Accessibility links

"Балаларды қорғаймыз деген желеумен". Сарым-Зәкиева түзетулері несімен қауіпті?


Интернетті бұғаттау. Карикатура авторы - Ғалым Смағұл.
Интернетті бұғаттау. Карикатура авторы - Ғалым Смағұл.

Заңға әлеуметтік желі мен мессенджерлерді шектейтін өзгертулер енгізу қазақстандық қолданушыларға қалай әсер етеді? Мемлекеттік органдар балаларды зиянды ақпараттан қорғауды сылтауратып, билік жақтырмайтын контентті бұғаттауы мүмкін бе? Батыстың әлеуметтік желілері мен мессенджерлері Қазақстан үкіметінің айтқанын орындаудан бас тартса не болады? Азаттық бұл сұрақтарды Digital Paradigm қоғамдық қоры директоры, цифрлық құқық бойынша сарапшылар тобының мүшесі Елжан Қабышевқа қойды.

Азаттық: Наурызда сенатқа "Қазақстан Республикасының балалар құқығын қорғау, білім, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы түсті. Онда "Сарым-Зәкиева түзетулері" деп аталатын бірнеше норма бар. Бұл нормалар елдегі әлеуметтік желілерді бұғаттауға мүмкіндік береді. Мәжіліс заң жобасын қарауды былтыр күзде бастаған. Қараша айында Қазақстан билігі мен Facebook әлеуметтік желісі өкілдері бір-біріне қайшы мәлімдемелер жасағаннан кейін бірнеше ай бойы заң жобасынан еш хабар болмады. Мәжілістің араға айлар салып, заң жобасын мақұлдауының себебі неде?

Digital Paradigm қоғамдық қоры директоры, цифрлық құқық бойынша сарапшылар тобының мүшесі Елжан Қабышев.
Digital Paradigm қоғамдық қоры директоры, цифрлық құқық бойынша сарапшылар тобының мүшесі Елжан Қабышев.

Елжан Қабышев: Шын мәнінде бәрі былтыр күзде емес, одан ертерек басталған. Жұмыс тобының алғашқы отырысы 2020 жылғы 20 мамырда өткен. Яғни, аталған заң жобасы бойынша жұмыстар екі жылдан бері жалғасып келеді. Арадағы үзілістерге келсек, нақтысын білмеймін, бірақ жұмыстың тоқтап қалуына былтыр күзде әлеуметтік желіде болған шу әсер еткен сияқты. Сол кезде ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ойшыбаев (Кемелбек Ойшыбаев – 2022 жылғы қаңтардың аяғында өз еркімен қызметінен босатылды) заң жобасындағы кей нормалар жеңілдейтінін айтқан.

Нәтижесінде "жергілікті өкілдікке" қатысты нормалар жеңілдеді. Басында әлеуметтік желілер мен мессенджерлер Қазақстан аумағында филиалын немесе өкілдігін ашып, жаңа ұйымға ел азаматтарының арасынан басшы тағайындауы керек делінген. Енді заңды өкілдер институты енгізілетін болды. Институт мүшелері әлеуметтік желі немесе мессенджердің мүддесін қорғап, мемлекеттік мекемелермен жұмыс істеп, құзырлы органдардың талабымен контентті бұғаттап немесе өшіріп отырады. Биліктің көңілінен шықпаған контентті өшіруге 24 сағат уақыт беріледі. Қазақстандықтар Instagram, Facebook және Telegram желілерін жаппай қолданатынын ескерсек, институт өкілдеріне ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен (заң жобасында құзырлы орган ретінде осы мекеме көрсетілген – ред.) күн сайын мыңдаған өтініш түседі деп ойлаймын. Өтініші орындалмаған жағдайда министрлік әлеуметтік желінің Қазақстандағы қызметін тоқтатуды талап етуі мүмкін.

Есептегіш құрылғы орнату туралы да норма қосылған. Заң жобасы қабылданса, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер платформадағы қолданушы санын есептейтін бағдарлама орнатуға міндеттеледі. Бір тәулік ішінде платформаға кіретін қолданушылардың орташа саны 100 мыңнан асса, әлеуметтік желіге жүктелетін міндет те артады.

Азаттық: Бұл өзгерістерді ұсынған авторлардың бірі Айдос Сарым қыркүйек айында азаматтарды заң жобасын талқылайтын жұмыс тобына қосылуға шақырған. Жұмыс тобына цифрлық құқық саласындағы сарапшылар мен құқық қорғаушылар кірді ме?

Елжан Қабышев: Заң жобасын дайындау жұмыстары 2020 жылғы мамырда басталған. Бірақ біз жоба туралы бір жарым жылдан кейін – былтыр күзде ғана білдік. Жұмыс тобына сол кезде бір-ақ қосылдық. Оның өзіне белсенділер, құқық қорғаушылар мен сарапшылардың "Мұндай маңызды шешім неге қоғамда талқыланбай қабылданады?" деп наразылық білдіруі әсер етті. Бірақ сарапшылармен дұрыс диалог болмады. Біз заң жобасындағы кей нормалар артық екенін, заңда онсыз да жала жабу мен қорлау үшін жауапкершілік қарастырылғанын айттық. Яғни, балаларды әлеуметтік желіде қорғауға мүмкіндік беретін заңнамалық процедуралар бар. Екіншіден, заң жобасының салыстырмалы кестесінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер тіркеуден өтіп, заңды өкілдерін тағайындауы керек делінген, бірақ онда балалар туралы ештеңе айтылмаған.

Азаттық: Заң жобасы авторлары ниетіміз түзу, балаларды кибербуллингтен қорғау үшін осындай нормалар қабылдауымыз керек деп сендіргісі келеді. Google әр алты ай сайын мемлекеттер компания сервисінен (YouTube, Blogger және басқалары) және іздестіру жүйесінен қандай контент түрін өшіруді сұрағаны жөнінде есеп жариялайды. Компанияның кейінгі есебіне сәйкес, Қазақстаннан түскен өтініштердің 40 пайызы билік өкілдерін сынайтын контентті өшіруге, тағы 40 пайызы "ұлттық қауіпсіздікке", тек 4 пайызы ғана "дискриминациялық мәлімдемелерге" қатысты болған. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі балаларды қорғау мақсатын желеу етіп, кез келген контентті өшіруді талап етуі мүмкін бе? Ведомство билік жақтырмайтын жазбалар мен видеоларды бұғаттайды деген қауіп бар ма?

Елжан Қабышев: Дәл солай болады деп ойлаймын. Қазірдің өзінде осындай тәжірибе бар. "Балаларды олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы" заңда зиянды ақпаратқа қандай анықтама берілген? "Зиянды ақпарат" терминін әртүрлі түсінуге болады. Бұл мәселенің көп материалға қатысы бар. Балаларды зиянды ақпараттан қорғау туралы заңда алты тармақ бар, бірақ олардың мағынасы тура көрсетілмеген. Сондықтан балаларға "зиян" деген сылтаумен контенттің көп түрін шектеуге болады. Мысалы, балағат сөздер бар контент. Әлеуметтік желіде әрбір екінші пікірде балағат сөз кездеседі. Әрине, бұған қарсы күресу керек. Бірақ қазіргідей әдіспен күрессе, әлеуметтік желіні мүлде бұғаттап тастауға тура келеді.

Заңды бұзатын контент пен тыйым салынған ақпаратты анықтаумен ақпарат және қоғамдық даму министрлігі айналысады. Бұл үшін балаларды желіде қорғау ең ыңғайлы себеп бола алады.

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер – билікке қоғамның пікірін жеткізетін ең соңғы инстанция. Бұл платформалар бала құқығының бұзылуына қатысты фактілерді анықтап, таратуға көмектеседі. Мысалы, әлеуметтік желілердің арқасында Абай ауылында тұратын баланың хикаясын көп адам естіді. Заң жобасы дәл қазіргі күйінде қабылданса, бала құқығының бұзылуы туралы ақпараттар қоғам назарынан тыс қала ма деп қорқамын.

Азаттық: Заң жобасы қазіргі күйінде қабылданса, мұның қазақстандықтар үшін қандай салдары болуы мүмкін?

Елжан Қабышев: Ең әуелі ақпарат іздеу, алу және тарату құқығы, сөз бостандығы, пікір білдіру еркіндігі шектеледі. Мысалы, белгілі бір өкілетті тұлғаға әсер ететін немесе оның қылмысын ашатын материал, қоғам назарын аудару үшін тұрмыстағы зорлық-зомбылық немесе азаптау фактісі туралы сурет жарияладыңыз делік. Бұл суреттерде жарақат, ұрып-соғу және күйік іздері бар, сондықтан бұл балалар үшін зиянды саналады. Ұсынылған өзгерістер осы күйінде заңға енсе, мұндай ақпарат бір күн ішінде бұғатталуы тиіс. Әлеуметтік желі ескерту алғаннан кейін ешқандай шара қолданбаса немесе материалды өшіруден бас тартса, Қазақстан аумағында толықтай бұғатталады.

Азаттық: Заңға ұсынылған толықтыруларға сәйкес, онлайн-платформалар бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы құзырлы органмен жұмыс істейтін заңды өкілін тағайындап, сұралған контентті 24 сағат ішінде бұғаттап не өшіруі керек. Заң қабылданса, әлеуметтік желілер бұл талаптарды орындайды деп ойлайсыз ба?

Елжан Қабышев: Meta компаниясында "Ресеймен көрші мемлекеттің заңдарына бағыну керек пе?" деген сұрақ туындайтын сыңайлы. Аталған нормалар қабылданса, Facebook пен Instagram заңда көрсетілген талаптарды орындамайтын сияқты. Сондықтан бұл платформалардың қызметін шектеп не толықтай бұғаттап тастауы мүмкін.

Азаттық: Украинаға басып кіргеннен кейін Ресейде Facebook, Twitter, Instagram желілері бұғатталды. Жақында Тверь аудандық соты Meta корпорациясын "экстремистік ұйым" деп танып, Facebook пен Instagram желілерінің қызметіне тыйым салды. Ресейдегі бұғаттауларға қарап, Қазақстандағы заң жобасы туралы не айтуға болады? Қазақстан Ресейдің ізімен келе жатыр ма?

Елжан Қабышев: Қазақстан Meta корпорациясын "экстремистік ұйым" деп таниды дегенге күмәнім бар. Өйткені бізде бұлай жасауға негіз жоқ. Заң жобасының Ресейдегі жағдаймен байланысы бар деп ойламаймын. Бұл заң жобасы екі жылдан бері талқыланып жатыр. Бірақ кей нормалар Ресей заңынан алынған, арасында ұқсастық көп. Ресей интернетті реттеуді 2010 жылы бастады. Кремль балаларды қорғау мәселесін негіз етіп алды. Қазір мұның аяғы неге әкеліп соққанын көріп отырмыз. Қазақстан бала құқығын желіде қорғау мәселесін жақында ғана қолға алды. Бізде бұрын да басқа себептер бойынша контентті реттеу тәжірибесі болатын. Кейінгі жылдары мемлекет "балаларды желіде қорғау" тақырыбына шүйлігіп алды. Бұл 2010-жылдардағы Ресей тәжірибесін еске салады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG