Accessibility links

Саакашвилидің жақсы атпен қалуы неғайбіл


Грузия президенті Михаил Саакашвили. Тбилиси, 27 маусым 2013 жыл

Грузия президенті Михаил Саакашвили. Тбилиси, 27 маусым 2013 жыл

2006 жылы Грузияның лауазымды шенеуніктері банкирді соққыға жығып, жаралы күйде далаға тастап кеткен. Осы қылмыстық істі бүркемелеу әрекеттері Михаил Саакашвили дәуіріне үлкен дақ түсірді.

Тбилисиде Сандро Гиргвлианиді атты жас банкирді өлімші етіп сабап, далаға тастап кеткендердің қылмысы Грузия басшыларына тыныштық берер емес.

Грузияның бұрынғы премьер-министрі және ішкі істер министрі Вано Мерабишвилиге осы аптада Гиргвлианидің өліміне қатысты тергеу ісін адамтырмақ болды деген айып тағылғанда, «президент Михаил Саакашвили өзінің билік құрған кезеңіндегі бұл абыройсыз істен аман қалар» деген үміт үзілуге айналды.

Грузия үкіметінің аталмыш қылмысты жауып тастау әрекеттері көпшілікті 2003 жылы Саакашвилидің өзі ту етіп көтерген демократиялық оптимизм толқыны мен «Раушан гүл төңкерісінің» жарқын идеялдарынан түңілдіріп жіберді. Себебі осы оқиға президенттің негізгі жетістігі саналатын жемқорлыққа батқан Грузия полициясын реформалау ісіне нұқсан келтірді.

"УӘДЕГЕ ҚАЙШЫ ӘРЕКЕТ"

Тбилисидегі Еуропалық зерттеу орталығының басшысы Каха Гоголашвили:

- Осы іс Саакашвили үкіметінің Грузияда сол кезде жүргізген реформасы мен елге берген уәдесіне қайшы келді. Вано Мерабишвилидің өзі бас болып, Грузия полициясын қайта құру қарапайым халықты қорғау үшін жасалғанын елдің бәрі біледі. Бірақ Вано Мерабишвилидің өзі өкілетін асыра пайдаланып, адам азаптауға қатысты іске байланысы бар болып шықты, - дейді.

Қазір Саакашвили дәуіріне қатысты жанжалдар жетерлік. Олардың ішінде Саакашвили билікте отырғанда дау туғызған жасырын аңду аудио-видео таспалардың жария болуы және «Грузия арманы» билікке келген соң қайта қозғалған құқық қорғау органдарының адамды азаптауға байланысты айыптаулары да бар. Бірақ Сандро Гиргвлианидің шым-шытырық детальдарға толы өлімі мен осы қылмыстық істі құпия түрде жауып тастамақ болу әрекету ерекше назар аудартып тұр.
Гиргвлианиді өлтіргендерді жазалауды талап еткен плакат.

Гиргвлианиді өлтіргендерді жазалауды талап еткен плакат.


United Georgian Bank-тің халықаралық департаментін басқарған 28 жастағы Гиргвлиани 2006 жылғы қаңтардың 27-28 күні кісі қолынан опат болған. Оның әбден азапталып, жарақат түскен өлі денесі Тбилисидің сыртынан табылған еді.

Ол жарақаттан өлді ме, әлде далада жатып суықтан үсіп өлді ме, ол жағын ешқашан ешкім анықтаған емес. Бірнеше күн өткен соң Imedi телеарнасы осы оқиғаны тексеріп, Гиргвлианидің өлерінен бірнеше сағат бұрын қымбат ресторанда достарымен және әріптестерімен бірге туған күнін тойлаған ішкі істер министрінің жоғары лауазымды басшысымен бірге болғаны жайлы ақпарат таратқан. Осы туған күн кешінде Вано Мерабишвилидің әйелі Тако Майзурадзе де болған. Куәгерлердің айтуынша, Гиргвлиани сол жердегі басшылардың біреуімен ерегісіп, олардың біреуіне ауыр сөз қайтарған. Банкир досымен бірге рестораннан шыққан кезде оларды біреулер «Мерседес» көлігіне күштеп отырғызып, Тбилисидің сыртындағы Окрокана деген жерге алып кеткен. Досы қашып құтылып, телеарна журналистерінің оқиғаны тексеруіне түрткі болған. Гиргвлианиді соққыға жығып, азаптап, қыстың аязды түнінде денесін далаға тастап кеткен сияқты.

МЕРАБИШВИЛИДІҢ СҮРІНУІ

Банкирдің туыстары мен көптеген депутаттар ішкі істер министірін «осы іске қатысы бар» деп айыптап, тәуелсіз тергеу жүргізуді талап етті. Мерабишвили «бұл істі тексеру менің жеке басымның және ішкі істер минстрлігінің абыройы үшін жасалатын міндет» деп бұл істі өзі қолға алған. Бірақ бір айдан соң ол парламентте «Imedi телеарнасы таратқан ақпаратта аты аталған басшылардың бұл оқиғаға қатысы бар деген дәлел жоқ» деп мәлімдеді. Ол өзіне тағылған айыптардың бәрін «жеке басымды және менің басшылығыммен жүргізілген реформаны қаралау үшін жасалған іс» деп жоққа шығарды.

Артынша телеарна зерттеуінде аттары аталмаған 4 полиция қызметкері осы іске байланысты тұтқындалды. Депутаттар Мерабишвилидің отставкаға кетуін талап етіп жатты.
Вано Мерабишвили, Грузияның бұрынғы премьер-министрі, ішкі істер министрі Кутаиси сотында. 22 мамыр 2013 жыл

Вано Мерабишвили, Грузияның бұрынғы премьер-министрі, ішкі істер министрі Кутаиси сотында. 22 мамыр 2013 жыл


Көпшіліктің талабы мен саяси қысым күшейген соң тергеушілер амалсыздан 2006 жылдың маусым айының аяғында Гиргвлиани қаза табатын түні онымен ресторанда бірге болған басшылардың көбін тергеуге алды. Олармен бірге Мерабишвилидің зайыбы да тергелді. Тергеушілер тексеруден соң «олардың ешқайсысының бұл қылмысқа қатысы жоқ. Гиргвлиани мен тұтқындалған 4 полицейдің арасындағы жанжал, банкирдің өліміне әкеп соққан. Себебі Гиргвлиани досы екеуі бардан шыққанда 4 полиция қызметкері оларды соңдарынан қуа шыққан» деген қорытынды шығарды.

Мерабишвили туралы жеке мақаланы оқыңыз

2006 жылдың шілде айында 4 полиция қызметкері Гиргвлианидің өліміне әкеп соқтырған бірнеше ауыр дене жарақатын салғаны үшін сотталды. Олардың біреуін 8 жылға, қалған үшеуін 7 жылға бас бостандығынан айырды. Кейінірек президент оларға рақымшылық жасап, кесілген жылдарының тең жартысын қысқартты. Олардың төртеуі де 2009 жылы қыркүйек айында түрмеден біржола босап шықты. Қазір прокурорлар «Мерабишвили осы қылмысты бүркемелеуді ұйымдастырды. Ол сотталғандардың әрқайсысына 100 мың доллардан жәрдемақы төлеген және олар түрмеде жатқанда оларға өте жайлы жағдай жасаған» дейді. Алайда Мерабишвили тағылған айыптың бәрін жоққа шығарады. Ол өзі «бұл істің саяси астары бар» деп санайды.

ЕУРОПА СОТЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Осы жанжал басталғалы бері Саакашвили Мерабишвилиге қатысты тергеудің жеткілікті жүргізілмегенін айғақтайтын дәлелдердің көптігіне қарамастан оны қорғап келді. Ақырында Гиргвлиянидің туыстары бұл істі Страсбургтегі адам құқықтарын қорғайтын Еуропалық сотқа дейін жеткізді. 2011 жылы Еуропалық сот 69 беттік баяндасында бұрынғы тергеу қорытындысын тас-талқан етті. Бұл құжатта: «Сот әділ тергеудің жүруіне кедергі келтіру үшін үкіметтің бірнеше тармақтарының жабыла қимылдағанын көріп таң қалды. Грузия үкіметі қылмыс болған түні ресторанда болған басшылар мен Гиргвлианидің өліміне кінәлі деп табылған полицейлердің арасында нақты байланыс барын назарға алмаған» деп жазылған.
Демонстранттарды тыныштандырып жатқан Тбилиси полициясы. 1 мамыр 2013 жыл.

Демонстранттарды тыныштандырып жатқан Тбилиси полициясы. 1 мамыр 2013 жыл.


Грузияның жас заңгерлер ұйымының басшысы Каха Кожоридзе Еуропа соты жанжалдың барлығын анықтап, Саакашвили үкіметінде өте үлкен проблемалар бар екеніне көпшіліктің көзін жеткізді дейді.

- Еуропа соты мұны ашық айтып отыр. Судьялар тергеу кезінде қайталана беретін проблемаларды көріп таң қалды. Олар бұл іске ішкі істер министрінің, прокуратураның, қамау орындарының, соттардың, президенттің, әділет министрлігінің қатысы барына және олардың барлығының істі жауып тастауға тырысқанына көз жеткізген. Аталмыш билік органдары тергеу ісіне барынша кедергі келтіріп баққан. Осының өзі Грузияда жүйелі түрде проблеманың тамыр жайып кеткенін білдіреді, - дейді ол.

Жеті жылдан бері Гиргвлианидің өлімі Саакашвилидің «жарқын дәуірі» саналатын кезеңге кетпейтін кір боп жабысты.

Қазір Мерабишвилидің ісі сотқа кетіп барады. Күзде президенттік мерзімі аяқталған соң Саакашвилидің де өзіне айып тағылатын сияқты. Гиргвлианидің елесі кезінде Грузиядағы демократиялық реформаларды жүзеге асыру үмітін жаққан басшыларға тыныштық берер емес.

Лука Каландаришвилидің материалын аударған Сағынай Кәрім.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG