Accessibility links

Доллар қымбаттаған соң бизнесмендер бутиктерін жаба бастады


Сауда орнының жалға берілетіні туралы хабарлама жанынан өтіп бара жатқан адамдар. Алматы, 27 қазан 2015 жыл.

Сауда орнының жалға берілетіні туралы хабарлама жанынан өтіп бара жатқан адамдар. Алматы, 27 қазан 2015 жыл.

Теңге девальвациясынан кейін Алматыда жалға беру ақысы күрт қымбаттап, бос қалған сауда орындары көбейген. Шағын кәсіпорын қожайындары «қиын заман туды, сатып алушылар азайып кетті» дейді.

Тепсе темір үзетін жастағы Санат Жақсылықов төрт жыл бұрын Алматыдағы сауда орталығынан орынды жалға алып, спорт киімдерін сататын шағын бизнес ашқан.

Санат Жақсылықов сауда жасаған орын қазір бос тұр. Сурет оның жеке архивінен алынды.

Санат Жақсылықов сауда жасаған орын қазір бос тұр. Сурет оның жеке архивінен алынды.

Жұрт ағылып жататын Көк базардың жанынан ашқан дүңгіршегі тұрақты табыс көзіне айналып, шаруасы біртіндеп өрге басып келе жатқан.

Санат көлемі төрт шаршы метрлік орынды жалдауға айына 90 мың теңге төлеп тұрған. Бірақ теңгенің долларға шаққандағы бағамы 50 пайыздай құлдыраған тамыз девальвациясынан кейін сауда орталығы басшылығы жалға беру ақысын 110 мың теңгеге (400 доллар шамасында) қымбаттатып жіберген.

- Кәсібім енді ғана дөңгелене бастаған еді, доллар аяқ асты шарықтап шыға келді. Бізге «кәсіптеріңе кесірі тимейді» дегені қайда?! Енді міне, тауарым өтпей, бутигімді жауып тастадым, ал ай сайын мұнша ақша төлеуге менің шамам келмейді, - дейді Санат Жақсылықов Азаттыққа.

Қырғызстаннан киім-кешек әкеліп сататын кәсіпкердің айтуынша, девальвациядан кейін тауар құны мен жол пұлы да, зат сақтайтын қоймалар да қымбаттаған, ал сатып алушылар қарасы азайған. Енді ол кішкентай екі баласы мен қазір декреттік демалыс алып үйде отырған жұбайын қалай асыраймын деп уайымдайды.

ДОЛЛАРҒА «БАЙЛАУЛЫ» ДЕДОЛЛАРИЗАЦИЯ

Қазақстанда кеңсе, дүкен, тамақтандыру орындары сияқты коммерциялық орындарды жалдайтын кәсіпкерлер көбінесе АҚШ доллары бағамымен есеп айырысады. Билік жариялаған дедолларизация (экономикадан долларды ығыстыру) саясаты өзге салалар сияқты бұл салаға да оң әсерін тигізген жоқ. Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығы директоры Ермек Әбілдин «бұл жағдай шағын бизнес кәсіпорындарына да қиын тиіп, тұтынушының да қалтасын жұқартып барады» деп есептейді.

- Коммерциялық жайларды жалға беруге доллар қымбаттауының қатысы жоқ болса да, жалға берушілер бағаны өсіріп жатыр. Жалға берушімен қандай жолмен келісуді кәсіпкердің өзі таңдауы тиіс. Шағын және орта бизнес құрдымға кетіп барады. Жалға алған орынның ақысын төлеу үшін кәсіпкерлер сатып отырған затының бағасын қымбаттатады, ал мұның зардабын қарапайым халық тартады, - дейді Ермек Әбілдин Азаттыққа.

Азаттық тілшісінің бақылауынша, соңғы айларда Алматыдағы коммерциялық ғимараттардың сырты мен сөрелерінде «Жалға беріледі, сатылады» деген жазулар көбейген. Бұл құбылыс қала орталығымен қатар қала шетінде де байқалады.

Экономист Айборша Хайроллақызы «Зәулім үйлердің бұрын сұлулық салондары, туристік фирмалар, дүкендер мен шағын дәмханалар орналасқан бірінші қабаттарының көбі бос тұр. Кәсіпкерлер арзандау орын іздеуге мәжбүр немесе еріксіз нарықтан кетіп жатыр» дейді.

- Статистика комитеті «биыл қыркүйектегі инфляция деңгейі бір пайызды құрады» деп күлкілі санды көрсетеді. Сауда орындарынан ұсақ кәсіпкерлер ғана емес, ірі арендаторлар да кетіп жатыр. Меніңше, сауда орталығы қожайындары жалға беру бағасын арзандатуы тиіс, - дейді экономист.

Босап қалған бутиктердің бірі. Алматы, 22 қазан 2015 жыл.

Босап қалған бутиктердің бірі. Алматы, 22 қазан 2015 жыл.

Экономистің айтуынша, дәрі-дәрмек, азық-түлік қымбаттаған, ал сұлулық салондары шеберлердің қызметінен бас тартып, амалсыз үнемдеуге көшкен клиенттерінен айырылып жатыр. Ал Қазақстан билігі девальвациядан кейін халықты «теңгенің құнсыздануы тұтынушыға әсер етпеуі тиіс» деп сендірген.

Алматы қаласы кәсіпкерлік басқармасының сауда бөлімі мамандары Азаттыққа «сауда орталықтарының проблемасымен айналысып жатырмыз, дәл қазір сұрақтарыңызға жауап бере алмаймыз» деген уәж айтты. Қазан айының ортасында Алматының ірі сауда-ойын сауық орталықтарындағы кәсіпкерлер «орынды жалдау ақысы долларға байлаулы, сондықтан бизнесіміз шығынға батты» деп мәлімдеп, ондаған бутикті бірнеше сағатқа жауып тастаған. Сауда орталығы қожайындарын көндіруге тырысқан кәсіпкерлердің әлгі «демаршына» қатысқан Қазақстан ритейлерлері қауымдастығы президенті Василий Горевой Қазақстанда тұтынушы сұранысы 35 пайызға кеміп, Алматыдағы коммерциялық орынды жалға беру ставкасы Еуропаның ірі қалаларындағы бағамен шамалас деп, өз деректерін келтірген.

Сауда орталығындағы бутигін жапқан алматылық тұрғын Санат Жақсылықов қазір базарларды зерттеп жүр. Ол базарлардан жалға беру ақысы арзандау орын қарастырып, саудасын жайма базарға шығып жалғастырып көрмек.Оның үстіне, ел билігі «нағыз дағдарыс» әлі алда екенін ескертіп жатыр. Санат Жақсылықов «бұрынғы «элиталық» клиенттер енді еріксіз үнемдеуге көшіп, киімді базардан алатын шығар» деп үміттенеді.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG