Accessibility links

Сапабек Әсіп: Қазақ жерінің мәселесі биліктің де, оппозицияның да жұмыс тәртібіне енбеген


Сапабек Әсіп, жазушы, «Жер және қазақ тағдыры» комиссиясының төрағасы. Алматы, 20 наурыз 2009 ж.

Сапабек Әсіп, жазушы, «Жер және қазақ тағдыры» комиссиясының төрағасы. Алматы, 20 наурыз 2009 ж.

Бүгінде 80-нің сеңгіріне шыққан жазушы Сапабек Әсіп «Жер кодексіне» өзгертулер енгізу қажет деп санайды. Жерге қатысты мемлекеттің саясатына наразылық ретінде Сапабек Әсіп кезінде өзіне тапсырылған үкімет наградаларының бірі – «Құрмет» медалінен бас тартты. Азаттық радиосына берген сұхбатында жазушы тағы да жер мәселесін қозғайды.

ҚАЗАҚ ЖЕРІНІҢ ҮШТЕН ЕКІ БӨЛІГІ ШӨЛ ЖӘНЕ ШӨЛЕЙТТІ АЙМАҚҚА ЖАТАДЫ

– Сапабек мырза, сіз біраз жыл бойы Жазушылар одағы жанынан құрылған «Жер және қазақ тағдыры» атты комиссияны басқардыңыз. Қазір осы комиссия бар ма, жұмыс істеп жатыр ма?

– Оның жұмысы соңғы кезде тоқтап тұр. Дегенмен, газет-журналдар, теледидар арқылы бұл комиссия айтуға тиісті сөзін айтып келеді. Жер мәселесі қайта-қайта жазылып жатыр. Соның бір мысалы ретінде осы жақында ғана менің «Қауқарсыз қазақ мәселесі» деген кітабым жарыққа шықты. Онда қазақ мәселесінің күні бүгінге дейін неге қауқарсыз болып келгенін дәлелдеуге тырыстым.
Қазақ даласы, Тарбағатай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы.


– Неге қауқарсыз екен?

– Біздегі биліктің де, оппозицияның да жұмыс тәртібіне үш ғасырға созылған отаршылдықтың ауыр зардабынан құтылу мәселесі енген жоқ. Отаршылдықтың қазаққа салған зардабы үлкен болды.

Біріншіден, қазақты құнарлы жерінен айырып, шөл және шөлейт далаға қуып тастады. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін осы кеткен есесін түгендеуі керек еді. Ресейдің патшалық империясы тұсында ең құнарлы 45 миллион десятина жерден айырылдық.

Совет үкіметі кезінде Хрущевтің тың көтеру бастамасымен одақтың әр жерінде сыймай жүргендерді әкеп тоғытып, елдің сыйқын бұзды. Тіршілігіне зиян келтірді. Осы тың игеру жылдарында 25 миллион гектар жер кетті.

Қазақ жері (диаграмма).
Демек, 70 миллион гектар құнарлы жерден қазақ шаруаларын ығыстырып шығарды. Сөйтіп, қазаққа тиесілі жерлер шөл және шөлейт аймақтарда ғана қалды.

Жалпы, әлемдік жер туралы ғылымда, жер жағдайы бойынша 5 аймаққа бөлінеді. Бірінші – жер жағдайы өмір сүруге мейлінше қолайлы аймақ, екінші – қолайлы аймақ, үшінші – орташа қолайлы аймақ, төртінші – қолайсыз аймақ және бесінші – мейлінше қолайсыз аймақ. Осының алғашқы үшеуін отаршылар басып алды.

Өмір сүруге мейлінше қолайлы аймақ бізде тым аз – Қазақстанның солтүстік өңірлерінде ғана. Екінші санаттағы жерлер Арқадан Алтайға дейінгі аралықты қамтиды. Ал, 4-5 санатқа жататын шөлейт және шөл дала қазақ жерінің 67%-ын құрайды.

– Осы өңірлерде қазақтың қанша пайызы өмір сүреді екен?

– Мен бұған арнайы статистика жүргізіп көрген жоқпын. Дегенмен, шамамен 75-80 пайызы өмір сүріп отыр деуге болады. Айталық, қазақ көп шоғырланған Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында.
Қорғалжыңдағы жайылымды жер, Ақмола облысы.


Бұл облыстар табиғат жағдайы адам күнкөрісіне қолайсыз және мейлінше қолайсыз аймақтар санатына жатады. Осы облыстарда тұратын халықтың денсаулығы нашар, өмір сүру ұзақтығы кем боп қалып отыр.

Бұған дәлел ретінде Қазақстан парламенті мәжілісінің экс-депутаты Амангелді Айталының «Ұлттану» атты кітабындағы деректерді келтірсек те жетіп жатыр. Онда Қазақстанда тұратын жергілікті ұлт өкілдерінің өмір сүру ұзақтығы қысқа екендігі туралы деректер бар.

Ал, билік пен оппозиция осы мәселеге көз жұма қарап отыр. 2002 жылы Нұрсұлтан Назарбаев бір жиында 1 миллионға жуық қазақтың табиғат жағдайы қолайсыз жерлерде тұратыны жайында айта отырып, бұлардың басқа жерге қоныс аударуына қол ұшын созып, қоныстануына мүмкіндік жасау керектігін айтқан еді. Бірақ, бұл сол қалпы сөз жүзінде қалды.

АҚШ ПЕН РЕСЕЙДІҢ ӨТКЕН ТӘЖІРИБЕСІ АЛУҒА ТҰРАРЛЫҚ


– Қазіргі заманда урбанизация тудырған жер мәселелерін қалай реттеуге болады?

– 2000 жылы Жазушылар одағының өкілі ретінде парламентте 6 айдан астам жұмыс істедім. Сонда осы мәселені қойған едім. «Жер кодексіне» қосымша шөл және шөлейт аймақтарда өмір сүретін халыққа қалай көмектесу керектігін ұсындым. Бірақ, бұған ешкім құлақ аспады.

Соңғы кезде үздік елу елдің қатарына қосыламыз дегенді жиі айтып жүр ғой. Ал, оған жету үшін не істеу керек?! Елді ғылыми негізде басқару керек. Америка Құрама Штаттары бастаған елулік елдерінде табиғат жағдайы қатты есепке алынады.

Мен айтып отырған шөл және шөлейт аймақтарда тұратын тұрғындардың еңбекақыларына қосымша, ауаның құрғақтығының, топырақтың құнарсыздығының, судың тапшылығының, жол мойнының қашықтығының есесін толтыру үшін 2,5-3 есеге дейін төлемақы беріліп тұрады. Бұны дүниежүзілік ІІ соғыстан кейін алғашқы болып бастаған АҚШ еді. Осылай халықтың жаппай ауа көшуінің алдын алуға болар еді.

Екіншіден, көші-қонды реттеу үшін ХІХ ғасырдағы патшалық Ресейдің қарашекпенділерді көшірген тәжірибесін пайдалансақ жетіп жатыр. Ресейде егіндікке жарайтын 140 миллион десятина жер болды. Соның 70 миллионын 30 мың помещик алды.

Бірақ, патшалық Ресей тек байлардың мүддесін ғана көздейтін. Қазір бізде де солай болып барады. Ал, қалған 70 миллион десятина жер 10 миллион мұжық-шаруаға жетпеді. Мұжықтар бұған наразылық танытып, помещиктерді өлтіріп, бүлік көтеруге дейін барды.
Патшалық Ресей тек байлардың мүддесін ғана көздейтін, қазір бізде де солай болып барады.


1860-1870 жылдары Жетісу губерниясын басқарған Герасим Колпаковский осы проблеманы шешу мақсатында Жетісу өңірінен 81 жер телімін дайындайды. Оларға түрлі жеңілдіктер белгіледі. 15 жылға дейін алым-салықтан босатты.

Еркеккіндіктіге 30 десятинадан жер берген. Көшіп-келу шығындары мен қалған үй-мүлкінің өтемақысын қайтарған. Сөйтіп Ресейдің ішінен шаруаларды осында қоныстандырған. Мен бұны қаншама жыл бойы айтып келдім. Бірақ, құлағына ілген жан жоқ.

Герасим Колпаковскийдің осы тәжірибесіне сүйеніп, «Халықтың ішкі көші-қоны туралы» деген заң жобасын даярладым. Ол «Ақиқат» журналының 2002 жылғы №11 санына жарияланды. Бірақ оны да созбұйдаға салып қабылдамады ғой.

– Үкіметте әзірленген ішкі көші-қон туралы заң жобасы шенеуніктердің тартпасынан шықпай қалғаны айтылып жүр. Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ішкі-сыртқы көші-қонды реттеу мақсатында «Нұрлы көш» бағдарламасын жасап шығарды емес пе?

– Ол бағдарламада менің әлгі айтқандарымның бірде-бірі жоқ. Онда кімнің қайдан қайда көшетіндігі жайында, шөл және шөлейт аймақтың тұрғындарына берілуге тиісті жәрдемақылардың бірде-бірі қарастырылмаған. Тіпті, ол бағдарламада «шөл және шөлейт аймақ» деген ұғым жоқ.

– «Депрессиялық аудандар» деген ұғым бар ғой?


– Депрессиялық аудан деп – 30 ауданды атаған ғой. Шын мәнінде ол 30 емес, 72 аудан. Ал, бағдарламада мәселені батыл көрсете білмеген. Жобамен ғана айта салған.

БИЛІК ҮШІН ХАЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЕМЕС, МЕНШІКТІ ҚАЙТА БӨЛУ ҚЫМБАТЫРАҚ

– Он бес жыл бойы сөз болып келе жатқан «Ішкі көші-қон туралы» заң жобасының осы күнге дейін қабылданбауының себебі не деп ойлайсыз?

– Тәуелсіздік алғанымызбен тәуелсіздікті баянды ететін талаптардың бірде-бірі осы кезге дейін орындалған жоқ. Халықтың тапқан табысы мен салығы жемқорлардың жұмырына жұқ болатын емес.

Даладағы нар. Түркістан қаласының маңы, Оңтүстік Қазақстан облысы.
Шенеуніктер мен байлар, жекешелендіру кезінде қамтып қалғандар – бұлардың ешқайсысы халыққа адал қызмет етіп жүрген жоқ. Мәселен, үкіметтің қарамағындағы «Қазақтелекомның» басшысы 365 мың доллар еңбекақы, 2-3 миллион доллар сыйақы алып келгені анықталғанда шапалақ жеді ме? Жоқ. Алматыны
Бұл шын мәнісіндегі жемқорлыққа қарсы күрес емес, сол элиталар арасындағы өзара күрес. Бұнда меншікті қайта бөлісу мәселесі бар сияқты.
майлы жіліктей сорып алып, Швейцария асып кеткен бұрынғы әкімді де маңдайынан сипап қоя бердік.

– Ал қазір билік осыған дейін лауазымды қызмет атқарған кейбіреулердің үстінен іс қозғады емес? Мысалы, Мұхтар Жәкішев пен Серік Тұржанов қамауда отыр, Мұхтар Әблязов шетел асып қашып жүр. Серік Бүркітбаев сотталып кетті. Заң орындары жемқорларды әшкерелеп жатырмыз деп мәлімдеуде.

– Қазір бізде «элита» деген пайда болды. Бұл шын мәнісіндегі жемқорлыққа қарсы күрес емес, сол элиталар арасындағы өзара күрес. Бұнда меншікті қайта бөлісу мәселесі бар сияқты.

ҚАЗАҚҚА РЕЗЕРВАЦИЯ КЕРЕК

– Сіз атап өткен қолайсыз аймақтардағы елдің жағдайын қалай оңалтудың жолы қандай?

– Шөл және шөлейт далада тұратын халыққа резервация мәртебесін берсек, дүниежүзіндегі тәжірибе бойынша, онда тұратын халықтың табысына 200-300 есе төлемақы қосылады.

– Резервация сұрау – қазақтың намысына тиеді деп ойламайсыз ба? Мемлекеттің «байырғы қазақ жерiнде» құрылғандығы Конституцияда атап жазылған ғой, ендеше қазақ неге резервацияда тұруы керек?

– Резервация дегенді айтпау үшін, бізде кейде қазақтарды «титулды ұлт» деп айтады. Титулды ұлт дегеніміз – жердің иесі дегенді білдіреді. Қазір қазақтың үлес салмағы 67 %-ға жетті, бірақ жер мәселесіне келгенде халқымыз әлі есесін жіберіп отырғаны ащы шындық.

Егер, «резервация» деген сөз қазақтың намысына тиетін болса, онда алдымен шөл және шөлейт аймақта жанкешті тірлік кешіп жатқан қазақты құнарлы өңірлерге қайта қоныстандырып алу керек.

«Резервация» – дегеніміз латыннан алынған француз сөзі, «жарамсыз жер» деген мағынаны береді.

Сондықтан, әуелі жарамсыз жерлерде өмір сүретін қазақтарды жарамды жерге көшіріп, төлемақысын төле, содан кейін ғана «резервация» деген сөзге намыстан дер едім.

– Әңгімеңізге рахмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG