Accessibility links

Тұрғындар белсенділігі ауылда су проблемасын шешті


Бие сауу. Қорғанбай ауылы, Қарағанды облысы. 8 шілде 2014 жыл.

Бие сауу. Қорғанбай ауылы, Қарағанды облысы. 8 шілде 2014 жыл.

Төрт жыл бұрын Қарағанды облысындағы Қорғанбай ауылында су болмаған еді. Тұрғындар «билікке ұжымдасып жазған хаттарымыздың көмегі тиді» дейді.

Совет билігі кезінде Қорғанбай ауылы Промышленное деп аталатын. Тұрғындардың көбі Жезқазған тау-кен металлургиялық комбинатының қосалқы шаруашылығында жұмыс істеген. Бірақ ауыл шаруашылығының күйі кері кетіп, жағдай қиындаған соң жергілікті тұрғындар үй шаруашылығын қайта қолға алып, жылқы, сиыр, қой өсірумен айналыса бастаған.

Ауыл шаруашылығы құлдыраған жылдары ауылдағы су құбыры да тозған. Жергілікті тұрғын Мақсат Есенбаевтың айтуынша, кезінде ауылда бақша суару түгілі, ішерге су болмаған.

Мақсат Есенбаев – Қорғанбай ауылының байырғы тұрғыны. Әйелі және үш баласымен жеке меншік үйінде тұратын ол «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған қаласындағы сервис компаниясында бригадир болып істейді.

Қорғанбай ауылының тұрғыны Мақсат Есенбаев (сол жақта). 8 шілде 2014 жыл.

Қорғанбай ауылының тұрғыны Мақсат Есенбаев (сол жақта). 8 шілде 2014 жыл.

Қорғанбай ауылы Жезқазған қалалық әкімшілігіне қарайды. Ауылға баратын жол нашар, ал кей тұстарында жол мүлде жоқ. Жолға көлікпен жарты сағаттай уақыт кетеді.

Мақсат Есенбаевтың екі ағасы да ауылда тұрады әрі жылқы өсіреді. Ағаларының негізгі жұмысы да бар болғанымен, екеуі де қосалқы шаруашылық ұстауға тырысады.

«Көп кіріс әкелмесе де, бір жалақыға қарап отырмайсың. Назарбаевтың тілімен айтсақ, отбасы бюджетін осылай дифференцияладық» дейді Мақсат Есенбаев.

Оның айтуынша, жылқы малы көп күтімді қажетсінбейді. Жылқылар түнде жайылымға өздері кетіп, таңертең қораға келіп тұрады. Мақсаттың әйелі екі сағат сайын бие сауып, қымыз піседі.

Есенбаевтар отбасының жылқылары. Қорғанбай ауылы, 8 шілде 2014 жыл.

Есенбаевтар отбасының жылқылары. Қорғанбай ауылы, 8 шілде 2014 жыл.

Есенбаевтар отбасы жылқы шаруашылығынан бөлек, үйінің жанына шағын бақша да егіп қойған. Суды орталық құбырға жалғанған скважинадан алады. Оны төрт жыл бұрын Қорғанбай ауылының тұрғындары Жезқазған қаласы мен Қарағанды облысы әкімдеріне ұжымдық хат жолдағаннан кейін жөндеп берген.

«Қара жұмысшы болсам да, жазғанды жақсы көремін, талай өтініш жаздым. Бүкіл ауылдың атынан жазып жүріп, міне, ескі болат құбырларды пластикке ауыстырып берді. Қазір тұрғындардың бәрінің үйінде су бар» дейді Мақсат Есенбаев.

Оның айтуынша, ауыл тұрғындарының белсенділігі арқасында Қорғанбай ауылы «Ақбұлақ» ауыз сумен қамтуды дамыту бағдарламасына ілінген. Ауылда тиісті коммуникация тарту үшін Жезқазған бюджетінен алты миллион теңге бөлінген.

Қорғанбай ауылы, Қарағанды облысы. 8 шілде 2014 жыл.

Қорғанбай ауылы, Қарағанды облысы. 8 шілде 2014 жыл.

Бірақ жол проблемасы әлі шешілмей келеді. Қорғанбай ауылына жақын жерде, Кеңгір өзені жағасында Жошы ханның мазары бар. Аңыз бойынша, онда Шыңғысханның үлкен ұлы жерленген. Бірақ ауыл мен 13-ғасырдың көне архитектуралық ескерткіші арасында жол жоқ. Ол жерге жолды білетін жергілікті тұрғындардың бірінің көрсетуімен көлікпен ғана жетуге болады.

Есесіне мазардың іргесінен далаға қарай бірнеше метр тротуар төселген. Мақсат Есенбаевтың айтуынша, оны мазарды ашуға тікұшақпен келген президент Нұрсұлтан Назарбаев жүру үшін төсеген. Тротуарды әуе транспортымен келген қонақтардың көбі пайдаланғаны белгілі.

Мақсат Есенбаев «ауданымызға туристер келе бастауы үшін кезі келгенде жергілікті билік ауыл мен Жошы хан мазары арасына жол салатын шығар» деп үміттенеді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG