Accessibility links

Өзбекстанның Самарқан облысында екі ауылдан 200-ден аса адам топ болып төбелескен. Жергілікті милиция жанжалға әртүрлі әлеуметтік жікке жататын жастар қатысқан дейді.

ЖІККЕ БӨЛІНУ

Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, тамыздың 7-і күні кешке Самарқан облысы Қошрабад ауданындағы «Истикбол» және «Қорған» дейтін екі қышлақта тұратын жас жігіттердің арасында үлкен төбелес болған. Бейресми дереккөздердің айтуынша, 200-ден аса жас азаматтар қатысқан төбелесте қарсы тараптар бір-біріне тас, таяқ, арматура жұмсаған. Оннан аса адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған.

– «Истикбол» қышлағында тегі жағынан бұрынғы «құлдар» әлеуметтік қауымынан шыққан өзбектер тұрады. Ол жақтағы колледж директоры мен оқытушылары да сол қышлақтан. Сол коллежде «Қорған» қышлағының жігіттері де оқиды. Олар өздерін «бектер» қауымынанбыз деп санайды. «Құлдар» қауымына жататын жастар үнемі «бектер» қауымындағыларға қысым көрсетеді екен. Олар «бектерден» ай сайын бес мың сум мөлшерінде (бір АҚШ долларына жуық) алым-салық жинап отырған. Проблема ушығып, ақыры тамыздың 7-сінде төбелеске ұласқан. Колледж жанында басталған шағын ерегестен кейін екі қышлақтан жүздеген жігіт төбелеске жиналған, - дейді Азаттықтың Өзбек қызметі сөйлескен адам.

Оның айтуынша, төбелес салдарынан екі жақтан ондаған адам зардап шеккен.

– Жігіттер төбелеске тас, таяқ, арматурамен келген. Екі топтың арасында қыран-кескі төбелес болды. Төбелесті тіпті Қошрабад милициясы да ажырата алмады. Кейін облыстан арнайы жасақ (ОМОН) келіп, бәрін сабасына түсірді. Қол-аяғы сынған, басы жарылған ондаған жігіт аудандық ауруханаға түсті, - дейді әлгі адам.

ЕКІ ҚЫШЛАҚ АРАСЫНА КҮЗЕТ ҚОЙЫЛДЫ

Азаттықтың Өзбек қызметінің Қошрабад ауданындағы дереккөзінің айтуынша, қазір «Истикбол» мен «Қорған» қышлақтары арасында күшейтілген милиция бекеттері орнатылған.

– Милиция шатыр орнатып, екі қышлақтан да ешкімді шығармай не оларға кіргізбей тұр, - дейді дереккөз.

Бұл оқиғаға байланысты тергеу жүргізіп жатқан Самарқан облыстық ішкі істер басқармасы қызметкері Азаттықтың Өзбек қызметіне төбелес болғанын растаған.

– Мұны ұлтаралық араздық деуге де, расизм деуге де болмайды. Жанжал екі әлеуметтік жікке жататын жас жігіттердің бір-бірінің тегін кемсітуден шыққан. Төбелесті бастағандар қазір анықталып, олардан жауаптар алынып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Дене жарақатымен ауруханаға түскен бір адам қазір сауығып шықты. Екі қышлақтағы жағдайды милиция бақылауда ұстап отыр, - дейді билік өкілі.

(Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласынан аударылды)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG