Accessibility links

Назарбаев және Желтоқсан. Нұрсұлтанның ең алғашқы терең құпиясы


Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақтан екінші) пен Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев (оң жақтан екінші).

Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақтан екінші) пен Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев (оң жақтан екінші).

Желтоқсан оқиғасына байланысты президент Нұрсұлтан Назарбаев әр жылдарда біріне бірі қарама-қайшы пікірлер айтып жүрді. Жиырма жылдың бедерінде қарсыластары оны бірнеше мәрте сөзінен ұстап алып, опық та жегізді. Бірақ, Назарбаевтың дымы ішінде.

Желтоқсан оқиғасына байланысты Назарбаев неге өзіне-өзі қайшы келді және бұдан оның ұтары не?

Егер Назарбаев Қазақстандағы қатардағы көптің бірі болса, онда оның не айтқаны, қашан және қалай айтқаны өзінің жақындарынан басқа ешкімді алаңдатпас та еді. Бірақ, ол – ел президенті. Және оның моральдық-саяси бейнесіне 15 миллион халықтың тағдыры тәуелді болып отыр. Оның үстіне Желтоқсан оқиғасы көптеген қазақстандықтардың жандарына жазылмас жара салды, оның сан алуан құпиялары әлі күнге дейін ешкімге белгісіз күйінде қалуда. Сол себепті де тарихшылар, зерттеушілер, журналистер бұл тақырыпқа әрдайым айналып соғып отырады.

«МЕН ОЛАРМЕН БІРГЕ САПТЫҢ БАСЫНДА КЕТЕ БАРДЫМ» - ҚАЙСЫСЫНА СЕНЕМІЗ?


Сөзіміз жалаң болмас үшін алдымен оқырмандарға әр кездерде, совет баспасөзінде Желтоқсан оқиғасына байланысты жарияланған Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздерінен үзінділер келтіреміз.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздерінен үзінділер:

1. «Дружба народов» журналы. 1987 жыл, №9. Мәскеу. Назарбаев – Министрлер кеңесінің төрағасы: «Өткен жылдың желтоқсан айында экстремистік ниеттегі жастардың өмірді білмейтін, арандатушы сыбыстар мен ұрандарға иммунитеті жоқ,
Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыда 1986 жылы желтоқсанда шеруге шыққан жастарды бастап жүргені туралы айтқанын мысқылдайтын сатиралық сурет. Оның жанында Михаил Горбачев пен Борис Ельцин бейнеленген. «С-Демократ» тәуелсіз газетінде 1992 жылы шыққан сурет. Басылым шығарушысы және редакторы – Андрей Свиридов.
еңбекте жүріп ысылмаған студент-жастардың әлеуметтік жағынан әлсіздеу бөлігін арттарынан ілестіріп кетуі жайдан-жай емес».

2. «Экспресс-хроника» газеті. 1990 жылдың желтоқсаны. Мәскеу. Назарбаев – Қазақ ССР-інің президенті, Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы: «Қандай қайғылы оқиға? Нағыз барып тұрған басбұзарлық 18-інде болды. Милиционерлерді ұрды, таспен атқылады. Біз қазір бұл жайында айтпаймыз ғой. Жараланғандардың арасында аналарға... қарағанда милиционерлер мен солдаттар көбірек болды».

3. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Без правых и левых» атты кітабы. 1991 жыл. Мәскеу, «Молодая гвардия» баспасы, 180 бет. Қазақстанның тәуелсіздігіне аз ғана уақыт қалады. Енді Нұрсұлтан Назарбаев 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына қатысты тактикасын өзгерткісі келген секілді:

«Кез-келген адамның өмірінде аяқ астынан таңдау жасайтын маңызды сәттер болады. ...Алаңға жиналған жұрт қалаға қарай бет алған кезде мен де осындай таңдау жасау алдында тұрғанымды түсіндім: я мен нақты бір шешімге келуім керек, я болмаса ОК-нің үйіне қайтып келуім керек. Екіншісі мен үшін адамдарға жасалған кешірілмес күнә сияқты көрінді. Өйткені, олардыкі дұрыс еді. Мен олармен бірге саптың басында кете бардым».

Оқырманның өзіне байлам жасауына жоғарыда Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздерінен келтірілген үзінділер жеткілікті сияқты.

Нұрсұлтан Назарбаевтың саптың басында жүрмегендігі жайында желтоқсандықтардың өздері талай рет баспасөзде жазды. Олардың барлығы керісінше болған жайды дәлелдеумен болды. Қазақ халқы үшін ауыр болған сол күндері Назарбаевтың баррикаданың қай жағында тұрғанын да желтоқсандықтар айтқан болатын.

МЕКТЕП ПЕДАГОГТАРЫ ДА, ПРИНЦИПТІҢ ЖОҚТЫҒЫ ДА КІНӘЛІ

Сонымен біз кейбір қоғам қайраткерлері мен Алматы көшесінде жолыққан қарапайым адамдарға екі сұрақ қойдық:

1) Қалай ойлайсыз, Желтоқсан оқиғасы туралы айтқанда Назарбаев неге өзіне-өзі қайшы келді?

2) Бұдан оған қандай пайда бар еді?


Қарапайым азаматтардың барлығы бірдей бұл сұраққа жауап бергісі келмеді. Бұған байланысты олардың әрқайсысының өз себептері болды. Бірақ, жауап бергендердің арасынан біздің ойымызша қызықтырақ болған біреуін келтіреміз.

Бұрынғы мұғалім Анастасия Семенова Нұрсұлтан Назарбаевтың бұлай сөйлеуінің себебін оған білім берген мектептегі мұғалімдерінен көреді:

– Мен 32 жыл мектепте жұмыс істедім. Сөйтіп, мынадай тоқтамға келдім. Өтірік айту, жасыру, шындықты айтпау көптеген балаларға тән екен. Бірақ, тәрбиелеу, есею процесінде балалар бұл жағымсыз қылықтан біртіндеп құтылады. Бірақ, өкінішке қарай, кейбіреулерінде ол қалып қойып, есейген кезде де бірге болады.

Иә, Назарбаевтың өзіне-өзі қайшы келетінін соңғы жылдары мен де байқадым. Желтоқсан оқиғасына байланысты білмеймін және білгім де келмейді. Өйткені бұл мен үшін жанымды ауыртатын тақырып. Ал, әлеуметтік және өзге де мәселелерге келгенде ол жүйелі, бір сөзді емес. Бұл оның мектептегі мұғалімдерінің жіберген кемшілігі. Мен солай деп ойлаймын.

Зейнеткер және Гуманистік партияның ұйымдастырушысы Мақсұт Оразай сұрағымызға сұрақпен жауап беріп, біздің тілшімізді абдыратып тастады:

– Совет кезеңіндегі өтірік айтпаған коммунистік басшының тым болмағанда біреуін атаңызшы? Горбачевті, Ельцинді және басқаларын алыңыз. Олардың барлығы алғашында бір әңгіме айтты. Содан кейін, ол тиімсіз болған соң басқа әңгімеге көшті. Біздің қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлымыз да сол ауылдан. Сізге одан өзге не керек?

Желтоқсан оқиғасы үшін түрмеге отырып шыққан бұрынғы диссидент және саяси тұтқын, ал қазір президентке ниеті түзу қоғам қайраткері Хасен Қожа-Ахмет бұның барлығына Назарбаевтың табиғи мінезі кінәлі деп есептейді.

Атап айтқанда Хасен Қожа-Ахмет былай деді:

– 1990 жылдың қаңтар айында біз, желтоқсанның бір топ белсендісі, Назарбаевпен кездескенбіз. Сол кезде ол бізге үш айдан соң Желтоқсан оқиғасына кінәлілердің талқанын шығарып, кейбіреуін тіпті жазалайтын болып уәде берген. Міне, содан бері 20 жыл өтті. Ол өзінің айтқан сөзінде тұрған жоқ. Ол жентельмен емес. Ол әрдайым өзіне-өзі қайшы келіп отырады.

Қазақтар мұндай жағдайда: «Екі сөйлеген хан – хан емес» дейді.

Қоғам қайраткері Жасарал Қуанышәлин нақты да қатты айтты. Ол Назарбаевтың өзіне-өзі қайшы келуі бұл бір емес, оның бұрыннан қалыптасып кеткен мінезі деп есептейді:

– Бір тақырыпқа байланысты бүгін бір сөз айтып, ертесіне басқаша сөйлеу Назарбаев үшін түкке тұрмайды. Барлығы жағдайға байланысты. Егер оған тиімді болса, ол оп-оңай өтірік айта салады.

Желтоқсандықтарға ұрсу- оған тиімді болған кезде ұрысты. Қорғау тиімді болған кезде қорғап шыға келді. Ол желбаққыш сияқты. Жел қай жақтан тұрса, соған қарай бұрыла салады. Мәскеу қандай бағыт берсе, соған қарай қимылдады. Оның ешқашан өз пікірі, принципі болған емес. Осының өзі-ақ бәрін айтып тұрған жоқ па?

Кейбір талдаушылардың пікірінше, Назарбаевқа Желтоқсан оқиғасын тиімді пайдалану арқылы билікке келу мүмкін болды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG