Accessibility links

Украинадағы қақтығысты тоқтату жайлы келісім жасалды


Минск келісіміне қатысушы төрт ел басшылары (солдан оңға қарай): Ресей президенті Владимир Путин, Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Франсуа Олланд және Украина президенті Петр Порошенко. Минск, 11 ақпан 2015 жыл.

Минск келісіміне қатысушы төрт ел басшылары (солдан оңға қарай): Ресей президенті Владимир Путин, Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Франсуа Олланд және Украина президенті Петр Порошенко. Минск, 11 ақпан 2015 жыл.

Минскіде кездескен Германия, Франция, Украина және Ресей басшылары Шығыс Украинада қақтығысты тоқтату туралы уағдаласты.

Ресей президенті Владимир Путин Беларусь астанасы Минскіде Украина, Германия және Франция басшыларымен өткен бірнеше сағатқа созылған келіссөзден соң Шығыс Украинадағы қақтығысты тоқтату туралы уағдаластық жасалғанын мәлімдеді.

"Норманд форматында" өткен кездесуден шыққан Владимир Путиннің айтуынша, қақтығысты тоқтату келісімі 15 ақпаннан бастап күшіне енеді. Келісім бойынша, қақтығыс аймағынан ауыр қару-жарақ әкетіліп, 50 километрлік аралық зона құрылады. Оның сөзінше, келісімде Луганск пен Донецк облыстарының ерекше статусы туралы заңның іске қосылуы, Донбаста тұратын халықтың заңды құқығы ескерілген конституциялық реформа жасау жайы айтылған.

Украина президенті Петр Порошенко қақтығыс аймағынан ауыр әскери техника мен қару-жарақты әкету бітім шарты күшіне енгеннен екі күннен соң басталатынын мәлімдеді. Ол келісім бойынша Украина территориясынан барлық шетелдік әскер шығарылатынын, үш апта ішінде кепілге алынған тұтқындардың бәрі босатылатынын, украин шекарашылары 2015 жылдың соңына қарай Украина мен Ресей шекарасына қайта бақылау орната бастайтынын айтты.

Украина президентінің сөзіне қарағанда, Ресей үстінен іс қозғап, қамауда ұстап отырған украиналық әскери ұшқыш Надежда Савченконы босату туралы да келісім жасалған.

ВИДЕО: Минскідегі жиын басталар сәт

Келіссөзден соң Франция президенті Франсуа Олланд төрт ел басшысы Украина дағдарысын реттеу туралы ғаламдық келісім жасағанын мәлімдеді. Ол келісім "Украинаға үміт ұялатып, Еуропаны тыныштандыратынын" айтты.

Германия канцлері Ангела Меркель Минск жиыны Украина дағдарысын тоқтатуға жаңа үміт сыйлағанын, бірақ алда өте көп атқарылар істер бар екенін мәлімдеді. Ол Украина президенті Петр Порошенконың елдегі қантөгісті тоқтату үшін көп іс атқарғанын айтты.

Төрт ел басшыларының келіссөзі 11 ақпан күні түнге қарай басталып, 12 ақпанда түс ауа аяқталған. Жиын ортасындағы үзілісте Порошенко келіссөз "қиын жүріп жатқанын", Ресейдің қақтығысты реттеуге қатысты ұстанымы "көңілге қонбайтынын" мәлімдеген.

2014 жылы көктемде Ресей Қырымды аннексиялап алған соң Украинаның шығысында қарулы сепаратистер жиылып, Донецк және Луганск облыстарында әлі күнге дейін соғыс жүріп жатыр. Қақтығыс салдарынан қаза тапқандар саны 5 мыңнан асып кетті. Украина дағдарысы кезінде Батыс пен Ресейдің арасы қырғи-қабақ соғыс кезеңінен бері бірінші рет қатты нашарлап тұр. Бұл оқиға Батыстың Ресейге әлденеше рет санциялар салуына, Ресейдің оған қарсы қарымта шара қолдануына ұласқан.

2014 жылы қыркүйекте Украина мен Ресей өкілдері Минскіде оқ атуды тоқтату туралы келісімге қол қойған. Бірақ соңғы айларда жағдай ушыға түскен соң өткен аптада Германия мен Франция Ресей мен Украинаға жанжалды реттеу бойынша жаңа ұсыныс жасаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG