Accessibility links

Ресей тұрғындарының еңбекке жарамды бөлігін героин ойсыратып барады


Соңғы отыз жыл ішінде тұрғындарының өмір жасының орташа көрсеткіші айтарлықтай қысқара түскен Ресей елі үшін героин басты пәлеге айналды. Ресейде ерлер орташа есеппен 60 жыл өмір сүреді.


Ресей қоғамында героин ең қатерлі һәм зиянкес басты проблемаға айналды. Есірткіні бизнес көзіне айналдырғандар лауазымды шенеуніктер мен құқық органдарындағы жемқорлықтың арқасында көлденең табысқа кенеліп отыр.

ЕСІРТКІ ҚҰРБАНДАРЫ

Есірткі айналымын бақылау жөніндегі қызметтің басшысы генерал Виктор Ивановтың айтуынша, Ресейде жыл сайын героин пайдалану салдарынан отыз мың адам көз жұмады екен. «Бұл 1979 - 1989 жылдары болған совет-ауған соғысында қаза тапқан сарбаздар санынан да көп» деп жазады «Монд» газеті. Ауғанстандағы сол соғыстан он үш жарым мыңдай совет жауынгері мерт болған-ды.

Дүниежүзіндегі апиын өндірісінің көлемін азайтуға бағытталған іс-шаралар күткендегідей нәтиже бермей отыр. 2007 жылы 8890 тонна,
Ресейдің есірткі айналымын бақылау жөніндегі федералдық қызметі ғимаратындағы жазу.
ал, 2009 жылы – 7754 тонна апиын өндіріліпті.

Ресей жыл сайын Ауғанстанда өндірілген героинның жиырма бір пайызын, яғни жетпіс тонна есірткі тұтынады. Владимир Путин ең сенімді достарының бірі, бұрынғы КГБ офицері Виктор Ивановты есірткі айналымын бақылау жөніндегі қызметтің басшысы лауазымына тағайындағанымен, есірткі ағынын тоқтату мүмкін болмай отыр. Мемлекеттік органдардың қауқары Ресей аумағына әкелінетін бүкіл есірткінің тек төрт пайызын ұстауға ғана жетеді екен.

Есірткі айналымын бақылау жөніндегі қызметтің деректері бойынша, Ресейде 18 бен 39 жас аралығындағы 2 миллион адам есірткіні тұрақты түрде қолданады екен.

СПИД вирусын жұқтыратын осал топқа жататын осынау «адасқан буын» негізінен Оралдағы ірі өнеркәсіп орындары бар қалаларда тұрады. Орталық Азиядан келетін аутомобиль, темір жол және әуе көлігінің транзиттік жолдары дәл осы өңір арқылы өтеді. Есірткі Ресей жеріне Қазақстан аумағы арқылы тасымалданады. Бұл екі мемлекет арасындағы ұзындығы жеті мың шақырымға созылған шекараны бақылауда ұстау қиынға соғады.

АРАМ БИЗНЕСПЕН АҚША ЖАСАУ

Орталық Азиядағы көне Жібек жолының бойында Тәжікстан мен Қырғызстан тәрізді кедей әрі тұрақсыздыққа бой алдырып, жемқорлық жайлаған елдер орналасқан. Биылғы маусым айында ұлтаралық қақтығыс болған Қырғызстанның оңтүстігіндегі үлкен орталық – Ош қаласы да осы Жібек жолы арқылы жүріп жатқан сауданың бел ортасында тұр.

Оштың оңтүстік жағында қоныс тепкен Баткеннің тумасы, өз аты-жөнін атамауды қалаған тұрғын өзбек былай дейді: «1990 жылдың соңынан бері бүкіл отбасымызбен осы есірткі саудасының арқасында күн көріп келеміз. Тіпті, бұл істе нағыз әулет құрдық деуге де болады. Менің көкелерім, аға-інілерім, туған-туысым есірткі сатып, әбден байып алды».

Орташа айлық жалақы мөлшері 70 евро болатын бұл елде есірткі сатып, көлденең табысқа кенелу өте тартымды іс болып көрінеді.
Есірткі тасымалдаушылар оны жасырудың түрлі айла-тәсілдерін қолданады. Ауғанстаннан тасымалданатын есірткі тақырыбына арналған жиында көрсетілген сурет. Мәскеу, 9 маусым 2010 жыл.
Ауғанстанда бір килограммы мың жарым доллар тұратын героинның бағасы Қазақстан шекарасына жеткенде алты мың долларды ауқымдаса, Мәскеуде оның құны елу мың долларға дейін жетеді.

Өткен жиырма жыл ішінде Қырғызстанда екі рет ұлтаралық қақтығыс – 1990 жылы Үзгенде және 2010 жылы Ош пен Жалалабадта, және де 2005 жылы президент Аскар Ақаевты, ал 2010 жылдың сәуірінде – президент Құрманбек Бақиевті тақтан тайдырған екі революция болды.

Экономикасы нашар дамуының себебінен әлсіреген әрі халықаралық көмекті жеткіліксіз мөлшерде алып отырған Қырғызстан халықаралық героин тасымалының транзиттік жолдары өтетін елге айналып отыр. Есірткі жүктері оңтүстіктегі Тәжікстан шекарасы арқылы Ошқа жеткізіледі. Бұл қаладан әрмен есірткі екі бағытта: батысында – Өзбекстанға немесе солтүстікке – Қазақстанға тасымалдануы мүмкін. Бұл жүктің барар жері – Ресей болып табылады.

Есірткі саудагерлері арасындағы еңбек бөлінісі оңтүстік Қырғызстандағы этникалық өмір ерекшеліктеріне сай атқарылады. «Өзбектер тасымалдайды, ал қырғыздар – басшылық жасайды», – деп түсіндіреді «Монд» газеті тілшілеріне оларға сұқбат берген адам. Пост-советтік кеңістіктің бүкіл ауқымындағы тәрізді, есірткі бизнесінің басы-қасында қауіпсіздік қызметі мен аймақтағы мемлекеттік басқару орындарының өкілдері де жүреді.

«Осы саудадан түсетін пайданың жетпіс пайызына дейін иемденіп отырған жергілікті биліктің кепілдігін алмайынша жұмыс істеу мүмкін емес», – дейді әлгі сұқбат берген адам. Сондықтан да болар, соңғы жылдары елдің оңтүстігінде жергілікті есірткі алпауыттары орталық билікке қыр көрсетуден тайынбайтын түр таныта бастады.

Қырғызстанды 2005-2010 жылдары осы елдің оңтүстігінің тумасы саналатын президент Құрманбек Бакиев билеген кезде есірткі саудасынан түсетін пайда көлемі тіпті өсіп кеткен болатын. Ел президенті 2008 жылы еш түсіндірместен ішкі істер министрлігінің қарамағындағы есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі қызметті жауып тастады. Ал 2009 жылы Есірткілер айналымын бақылау жөніндегі агенттікті де таратты. «Дәл сонымен бір мезгілде ол инвестициялар мен инновациялар қорын құрды, ондағы мақсаты – өз ұлы Максимді осы қордың басшысы етіп тағайындау болатын» деп атап көрсетеді басылым.

ЕСІРТКІ МАФИЯСЫ МӘҢГІЛІК ПЕ?

Бүгінде Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев Минскіде тұрып жатыр, алайда Қырғызстанда оның жақтастарының тұғыры әлі де мықты саналады. Кейбір ақпараттарға қарағанда, оның туған інісі, бұрын Қырғызстан қауіпсіздік қызметін басқарған Жаныш Бакиев қазірде Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасынан ары-бері емін-еркін өтіп жүрген көрінеді.

Құрманбек Бакиев жақтастарының тұғырының мықты екендігінің бір дәлелі – оны қолдайтын «Ата-Жұрт» партиясы биылғы қазан айының 10-ы күні ел парламентіне өткен сайлауда жеңіске жетті. Нақ осы оңтүстік тумалары жаңа парламентте басты күш болмақ. Ал елдің жаңа президенті Роза Отунбаева бастаған жаңа биліктің мұрындық болуымен қырғыз халқы биыл жазда өткен референдум нәтижесінде парламенттік республика жолын таңдағаны мәлім.

Парламентаризм Қырғызстандағы саяси жағдайдың тұрақтануына оң әсер етуі мүмкін, алайда оның есірткі саудасына қаншалықты тұсау болары неғайбыл.

«Ең үлкен мәселе – жемқорлық», – деп мәлімдеді ресейлік сарапшы Александр Зеличенко. Тіпті, егер Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстан өз шекарасын бұрынғыдан да жақсы бақылауға алған күннің өзінде, Орталық Азия мен Ресейдегі жоғары лауазымды шенеуніктер мен полицейлер арасындағы жемқорлықты түпкілікті жеңу орындалмас арман болып көрінеді.

2009 жылдың шілде айының 1-і күні Мәскеудің батыс әкімшілік аумағының есірткіні бақылау бөлімінің ғимаратында Ресейдің «Есірткіні бақылау» қызметінің екі бірдей қызметкерінің өлі денесі табылды. Олар есірткіні асыра пайдалану салдарынан бақилық болған екен.

Ресми тексеру нәтижесінде толтырылған қағазда олар «астан уланған» делінеді. Мүмкін, бұлай деп жазуларына, құрбан болған әлгі екеудің бірі – КГБ-ның бұрынғы басшыларының бірі, Борис Ельциннің оққағары болып қызмет атқарған генерал Александр Коржаковтың күйеу баласы Константин Хрусталев екендігі себеп болған шығар? Ал бұл жайт есірткі саудагерлері мен қауіпсіздік мекемелері қызметкерлері арасында жасалатын көптеген мәмілелердің бірі ғана.

Ресейде есірткі саудасымен күрес жөніндегі қызметке берілген атаудың өзі бір түрлі оғаш естіледі – ол «Есірткі айналымын бақылау жөніндегі федералдық қызмет» деп аталады» деп жазады «Монд». Бұл сөз мәселе есірткі саудасына қарсы күресуде емес, оның айналымына бақылау орнатуда жатыр деген тәрізді әсер қалдырады екен!
XS
SM
MD
LG