Accessibility links

Оралдық шебер Сергей Саловтың қиялына қанат бітірген кәдімгі - кезбе қаңбақ


Сергейдің қолына түскен қаңбақ еңбекқор құмырсқаға айналып кетті.
Сергейдің қолына түскен қаңбақ еңбекқор құмырсқаға айналып кетті.

Қаңбақтан тамаша туындыларды оралдық шебер Сергей Салов әп- сәтте жасап шығарады екен, оның не көркем шығармашылық, не дизайнерлік арнайы білімі де жоқ. Шебердің Оралдағы көрмесіне келгендер қаңбақтан жасалған экспонаттарды сувенирге деп талап әкетті.

Кәдімгі жел айдаса тұрмайтын қаңбақтан тамаша туындыларды оралдық шебер Сергей Салов әп- сәтте жасап шығарады екен, бірақ, өнерпаздың не көркем, не дизайнерлік арнайы білімі жоқ. Көздің жауын алған бұл туындылардың барлығы да шалқар шабыт пен қиялға бай таланттың арқасында өмірге келген дүниелер.

Сергей Салов Теңіз кенішіндегі шетелдік компаниялардың бірінде жүргізуші болып қызмет етеді. Бірде келе жатқанда, иесіз далада домалаған қаңбақты көзі шалады, бұл өсімдік кесірткеге өте ұқсас болды деп еске алады ол. Қолына бірден кездігін алған Сергей Салов оны қырнап-жонып, бір бейнеге келтіреді.

– Ең алғашқы бейнені мен осыдан 10 жыл бұрын жасап көрдім. Осыдан кейін бұл менің сүйікті ісіме айналды десем де болады. Жұмыстан босаған уақытымда даланы кезуге аттанам. Көңілімнен шыққан қаңбақты көзім шалса, қолыма кездігімді алам да бірден іске кірісем. Сосын оны белгілі бір кейіпке келтіріп, мүсіндеп, келбет берем, жаңа бір қолөнер туындысы осылайша өмірге келеді, – дейді Сергей Салов.

Сергей Саловтың қолынан шыққан туындылары негізінен өз әйеліне арналыпты. Оның бұл туындылары сүйіспеншілік тақырыбын жырлайды, махаббатты бейнелейді. Олардың ешқайсысы да бір-біріне ұқсас емес, аутордың сөзінше, бұл мүсіндер – татымды дүниелер. Мүсіншінің қолынан шыққан туындылардың ерекшелігі сол, жануарлар мен түрлі жәндіктер бейнеленген, әлбетте, туындыларының дені сұлу мүсінді әйелдер қауымына да арналыпты.

– Болашақ туындыға бар жан-тәніңді салып кіріскенде ғана көңіліңнен шығар кесек дүние шығады. Осы бұйымдардың барлығына жанымның белгілі бір бөлігін бөліп бергендеймін, осы арқылы махаббат атты ұлы сезімді паш етіп, хал-қадерімше жеткізуге тырыстым, – дейді өзінің шеберлік құпиясымен бөліскен Сергей Салов.

Сергей Салов басында өз жұмыстарын саудалап, сатамын деп ойламаған екен. Алайда, бір күні достары оған жеке шығармашылық көрмесін ұйымдастыруды ұсынады. Осыдан кейін ғана жаңа көзқарасы оянып, қаңбаққа тек өсімдік қана емес, болашақ қолөнер туындысы ретінде де қарай бастайды. Мұндай ғажап бұйымдарға тәнті болған көрермендер бұйымдарды көрме залынан талап алып кетіпті. Талантты шебердің ісмерлік өнері осылай бағаланды.
Шебердін қолы ортақ - Сергей Салов. Орал, 20 наурыз, 2009 жыл.


– Бұл бұйымдарды оралдық іскер кәсіпкерлер көңілі қалап, бірден сатып алады. Мен оларды орташа есеппен 7-8 мың теңгеге (шамамен 50 АҚШ доллары) бағаладым. Алайда, ең үздік деген туындым 100 АҚШ долларына сатылды. Сатып алушылардың арасында Еуропа елдері мен АҚШ-тан келгендер де болды. Қаржыдан қысылған кезеңде бұл өнерімнің бұлай бағаланғаны менің отбасылық бюджетіме әжептәуір қолдау болғаны рас, – деп Сергей Салов ағынан жарылды.

Сергей Салов өзі секілді қаңбақтан әдемі заттар жасайтын әріптестерін іздеп көрмек болған әрекетінен ештеңе шықпапты. Бірақ, өнертанушылар оның қаңбақтан жасалған қолөнер бұйымдарын еш жерден кездестіре алмағанын айтыпты. Бұл туралы Сергейдің өзі былай дейді:

– Мүмкін мен кәдуілгі қаңбақтан мүсін жасайтын алғашқы шебер шығармын, кім білсін? Дегенмен, мен соңғы он жылда мұндай адамдарды және мүсін өнерінің осы бір саласын зерттеп жүрген өнертанушыларды кездестіре алмадым. Егер мен әзірге жалғыз болсам, менің бұл туралы айдай әлемге жар салып айтқым келеді. Мүмкін, менің талантымды тиісінше бағалап, әлемдік энциклопедияға қосар сәт те туып қалар...

Кәдуілгі қаңбақтан тамаша өнер туындыларын жасауға машықтанған оралдық Сергей Салов осы өнерімен әлемдік энциклопедияға енуді армандайды.
XS
SM
MD
LG