Accessibility links

Талғат Аян: "Жерді қорғау қылмыс емес"


Азаматтық белсенді Талғат Аян жер мәселесі туралы қарсылық шеруінде тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Атыраулық белсенді Талғат Аян қоғамдық қызметін волонтерліктен бастаған дейді әріптестері. Қоғамдық ұйым құруды жоспарлаған белсенді "жер шеруіне" қатысқаннан кейін қылмыстық айыпқа ілініп, бес жылға сотталды.

2016 жылы наурыздың соңында сол кездегі ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев биыл шілденің 1-інен бастап елде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,7 миллион гектар жер аукцион арқылы саудаға шығарылатынын хабарлағаннан кейін қоғамда оған қатысты сауал көбейген.

ЖЕР ТУРАЛЫ ШЕРУ ТАЛАБЫ

Атыраулық белсенділер өзекті мәселе жөнінде ой-пікірін билікке жеткізу үшін митингі өткізуді ұйғарған. 2016 жылы сәуірдің 24-інде Атыраудың Исатай-Махамбет атындағы орталық алаңында жер реформасы жөнінде митинг өткізуге рұқсат сұрап, әкімдікке алдын ала өтініш бергендердің бірі жергілікті белсенді Талғат Аян еді.

Атырау қалалық әкімдігі жиынға рұқсат бермеді. Соған қарамастан Истатай-Махамбет алаңында өткен шеруге адамдар жаппай жиналды. Жиындағы сөзінде Талғат Аян "үкімет жерді ең алдымен өз азаматтарына тегін жалға берсін" деген талабын білдірді.

- Бізде қазір жұмыссыз жүрген жастар көп. Жұмысқа кірейін десе 200-500 мың [теңге] ақша сұрайды. Жерді игеруге соларға берсін, мен де барып, жұмыс істер едім, - деді ол.

Талғат Аянның "жер шеруіндегі" сөзі:

Талғат Аян қазіргі Атырау облысында мыңдаған адам қолданыстағы заңда Қазақстанның әр азаматына жеке тұрғын үй құрылысын салуға беріледі деп көрсетілген 10 сотық жер теліміне қол жеткізе алмай отырғанын да айтқан.

Сонымен бірге ол Атыраудағы шеруге байланысты арасында Макс Боқаев пен өзі де бар 8 белсендінің үстінен қылмыстық кодекстің 174-бабы ("араздық қоздыру") бойынша іс қозғалғалы жатқанын хабарлаған. Талғат Аян алаңға жиналған жұрттың талабы бойынша сол жерге келген Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа "белсенділер қудаланбайды деп сөз берсін" деген талап қойды. Ноғаев белсенділерді билік қудаламайды деп уәде беріп, халықтың талап-тілегі Астанаға жетеді деп сендірді.

ВИДЕО: 2016 жылы сәуірдің 24-інде Атырауда өткен "жер шеруіне" қатысушылар

Шеруге қатысушылар қабылдаған қарарда билікке жер кодексіндегі даулы баптардың күшін жою, жер кодексін халықтың мүддесі ескерілетіндей түбегейлі қайта қарау, Қазақстан аумағындағы шетелдік әскери базаларды жабу және әскери базалар мен полигондар орналастыруға тыйым салу, елдегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер иелері туралы ақпаратты жариялау, Қазақстан азаматтарына жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімдерін беру туралы талаптар айтылды. Жиналғандар бұл талаптарын орындауға билікке мамырдың 21-іне дейін мұрсат беретіндерін мәлімдеді. Қарар жобасының мәтінін Макс Боқаев пен Талғат Аян Facebook желісіндегі парақшаларына жариялады.

Атыраудағы "жер мәселесіне" қатысты шеру. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Атыраудағы "жер мәселесіне" қатысты шеру. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Атыраудағы жер мәселесі туралы шеруден кейін осыған ұқсас акциялар Ақтөбе, Ақтау, Жаңаөзен, Семей қалаларында да өтіп, оларға қатысушылар үкіметтің жер реформасына қарсылық білдірді.

Халықтың талабынан соң билік жер кодексінің даулы баптарына мораторий жариялап, жер мәселесін талқылау үшін үкімет пен парламент мүшелері және қоғамдық өкілдерден республикалық комиссия құрды. Сонымен бірге жер заңындағы өзгерістерге қарсылық танытқан белсенділерге қарсы әкімшілік жаза шаралары қоса жүргізіліп жатты. Әлеуметтік желілерде "жалпыұлттық жер шеруі өтетіні" жөнінде ақпарат тараған мамырдың 21-іне шейін Қазақстанның әр аймағында "митингі заңын бұзған" ондаған белсенді 10-15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Атырауда мамырдың 17-і күні "заңсыз митинг ұйымдастырған" өзге белсенділермен бірге Талғат Аян да әкімшілік сот шешімімен 15 тәулікке қамалды.

Талғат Аянның Атырау әкімшілік соты шешімімен қамауға алынар алдындағы суреті. 17 мамыр 2016 жыл.

Талғат Аянның Атырау әкімшілік соты шешімімен қамауға алынар алдындағы суреті. 17 мамыр 2016 жыл.

Әкімшілік сот жазасын берген өтеп жатқанда Талғат Аянның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Билік әуелі Макс Боқаев, Талғат Аян, Ерлан Башақов, Сағатбай Қапизов, Ғатауғали Бохан, Құбайдолла Шолақ, Әділбек Мұсаұлы және Жасұлан Мұсабековке қылмыстық кодекстің "билікті басып алу және ұстап тұруға насихаттау немесе ашық түрде шақыру", "жаппай тәртіпсіздік" және "қылмысқа дайындалу" баптары бойынша айыптар тағып, үйлерін тінткен. Кейін Макс Боқаев пен Талғат Аянға тағылған айыптауларды "заңсыз жиын ұйымдастыру", "араздық қоздыру" және "жалған ақпар тарату" деген баптарға ауыстырып, өзге азаматтар айыптыдан куәгер санатына өткен еді.

Талғат Аян мен Макс Боқаев тергеу кезінде және сот барысында өздеріне тағылған айыптарды мойындаған жоқ.

"ТӨЛЕШОВТІҢ АҚШАСЫ"

Аян мен Боқаевтың ісі бойынша сот процесі кезінде Астанадан шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов видеобайланыс арқылы куәлік берді. Қаңтардың соңында Шымкентте тұтқындалып, "билікті басып алмақ болған" деген айыппен Астанадағы ҰҚК тергеу абақтысында отырған Төлешов Аян мен Боқаевты ешқашан көрмегенін және сөйлеспегенін, "Қазақстандағы билік құрылымын өзгертуді" ойластырып жүргенде Аян туралы сырттай естіп-білгенін айтты. Төлешов таныс біреу арқылы "Қазақстанның батыс аймағында қоғаммен жұмыс істеп, баспасөз мәслихаттарын, кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізуге және басқа шаралар өткізу үшін атыраулық белсенділерге 100 мың доллар беріп жібердім" деп мәлімдеген.

Төлешовтің сөзінше, ол сәуірде Атырауда митинг болғанын абақтыда "газеттен оқып" білген. Тоқтар Төлешовтің Атырау мен өзге қалаларда көктемдегі "жер шерулерін қаржыландырғаны" туралы маусым айында ҰҚК мәлімдеген еді.

Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында онлайн арқылы куәлік беріп тұрған семейлік белсенді Марлан Есілбаев. 19 қазан 2016 жыл.

Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында онлайн арқылы куәлік беріп тұрған семейлік белсенді Марлан Есілбаев. 19 қазан 2016 жыл.

Талғат Аян ешкімнен ақша алмағанынын мәлімдеп, наурыз айындағы мәслихат сайлауына қатысу үшін қажет қаржыны таба алмағанын айтты. Ол өзіне "ақша жеткіздік" деген Төлешовтің көмекшілері Нұрғали Досанбаев пен Олжас Бекбауовты Атыраудағы сот залына алдырып жауап алуды талап етті. Талабы орындалмаған соң Талғат Аян және онымен бірге Макс Боқаев та сотқа қатысудан бас тартты. Белсенділерсіз өткен сот отырысында тікелей видеобайланыс арқылы куәлік берген Тоқтар Төлешовтің көмекшілері Нұрғали Досанбаев пен Олжас Бекбауов "Аянға ақша жеткізгендерін" айтты. "Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау" деген айыппен 2016 жылы жазда сотталып, қазір жазасын өтеп жатқан Ринат Кибраев биыл мамырда Алматыда өзімен кездескен Аянның "қомақты ақшаны сақтай тұруға" адам іздегені, семейлік белсенді Марлан Есілбаев Аяннан "қанша екенін санамай бірнеше орам ақша алғаны", кейін шілде айында үйіне тінту жүргізген ҰҚК қызметкерлеріне әлгі ақшаны "өз еркімен бере салғаны" туралы мәлімдеді.

Аян мен Боқаевтың адвокаттары "қорғауындағыларға қолдау білдіріп" онлайн арқылы жауап алынған төрт куәгердің ешбіріне сауал қойған жоқ.

Кейінгі сот отырыстарында Макс Боқаев пен Талғат Аян ешкімнен ақша алмағандарын айтып, куәлік бергендердің сөзін теріске шығарды.

Азаматтық белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сотта отыр. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.

Азаматтық белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сотта отыр. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.

Сот кезінде прокурор Талғат Аянның елді "заңсыз шеруге" шығуға үндегеніне дәлел ретінде белсендінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парағынан скриншоттарды көрсетті. Айыптаушы тарап Аянның жазған пікірлеріне сараптама жасаған Алматыдағы сот сараптамасы институтының маманы филиолог Еселбаеваның "әлеуметтік, ұлттық алауыздық қоздырып, жалған ақпараттар таратты, жер кодексіне енгізілген өзгерістер туралы негативтік, дисфункционалдық пікір қалыптастырды" деген қорытындысын алға тартты. Адвокаттардың филология ғылымдарының кандидаты Рахила Қарымсақованың, саясаттанушылар Досым Сәтпаев, Талғат Мамырайымов және Расул Жұмалының сараптамалық талдауларын іске тіркеуді, олардан онлайн арқылы куәлік алуды сұраған өтініштерін судья қанағаттандырмады.

Сотта жарыссөзден бас тартқан Талғат Аян үкім шығар алдында пікірін қысқаша білдірді.

- Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген. Ата-бабамыз жерін, елін қорғағанда жанын да, қанын да аямаған. Қазақ - қайтпас қайсар, таймас тарлан, өжет, батыр. Оған тарихымыз, байтақ еліміз, жеріміз куә. Оны қорғау қылмыс емес. Менің арым таза, мен кінәлі емеспін, - деп мәлімдеді белсенді.

Бес жылға сотталған азаматтық белсенділер Макс Боқаев (ортада сол жақта) пен Талғат Аян. Атырау, 28 қараша 2016 жыл.

Бес жылға сотталған азаматтық белсенділер Макс Боқаев (ортада сол жақта) пен Талғат Аян. Атырау, 28 қараша 2016 жыл.

Қарашаның 28-і күні судья Гүлнәр Дәулешова Талғат Аян мен Макс Боқаевты "заңсыз митингтер ұйымдастырды", "жалған ақпараттар таратты" және "ұлтараздық тудырды" деп айыптап, 5 жылға бас бостандығынан айыруға, жазаны жалпы режимдегі колонияда өтеу туралы үкімін жариялады. Екі белсендіге үш жыл қоғамдық жұмыспен айналысуға шектеу қойылып, 250 мың теңге айлық көрсеткіш есебінде (бір АЕК - 2121 теңге) айыппұл салынды және екеуінен сот пен сараптама шығыны ретінде үлестік тәртіппен 259 мың теңге қаражат өндірілетін болды.

Құқық қорғаушылар Талғат Аян мен Макс Боқаевқа тағылған айыптардың саяси астары бар деп есептейді. Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы атыраулық екі белсендіні "ар-ождан тұтқындары" деп атады. Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы белсенділер тұтқындалған сәттен Қазақстан үкіметін оларды дереу босатуды талап еткен. Ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон "Бейбіт қарсылық акцияларына қатысқан бірде-бір белсенді түрмеге қамалмауы керек. Олар босатылуы тиіс, билік үкіметті сынаған адамдарды қудалауын тоқтатсын" дәп мәлімдеген.

Еуропа Одағы Аян мен Боқаевқа шығарылған үкім Қазақстанның адам құқығы саласында алған халықаралық міндеттемелеріне қайшы келетінін айтып, екеуін қамаудан босатуға шақырған. Боқаев пен Аянның үкіміне АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы да алаңдаушылық білдірді.

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі сарапшылары ешбір адам "азаматтық құқығын пайдаланғаны үшін сотқа тартылмауы тиіс" екенін ескертіп, белсенділерге сот үкімі Қазақстан қосылған Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіге қайшы келетінін атап көрсеткен.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ ВОЛОНТЕР

32 жастағы Талғат Аян жерге қатысты митингке дейін де Атыраудағы әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелерге белсене араласып келген.

Атыраулық "Заман" құқық қорғау ұйымы жетекшісі Әсел Нұрғазиеваның айтуынша, мамандығы заңгер Талғат Аян 2015 жылы Жайық өзені жағалауындағы "мемлекеттік резиденция" деп аталатын нысан жанындағы жұрт серуендеп, қыдыратын жерден қоршауды алып тастауды талап етіп, тұрғындар өкілі ретінде сотқа қатысқан. Сот тұрғындар талабы заңды деп тауып, жағалаудан даулы қоршауды алып тастауға шешім шығарған.

Азаматтық белсенді Талғат Аян коммуналдық қызмет тарифтерін қымбаттатуға қарсылық акциясында тұр. Атырау, 12 шілде 2015 жыл.

Азаматтық белсенді Талғат Аян коммуналдық қызмет тарифтерін қымбаттатуға қарсылық акциясында тұр. Атырау, 12 шілде 2015 жыл.

Талғат Аян 2015 жылы Атыраудағы коммуналдық қызмет көрсетушілердің тарифті қымбаттатуына, бензин бағасының өсуіне наразылық білдіріп, жеке пикет өткізгені үшін полицияға ұсталған. Талғат Аян, Макс Боқаев және өзге белсенділердің талаптарынан кейін Атырауда су тарифі қымбаттамай, бұрынғы деңгейінде қалды.

Сонымен бірге Талғат Аян басқа да азаматтық акциялар да өткізген.

- Ол 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасын еске алу шараларына бес жыл бойы белсене қатысып келді, - дейді Әсел Нұрғазиева.

Оның айтуынша, біз кездері өзі де волонтер болудан бастаған Талғат Аян соңғы жылдары волонтерлік қызметпен айналысатын үкіметтік емес ұйым құруды жоспарлап жүрген.

- Ол жастардан волонтерлер тобын құрып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына көмек көрсететін. Жыл сайын Аяз ата болып киініп, Атыраудағы қарттар үйін, балалар үйін аралап сыйлық тарататын. Ол иесіз қалған жануарлар құқығын қорғау тобын да құрды, - дейді Әсел Нұрғазиева.

Азаматтық белсенді Талғат Аян орталық коммуникациялар қызметі өткізген баспасөз мәслихатында сұрақ қойып тұр. Атырау, 20 сәуір 2016 жыл.

Азаматтық белсенді Талғат Аян орталық коммуникациялар қызметі өткізген баспасөз мәслихатында сұрақ қойып тұр. Атырау, 20 сәуір 2016 жыл.

"Демос" қоғамдық ұйымының жетекшісі Тоғжан Қизатова Талғат Аянды 2011 жылдан бері танитынын айтады. Оның сөзінше, Аян кәсіби заңгер ретінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін заңгерлік көмек көрсетумен, олардың құқықтарын қорғаумен айналысқан.

- Талғат Атыраудағы құқық қорғау саласындағы жұмыстарының бәрін волонтерлік негізде жүргізді. Оның бірталай адамға көмегі тигенін білемін. 2015 жылы болған қатты нөсер салдарынан үйлері суға кеткен адамдарға күні-түні жүріп көмектескен. Адамдарға көмектесу ол үшін қалыпты жағдай болатын. Талғат бізге жануарлардың да құқығы қорғалуы тиіс екендігін айтатын. Бірде бәріміз жабылып, қала шетіндегі иесіз бір итті құтқарумен айналысқанымыз да есімде, - дейді Тоғжан Қизатова.

Тоғжан Қизатова Талғат Аянның сайлау кезіндегі бұрмалаушылықтарды әшкерелегенін де айтты.

- Сайлауға тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысып, бір адамның бюллетеньді топтап салып жатқанын әшкерелеп, Facebook-те жариялады, - дейді Тоғжан Қизатова.

"КӨҢІЛІ ҚАЛАМАҒАНДЫ СҰРАМАДЫМ"

Талғат Аян - отбасындағы үш баланың тұңғышы. Ол 2001 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тамамдаған соң мамандығына сай түрлі мекемелерде жұмыс істеген. 35 жыл мектепте ұстаз болған анасы Ұлдай Айназарова - қазір зейнеткер. Әкесі Төлепқали Аянов ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында прокурор, судья қызметтерін атқарған, баласы қамауға алынғаннан бастап оның адвокаты болды.

- Әкесі екеуіміз кешке дейін жұмыста жүргенімізде балалардың үлкені болған соң қаршадайынан үй шаруасының бәрі Талғаттың мойнында болды, кіші бауырларын бақты, жауапкершілікті сезініп ер жетті, - дейді Ұлдай Айназарова.

Үйін билік өкілдері тінтіп жатқанда денсаулығы нашарлап қалған Талғат Аянның анасы Ұлдай Айназароваға көмек көрсетуге келген жедел жәрдем қызметкерлері. Атырау, 20 мамыр 2016 жыл.

Үйін билік өкілдері тінтіп жатқанда денсаулығы нашарлап қалған Талғат Аянның анасы Ұлдай Айназароваға көмек көрсетуге келген жедел жәрдем қызметкерлері. Атырау, 20 мамыр 2016 жыл.

Талғат Аян әйелі, екі және төрт жасар қыздарымен бірге Атыраудың шетіндегі Жұмыскер ықшам ауданында ақшасын бөліп төлеуге келісіп, біреуден сатып алған үйде тұрған. Жыл басында жұмыссыз қалып, ақшаны уақытында төлей алмаған соң үйді қожайыны қайтарып алған. Қазір әйелі Рашида екі жас баласымен бірге Талғаттың інісі жалдап тұратын пәтерді паналап отыр.

- Талғатты "Төлешовтен ақша алдың" деп айыптайды. Ұлым қаңтар айынан бері жұмыссыз. Егер қолында соншама ақша болса, қарызға алған үйді иесі қайтарып алмас еді ғой, - дейді Ұлдай Айназарова.

Анасы сотпен "айыпты мойындау" туралы процесуалдық келісім жасаудан бас тартқан ұлына ол ұсынысты қабылдауға көндіруге батпағанын айтады.

- Егер "балам, мен шыдай алмаймын, кінәлі болмасаң да мойындап, босап шықшы" десем сөзімді жерге тастамас еді. Бірақ оның көңілі қаламайтын нәрсені қалай сұрайын. "Сен көтере аласың ба, мама?" деді. Бетіне қарап: "Көтеремін, балам, көтеремін" дедім, - дейді анасы.

Ұлдай Айназарова (оң жақта) түрмедегі белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды "Халық батыры" қоғамдық сыйлығымен марапаттау рәсімінде сөйлеп тұр. Алматы, 15 желтоқсан 2016 жыл.

Ұлдай Айназарова (оң жақта) түрмедегі белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды "Халық батыры" қоғамдық сыйлығымен марапаттау рәсімінде сөйлеп тұр. Алматы, 15 желтоқсан 2016 жыл.

Желтоқсанның 15-і күні Алматыдағы қазақстандық халықаралық адам құқығын қорғау бюросы кеңсесінде азаматтық белсенділердің ұйымдастырумен Макс Боқаев пен Талғат Аянды "Халық батыры" атағымен марапаттау шарасы өтті. Оған Атыраудан арнайы келген Талғат Аянның анасы Ұлдай Айназарова мен Макс Боқаевтың қарындасы Жанаргүл Боқаева да қатысты.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG