Accessibility links

Тәжікстанның Исламдық қайта өрлеу партиясы әлеуметке бет бұрды


Тәжікстанның Исламдық қайта өрлеу партиясы кеңсесінде жұма намазын оқып отырған әйел. Душанбе, 17 қыркүйек 2010 жыл.

Тәжікстанның Исламдық қайта өрлеу партиясы кеңсесінде жұма намазын оқып отырған әйел. Душанбе, 17 қыркүйек 2010 жыл.

Тәжікстандағы Исламдық қайта өрлеу партиясы (ИҚП) қазіргі заман талабына сай қызмет ету принципіне көше бастады. Партия тек діни уағыздар айтып, саяси мәлімдемелер жасаудан гөрі, жастарға көбірек мән беруге, қарапайым адамдардың мұң-мұқтажына құлақ асуға және әлеуметтік жобаларға араласуға күш салып жатыр.


Тәжік үкімет органдары бес баланың әкесі Атавулло Ракибовтың үйін реконструкциялық жобаны іске асыру үшін бұзуға тапсырма берген кезінде ол әйелі екеуі үйінің құнын өтеп беруді талап етіп, Душанбедегі президент резиденциясының алдына барды.

САЙЛАУДА ҒАНА САЙРАЙТЫН ПАРТИЯЛАР

Ерлі-зайыпты Ракибовтар омбудсменнің кеңсесіне және БҰҰ-ның жергілікті штаб-пәтеріне барған. Бірақ олардың сөзін құлаққа ілген ешкім болмайды. Тек «Исламдық қайта өрлеу партиясы» (ИҚП) ғана олардың мәселесін қолға алып, Ракибовтың үйі орналасқан Файзобод ауданында жаңа үй салып беруге уәде береді. Ұзамай Facebook әлеуметтік желісінде елді Ракибовтар отбасына көмектесуге шақырған парақша ашылып, содан кейін ғана үкімет олардың мәселесіне назар аудара бастайды.

Тәжікстанда халық саяси партиялардың белсенділігін, тіпті олардың бар-жоғын өздерінің тек сайлау боларға екі ай мерзім қалғанда ғана сезінетінін айтады.

Бірақ ИҚП бұлардың қатарына кірмейді. Партия қос палаталы ассамблеяда 96 орынның екеуіне ғана ие болса да, қарапайым халық тарапынан кең
Тәжікстандағы Исламдық қайта өрлеу партиясының басшысы Мұхиддин Кабири (ортада). 25 сәуір 2011 жыл.
қолдау табу үшін нақты қоғамдық жұмыстар атқарып, қайырымдылық шараларын көрсетуге кірісіп кетті.

1990 жылы құрылған ИҚП – Орталық Азия бойынша ресми тіркеуден өткен жалғыз ғана партия. 2006 жылдан бері партияны әлеуметтік салаға бейім 45 жастағы кәсіпкер Мухиддин Кабири басқарып келеді. Кәсіпкер гандбол ойынын жақсы көреді екен.

САЯСАТҚА ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР АРҚЫЛЫ ЖОЛ САЛУ

Партияның Ракибовқа қатысты істеген шарасы – ИҚП-ның әлеуметтік жобалар арқылы кең танымал болуға ден қойып отырғанының бір мысалы.

Бұл жайында Душанбеде тұратын тәуелсіз сарапшы Парвиз Мулложонов «Бұл – партияның тек кездейсоқ жүргізіп отырған қайырымдылық акциясы емес, айқын мақсат етіп қойылған стратегиясы» деген пікір айтады.

– Бұл халық арасында партияның беделін арттыру үшін жасалған ұзақ мерзімді жоспар. Партия конференциясында діни және саяси мәселелерге қоса, партияның әлеуметтік және экономикалық жобаларға да назар аударуы қажет екені талқыланды, – дейді Парвиз Мулложонов.

ИҚП жетекшісі Кабири партияның қоғамдық жұмыстарға ден қоюының саясатпен еш байланысы жоқ деп санайды.

– Халық біздің партиямыздың кеңселеріне қаржылық және өзге де жәрдем іздеп, түрлі мәселелер бойынша кеңес сұрай келеді. Оларға қолымыздан келгенінше көмек көрсетуге тырысамыз. Бұны діни парызымыз деп түсінеміз. Біз халық саяси партиядан гөрі ислами партиядан көп нәрсені күтеді деген сенімдеміз, – дейді Мұхиддин Кабири.

СЫЛДЫР СӨЗДЕН – НАҚТЫ ІСКЕ

Өткен жылдың мамырында солтүстіктегі Куляб қаласын су басқанда ИҚП белсенділері табиғи апаттан зардап шеккендерге азық-түлік жеткізіп беруге және ақша бөлуге асықты. Олар кулябтық тұрғындардың көшелері мен үйлерін тазалауға көмектесіп, бірнеше күн сонда болды.

Бұл жайында Мұхиддин Кабири:

– Мақсатымыз – халықтың алдында өзіміздің атымызға лайық болу. Біздің партиямыз жайындағы қате және теріс түсініктерді жойғымыз келеді. Қазіргі жағдайда аймақта және әлемде Исламмен байланысты кез-келген партияны жұрт бірден теріс түсініп қалады, – деген ойын жеткізді.

Ал өткен жылғы су тасқынында үйі қираған Ахмад есімді кулябтық тұрғын:

– Мен «ИҚП – террористер мен уаххабистердің партиясы» дегенге сеніп келдім. Алайда, партия жетекшілері мен белсенділері табиғи апаттан кейін бізге көмек қолын соза келгенде бұл пікірімді өзгерттім, – дейді.

«Халықпен бірге болып, әрқайсысына жеке-жеке көмек көрсетудің әсері биік мінберлерде тұрып алып мәлімдеме жасағаннан мүлдем өзгеше. Партия белсенділері кір-қоқыстың қақ ортасында тұрғындарға көмектесіп жүрген кезде халық олар жайлы «террорист», «экстремист» деген өсектердің бәрінің шындыққа жанаспайтынына көз жеткізді. «ИҚП жақтастары ұрынарға қара таппай жүреді және тұрғындарға қару-жарақ таратады» деген ұғым болған. Алайда көп ұзамай халық бұның бәрінің жалған екенін түсінді. Олар мүмкін адамдарға көмектесу арқылы саяси мақсатты көздейтін болар, бәлкім олар өздерінің парламентке кіру амбициясын халықтың қолдауымен күшейтуді қалайтын шығар. Бірақ, қалай болса да біз оған бас ауыртпаймыз. Егер дәл осылай тұрғындарға жәрдем беру арқылы ұпай жинағысы келсе, ол мақсатына жете берсін» деген ойын айтты кулябтық тұрғын.

ЖАСТАР ДІН МЕН САЯСАТТАН ГӨРІ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРГЕ АЛАҢДАЙДЫ

Куляб – президент Эмомали Рахмонның туған жері және саяси тірегі. Мұнда «Исламдық қайта өрлеу партиясына» үнемі сезікпен қарап келген. Бірақ ИҚП-ның әлеуметтік саладағы қызметі оған басқа партиялардың алдында бәсінің жоғары болуына мүмкіндік береді.

– Біз басқа саяси партиялар жайында тек сайлау кездерінде ғана естиміз. Сайлаулардың арасында басқа оппозициялық партиялардың жетекшілері тек
Тәжікстандағы Исламдық қайта өрлеу партиясының басшысы Мұхиддин Кабиридің жастармен кездесуі. 27 желтоқсан 2010 жыл.
шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың ұйытқы болуымен өткізілетін семинарларда ғана көрініп қояды. Онда да өздеріне жұмыс істеудің қаншалықты қиын екендігін айтып шағымдану үшін келеді, – дейді Иброхим.

Тәжікстандағы өзге саяси партиялардай емес, ИҚП Facebook-те жеке парақшасын және YouTube-те дербес арнасын ашу арқылы әлеуметпен байланыстың жетілген түрін қолға алды. Партияның әлеуметтік желілерге баса назар аударуы көбінесе жастар арасынан өз қолдаушыларын тартуға ұмтылуынан байқалады. Кабири мен партияның өзге де жетекшілері Душанбеде және елдің басқа да қалаларында жастармен, университет студенттерімен жиі-жиі кездесу өткізіп тұрады.

– Халық кейде үнемі діни және саяси тақырыптарда дәрістер тыңдағысы келе бермейді. Бізді одан гөрі жұмыссыздық сияқты күнделікті проблемалар көбірек қызықтырады. Оған қоса, бұл партияның жетекшілері бізді мазалап жүрген мәселелерді дөп басады, – деген ойын айтады Душанбедегі Таваккал есімді 20 жастағы студент.

ИҚП-ның қатарында партияның саяси кампанияларын ұйымдастырып, әлеуметтік бағдарламаларды іске асырып жүрген еріктілердің көбі – жастар мен студенттер.

Еріктілердің алғашқы тобы 2010 жылғы парламент сайлауы кезіндегі науқанда партияның жастар ісі жөніндегі секциямен жұмыс істеу үшін құрылған.

ПАРТИЯНЫҢ КӨЗДЕЙТІНІ НЕ?

Кабири бірде өзінің Тәжікстанда ислам мемлекетін құрмақ ниеті жоқ екенін, бірақ партияның мемлекетте ислами қоғам орнатқысы келетінін айтқан.

Кабири ИҚП-ның алға қойған түпкілікті мақсатын ашып айтқанына қарамастан, көптеген тәжіктер партия мен оның әлеуметтік бағдарламаларына әлі де болса күмәнмен қарайды. Кейбір сарапшылар «партия өзінің шынайы мақсатын жасырып отыр, шын мәнінде ол билікке жетуді көздейді» дегенді айтады.

Басқалары партия шетелдік мұсылман мемлекеттерден және ұйымдардан қаржылай көмек алады деп айыптайды. Партия өзінің кіріс көзі кәсіпкерлер беретін қайырымдылық көмегінен және 40 мың мүшесінен жиналатын мүшелік жарна есебінен құралатынын айтады.

Ал Кабири Тәжікстандағы өзге саяси партияларға қатысты «Олардың барлығы біздің партия не істесе, соны қайталайды, оларға ешкім қой демейді» деген пікірін білдірді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG