Accessibility links

Олимпиада өткізу құқығы Пекинге берілді


Пекиндегі "Құс ұясы" стадионында тұрған қала тұрғындары. 31 шілде 2015 жыл.

Пекиндегі "Құс ұясы" стадионында тұрған қала тұрғындары. 31 шілде 2015 жыл.

Халықаралық олимпиада комитетінің мүшелері 2022 жылғы қысқы олимпиада ойындарын өткізуге Пекин қаласын лайықты деп тапты. Қытай астанасы жазғы және қысқы олимпиаданы қатар өткізген алғашқы қала болмақ.

Шілденің 31-і күні Малайзия астанасы Куала-Лумпурде халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) 128-сессиясында өткен дауыс беру нәтижесінен соң 2022 жылғы 26-қысқы олимпиада ойындары Пекин қаласында өтетіні жарияланды.

Дауыс беруге халықаралық олимпиада комитетіне мүше 100 адамның 85-і қатысқан. Ережеге сәйкес, ХОК президенті Томас Бах пен осы ұйымға Қытайдан сайланған 3 адам дауыс беруге қатысқан жоқ. Сонымен бірге, соңғы бірнеше жыл көлемінде олимпиада өткізу жайлы түскен өтініштерді талқылауға тиісті дәрежеде атсалыспаған ХОК-тың 11 мүшесі дауыс беруге қатыспаған.

ХОК сессиясының шешімі бойынша, 2022 жылы Пекиндегі қысқы олимпиада ойындары ақпанның 4-20 аралығында өтеді.

ПЕКИННІҢ БӘСЕКЕЛЕСІ

Осы қысқы олимпиаданы өткізуге Қазақстанның Алматы қаласы да өтініш білдіріп, бәсекеге қатысқан еді.

Малайзиядағы дауыс беру барысын жұма күні Алматыдағы Республика сарайы алдында үлкен монитордан бақылауға көптеген адам жиналды.

Куала-Лумпурдегі ХОК сессиясына Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов бастаған арнайы делегация да қатысқан. Дауыс беру өткен күні сөйлеген сөзінде Мәсімов 2022 жылғы қысқы олимпиданы Алматыда өткізуді қолдап, «тарихи шешім» қабылдауға шақырған.

– 2022 жылғы олимпиаданы Алматыда өткізу қате таңдау емес. Шын мәнінде керісінше, бізді таңдау – тамаша мүмкіндік. Біз дамыған шағын мемлекеттің қысқы олимпиаданы өткізе алатынын дәлелдейтін жарқын мүмкіндікпіз, - деп мәлімдеген ол.

Мәсімов сөзінде Алматының қары бәсекелесі Пекиндегідей жасанды емес табиғи әрі тау бөктерлері де ыңғайлы екеніне баса мән берді.

ОЛИМПИАДА ЖАЙЛЫ ПІКІРТАЛАС

Олимпиада өтетін қаланы таңдауға қатысты бұған дейін қоғамда қызу пікірталас өрбіген. Қазақстандықтардың бір бөлігі бұл Қазақстанның халықаралық беделін көтеру үшін және спортты дамытуға тамаша мүмкіндік деген пікір айтса, енді біреулер оны елге орынсыз шығын әкелетін қажетсіз шара деп, қарсылық білдірген.

«Көкжайлауды қорғайық» экологиялық қозғалысының мүшесі Абай Ерекенов олимпиадаға кететін шығынды қала табиғаты мен ауа ластығын тазартуға жұмсаған жөн санайды. Бұл пікірді қостайтындар тағы бір халықаралық ауқымды шара – EXPO-2017 көрмесін ұйымдастыруға арналған қаржыны жымқыру жанжалы қызып тұрған Қазақстан үшін бұл қосымша шығын әкелетін шара деп қабылдайды.

Бірақ, бұл сынмен келіспейтін Алматы-2022 комитетінің өкілі Андрей Крюков сынды қазақстандықтар олимпиада шығын ғана емес, пайда әкелетін шара деген қарсы уәж айтады. Крюковтың есебінше, Алматыда олимпиада ұйымдастыру 3 миллиард доллар пайда әкелген болар еді.

ХОК шешімін Алматыда қалай күткені жайлы фотогалерея:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG