Accessibility links

Қазақстан өзбек босқындарын Өзбекстанға бермек


Өзбек босқындарының әйелдері жұбайларын қамаудан босатуды сұрап Алматы қалалық прокуратурасына келді. 13 қыркүйек 2010 жыл.

Өзбек босқындарының әйелдері жұбайларын қамаудан босатуды сұрап Алматы қалалық прокуратурасына келді. 13 қыркүйек 2010 жыл.

Қазақстан өзбек босқыны Хуршид Камиловты Өзбекстанға жөнелткені мәлім болды. Прокуратура Алматыда қамауда жатқан өзбек азаматтарына Қазақстанда «босқын» мәртебесі берілмейтіндігін мәлімдеді. Енді оларды да Өзбекстанға экстрадицияламақ.


ҚАЗАҚСТАН БІР БОСҚЫНДЫ ӨЗБЕКСТАНҒА БЕРДІ

Бас прокуратураның шешімі бойынша Қазақстан жағы Қырғызстан азаматы Хуршид Камиловты Өзбекстанға экстрадициялағаны белгілі болып отыр. Прокурордың аға көмекшісі Тәшкенбай Әубәкіровтің айтуынша, Камилов өзбекстандық екі полиция қызметкерінің өліміне
Алматы прокурорының аға көмекшісі Тәшкенбай Әубәкіров. 13 қыркүйек 2010 жыл.
күдікті ретінде халықаралық іздеуде болған.

Сонымен қатар оған лаңкестік пен діни экстремистік, тағы басқа ауыр қылмыстар бойынша айып тағылған.

«Бұл туралы ресми мәліметтер бізде бар», – дейді Тәшкенбай Әубәкіров.

Хуршид Камилов биыл маусым айының 9-12 аралығында өткізілген «Мигрант» операциясы кезінде Алматы полициясы ұстап, содан бері абақтыда қамауда жатқан отыз адамның қатарына қосқан.


АБАҚТЫДАҒЫ БОСҚЫНДАР АШТЫҚ ЖАРИЯЛАДЫ

Алматы абақтыларында қамауда жатқан өзбек босқындарының әйелдері дүйсенбі, қыркүйектің 13-і күні Алматы қалалық прокуратурасына келді. Олар қамауда үш айдан артық отырған күйеулерін босатуды өтініп, прокуратураға шағымданды.

Маусым айынан бері олар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық және облыстық департаменті мен Қазақстан қылмыстық атқару жүйесі комитетінің тергеу абақтыларында шешім күтіп жатқан бұл босқындар өздерін уақытша қамауда ұстау мерзімі – үш ай –
Өзбек босқынының зайыбы Рано Жалалхонова. Алматы, 13 қыркүйек 2010 жыл.
аяқталған соң бостандыққа шығудан үміттенген болатын.

"Алайда құзырлы орган оларды әлі қамауда ұстап отыр. Осыған наразылық танытқан босқындар қыркүйектің 9-ынан бері аштық жариялап жатыр" деп хабарлады Азаттық радиосына босқындардың бірінің зайыбы Рано Жалалхонова.

– Қыркүйектің 9-ы күні күйеуіммен телефон арқылы тілдескенімде, ол абақтыдағылардың аштық жариялауды бастағандарын мәлімдеді. Сонымен қатар тәртіп сақшыларының мәжбүрлеп, бір қағазға қол қойдыртып алғанын айтты. Оның не қағаз екенін сұрағанымда, күйеуім «нақты не екенін білмедім, күшпен қойғызды» деді, одан әрі сөйлесе алмадық, – дейді Рано Жалалхонова.


«ӨЗБЕКСТАНДА БҰЛАРДЫ АУЫР ЖАЗА КҮТІП ТҰР»

Қазақстандық құзырлы орган мамандары Алматы абақтысында қамауда жатқан өзбек азаматтары өз елінде терроризм және кісі өлімі сияқты ауыр қылмыстарға қатысы бар деген айыппен мемлекетаралық іздеуде жүргенін айтады. Алайда босқындардың әйелдері бұны жала дейді.

– Бес уақыт намазымызды өтеп жүрген қарапайым ғана мұсылманбыз, ешқандай экстремистік ұйымдармен байланысымыз жоқ, – дейді
Алматы прокуратурасына келген босқын әйелдер үш айдан астам абақтыда отырған жұбайларын босатуды сұрап, прокурорға арыз жазып жатыр. Алматы, 13 қыркүйек 2010 жыл.
өз аты-жөнін айтқысы келмеген босқын әйел.

Мутавар Сүлейменова есімді әйел егер Қазақстан билігі оның күйеуін Өзбекстанға экстрадициялайтын болса, ол жақта күйеуін не өлім жазасы немесе 30 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұрғанын айтады. Сондықтан ол «егер Қазақстан босқын ретінде қабылдағысы келмесе басқа елден барып көмек сұраймыз» дейді.

Қамауда отырған жұбайларын босатуды сұрап Алматы прокуратурасы алдына келген босқындардың әйелдеріне қала прокурорының аға көмекшісі Тәшкенбай Әубәкіров шығып мән-жайды түсіндірді.

Оның айтуынша, ұсталған азаматтарға Өзбекстанда аса ауыр қылмыс жасады деген айыппен халықаралық іздеу жарияланған. Сол себепті, 1993 жылы қабылданған Женева конвенциясына сәйкес Қазақстан оларды тұтқындауға көмектесуге міндетті деді прокуратура өкілі.

– Тамыздың 31-і күні БҰҰ босқындар ісімен айналысатын жоғарғы комиссариат басқармасы оларға бұған дейін берілген «босқын» мәртебесінің күшін жою туралы шешім қабылдады. Осы шешімнің негізінде Алматы қалалық миграция жөніндегі департамент бұл отыз адамға Қазақстанда босқын мәртебесін беруден бас тартты. Аталған шешімдерден кейін Қазақстан Республикасы бас прокуратурасы шетелдік азаматтарды Өзбекстан Республикасына қайтару жөнінде шешім шығарды, – деді Алматы қалалық прокурорының аға көмекшісі Тәшкенбай Әубәкіров.

Оның бұл жауабына қанағаттанбаған әйелдер енді Алматыдағы БҰҰ босқындар ісімен айналысатын жоғарғы комиссариат басқармасына баратындарын айтты.

Қазақстан адам құқығын қорғау жөніндегі бюросының қызметкері Денис Дживага Азаттық радиосына, қамауда отырғандардың адвокаттары олармен жолығу үшін қажетті рұқсатты бас прокуратурадан ала алмай жүргенін хабарлады. Соның кесірінен босқындар өздеріне қатысты Алматы қалалық көші-қон департаменті қабылдаған шешімге қарсы шағымдану құқығынан айрылып отыр.

Бұған дейін адам құқығын қорғаушылар Өзбекстан заң орындары елдегі өзгеше ойлайтын мұсылмандарға қарсы қолдан қиыстырған айыптар тағып, қуғын-сүргінге салатыны, ал оларды қолға түсірген соң азаптайтыны туралы бірнеше рет мәлімдеме жасаған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG