Accessibility links

Ысқақов пен оның орынбасарларына үкім шығару судьяның денсаулығына байланысты кейінге қалды


Бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов. Астана, 2 шілде, 2009 жыл.
Бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов. Астана, 2 шілде, 2009 жыл.

Астанада Экология және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бұрынғы басшыларына сот үкімін шығару жұма, 16 қазанға қалдырылды. Бейсенбі күні айыптау қорытындысын оқу барысында судья Ерлан Тасыровтың қан қысымы көтеріліп, денсаулығы қайта-қайта төмендей берді.

Экс-министр Нұрлан Ысқақов пен оның бұрынғы орынбасарлары Әлжан Брәлиев және Зейнолла Сәрсенбаевқа қатысты сот үкімін шығару үшін айыптау қорытындысын оқудың өзі бір күн бойына жалғасты. Бейсенбі күні түстен кейін аяқастынан үзіліс жарияланып, ол біразға созылып кетті.

- Судьяның қан қысымы көтеріліп кетті. Дәрігерлер оған аздап демалуға кеңес берді. Қазір 20 минөттен кейін қайта бастаймыз, - деді хатшы қыз.

Кешкі 18.40 шамасында айыптау қорытындысын оқу қайта жалғасты. Алайда сағат 20.00 шамасында судьяның денсаулығы қайтадан нашарлады. Осыдан кейін бес минөт үзіліс жариялаған судья, сот залына қайтадан келіп, үкім шығаруды келесі күнге қалдырды.

Сот залында судьяның қан қысымы 190-ға дейін көтеріліп кеткені айтылып жатты.

Судья Ерлан Тасыров экологтар ісі бойынша айыптау қорытындысын оқып тұр. Астана, 15 қазан, 2009 жыл.


Естеріңізге сала кетейік, үш айға созылған сот отырысы барысында 150-ден астам куәгерлер сотта куәлік етті. Алайда, олардың бірде бірі айыпталушыларға қарсы куәлік бермеді.

Экология министрі болған Нұрлан Ысқақов 30-наурыз күні өзінің кабинетінде тұтқындалған болатын. Оған және орынбасарлары Зейнолла Сәрсенбаев пен Әлжан Брәлиевке және «Меркурий плюс» компаниясының өкілі Әділбек Жайылғановқа ұйымдасқан қылмысқа барып, 1 млрд. 172 млн.теңге (шамамен 7,8 миллион доллар) көлемінде мемлекет қаржысын талан-таражға салды деген айып тағылуда.

Атап айтқанда, Балқаш көлінің жағасындағы бұрынғы радиолокациялық станция орнында қалған улы заттары бар контейнерлерді жойып, залалсыздандыруға бөлінген қаржы басқа мақсатқа жұмсалып кеткен делінеді. Ал утилизация шарасын атқаруға бұрынғы қарағандылық кәсіпкер Борис Меклер жетекшілік ететін неміс фирмасы тартылған.

28 қыркүйек.
Экология және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бұрынғы басшыларына қатысты үш айға созылған сот отырысы аяқталды. Айыпталушылар – экс-министр Нұрлан Ысқақов, оның бұрынғы вице министрлері Әлжан Брәлиев және Зейнолла Сәрсенбаев және «Меркурий плюс» компаниясының өкілі тағылған айыптармен келіспеді. Олар судья Ерлан Тасыровтан өздерін ақтап шығаруын сұрады.

Нұрлан Ысқақов ақтық сөзінде қылмыстық істің қозғалуына кімдердің түрткі болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, қылмыстық істің артында бұрынғы жауапты хатшысының іс-әрекеттері тұр. Ол өзінің орнын көксегенін, бұл жайында «Меркурий плюс» фирмасының директоры болған Виктор Лайстың арызында жазылғанын, онда Рүстем Хамзиннің министр болғысы келетіні баяндалғанын сөз етті.

24 қыркүйек. Айыпталушы «Меркурий плюс» фирмасының өкілі Әділбек Жайылғанов қаржы полициясына домалақ арызды қалай жазғанын айтып берді. Бірақ тергеу ісі аяқталған соң, өзі жазған арыздың жоғалып, артынша, өзінің тұтқынға алынғанын айтады. Ол «Шын мәнінде айыпталып отырған экология шенеуніктерінің еш айыбы жоқ. Барлық кінә әйеліммен құрған «Меркурий плюс» фирмасын рейдерлік жолмен тартып алған Виктор Лайс пен Борис Меклер және оның азаматтық некедегі әйелі, қаржы департаментінің бұрынғы директоры Татьяна Савицкаялардың алаяқтық әрекеттерінде», - деп мәлімдеді.

«Меркурий Плюс» компаниясының өкілі Әділбек Жайылғанов.



21 қыркүйек. «Меркурий плюс» фирмасының өкілі Әділбек Жайылғанов сот алдында қылмыстық істің қозғалуына түрткі болған, бүркеншік арыздың ауторы өзі екендігін жайып салды. Алайда, судья Ерлан Тасыров Жайылғановтың мәлімдемесін іс материалына қоспады.

11 қыркүйек. Мемлекеттік айыптаушы соттан экс-экология министрі Нұрлан Ысқақовты 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Экология министрінің бұрынғы орынбасары Зейнолла Сәрсенбаевқа 6 жыл, экс-вице-министр Әлжан Брәлиевке 3 жыл шартты түрде жазаға кесуін сұрады. Ал «Меркурий плюстің» өкілі Әділбек Жайылғановқа 9 жыл түрме жазасын беруді сұрады.

6 тамыз. Айыпталушылардың адвокаттары судья Ерлан Тасыровқа сенімсіздік білдірді. Олар сот ісі жүріп жатқан бір жарым айдың ішінде судьяның айыпталушылар тарапынан берілген бірде-бір өтінішін қанағаттандырмағанымен байланыстырады.


Экология министрі болған Нұрлан Ысқақов 30 наурыз күні өзінің кабинетінде тұтқындалды. Оған және орынбасарлары Зейнолла Сәрсенбаев пен Әлжан Брәлиевке және «Меркурий плюс» компаниясының өкілі Әділбек Жайылғановқа ұйымдасқан қылмысқа барып, 1 млрд. 172 млн.теңге (шамамен 7,8 миллион доллар) көлемінде мемлекет қаржысын талан таражға салды деген айып тағылды.

Атап айтқанда, Балқаш көлінің жағасындағы бұрынғы радиолокациялық станция орнында қалған улы заттары бар контейнерлерді жойып, залалсыздандыруға бөлінген қаржы басқа мақсатқа жұмсалып кеткен делінеді. Ал утилизация шарасын атқаруға бұрынғы қарағандылық кәсіпкер Борис Меклер жетекшілік ететін неміс фирмасы тартылған.

XS
SM
MD
LG