Accessibility links

Орталық Азияның аграрлық саласы: меншік құқығы әртүрлі, ал нәтижесі мардымсыз


Өзбекстандағы мақта терімі.

Өзбекстандағы мақта терімі.

Орталық Азия үкіметтері ауыл шаруашылығына бақылау жасамайды, ал миллиондаған тонна астық жиналғаны туралы деректердің жартысы – қосып жазылған жалған ақпар. Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстеліне қатысушылардың ортақ пікірі осындай.




Қазақстанда ең табысты деген жылдары жалпы ішкі өнімнің 10-12 пайызы агроөнеркәсіптің үлесіне тисе, қазір бұл көрсеткіш 4-6 пайызға дейін түсіп кетті. Соның салдарынан, 1991 жылға дейін ауыл шаруашылғы өнімдерімен өзін-өзі толықтай қамтамасыз етіп келген Қазақстан экспорттаушы елден ірі импорттаушы елге айналды.

Оппозициялық саясаткер Петр Своиктің айтуынша, тәуелсіздікке дейін Қазақстан жыл сайын Советтер одағының ішкі нарығына 300 мың тонна ет мен 150 мың тонна сүт өнімдерін шығаратын.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, Қазақстан бүгінде сүт өнімдерінің 40 пайызына дейін, ет өнімдерінің 30 пайызға жуығын және жеміс-көкөніс өнімдерінің 40 пайыздан астамын Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қытайдан тасиды екен. Бірқатар сарапшылардың деректері бойынша, ет-сүт өнімдері импортының үлесі 60, тіпті кей кездері 80 пайызға дейін жететін көрінеді. Қазір Қазақстан тек астық пен ұнды ғана экспорттап отыр.

Бұрын Орталық Азиядағы барлық бес мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің елеулі бөлігі агроөнеркәсіп саласы өнімдерінен құралатын. Мысалы, тәуелсіздік қарсаңында Қазақстанның ІЖӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі 25-27 пайыз болатын.

Қазақстан басшылығы тәуелсіздік жылдары жүргізген реформалардың алдын ала қорытындысы шамамен алғанда осындай. Орталық Азиядағы өзге де мемлекеттер – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркменстанның ауыл шаруашылығы саласының жағдайы, олардың бұл салада жүргізген реформаларының нәтижелері қандай?

Азаттық радиосы өзінің кезекті дөңгелек үстелінде «Орталық Азияның әр мемлекетіндегі ауыл шаруашылығы саласының бүгінгі жағдайы және оның болашағы» тақырыбын талқылауды ұсынды.

Пікірталасқа Балташ Тұрсымбаев – Қазақстанның бұрынғы вице-премьері, бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі (Алматы); Жұмақадыр Акинеев – экономика ғылымының докторы, Қырғызстанның бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі (Бішкек); Ваххоб Вохидов – экономика ғылымының докторы, бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі (Душанбе); Марат Захидов – Өзбекстанның аграршылары мен кәсіпкерлерінің тіркелмеген партиясының жетекшісі (Ташкент) қатысты.

Дөңгелек үстелді Азаттық радиосының қызметкері Сұлтанхан Аққұлұлы жүргізді.

ТАБЫСТЫҢ ЖАРТЫСЫ – ЖАЛҒАН ДЕРЕК ПЕ?

Жүргізуші:

– Орталық Азия мемлекеттерінің ауыл шаруашылығы саласында қандай реформалар жүргізілді және оның қорытындысы қалай болды? Мысалы, Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерінің бір бөлігі жеке меншікке берілген. Аймақтың өзге мемлекеттерінде мұндай тәжірибелер бар ма? Бұл елдерде жеке меншіктегі және мемлекет иелігіндегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үлесі қандай?

Марат Захидов:

– Ең әуелі айтайын дегенім, ауыл шаруашылығындағы өзгерістер1990 жылдары-ақ басталып, эксперименттік топқа фермерлік шаруашылық жүргізу үшін жер бөлініп берілген. Егер қателеспесем, арада екі жыл өткен соң, 1992 жылдың сәуір айында бұрынғы ССРО аумағында бірінші рет фермерлік шаруашылықтар туралы жарлық шықты. Басшылықта да, фермерлердің өздерінде де фермерлік шаруашылықтарды құру жайында тәжірибе болмаса да бұл жарлықты олар үлкен ынта-жігермен қарсы алды.

Қазіргі уақыттағы жағдай бойынша, бізде, Өзбекстанда фермерлік шаруашылықтар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде шешуші рөл атқарады. Өзбекстан Совет Одағының кезінде мақта өсіретін негізгі республика болатын. Бірақ, есесіне астық салмайтын. Одақ тараған соң астыққа деген тәуелділік қатты сезіле бастады. Осыдан соң Өзбекстан өзінің астық шаруашылығын құруға кірісті.

Бұл бағытта көптеген жұмыстар жасалды. Алайда оның бірқатар олқы тұстары да бар. Бірінші кезекте биліктің жергілікті жерлердегі атқарушы органдары тарапынан заңдылықты сақтамау, бастаманың беделін түсіру сияқты жайттар болды. Ауыл шаруашылығының қалыпты дамуына кедергі келтіретін негізгі себептер осы.

Әлгінде айтқанымдай, реформалар белгілі бір нәтиже берді. Қалай болғанда да, ішкі нарығымыз жемістермен, ал енді қазір астықпен де қамтамасыз етілген. Ауыл шаруашылығын реформалау кезеңінде қол жеткізілген нәтижелер фермерлердің көңілінен шығады.

Менің тағы бір айтайын дегенім, Өзбекстанда жер жеке меншікке берілмейді. Тек 49 жылға жалға беріледі. Ал батыстағы сияқты жеке меншікке жер беру деген бізде жоқ.

Ваххоб Вохидов:

– Шынында да, Одақ тараған соң Орталық Азия мемлекеттерінде, оның ішінде Тәжікстанда биліктегілер ешқандай тәжірибелері болмаса да агроөнеркәсіптік кешенді реформалауды бастады.

1991 жылы Тәжікстанның ауыл шаруашылығы саласы қандай жағдайда еді? 96 колхоз, 332 совхоз және 100 қаралы мемлекеттік шаруашылықтар бар еді. Шаруашылық басшылары 700–750 адам болатын. Осы колхоз-совхоздардың барлығы, тіпті аса ірілері де Бүкіләлемдік банктің, Дүниежүзілік валюта қорының мәжбүрлеуімен таратылды.

Қазір республикада 37960 «таза» шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін 41 мың ұсақ дербес тәуелсіз шаруашылықтар бар. 1991 жылы ауыл шаруашылығы жалпы ішкі өнімнің 36,5 пайызын, ал 1980 жылы 40 пайызын құрады.

2009 жылдың қорытындысы бойынша, жалпы ішкі өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі небары 18,9 пайыз ғана. Осы кезеңде жүргізілген реформа нәтижесінде меншік түрі өзгеріп, ең алдымен астық дақылдарын өндіру көрсеткіші артты. Бірақ астық бәрібір жетпейді. Сондықтан, біз шамамен 500 мың тоннадай астық пен ұнды Қазақстаннан алуға мәжбүрміз.

Сондаықтан да, өкінішке қарай, біз қазір дәнді дақылдармен өзімізді өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз деп айта алмаймыз. Ет, сүт, жұмыртқа өндіру де қажетті деңгейге жете алмай келеді. Тәжікстан бұл тұрғыда едәуір артта қалып отыр.

Мәселе мынада, постсоветтік кезеңде біздің еліміз өзге республикалардан, оның ішінде Қазақстан мен Қырғызстаннан 30 мың тоннаға дейін ет алып келген. Бүгінде ет өнімдерін тұтыну жан басына шаққанда шамамен тоғыз келідей. Бұл – өте аз көрсеткіш. Бұл мәселелердің барлығы өте баяу шешіледі. 18 жылдың бедерінде біз жүргізіп келе жатқан реформалар бәрібір қажетті нәтижеге қол жеткізбей отыр.

Жұмақадыр Акинеев:

– Қырғызстан жерге жеке меншік түріне бірінші болып өтті. 1998 жылдан бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер шаруалар мен фермерлердің иелігінде. Бізде қазір бір де бір мемлекеттік кәсіпорын жоқ. Ауыл шаруашылығын қайта мамандандыру жұмысы жүргізілді. Ресми деректер бойынша, ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі әдетте 35 пайыздың шамасында. Бірақ біздің пікірімізше, ел жалпы ішкі өнімнің тең жартысы дәл сол ауыл шаруашылығының еншісіне тиесілі.

Қырғызстан халқының 65 пайызы агроөнеркәсіп секторында жұмыс істейді. Осының өзі ет, сүт, жеміс, көкөніс өнімдерімен өзімізді өзіміз толықтай қамтамасыз етуімізге мүмкіндік береді. Дәнді дақылдардан да біз шамамен бір миллион тоннадай өндіреміз. Бұл өзімізге жетеді. Біздің астығымыз суармалы жерде өсетіндіктен оның клейковинасы төмен. Бірақ біз оны Иран мен өзге де елдерге жем ретінде экспорттаймыз. Ал 250-300 мың тоннадай астықты Қазақстаннан импорттаймыз.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласы қаржыландыру, несиеге жанар-жағармай беру, сервистік қызмет көрсету және өзге де мәселелерде мемлекеттің араласуынсыз жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы жеке меншік фирмалардың мойнында. Бірақ жанар-жағар май жоқ болып қалған кездер болған емес. Әрине, тұқым себу және күзгі егін орағы уақытында жанар-жағар майдың бағасы қымбаттап шыға келеді. Мысалы, бізде дизель отыны бензиннен қымбат тұрады. Осының барлығы ауыл шаруашылығының дамуына әсер етеді.

Ірі шаруашылықтардың – колхоздар мен совхоздардың – жоғалуы салдарынан ауыл шаруашылығы жерлерінің едәуір тозғаны байқалады. Мемлекет құрыла бастағанда болған 1,1 миллион гектар суармалы жердің 300 мың гектарға жуығы ғана ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылғанымен, суармалы жер сияқты жақсы өнім бермейді.

Шаруалардың өз арасында сүт, ет өнімдерін өндірушілердің және т.б. көптеген қауымдастықтар бар. Шаруа қожалықтарын кооперациялау жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр. Егер қандай да бір ауыл шаруашылығы өніміне сұраныс болып жатса, шаруалар жылдам біріге қояды. Бүгінде қырғыз шаруалары мен фермерлері толықтай өз күштерімен жұмыс істеп жүр.

Тағы бір айтайын дегенім, бір миллионға жуық біздің еңбек мигранттарымыздың 95 пайызы ауылды жерлерден шыққандар. Олар өз ауылдарында ешкімге де қажетсіз, өйткені жұмыс жоқ. Олар жұмысты басқа жақтан іздейді.

Өздеріңіз байқап отырғандарыңыздай, шешілмеген өте үлкен мәселелер жетерлік. Өнім өткізу – ол да көкейкесті проблеманың бірі. Өкінішке қарай, біз фермерлерімізден өнімді тиімді бағамен сатып алып, одан ары экспорттау жүйесін әзірге жасай алмай отырмыз. Мәселен, кейбір түрік фирмалары Талас облысының фермерлеріне тапсырыс беріп, олардан 60 мың тоннадай түйебұршақты (фасоль) сұрыбына байланысты 60–80 центтен сатып алады. Содан соң түріктер бұл өнімдерді қайтадан орап, экологиялық жағынан таза өнім ретінде бес еуродан және одан да қымбат бағамен сатады.

Қалай болғанда да Қырғызстанның аграрлық секторын өз азаматтарын қажетті өнімдермен қамтамасыз етіп ғана қоймай, сонымен бірге бюджетке белгілі бір мөлшерде кіріс әкелетін экономиканың қуатты саласына айналдыруға болысатын мемлекеттік бағдарлама қажет. Ендігі үміт болашақ парламентте. Депутаттар осындай бағдарламаны аграрлық секторға ұсынуы мүмкін.

Балташ Тұрсымбаев:

– Бүгінде аграрлық сектордың жағдайы өте ауыр. Әрине, бұны Қазақстан ауыл шаруашылығының Одақ кезіндегі жағдайымен салыстырар болсақ, деректердің барлығы біздің өндіріс бойынша да, жалпы ішкі өнім бойынша да артта қалып қойғанымызды көрсетеді.
Балташ Тұрсымбаев – Қазақстанның бұрынғы вице-премьері, бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі.
Оған негізгі себептердің бірі – бұл салада сыбайлас жемқорлық өте асқынып кеткен. Біріншіден, жыл сайын қағаз жүзінде енгізіліп жататын толып жатқан қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді бағдарламалар дәл сол жемқорлыққа байланысты орындалмай қалады.

Екіншіден, ауыл шаруашылығында өте күрделі және ауыр инвестициялық ахуал қалыптасқан. Инвесторлар ауыл шаруашылғы саласына аттап басқысы келмейді. Бізге Қытайдың, Американың және өзге бір елдер инвесторларының қажеті жоқ. Өйткені, өзіміздің қаржы мүмкіндіктеріміз жеткілікті.

Егер бүгінде оларды қажетті бағытқа – фермалар мен шаруа қожалықтарының өнімділігін арттыруға жұмсасақ, біз өзімізді өзіміз өніммен қамтамасыз ете алар едік. ССРО кезінде де, тәуелсіздік жылдары да өзімізді шай мен цитрус өнімдерінен басқа ет, сүт, жеміс-көкөніспен толық қамтамасыз етіп, тіпті сақтық қорын жасақтауға мүмкіндігіміз болған еді.

Ал енді астыққа келсек, біз аса ірі астық державасымыз деп айғайлаудың қажеті жоқ. Қазақстан астық экспорты бойынша әлемде үшінші-төртінші орында тұр. Бірақ Қазақстанның бір миллион, ары кеткенде бір жарым миллион тонна ғана сапалы астық экспорттауына мүмкіншілігі бар, сол да жетеді. Қалғанын өзімізде қалдырып, сақтық қорына жинақтап, ауыл шаруашылығын ең алдымен өз республикамыздың халқын нанмен қамтамасыз ете алатындай мақсатты түрде жүргізу қажет. Сонда ауыл шаруашылығы қалыпты түрде дамитын болады.

Уақыт өте келе ақылды адамдар, талантты өндірісшілер пайда болады деп ойлаймын. Макроэкономикалық үдерістерді барлық салаға бірдей қолданады, бірақ бұлай жасауға болмайды. Ішкі инвесторлар іздеуіміз керек, ал оларға үлгі ретінде ауыл шаруашылығының артықшылықтарын көрсету қажет.

Мен бұған дейін мемлекеттің көмегімен өндірістік-тәжірибелік шаруа қожалықтарын құру жөнінде ұсыныс жасағанмын және тағы да соны айтамын. Ал мемлекет осындай шаруашылықтар арқылы алдыңғы қатарлы технологиялар ендіріп, ішкі инвесторларды үдеріске тарта алар еді.

Мен тағы да қайталап айтамын: ауыл шаруашылығын дамыту үшін, оған инвестициялар жасап, жаңа технологиялар ендіру үшін бізде қаржы ресурстары жеткілікті. Міне осы тұрғыда жұмыс істеу керек.

Қазіргі авторитарлық режимде әр әкім үкіметтің алдында есеп береді, ал ол әкімге төмен тұрған әкімдер есеп береді. Және барлық жерде де өтірікті шыңдай, ақсақты тыңдай ғып айтады. Қарап отырсаңыз, өндірілген астықтың тең жартысы – қосып жазылған өтірік ақпарат. Бірақ оның кімге қажеті бар? Ешкімге, бұл жағымсыз нәрсе! Бұндайды бүкіл халық болып айыптау қажет.

Жалпы, аграрлық кешеннің жағдайы өте ауыр. Және бірінші кезекте бұған үкімет кінәлі. Дәл сол үкімет өзінің түрлі бағдарламаларын жасай отырып ауыл шаруашылығын бақыламайды, көмектеспейді. Талап ету деген жоқ. Тек толып жатқан ашық та жасырын сыбайластық өршіп, асқынып барады.

ЖЕЛГЕ ҰШҚАН МИЛЛИАРДТАР

Жүргізуші:

– Батыстың дамыған елдері – АҚШ пен Еуропа одағы елдері өз ауыл шаруашылығы өндірушілеріне мықты қолдау жасайды. Мүмкін, барынша интенсивті дамуы үшін Орталық Азия елдері де өздерінің агроөнеркәсіп кешеніне субсидия жасауы қажет шығар? Аймақтың бес елінің әрқайсысында мемлекет ауыл шаруашылығына қандай деңгейде субсидия береді?

Марат Захидов:

– Жалпы, ауыл шаруашылығы шығынмен жұмыс істейді ғой. Оны, кейбір театрлар секілді, дотацияға отырғызу қажет. Бірақ біздегі кейбір банктер ауыл шаруашылығына несие бөледі. Қаржылай қамтамасыз етудің мүмкін болар бір түрі осы.

Мұндай жағдайда мемлекет ауыл шаруашылығындағы мәселелерді шешуде белсенді жұмыс атқармайды деп есептеймін. Фермерлер өз қотырларын өздері қасиды. Мысалы, шаруашылықтарына қажетті машина-трактор стансасын қайдан алу керектігін де өздері шешеді. Әрине, қазір советтік кезеңдегідей МТС-тер жоқ екені сөзсіз.

Ваххоб Вохидов:

– Менің қолымда статистика жөніндегі мемлекеттік агенттік пен біздің президентіміздің үндеуінің деректері бар. Биылғы жылы ауыл шаруашылығын дамыту үшін шамамен 40 миллион доллар, содан соң қосымша 60 миллион доллар бөлініпті. Бәрібір бұл соншалықты көп емес.

Мысалы, біз қазір Қазақстанда астық түсімі қалай боларын білмейміз. Қазақстан мен Өзбекстан дамыған мемлекеттер. Оларды Қырғызстанмен немесе Тәжікстанмен салыстыруға болмайды. Өйткені, біздің бюджетіміз бар болғаны бір жарым миллиард доллар.

Оның үстіне Орталық Азия мемлекеттерінде халық санының өсіп келе жатқандығын ескеру де қажет. Тәжікстанда да демографиялық өсім көбейіп келеді. Үш жылдан соң біздің республикамыздағы халық саны сегіз миллионға жетпек. Артық әңгімелер болмас үшін біз – Орталық Азия мемлекеттері тату-тәтті көрші ретінде бір-бірімізге көмектесуіміз қажет.

Қазіргі уақытта біздің вагондарымыз Өзбекстанда қаңтарылып тұр. Бұл проблема емес пе? Тәуелсіздік дегеніңіз бір мәселе, бірақ еуропалық елдер сияқты даму үшін бір-бірімізге көмектесуіміз қажет.

Сондықтан да Азаттық радиосы ұйымдастырып отырған бұл дөңгелек үстел достық байланыстарды нығайтуға ықпал етіп, тұтастай алғанда Орталық Азиядағы агроөнеркәсіптік кешеннің қалпына келуіне көмектеседі деп есептеймін. Үкімет кінәлі деп әріптестерім дұрыс айтады. Біздің президенттеріміз көмек көрсетулері қажет. Өйткені олардың көмегінсіз ауыл шаруашылығын дағдарыстан шығару өте қиын.

Балташ Тұрсымбаев:

– Субсидия беру, мемлекет тарапынан көмек – бұның барлығы Қазақстанда бар нәрсе. Бұған шамамен бір миллиард доллардай қаржы бөлінеді. Мәселе мынада, әлгінде айтып кеткенімдей, ауыл шаруашылығының дамуын тежейтін себептер бар. Бұл – сыбайлас жемқорлық пен үкімет тарапынан бақылаудың болмауы.

Бөлінген миллиард жүз миллиондап оңды-солды шашылып, ауыл шаруашылығының дамуына тиімді ықпал етпейді. Міне осы жайында айту керек.

Ал нанға келсек, иә, биыл құрғақшылық болып тұр. Бірақ өндірілген астық Қазақстанға толығымен жетеді. Ал Орталық Азияға аз ғана бөлігі сатылады. Бұл жалпы қордың бір-екі ғана пайызы болуы мүмкін.

Жұмақадыр Акинеев:

– Мемлекет бізде ауыл шаруашылығын қаржыландыруға мүлдем қатыспайтын болды. Әр жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің белгілі бір бөлігін сатып алып, резерв жасауға әрекет жасалады. Бірақ бюджетте ақша болмағандықтан бұның барлығы іске аспайды.

Біздің инвесторларымыз – өзге елдерден келген жеке кәсіпкерлер. Қырғызстанның ауыл шаруашылығына Қазақстанның кәсіпкерлері жақсы инвестиция салады. Шамамен жылына 150-200 миллион доллар. Осының есебінен біздің өнімдерімізді Алматы қаласы мен облысы, Жамбыл облыстарындағы тұтынушылар алады. Расы керек, Қырғызстандағы соңғы оқиғаларға байланысты 42 күн бойы экспорт үдерісі қимылсыз тоқтап қалды.

Мен мемлекеттің толыққанды бағдарламасы болуы керек деп санаймын. Ол да пайдадан өз үлесін алуы қажет. Бірақ әзірге пайданы тек жеке меншік инвесторлар алып отыр.

Жүргізуші:

– Ваххоб мырзаның қаперіне сала кетейін, жақында Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен болған кеңесте биылғы жылы Қазақстан 14-15 миллион тонна астық жинауы қажет деген ақпарат айтылды.

Құрметті мырзалар, Азаттық радиосы осымен кезекті дөңгелек үстелін аяқтайды. Қатысқандарыңыз үшін баршаңызға рақмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG