Accessibility links

"Ата-анасын қажыға апарам деп жүрген". Ресейде "террорист" деген күдікпен өлтірілген Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұлов кім?


Ресей қауіпсіздік қызметі "теракт жасамақ болғандарға" қарсы Ресейдегі операция кезінде өлтірген Сәбит Әшірәлиев тұрған Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жаңатұрмыс ауылы. 15 наурыз, 2024 жыл.
Ресей қауіпсіздік қызметі "теракт жасамақ болғандарға" қарсы Ресейдегі операция кезінде өлтірген Сәбит Әшірәлиев тұрған Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жаңатұрмыс ауылы. 15 наурыз, 2024 жыл.

Биыл наурызда Ресей қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Калуга облысындағы бір ауылда Қазақстан азаматтары Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұловты өлтіргені туралы хабар тарады. Кейін Ресей билігі екеуін террористер мен экстремистер тізіміне енгізді. Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті ақпаратты растады. Екеуі "террорист" дегенге туыстары сенбейді. Олар марқұмдардың сүйегін Ресейден алдыруға көмектесуін сұрап президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінді.

"ФСБ АРНАЙЫ ОПЕРАЦИЯ КЕЗІНДЕ КӨЗІН ЖОЙДЫ"

7 наурызда Ресейдің ақпарат құралдары осы елдің федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) "Мәскеудегі синагогалардың біріне қарулы шабуыл жасауды жоспарлаған "Ислам мемлекеті" террор ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) Ауғанстандағы "Хорасан уәлаяты" атты бөлімшесінің мүшелері өлтірілгені" жөнінде хабар таратты. Ақпаратта ФСБ Калуга облысындағы Коряково елді мекенінде "ұстамақ болған кезде қарулы қарсылық танытқандардың көзін жойғаны" және "олар тұрған үйден Макаров тапаншасы, Калашников автоматы, оқ-дәрі мен қолдан жарылғыш зат дайындауға арналған заттар табылғаны" айтылған.

Кейінірек ресейлік ASTRA телеграм-арнасы ФСБ Калуга облысында Қазақстанның екі азаматы – Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұловты өлтірген деген ақпарат жариялады. Онда Қазақстан азаматтары Ресей аумағына 28 ақпан күні барған деп көрсетілген. Сол күні Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ресейде екі қазақстандық қаза тапқанын растады.

"Бұқаралық ақпарат құралдарында Ресейде теракт ұйымдастырмақ болған Қазақстанның екі азаматын Ресейдің күштік құрылымдары көзін жойғаны жөнінде ақпарат жарияланды. Бұл адамдарда Қазақстан азаматтығы болғандығы және Ресейге барғандығы расталады. Көрсетілген факті бойынша ҰҚК сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Тексеріс ынтымақтастық арнасы аясында Ресей федералдық қауіпсіздік қызметімен тығыз байланыста жүзеге асырылып жатыр" деп хабарлаған ҰҚК тергеу құпиялығын алға тартып, басқа мәлімет бермеді.

Арада бір апта өткенде ресейлік телеграм-арналар Калуга облысы Коряково елді мекенінде өлтірілген қазақстандық Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұлов Ресейдегі террористер мен экстремистер тізіміне енгізілгені туралы ақпарат таратты. Азаттық бұл екі адам Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғындары екенін анықтады.

Ресейлік ФСБ ақпаратында аталған "Хорасан уәлаяты" бұған дейін Ауғанстанда терактілер жасап көп адам өлтірген террор тобы ретінде атышулы болған. Мысалы, 2021 жылғы тамыздың аяқ шенінде, АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкетіп жатқан шақта Кабул әуежайының сыртында жасалған екі ірі жарылыстан 170 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланған. Бұл шабуылдарды "Хорасан уәлаяты" мойнына алған. 2020 жылы Кабулдағы перзентханаға шабуыл жасап, 25 адамды өлтірген. Бұл терроршыл топ Ауғанстандағы саны аз шиит хазарилерге де жиі шабуылдайды. 2016 жылы қаңтарда АҚШ мемлекеттік департаменті "Хорасан" тобын "шетелдік лаңкес ұйым" деп таныған. Бұл террор тобы Ресейде қаза тапқан қазақстандық Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұлов туралы әзірге ешқандай ақпарат таратқан жоқ.

Азаттық бұл екі адам Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғындары екенін анықтады. Туыстары қаза тапқан екеуі "террор тобына мүше болған" деген хабарға сенбейді. Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұловтың отбасы марқұмдарды Ресейден алдыруға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың араласуын сұрап, өтініш жазғанын Азаттыққа жергілікті әкімдік растады.

"ДАЙЫН ОТЫРЫҢДАР, ҚАЖЫҒА БАРАМЫЗ ДЕП ЕДІ"

35 жастағы Сәбит Әшірәлиев – Сарыағаш ауданы Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны. Азаттық тілшісі Шымкенттен шамамен 100 шақырым, аудан орталығы Сарыағаш қаласынан – 9 шақырым қашықта жатқан Жаңатұрмысқа барды.

Әшірәлиев отбасымен бірге тұрған үйдің қақпасы жабық тұр екен. Оған көрші орналасқан әке-шешесінің үйінің ауласында бірді-екілі адам жүр. Қара жамылған шаңыраққа кірген адамға еңсені басатын ауырлық бірден сезіледі. Шетелде қаза болған баласын жоқтап отырған марқұмның анасы Әлима Әшірәлиеваның дауысы әрең шығады.

Анасының айтуынша, Сәбит – Әшірәлиевтер отбасындағы бес баланың төртіншісі екен. Екі әйелі бар. Бірі – ауылдағы үйде, екіншісі – Шымкентте тұрады. Екі әйелінен кәмелет жасқа толмаған төрт баласы қалды. Тұңғышы – бірінші сынып оқушысы. Жесір қалған екі әйелінің де аяғы ауыр дейді марқұмның шешесі. (Қазақстан заңы екі және одан көп әйел алуға тыйым салады. Бірақ елде әйел үстінен тағы әйел алып тұрып жатқандар сирек те болса кездеседі – ред.)

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жаңатұрмыс ауылы. 15 наурыз, 2024 жыл.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жаңатұрмыс ауылы. 15 наурыз, 2024 жыл.

Әшірәлиев Жаңатұрмыс ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы мектепті бітірген. Әскерден келген соң намазға жығылыпты. Көбіне үй жөндеумен айналысқан. Темірден түрлі зат дайындап, дәнекерлеуші болып жұмыс істепті.

Әлима Әшірәлиева баласы Сәбитпен бірге оққа ұшқан Жәнібек Тасқұловты танымайтынын, екеуінің қарым-қатынасы туралы бұрын-соңды естімегенін айтты. Сәбит онымен құрылыс жұмысына байланысты танысқан болуы мүмкін деп топшылайды марқұмның анасы.

– Баламмен соңғы рет 28 ақпанда видеочатпен сөйлестім. Алматыға қызын емдетуге барыпты. "Анашым, 2-3 күнде ауылда боламын. Дайын отырыңыздар. Бір ай қажылықта боламыз" деді. Бұдан бұрын өзі қажыға барып келген еді. Ресейге кеткенін ешкім білген жоқ. Ажал айдап барды ма, білмеймін ғой. Артында мына шөжелері жетім қалды, – дейді анасы мектепке баруға дайындалып жүрген немересін нұсқап.

Әшірәлиева ұлының қазасы туралы суық хабарды 10 наурыз күні Бурабайда жүргенде естіпті. Анасы марқұм ұлын мінезі ашық-жарқын, ақкөңіл еді деп сипаттады. Күнде таңертең көрші үйде тұратын әке-шешесіне келіп, амандығын біліп тұрған.

– Ертеңіне ауылға келдік. Қызы алдымнан жүгіріп шықты. "Әкем қайтыс болыпты" деді. Қайтем, енді міне денесін күтіп отырмыз. Баламның артық қылығын байқаған емеспін. Күндегі бес уақыт намазын оқитын. Кәдімгі өзіміз оқып жүрген намазды оқитын. Террорист дегені өтірік. Шынында өтірік, – дейді марқұмның анасы баласына тағылған айыпқа келіспей.

Сәбит Әшірәлиевтің туыстары Ресей билігі марқұмның сүйегін берсін, оны жерлейміз деп отыр.

Азаттық тілшісі қойған сұраққа берген жауабында Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылдық округінің әкімдігі өз есептері бойынша, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Сәбит Әшірәлиевтің Қазақстанда тыйым салынған қандай да бір діни ағымды ұстанатындар тізімінде болмағанын жеткізді. Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі Әшірәлиевке қатысты сұрақтарды құзырлы органдарға қоюға кеңес берді.

Жібек жолы ауылдық округі әкімдігі. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, 15 наурыз, 2024 жыл.
Жібек жолы ауылдық округі әкімдігі. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, 15 наурыз, 2024 жыл.

"РЕСЕЙДЕН КӨЛІК САТЫП АЛУҒА КЕТКЕН"

Ресейде "теракт ұйымдастырмақ болды" деген күдікке ілініп өлтірілген екінші қазақстандық – 38 жастағы Жәнібек Тасқұлов. Ол Сарыағаш ауданы Қызылжар ауылының тұрғыны. Отбасындағы үш баланың тұңғышы. Артында кәмелет жасқа толмаған төрт баласы қалды. Екеуі – бастауыш сынып оқушысы, кенжесі – бір жасар.

Мемлекеттік кіріс комитеті сайтындағы мәліметке қарағанда, Жәнібек Тасқұлов Шымкент қаласы Абай ауданында тіркелген "REAL TRAVERTINE" компаниясының жетекшісі болған.

Марқұмның қарындасы Әйгерім Тасқұлова ағасының қазасы туралы хабарды 9 наурыз күні таңертең БАҚ құралдарынан оқып біліп, төбесінен жай түскендей есеңгіреп қалғанын айтады. Суық хабарды естігенде жеңгесі талып қалыпты. Зейнет жасындағы ата-анамның қан қысымы көтеріліп, түспей тұр деді ол.

– Алғашында сенбедік. ФСБ таратқан видеоны көргенде ағамды таныдым. Ондағы қара түсті спорт киімде аяғы төрде, басы есік жақта жатқан адам – менің ағам. Бейнебір талып не ұйықтап қалған адам сияқты сұлқ жатыр. "Қарсылық танытты, атыс болды" дейді. Не терезеде, не қабырғада, я еденде із жоқ. Қалай қарсылық танытты, ол жөнінде ешқандай ақпарат жоқ, – дейді Әйгерім.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жаңатұрмыс ауылы. 15 наурыз, 2024 жыл.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жаңатұрмыс ауылы. 15 наурыз, 2024 жыл.

Тасқұлованың сөзінше, ағасы Жәнібек Тасқұлов биыл 26 ақпанда үйінен шығып кеткен. Шымкент-Алматы, Алматы-Мәскеу бағытымен ұшқан. Қазақстанда бағасы қымбат болған соң Ресейге "Газель" жүк көлігін сатып алу үшін барған дейді Әйгерім. Оның сөзінше, Жәнібек Тасқұлов бұрын да Ресейден Қазақстанға көлік әкеліп, сатып жүрген. Кәсіпкер, отбасылық шағын құрылыс компаниясы бар.

– Соңғы рет 5 наурыз күні әйеліне хабарласып, балаларымен сөйлескен. Жеңгеме билет іздеп жатқанын, 2 күнде Қазақстанда болатынан жеткізген. Сатып алуға көлік таппағанын, бүйрегі суық ұстап, ауырып жүргенін айтқан. Балаларына "сендерге тәтті алып барамын" деп уәде еткен. Теракт жасайтын адам бала-шағасын бұлай үміттендірмейді ғой, – дейді Әйгерім Тасқұлова.

Жәнібектің отбасы ол террорист болған дегенге сенбейді. "Террорист болуы мүмкін емес" дейді қарындасы. Ол ағасының намаз оқығанын, Қазақстанда "теріс діни ағымдағы адам ретінде тіркеуде тұрмағанын" айтады.

"Мінезі – ашық, қарапайым, қамқор, мейірімді, бастаған ісін аяқтамай тынбайтын, бала-шағасын жанынан артық көретін" деп сипаттайды ол марқұм ағасын. Жәнібек мектепті үздік бітірген, бірақ жоғарғы оқу орнына түсе алмаған соң кәсібін құрылыс материалдарын сатудан бастаған.

– Өлді дегенге сенбей отырмыз. Мүмкін тірі шығар. Арқасүйер ағамыз еді. Өзі қажыға барған. Ендігі арманым – ата-анамызды қажыға апарсам деп жүрген. Қаруға, аң аулау, балық аулауға мүлде қызықпайтын. Ағам заңды түсінетін, көзі ашық адам болатын. Билет алып, Ресейге ұшып барды. Ресейде сайлау кезі, шекарада қатаң тексеру екені белгілі. Қару болса, неге шекарада ұсталмады? Қару-жарақ қайдан келген? Түсінбейміз, – дейді Тасқұлова.

Тасқұлова Ресей билігінен ағасы Жәнібек Тасқұловтың сүйегін беруді, егер террорлық іс-әрекетке барған болса, оны нақты айғақтармен дәлелдеуді сұрайды.

– Біз не істей аламыз? Айқайлайсың, бірақ дауысың кімге жетеді? Бұл – халықаралық тірлік. Күтуден басқа амалымыз жоқ, – дейді ол.

Марқұмдардың туыстарының сөзінше, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұловтың үйі мен ата-анасының үйіне тінту жүргізіп, отбасы мүшелері мен туыстарынан жауап алған.

Мәскеуден 90 шақырым жерде жатқан елдімекендегі екі қазақстандықтың өлімін талқылаған әлеуметтік желі қолданушылар оқиғаның түсініксіз тұстары аз емес дейді. Әшірәлиев пен Тасқұлов Ресейге, соның ішінде Коряково елді мекеніне қай жақтан, қашан, немен барғаны, онда қанша уақыт тұрғаны жөнінде ештеңе айтылмайды. Екеуінің "Хорасан уәлаятымен" байланысы қандай? Бұған дейін ФСБ операциясы кезінде екеуінің қасында басқа адамдар болған ба? Азаттық әзірге жауабы жоқ осы сұрақтарды Ресей федералдық қауіпсіздік қызметіне қойып, хат жолдады. Жауап әлі келген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG