Accessibility links

Қырғызстандағы қақтығыстардан қаза тапқандар мен жарақат алғандар саны көбейіп отыр


Ош көшесіндегі қырғыз сарбаздары. 14 маусым 2010 жыл.
Ош көшесіндегі қырғыз сарбаздары. 14 маусым 2010 жыл.

Қырғызстан оңтүстігіндегі жағдай әлі тұрақталар емес. Бүгінгі деректер бойынша, Ош және Жалал-Абад облыстарында қарулы қақтығыстардан 117 адам көз жұмды, жараланғандары саны мыңдап саналады.

ҚАЗА ТАПҚАНДАР АРАСЫНДА ШЕТЕЛ СТУДЕНТІ ДЕ БАР

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің дүйсенбі күнгі күндізгі мәліметі бойынша, елдің оңтүстігіндегі этникалық қақтығыстан қаза тапқандар саны 117 адамға жетті. Олардың көпшілігі Ош облысында және біршама кісі Жалал-Абад облысында қаза болды. 800-ге жуық адам ауруханаға жатқызылып, екі жарым мыңға жуық кісіге медициналық жәрдем көрсетілген. Бейресми дерек көздері қақтығыстар барысында зардап шеккендер саны бұдан бірнеше есе көп дейді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі көрші елдегі қақтығыстардан зардап шегушілер арасында қазақстандықтар жоқ деп хабарлады. Министрліктің баспасөз хатшысы Ілияс Омаровтың айтуынша, «қазіргі таңда мәліметтер тексеріліп жатыр».

Алайда Қырғызстандағы қақтығыстар кезінде қаза тапқандардың арасында шетел азаматы бар екендігі анықталып отыр. Пәкістан сыртқы істер министрлігі Ош қаласындағы медициналық университеттің соңғы курс студенті Али Реза этникалық жанжалдар кезінде қаза тапты деп хабарлады. Пәкістан және Үндістан үкіметтері қақтығыс ошағында оқитын жүздеген студенттер елдеріне шыға алмай отыр деп дабыл қақты.

РЕСЕЙ ӘСКЕРІ ҚЫРҒЫЗСТАНДА

Қырғызстан уақытша үкіметі елде мобилизациялау туралы декрет қабылдады. Уақытша үкімет төрайымының орынбасары Әзімбек Бекназаровтың хабарлауынша, әуелі 2000 сарбаз әскерге шақырылатын болады. Қазіргі таңда запастағы офицерлерді шоғырландыру
Ош қаласының көрінісі. 13 маусым 2010 жыл.
жұмыстары жүргізіліп жатыр. Уақытша үкімет мобилизацияны сейсенбіге дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

– Әскер қызметін өтеген, тізімде тұрған жастардың барлығы әскерге шақырылады. Әскерге жарамды әрбір адам сапқа тұрады. Осындай қиыншылықта мемлекет шақыртуына олар құлақ асуға құқылы, – дейді Бекназаров.

Бұған дейін Уақытша үкімет елдің оңтүстігіндегі этникалық қақтығыстарды реттеу үшін Ресейден әскери көмек сұраған еді. Елдің уақытша президенті қызметін атқарушы Роза Отунбаева Ресей президенті Дмитрий Медведевтен бітім күштерін бөлуін өтінген. Отунбаеваның пікірінше, биліктің осындай ұсынысы «Ош қаласындағы оқиғалардың шектен шығып кетуіне байланысты» болып отыр. Алайда Кремль қырғыздың жаңа үкіметінің бұл өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.

Әйткенмен Ресей өзінің әуе базасы орналасқан қырғыздың Кант кентіне қосымша әскер жіберді. Жексенбі күні әуе базасына Ил-76 ұшағымен ресейлік 31-ші десанттық-шабуыл бригадасы жеткізілгені туралы ақпарат тарады. Бұл мәліметті әуебазадағы дерек көзі растады. Оның айтуынша, Ресей сарбаздары Канттағы ресейлік әскери нысандарды қорғап, сондағы әскери қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

ЖАҒДАЙ ӘЛІ ТҰРАҚТАЛҒАН ЖОҚ

Дүйсенбі күні Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер өкілдерінің шұғыл кеңесі өтпекші. Мәжілісте Қырғызстанда бейбітшілік орнату мақсатында ұйым жарғысына сай іс-шаралар қаралады деп хабарланды.

Кеңесті шақыру туралы нұсқауды, ҰҚШҰ төрағасы ретінде Ресей басшысы берген. Ұйым мәжілісіне Қырғызстан өкілі де қатысады.

БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун Қырғызстанның оңтүстігіндегі ұлтаралық қақтығыстардың өршуіне қатысты өз алаңдаушылығын білдірді. Ол өз өкіліне Бішкекке баруды тапсырған.

Бұған қоса, БҰҰ-ның өкілі ЕҚЫҰ-на төрағалық етуші Қазақстанның сыртқы істер министрімен телефон арқылы Қырғызстандағы жағдайды талқылаған.

Хабарларға қарағанда, Жалал-Абад қаласында мылтық дауысы таңға жуық мезгілде ғана тыйылған. Жергілікті тұрғындар бірқатар ықшам ауданда атыстар оқтын-оқтын естіліп тұрды дегенді айтады. Облыс орталығында бірқатар ғимараттар әлі де өртеніп жатыр. Ош қаласында 40-қа жуық тұрғын үй мен ондаған сауда нүктелері өртенген.

Бұл уақытта Уақытша үкімет елдің оңтүстігіндегі жанжалды ұйымдастырған деген күдікпен бір кісінің ұсталғандығын хабарлады. Әзірге күдіктінің есімі жарияланбай отыр.

Жалал-Абад облысының коменданты Кубатбек Байболовтың айтуынша, тұтқын республикаға танымал кісі көрінеді. Тергеу барысында күдікті ұлтаралық қақтығыстарды ұйымдастырған бірқатар кісілердің атын атады деп хабарланды.
XS
SM
MD
LG