеу мекемесінің кезекші терапевті, бейсенбіде ҚазТАГ агенттігіне берген түсініктемесінде, жедел жәрдем Қайыпжамал Иманғалиеваны ауруханаға сәрсенбі күні сағат 11-лер шамасында жеткізгендігін, дәрігерлер науқасты стационарда қалдырудың қажеттігі жоқ деп тапқандығын айтқан.

Аштық жариялаушылар пайдаланатын дәрі-дәрмектер. Алматы, 26 наурыз 2009 ж.
Қазақстан бойынша 10 мыңға жуық ипотекалық борышкердің басын біріктірген «Халыққа баспана қалдырайық» қоғамдық бірлестігінің 15 мүшесі Алматы қаласында аштық акциясын наурыздың 18-і күні бастады. Сонымен қатар, жарты айдан бері дәл осындай наразылық әрекетін Шымкент қаласындағы ипотекалық борышкерлер өткізіп жатыр.

Аштық акциясына қатысушылар үкіметтен стрестік активтер қорынан проблемалық несиені сатып алу үшін бөлінген қаржыны игеруге қатысты шараларды тездетіп қолға алуды талап етіп отыр.
XS
SM
MD
LG