Accessibility links

Айбек пен Бауыржанның айтысы


Ақындар Айбек Қалиев (сол жақта) пен Бауыржан Халиолла. Алматы, 12 ақпан 2011 жыл.
Ақындар Айбек Қалиев (сол жақта) пен Бауыржан Халиолла. Алматы, 12 ақпан 2011 жыл.

Ақпанның 12-сі күні Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрында өткен «Жүрсіннің жүйріктері» атты айтыстың екінші жұбына торғайлық Айбек Қалиев пен Батыс Қазақстаннан келген Бауыржан Халиолла шықты.

Қос ақын кешегі саммиттен бастап бүгінгі сайлауға дейінгі аралықтағы түрлі саяси науқандарды тілге тиек етті.

Екі ақын да өткен жылғы «Тәуелсіздік тағылымы» атты айтысқа қатысатындардың тізімінен сызылып тасталған болатын. Әуелгі сөзді бастаған Айбек Қалиев бірден саяси науқандарды сынға алды.

– ...Аман-сау жүрмісіздер бұл айтысты,
Ырза боп екі жылда бір көрерге.
Айтыссызда ішіңді пыстырмайтын,
Сан-қилы болып жатыр дүрбең елде.
Желтоқсанда саммит деп желпіндіңдер,
Қайткенде әлемдік даңқ кірмегенге.
Одан соң референдум деп шуладыңдар,
Бес миллион қол жинап бір дегенде.
Елбасы әрең тоқтатты арқан керіп,
Ата заңға көзіңді жұм дегенде.
Бізден асқан Қожанасыр ел бар ма екен,
Заң шығартқан Ата заңды білмегенге, – деп, парламентті сын садағына алды.

Бауыржан да қарап қалмады. Бұл күнде Арқалықтағы Ыбырай Алтынсарин атындағы пединститутта декан болып қызмет істейтін қарсыласына «Студенттерден ақша алып жүрсің бе?» деп сауал тастай отырып, жоғарғы оқу орындарын жайлаған жемқорлықты сөзбен түйреп өтті.

– Қалақтай дипломын сатып алып,
Қаңғып жүр қанша қазақ балалары.
Сенделіп жұмыс таппай амалсыздан,
Теңселіп, базар маңын жағалап жүр.
Бұл қоғам кімді қалай бездірмейді.
Салқындық қабағымнан сезгін мейлі.
Әй, байғұс, студенттер-ай, қасқыр құсап,
Аштығын, арығанын сездірмейді.
Сайлаудың уақытында пайдаланып,
Сонан соң оларды ешкім көзге ілмейді, – деп жырлады Бауыржан Халиолла.

Тағы бірде Бауыржанның:

– Қазақша міңгірлеген Мәсімовтің,
Жағдайын жүрген жоқ қой көзің көрмей.
Айеке-ау, осы сенің ойың қалай?
Отырсың айтқанымды сезінгендей.
Тағдыры қазақ тілдің оңалмады-ау,
Басшы боп үкіметке өзің келмей, – деген сөзіне орай Айбек Қалиев «үш тұғырлы тіл» саясатының кесірінен кейбір шенеуніктердің мемлекеттік тілді қойып, ағылшынша шүлдірлеп жүргенін айта келіп:

– Бауыржан-ау, «тіл, тіл» деп қақсағанмен,
Біздермен осы кімдер санасып жүр.
Мемлекеттік тіліміз Мәсімовтің,
Мұртының арасында адасып жүр, – деді сөз орайында.

Айбек пен Бауыржанның айтысы
please wait

No media source currently available

0:00 0:24:50 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG