Accessibility links

«Қазақтың алтын аңызы – Оспан батыр» туралы шетел деректерінде мағлұмат мол, ендігі зерттеу Қазақстанда жалғасса


Шығыс-Түркістан ұлт-азаттық күресінің батыры Оспан батыр Сіләмұлы.(сурет жеке мұрағаттан алынды )

Шығыс-Түркістан ұлт-азаттық күресінің батыры Оспан батыр Сіләмұлы.(сурет жеке мұрағаттан алынды )

Алматыда «Азаттықтың өшпес рухы» атты Қытайдағы қазақтардың ұлт азаттығы үшін күрескен Оспан батырдың туғанына 110 жыл толуына орай ғылыми-теориялық конференция өтті. Онда Оспан батырдың ерлік істеріне шетел ғалымдарының өзіндік баға бергені, ал Қазақстанда ол туралы дерек-зерттеулер тиянақталмағандығы, арнайы орталық ашу қажеттігі жөнінде пікірлер айтылды.

«Азаттық» радиосының тілшісі Оспан батырға шетелдік ғалымдардың қалай баға беретіндігі жайында Стамбулдағы Мимар-Синан университетінің профессоры, тарихшы Әбдіуақап Қарамен және С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зекенұлымен әңгімелескен еді.

«ҚАЗАҚТЫҢ АЛТЫН АҢЫЗЫ»


Стамбулдағы Мимар-Синан университетінің профессоры, тарихшы Әбдіуақап Қара Америка және Еуропа ғалымдарының Оспан батыр жайындағы еңбектерін былай сабақтады:

– Оспан батыр туралы зерттеулер Қазақстаннан гөрі шетелдерде көбірек жазылды. Әсіресе, Америка мен Англия, Түркия ғалымдары
Әбдіуақап Қара, тарихшы, Стамбулдағы Мимар-Синан университетінің профессоры. Алматы, 11 қараша, 2009 ж.
бұған қатты мүдделілік танытты. Сондай-ақ, бұл көтеріліс туралы деректердің басым көпшілігі шетел архивтерінде сақталғандығы да белгілі болып отыр. Мәселен, Гомиңдаң үкіметінің өкілдері Мао Цзе Дун жеңіске жеткеннен кейін, Тайванға қашқан екен. Сонда мұрағаттағы Шыңжаңға қатысты деректердің біразын ала кетіпті.

Оспан батырды зерттеуге Батыстың назары сонау 1947 жылы ауған екен. Әсіресе, 1947 жылғы Бәйтік Боғда уақиғасынан кейін Қытайдағы американ және ағылшын дипломатиялық баяндамаларында оның аты атала бастаған.

Ол уақиға туралы таратып айта кетсеңіз?

– Үш аймақшылдардан ат құйрығын кесіскен Оспан батыр 1946 жылы көкек айында Бәйтікке барып орналасты. Бұл жерде Моңғол әскерлерімен шайқасты. Бірақ бұл жағдай Моңғолия мен Советтер одағының алаңдауына негіз болды. 1947 жылы 5 маусымда Советтер одағының қолдауымен 4-5 ұшақ және 500 әскер Оспанға шабуыл жасады. Қытай бұған ресми түрде наразылық білдірді. Бұл мәселе халықаралық дауға айналды.

"Чикаго Дейли Ньюстің" тілшісі Доак Барнетт сол оқиғадан кейін Оспан батырды тауып кездескен. Ол 1947-1949 жылдары арасында Қытайда көріп білгендерін “Коммунистік төңкерістің қарсаңындағы Қытай” атты және 1963 жылы жарық көрген кітабында әңгімелейді. Бұдан кейін Ян Моррисон атты ағылшын журналисі барып кездескен екен. Бұл кісілердің еңбектері кітап болып басылып шыққан.

1956 жылы Оспан батыр туралы алғашқы көлемді еңбек Лондонда жарық көреді. Ол «Kazakh Exodus» яғни «Қазақ босқындары» деген атпен шыққан. Көлемі 200 беттен тұратын бұл кітапта Оспан батыр бастаған ұлт-азаттық көтеріліс жан-жақты баяндалады. 1960 жылы бұл кітап Түркияда түрік тілінде басылады. Онда Оспан батырдың туғанынан, батыр ретінде қалыптасқанына дейін, сондай-ақ, 1951 жылы қолға түсіп, шейіт болғанына дейінгі аралық толық қамтылған. Бұл кітап сол кездегі деректер негізінде жазылды, бірақ соған қарамастан тарихи фактілері жағынан өте құнды кітаптардың бірі. Кейіннен жаңа деректер мен айғақтардың пайда болуына байланысты оның да кемшіліктері барлығы айқындалды.

Бұдан кейінгі тағы бір маңызды еңбек – 1986 жылы шетелде жарық көрген Эндрю Форбестің “Қытай Орталық Азиясындағы сардарлар және мұсылмандар: республикашыл Шынжаңның саяси тарихы 1911-1949” деп аталады.

Ал, келесі деректерді америкалық тарихшы Линда Бенсонның Іле көтерілісі жайындағы еңбектерінен көреміз. Ол 1988 жылы «Шыңжаңдағы этникалық азшылық және қазақтар туралы зерттеулер» атты кітабындағы бір тарауын «Қазақтың алтын аңызы – Оспан батыр» деп атаған. Бұнда да Оспан батырдың ерлігі, қайсарлығы, жасаған жұмысы жан-жақты баяндалған.

Оспан батыр туралы зерттеулердің ең соңғысы 1999 жылы Гонконгта “Совет Одағының көлеңкесіндегі Іле уақиғасы Шыңжаңдағы этникалық қақтығыстар мен халықаралық бақталастықтар 1944 – 1949” деген атпен жарық көрді. Кітап авторы Дейвид Уаң 1979 жылға дейін Шынжаңда тұрған қытай азаматы. Іле көтерілісі туралы қазақ, ұйғыр достарынан көп әңгімелер естігеннен кейін бұл туралы ғылыми зерттеу жасауды армандайды. Қытайда мүмкіндік болмайтынын біліп, Австралияның Тасмания университетіне барып, 1987 жылы докторлық диссертация қорғаған екен. Көлемі 600 беттен тұратын бұл кітапта көптеген деректер талданған.

Демек, Оспан батыр бүкіл әлемді елеңдеткен қазақтың бірден-бір тұлғасы. Алайда, Қазақстанда Оспан батыр туралы зерттеулер әлі тиянақтала қойған жоқ. Ендігі зерттеулер ісі Қазақстанда жалғасса. Сол үшін Оспантануға байланысты арнайы орталық ашылса деген ойдамын.

ТАЙВАНДА ОСПАН БАТЫРДЫ ҰЛТ ҚАҺАРМАНЫ ДЕП ТАНИДЫ

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зекенұлы Қытай зерттеулеріндегі деректерге үңілді.

Тұрсынхан Зекенұлы, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы. Алматы, 11 қараша, 2009 жыл.
– Оспан батыр туралы деректердің негізі Қытай мұрағаттарында қаттаулы тұр. Оған әзірге ешкімнің тісі бата қояр емес. Сол құжаттардың бір бөлігін кезінде гомиңдаңшылар Қытайға алып кетіп қалған. Ертеректе Тайванда «Шыңжаңдағы 70 жылдық боран» деген кітап шыққан екен. Бұл сол мұрағат деректері негізінде жарық көріпті. Сол кітаптың бір данасы Шыңжаңдағы кітапханада болушы еді. Мен ол кітапты өз көзіммен көріп, оқып шыққан жайым бар.

Қытай мен Тайванда Шығыс Түркістан ұлт-азаттық көтерілісіне екі түрлі көзқарас қалыптасқан. Біріншісі – Оспан батырды банды, коммунизмге және ел тұтастығына қарсы адам ретінде бағалайды. Кезінде солай айыптап, ату жазасына бұйырғаны белгілі.

Ал, Тайванда керісінше, олар оның Гоминдандарды жақтағанына орай және Моңғолияның шекарадағы арандату ісіне, Бәйтік оқиғасына байланысты оны отансүйгіш батыр ретінде көрсетеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG