Accessibility links

Үш қазақтың басы қосылса ұсталатын кез еді


Журналист Өтепберген Әлімгерейұлы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы. Атырау, 16 желтоқсан 2009 жыл.

Журналист Өтепберген Әлімгерейұлы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы. Атырау, 16 желтоқсан 2009 жыл.

Атыраулық журналист Өтепберген Әлімгерейұлы 1986 жылы Алматыдағы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болатын. Желтоқсан оқиғасының куәсі болған кеңестік дәуірдің идеологы көзімен көргені жайында естелігін Азаттық тілшісіне баяндап берді.

КОМПАРТИЯ ЭЛИТАСЫНЫҢ ОҚУ ОРНЫ

Атырау тумасы Өтепберген Әлімгерейұлы 1986 жылы Дінмұхаммед Қонаев қызметінен босатылып, Қазақстан басшылығына Геннадий Колбин келген кезде Алматыдағы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы еді. Ол уақытта бұл мектеп партия және совет кадрларын даярлайтын елдегі ең беделді оқу орны болатын.

Өтепберген Әлімгерейұлы Мәскеудің шешіміне наразылық танытып көшеге шыққан қазақ жастарының сөзін сабақта отырған кезде естігенін айтады.

– Сол күні саяси экономиядан алты сағаттық семинар болатын еді. Бірақ оның жартысы өтісімен конференция залына партия мектебінің ректоры Мырзабай Батырбеков бәрімізді жинап алды. Залдың терезесінен өтіп бара жатқан жастар легі көрінді. Олар партия мектебі
Ағалар-ау, сендер емес пе қазақ зиялысының элитасы, неге шықпай тұрсыңдар?» деп айқайлағанын естідік.
ғимаратына қарап: «ағалар-ау, сендер емес пе қазақ зиялысының элитасы, неге шықпай тұрсыңдар?» деп айқайлағанын естідік.

Алматының орталық алаңына жиналған қазақ жастарын басу үшін партия мектебінен барғандардың арасында Өтепберген Әлімгерейұлы де болған.

– Компартия идеологтары ретінде бізге берілген тапсырма жастарға басу айту еді. Мектеп басшыларынан бізге: «саяси көзқарастары тұрақсыздарың, өздеріңді ұстай алмайтындарың бармаңдар!» деген ескерту айтылғанымен барлығымыз көшеге шықтық, – деп еске алады Өтепберген Әлімгерейұлы.

ҚАРУСЫЗ ЖАСТАРДЫ ҰРЫП-СОҒУ

Өтепберген Әлімгерейұлы осыдан 23 жыл бұрынғы желтоқсанның сол бір ызғарлы күндерінде Алматының орталық алаңына шыққан жастарға қарсы милиция, әскермен бірге әртүрлі мекеме, кәсіпорындардан да арнайы топтар шығарылып, жастарға қарсы күш қолданылғанын айтады.

– Кейбіреулері қолдарына газетке оралған темір арматуралар, басында шегесі көрінген қадау ағаштар ұстап шығыпты, кәдімгідей шайқасқа
Милиция, әскермен бірге әртүрлі мекеме, кәсіпорындардан да арнайы топтар шығарылып, жастарға қарсы күш қолданылған.
дайындалған тәрізді. Біз олардың кейбірін тоқтатып, «мұны не үшін ұстап жүрсіңдер?» деп сұрағанымызда, «көрдіңдер ме, мыналар хайуандар ғой, өзімізді қорғауымыз керек» дегенді айтты, – дейді Ө.Әлімгерейұлы.

Оның айтуынша, сол күндері алаңдағы жастар мен биліктің шығарған күші арасындағы қақтығыстан көшеде өз бетімен кетіп бара жатқан кездейсоқ адамдар да зардап шеккен.

– Сол бір оқиға әлі күнге есімнен шықпайды. Талдырмаш денелі, әдеміше келген аққұба қазақ қызы үстіндегі тонын қаусырынып өз бетімен кетіп бара жатыр еді, артынан келген еңгезердей еркек оның басынан арматурамен бір ұрды. Қыз ышқынып барып құлады. Басы ортасынан жарылып, миы аппақ болып шашылып түсті. Қыздың денесі бір көтеріліп, бір басылып жаны шыға алмай қиналып жатты. Әлгі адам енді оны тепкілмек болып ұмтылды. Біз бірнешеуіміз жүгіріп келіп, қыздың денесін көтеріп «Жедел жәрдем» машинасына салып жібердік. Көзіме жас тұнып, өзімді тоқатата алмадым. Осы көрініс сол қалпы әлі көз алдымда, – деп ауыр күрсінеді ардагер журналист.

Ол жастардың бейбіт шеруін қақтығысқа ұластыруға арандатулардың болғанын айтады.

– Алаңда жиналған жастарды айнала қоршаған әскерилердің «сендер жиналып, топталып кешке қарай көп болып бір-ақ келіңдер» деп айтып жатқанын естідім. Сол жерге машинамен әкеліп арақ, пирожки үлестіргені туралы әңгімелер болды. Ал кешке теледидарды қоссаң «бүлікшілер балабақшаға келіп ойран салды, асханаға кіріп, қиратып кетті» деген жалған хабарлар таратып жатты, – дейді Өтепберген Әлімгерейұлы.

Ол Желтоқсан оқиғасына қатысқан қазақ қыздарын қатыгездікпен аяусыз ұрып-соққанын да айтады. Ол алаңда ұсталған адамдарға толы машиналарға қыздарды да апарып лақтырғанын, кейінен жазалаушы отрядтың оларды тепкелегенін көзімен көріпті.

– Олардың құтылып шыққандары емханаға барып, дәрігерге көріне алған жоқ. Себебі, дәрігердің көмегіне жүгінгендерді қайталап бүлікші ретінде тұтқындап жатты, – деді Өтепберген Әлімгерейұлы.

«ҮШ ҚАЗАҚТЫҢ БАСЫ ҚОСЫЛСА ҰСТАП ЖАБУҒА БҰЙРЫҚ БОЛДЫ»

Желтоқсанның қайғылы оқиғасынан сыр шерткен куәгердің сөзіне сүйенсек, ереуілдің екінші күні Совет одағының әр түпкірінен Алматыға әскер ағыла бастаған. Ресей қалаларынан, Өзбекстаннан келген әскери отрядтар көп болды дейді ол.

Алаңдағы жастар толқуын күшпен басып-жаншығаннан кейін қала көшелерінде күзет күшейтілген.

– Жаңа жылда тағы біреулер көшеге шығуы мүмкін деп бізді көшеге кезекшілікке жіберді. Партия мектебінің екі тыңдаушысы, бір милиция,
Желтоқсанға қатысушыларды қатаң жазалау келесі жылғы шілде айларына дейін бойына жалғасқан.
бір КГБ, бір жазалаушы отрядтың Свердловскіден келген солдаты болып барлығы 5 адамнан тұратын топта жүрдік. «Үш қазақтың басы қосылса, ұстап, жабу керек» деген бұйрық болды, – деп еске алады бұрынғы партия мектебі тыңдаушысы.

Оның айтуынша, оқу орындары мен түрлі ұйым, мекемелерде желтоқсанға қатысушыларды қатаң жазалау келесі жылғы шілде айларына дейін бойына жалғасқан.

ҰЛТШЫЛДЫҚ АЙДАРЫ ТАҒЫЛҒАН ҰЛТТЫҚ САНА

Өтепберген Әлімгерейұлының айтуынша, Алматыдағы жоғары партия мектебі бұл оқиғана тыңдаушыларға «ұлтшылдықтың көрінісі» деген баға беріп, «нашақор, маскүнем қазақ бүлікшілері» деген ұғыммен түсіндірген.

– Аймақтарда не болып жатты сол кезде?

– Аймақтар орталықтан толық ажыратылып тасталды. Байланыс тек Орталық комитет аппараты мен облыстық партия комитеттері арасында ғана болды. Оқиға жайлы тек Алматыдағы телеарналардан ғана айтылды. Мен өзім кейін Жоғары кеңес президиумының
Егер бұл оқиға болмағанда біз құлға айналар едік.
төрағасы С.Мұқашевтың «Желтоқсан оқиғасы кезінде студенттер қаза тауыпты деген қауесет бар. Мұның бәрі өтірік» дегенін естідім. Ал өлгендерді өзіміз көзімізбен көріп жүрдік.

– Ал бүгін өзіңіз көрген Желтоқсан жайлы не ойлайсыз?

– Желтоқсан оқиғасы қазақтың ұлттық санасын оятты. Намысымызды қайрады. Егер бұл оқиға болмағанда біз құлға айналар едік.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG