Accessibility links

Қытайдағы senkazakh.com, kzsahara.com және xalhar.net қазақ сайттарында осы аптада жарияланған жазбалар мен оқырмандар пікірлеріне шолу жасалды.

«ӨЗ АТАҚОНЫСЫМЫЗДА ОТЫРҒАН ҚАЗАҚПЫЗ»

Бұл аптада senkazakh.com сайтында жарияланған «Мен қытай қазақ емеспін» деп аталатын жазбада Қазақстанда кейбір қазақтардың Шыңжаңдағы қазақтарды «қытай қазақ» деген атайтындығына байланысты ой айтылған.

«Біз қазақтың ежелгі ата қонысында отырмыз. Сондықтан бізге бұл атау ұнамайды. Себебі тарихты білмейтін қазақ еліндегі жастарға біз Қытайға ауып барған қазақ болып елестеуіміз мүмкін. Сондықтан бізге ғылыми түрде басқаша атау беру керек» деген пікірді сайт оқырмандары толық қолдаған.

Сайт оқырмандарының бірі «Қазақстанда қытай тілінде білім беретін орта мектеп салынғалы жатқандығы туралы» ақпарат барын жазыпты. Осы тақырыпты талқыға салған сайт оқырмандары «бұл ақпар егер расқа айналса, онда қазақ мемлекеті күндердің күнінде жойылып тынады» деген пікірге тоғысыпты.

ТОРАП ӘДЕБИЕТІ

Осы аптада xalhar.net сайты «Торап әдебиеті. Оның жетістіктері мен кемшіліктері» атты көлемді мақала жариялаған. Қытайдағы қазақтар интернетті және сайтты «торап» деп атайды. «Ерген 555» деген атпен тіркелген қолданушы «Торап әдебиеті пайда болғаннан қазірге дейінгі оншақты жылда әдебиеттің дамуына ерекше ықпал жасаған ағым болды» деп жазыпты.

Мақала авторының айтуынша, «торап әдебиетінің ең негізгі абзалдығы – мекен мен мезгілдің шектелмегендігінде, яғни оқырман қолайына қарай қалаған орнында, қалаған уақытта торапқа шығып, мол шығармалармен сусындай алатындығында».

СТАЛИН КӨШЕСІ

Ал kzsahara.com торабының оқырмандары Құлжа қаласына алғаш келгендігін айта келіп, «бұл ара қазақ облысы болғанымен көше аттарының барлығы ұйғырша жазылыпты. Және Сталиннің атымен аталатын көше бар екен. Құлжаның Сталинмен қандай байланысы бар?» деген сауал қойыпты.

Kultegin.com сайтының кеңсесі Синьганға көшірілгені туралы бейсенбі күні сайттың жетекшісі Азаттық тілшісіне хабарлаған еді.

– Қытайдың ішкі саясатына қатысты мақала шығып кеткендіктен Бейжіңдегі бас офисімізді жауып, Шияңганға көшіріп жатыр, – деді ол.

Сайттың жұмысы аптаның соңында қайтадан жалғасатыны туралы хабарланғанымен «Күлтегін» торабы әлі ашылмай тұр.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG