Accessibility links

Ақтөбе имамдары тұрақты жалақы алатын болды


Ақтөбе қаласындағы «Нұрғасыр» мешіті. 12 желтоқсан 2011 жыл.
Ақтөбе қаласындағы «Нұрғасыр» мешіті. 12 желтоқсан 2011 жыл.

Ақтөбе облысының бас имамы Әбдүмүтәлі Дәуренбеков бұған дейін жұрттың пітір-садақасымен ғана күнелтіп келген аудан имамдарының айлық табысын 50 мың теңге, ауыл имамдарының жалақысын 35 мың теңге көлемінде бекітті. Бұл бұрын соңды болмаған жағдай.


Өткен аптада Ақтөбеде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған «Зекет» қоғамдық қорының филиалы ашылды. Филиалдың есеп шотына сол күні-ақ 2 миллион теңге түскен. Ақтөбе облыстық дін істері жөніндегі департаменті бастығының міндетін атқарушы Бауыржан Есмахан қордың жұмысына қолдауғы жергілікті кәсіпорындардың уәде еткенін айтады.

- «Зекет» қорының атынан Ақтөбедегі ірі кәсіпорындармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қаржылай қолдау көрсетулерін сұрап танымал кәсіпкерлерге де хат жаздық. Әзірше ешқайсысы бетімізді қайтарған жоқ. Кезінде «Нұрғасыр» мешіті де Ақтөбедегі дәулетті азаматтар мен ірі кәсіпорындардың қолдауымен салынған болатын, - дейді Бауыржан Есмахан.

Ақтөбенің бас имамы Әбдімүтәлі Дәуренбеков те бұл қордың болашақта да қолдаусыз болмайтынына сенімді.

- Біз қаңтар айынан бастап аудан имамдарына 50 мың теңге, ауыл имамдарына 35 мың теңгеден жалақы төлей бастаймыз. Ақтөбе облысында 62 мешіт бар.
Ақтөбе облысының бас имамы Әбдімүтәлі Дәуренбеков. Жеке мұрағаттағы сурет.
Ақтөбе облысының бас имамы Әбдімүтәлі Дәуренбеков. Жеке мұрағаттағы сурет.
Демек имамдардың жалақысы үшін 26 миллион теңгеден астам қаржы қажет. Мешіттерді ұстап тұруға да қажет қаржы тағы бар. Барлық шығын қоғамдық қорға дәулетті азаматтардан түскен садақа есебінен өтеледі, - деді Ақтөбе облысының бас имамы.

Биылдан бастап тұрақты жалақы алатындары туралы хабар облыс имамдарының арасына жылдам тараған. «Құдай деген құр қалмайды» деп қуанып отырғандардың бірі – Ойыл ауданының бас имамы Алтынбек Кәкиев.

«Ай сайын жәшігін қағып-сілкіп, ең алдымен мемлекетке қарыз болмауды ойлайтын» имам Ақтөбе облысындағы ең ескі мешіттердің бірін басқарып отыр. Ойыл мешітінің іргетасы 1863 жылы қаланыпты. Мешітті Ойылдағы әйгілі Көкжар жәрмеңкесіне тауар тасушы татар көпестері салған.

- Небәрі 16 мың тұрғыны бар ауданда мешітті ұстап отыру оңай шаруа емес. Халық саны аз болғандықтан ай сайынғы пітір-садақадан 3-4 мың теңге түседі. Ғимарат болса ескі. Ойылдағы дүкені бар азаматтардан шелектеп цемент алып, зыр жүгіріп демеуші іздеп қиындықтан шығып келеміз. «Қанағат қарын тойғызады» деп халық бекер айтпаған ғой. Менің шүкіршілік ететінім - өзге аудандармен салыстырғанда Ойылдағы діни ахуалдың тұрақтылығы, - дейді аудан имамы Алтынбек Кәкиев.

Өз айтуынша, үш баласын аудандық ауруханада акушер болып жұмыс істейтін
Ақтөбе облысы Ойыл ауданының мешіті. 5 қаңтар 2012 ж.
Ақтөбе облысы Ойыл ауданының мешіті. 5 қаңтар 2012 ж.
әйелінің жалақысына қаратып қоюды ар санаған Алтынбек Кәкиев имамдықтан бас тартпақ та болыпты. Бірақ, Ойылда мешітті ұстап қалатын өзге маман жоқ.

Облыс имамы діни білімі бар мамандардың тапшылығы Ойыл ғана емес, Ақтөбенің барлық аудандарына тән проблема екендігін айтады. Ақтөбедегі 62 мешіттің 12-сінде ғана жоғары білімді имам бар.

- Қазақстандағы 10 медресенің бірі Ақтөбеде. Шәкірттердің оқуы, ішер асы мен жатар орны тегін. Мемлекеттік үлгідегі диплом береміз. Бірақ, жергілікті жұрт баласын медреседе оқытуға құлықсыз. Мен ешкімді кінәламаймын. Жалақы төлемейтін жұмысты кім қаласын? Оқу жылы басталарда аудан әкімдеріне «діни ахуалға алаңдаушылық білдіретін болсаңыздар, 5 баладан оқуға жіберіңіздер» деп қайта-қайта хат жаздым. Әзірше 12 әкімнің ешқайсы тіл қатқан жоқ, - дейді Ақтөбе облысының бас имамы Әбдімүтәлі Дәуренбеков.

Былтыр шілде айында Шұбаршиде болған оқиғадан соң атышулы Ақмешітті Темір ауданының атқамінерлері жөндеп, айналасын қоршап беріпті.

- Шұбарши мен Саркөлге Шымкент медресесін тәмамдаған 2 маман шақырылған. Олардың баспана, басқа да әлеуметтік мәселелері шешілді, - дейді Әбдімүтәлі Дәуренбеков.

Әкімдер мен кәсіпкерлерге қарап отыруды жөн көрмейтін Ақтөбенің бас имамы жер қарайса бақша салып, картоп екпек. Әзірше жергілікті билік діндарларға 10 гектар жер бөліпті.

- Дін мемлекеттен бөлек болғанның өзінде мешіттерге ешкімге масыл болмауы тиіс, - дейді Әбдімүтәлі Дәуренбеков. - Алла қаласа, бірер жылдықта Ақтөбенің имамдары жаназаны тиын-тебен үшін емес, жаратушының ризалығы үшін шығаратын болады.
XS
SM
MD
LG