Accessibility links

«Әлем аруы» байқауының діни және саяси астары


«Әлем аруы» байқауына Косовоның атынан қатысатын Антигона Сейдиу.
«Әлем аруы» байқауына Косовоның атынан қатысатын Антигона Сейдиу.

«Әлем аруы» байқауына Өзбекстан, Косово, Камерун мен Гвинея өкілдері тұңғыш рет қатыспақ. Ал былтыр бұл сайысқа жасы толмай бара алмаған "Қазақстан аруы" осы жолы бақ сынайды.

Байқау биыл қыркүйек айында Индонезияда болады. Сайыстың түрлі шаралары екі жерде - осы ел астанасы Джакарта қаласы мен Бали аралында өтеді.

Биыл байқауға қатысатын елдер көбейіп, 110-ға жетті. Өзбекстан мен Косово аруынан бөлек, бұл сайысқа Камерун және Гвинея қыздары да алғаш рет қатысқалы отыр.

Бұл байқауға өкілдерін қатыстырғысы келген ел алдымен өз аумағында лицензияланған байқау өткізуге тиіс. Одан жеңіп шыққан аруға қаржылай көмек көрсетуге де міндетті.

"ӘЛЕМ АРУЫНА" МҮФТИЯТТЫҢ ӘСЕРІ

Алайда жұрт назарын биылғы байқаудың діни астары аударып отыр. «Әлем аруы» сайысына мұсылман елінен келетін 4 қыз қатыса алмайтын түрі бар.

"Малайзия аруы" байқауының бір сәті. (Көрнекі сурет)
"Малайзия аруы" байқауының бір сәті. (Көрнекі сурет)
Себебі Малайзия мүфтияты «сұлулық байқауы мұсылмандарды қорлайды, әрі шариғат қағидаларына қайшы» деген пәтуа шығарған.

Осы пәтуадан кейін «Малайзия аруы» байқауын ұйымдастырушылар финалға шыққан 4 қызды «Әлем аруы» сайысына жібере алмай отыр.

Пәтуада мұсылман әйелдердің мұндай сұлулық сайыстарына қатыса алмайтыны ашық айтылған.

БИКИНИ ОРНЫНА – САРОНГ

Суда жүзетін лыпа киіп ел алдына шығу – «Әлем аруы» байқауының ең көне әрі ең даулы сайысының бірі.

Байқау өткізетін ел – Индонезиядағы діни көзқарастар мен қоғам ерекшелігіне байланысты биыл бикини сайысы бағдарламадан алынып тасталды.

Оның орнына «Жағажай сәні» сайысына қатысушылар саронг киіп шығады. Саронг – әйелдер суға түскенде денесін орайтын мата.

Оны көбінесе Оңтүстік Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка мен Араб елдерінің әйелдері киеді.

ӨЗБЕКСТАН ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ФАКТІЛЕР

Өзбекстан - бұрынғы Совет Одағының Орталық Азия бөлігінен байқауға үміткер жіберіп отырған үшінші ел. Бұл сайысқа аймақтан Қазақстан мен Қырғызстан арулары қатысып келеді.
Рахима Ганиева.
Рахима Ганиева.

Өзбекстан атынан сайысқа ташкенттік Рахима Ганиева қатыспақ. Ол биыл шілдеде республикалық арулар байқауында жеңіп шыққан.

Байқауға қатысушылар өз елдері жайлы қызықты мәліметтер әзірлеуі тиіс.

«Әлем аруы» веб-сайтынан Ганиеваның өз отаны туралы жазғандарын оқуға болады. Өзбекстан аруы мынадай қызық фактілер келтірген:

1. Өзбекстанда ер кісі әйелмен қолын жүрек тұсына қойып, басын иіп амандасады.

2. Араб сандарын ойлап тауып, алгебраның негізін қалаған әл-Хорезми Өзбекстанда туған.

3. 2002 жылы Ресей және өзбек археологтары Өзбекстанның Қашқадария және Самарқанд аймақтарынан 2 мың 700 жыл бұрын салынған пирамидалар тапты.

4. Өзбекстан - мұхитқа шығар жолы жоқ елдердің екі қабатты қоршауында тұрған әлемдегі екі мемлекеттің бірі. Екіншісі – Лихтенштейн.

5. Өзбектер нанды ешқашан төңкермейді және жерге қоймайды, тіпті нан сөмкеде ішінде болса да.

​Мұндай сұлулық байқауларында кейбір елдердің өкілдері өз елдері жайлы жұрт күтпеген мәлімдеме жасап жатады.

Наталья Переверзева. Мәскеу, 25 қазан 2012 жыл.
Наталья Переверзева. Мәскеу, 25 қазан 2012 жыл.
Мәселен, 2012 жылы Филиппинде өткен «Жер аруы» (Miss Earth) байқауында Ресей өкілі Наталья Переверзева отаны жайлы ешкім күтпеген саяси пікір айтып, ел назарын өзіне аударған. Ол:

– Менің Ресейім – тек кейбір «таңдаулы» адамдар ғана байлығын сорып жатқан алып күретамыр. Менің Ресейім – қайыршы әйел. Менің Ресейім – жетім-жесір, кәрі-құртаңға көмектесе алмаған дәрменсіз ел. Қайраңға батып бара жатқан кеме секілді бұл елден инженерлер мен дәрігерлер, мұғалімдер күндерін көре алмай қашып жатыр, – деген еді.

ӘЙЕЛДЕРДІ КЕМСІТУ МЕ, ӘЛДЕ ТАБЫС КӨЗІ МЕ?

«Әлем аруы» байқауына Косовоның атынан 21 жастағы Антигона Сейдиу қатысады. Бұл елдің тәуелсіздігін мойындамаған мемлекеттер - Сербия мен Ресей. Антигона Сейдиу қыркүйекте осы екі елдің аруларымен сайысатын болады.

Косово тәуелсіздігін жариялаған 2008 жылдан бері мұндай сұлулық сайыстарының бірнешеуіне қатысып келеді. Мәселен, «Жаһан аруы» атты басқа бір жарыстан да Косово қыздары қалмайды. Табиғатты қорғау мәселелерін көтеретін «Жер аруы» байқауына да бұл ел өкілдерін қатыстырып келеді.

Кейінгі жылдары сұлулық байқауларын «әйелдерді кемсіту» деп санайтын сыншылар көбейді. Олар «қыздардың мұндай сайыстарын өткізбеу керек» дейді. Дегенмен бұл жарыстарға демеушілік жасап, одан пайда табушылар да көбейіп келеді.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, бұл байқаудың ұйымдастырушылары «Жаһан аруы» деген байқаудың ұйымдастырылып жатқанын естіп, бұрын жай бикини жарысы болып келген шараның атын «Әлем аруы» деп өзгерте қойған.

«Әлем аруы» байқауы 2002 жылы Нигерияның астанасы – Абуджа қаласын байқау өткізетін орын етіп таңдағанда дауға қалған еді. Сол жылы ол елде Әмина Лауал есімді ажырасқан әйел некесіз бала туғаны үшін шариғат заңдарына сәйкес таспен ұрып жазалануы тиіс болған. Кейін әйелге қатысты үкім күшін жойды.

2012 жылғы "Әлем аруы" байқауының жеңімпазы Юй Вэнься.
2012 жылғы "Әлем аруы" байқауының жеңімпазы Юй Вэнься.
2012 жылғы «Әлем аруы» байқауы Қытайда өтіп, бас жүлде осы елдің өкілі Юй Вэньсяға бұйырды.

«Әлем аруы» байқауына Қазақстанның атынан «Қазақстан аруы – 2011» байқауының жеңімпазы Айнұр Төлеуова қатысады. Ол жасы 18-ге толмағандықтан, былтыр Қытайда өткен байқауға бара алмаған еді.

Энди Хейлдің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG