Accessibility links

Жанкүйерлер "легионер" олимпиадашыларды бөтенсиді


Арли Чонтай (ортада) Қазақстан чемпионатында жүлде алып тұр. 6 маусым. 2012 жыл. Талдықорған.

Арли Чонтай (ортада) Қазақстан чемпионатында жүлде алып тұр. 6 маусым. 2012 жыл. Талдықорған.


Қазақстанға соңғы жылдары Ресей мен Қытайдан бірнеше спортшы келді. Бәрі Қазақстан азаматтығын алды, халықаралық жарыстарға қатысып жүр. Бес жылда Ресейден 12, Қытайдан 4 спортшы келіпті.

ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛГЕН СПОРТШЫЛАР

Қытайдан келіп, Қазақстан азаматтығын алған төрт спортшы да дүнген. Ауыр атлеттер. Зүлфия Чиншанло мен Мая Манезаны қазақстандық жұрт біліп қалды. Екеуіне азаматтық берілген. 2009 жылы Гояңдағы (Оңтүстік Корея) әлем чемпионатында жеңіске жетті. Екеуі енді олимпиадаға дайындалып жүр. Жаттықтырушылар Қытайды аралап, осы екі қызды тауып келген.
Фархад Харки. 6 маусым. 2012 жыл. Талдықорған.

Фархад Харки. 6 маусым. 2012 жыл. Талдықорған.


2010 жылы Қазақстан Қытайдан тағы да екі спортшы алдырды – Арли Чонтай (21 жаста) және Фархад Харки (22 жаста). Екі жігіт те олимпиадаға барады.

Олар Қытайда ауыр атлетикамен өз беттерінше айналысқан. Жарыстарға қатыспаған. Алғашқы сынақтары – маусымның 6-ында Талдықорғанда өткен Қазақстан чемпионаты. Арли Шымкенттен, Фархад Ақтөбеден қатысты. Оларды екі қаланың әкімдігі қаржыландырады. Аттары өзгертілген. Қолда бар дерек бойынша, Арли Чонтайдің шын аты - Жан Вей.

2008 жылы ресейлік бес теннисші - Ярослава Шведова, Галина Воскобоева, Андрей Голубев, Юрий Щукин, Михаил Кукушкин де азаматтық алды. 2011 жылы Ксения Первак (ол да теннисші) Алматыға көшіп келді. 2012 жылы ресейлік Юлия Путинцева да төлқұжат алды.

Ресейден келіп, Қазақстан азаматтығын алған тағы үш спортшы олимпиадаға барады. Олар: Юрий Кудинов (суда жүзу), Рустам Сабурхузин (қазіргі бессайыс) және Гюзаль Манюрова (әйелдер күресі).
Теннисші Ксения Первак. Суретті Қазақстан теннис федерациясы берді.

Теннисші Ксения Первак. Суретті Қазақстан теннис федерациясы берді.


Кудинов (қазір 34-те) әлем чемпионатында бес алтын алған. Сабурхузин (33-ке толды) Пекин олимпиадасына қатысқан. Манюрова - Афина олимпиадасының күміс жүлдегері. Үшеуі де бұл жетістіктеріне Ресей азаматы кезінде жетіпті.

Мамандар арасында да, жанкүйерлер ішінде де халықаралық ірі жарыстарға Қазақстан азаматтығын жаңадан алған спортшыларды апаруды жақтамайтындар да, қолдайтындар да бар.

ЖАҚТАМАЙТЫНДАР

Спорт журналисі Төлеубек Әділбекұлы:

- Чонтай мен Харкиді (аттары өзгерген атлеттер - ред.) бұған дейінгі жарыстарға неге қоспағаны түсініксіз. Олимпиада қарсаңында «жарқ» етіп шығару кім үшін қажет? Бәлкім сырттағы қарсыластарынан жасырып ұстаған дұрыс та шығар. Бірақ өзімізден жасырмау керек еді. Оларды халық қалай қабылдайды - мәселе осында! Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зулфия Чиншанло ақшаларын ақтады. Жүлдесіз қайтып көрген жоқ. Халық риза. Көзіміз де үйреніп қалды. Дегенмен менің
Арли Чонтай. 6 маусым. 2012 жыл. Талдықорған.

Арли Чонтай. 6 маусым. 2012 жыл. Талдықорған.

пайымдауымша, енді ауыр атлетикада легионерлер саны азаймаса, көбеймейді. Өйткені мықты-мықты спортшылар өсіп келеді. Сегіз жыл бұрын түрік маманы Энвер Түркелериді шақырттық - дұрыс болды. Жазира Жапарқұл, Ләззат Наурызбай, Нұрсұлтан Рахатов, Жасұлан Қыдырбаев сияқты таланттарды шығарды. Басқа спорт саласындағы басшылар үлгі алуы керек, - дейді.

Комментатор Рауан Оқас та бұл спортшыларды жанкүйер қабылдамайды деген пікір айтты.

- Олимпиадада (Чонтай мен Харкиді айтады - ред.) жүлде алып жатса да жанкүйерлер ол жеңісті қабылдай алмайды. Себебі, олар бізге бөтен, - дейді ол.

Төлеубек Әділбекұлының пайымдауынша, Қазақстан азаматтығын жаңадан алған теннисшілер де қазақстандық спортқа пайда әкелмейді.
Ярослава Шведова Францияда өткен әйелдердің ашық чемпионатында екінші турда ойнап жатыр. Roland Garros стадионы, 27 мамыр 2010 жыл.

Ярослава Шведова Францияда өткен әйелдердің ашық чемпионатында екінші турда ойнап жатыр. Roland Garros стадионы, 27 мамыр 2010 жыл.


- Төрт-бес жыл бұрын Сырым Әбдіхалықов деген жас теннисші шықты. Бірақ «ғұмыры» ұзақ болған жоқ. Сол кезеңде Андрей Голубев бастаған ресейлік теннисшілер келіп жатқан. Басшылар өзіміздің жігітті «жарылқағанда», Сырымның бір жерден шығатыны күмәнсіз еді. Қазір Айдын Рақышов деген тағы бір талантты теннисші бар. Енді осы жігітке жағдай жасап, халықаралық турнирлерге апарса, Голубевтан кем соқпайды. Легионерлер шақырғанша, академия ашып, жас таланттарды қолдау керек, - дейді ол.

Комментатор Ермұхамед Мәулен Манюрова (әйелдер күресі), Сабурхузин (қазіргі бессайыс) және Кудинов (суда жүзу) туралы «Ресейге керек болмай қалған спортшылар жаппай Қазақстанға келіп жатыр» деген пікір айтты. Спорт журналисі:

- Бұлар Ресей құрамасына керек емес. Кезінде көшбасшы болды. Қазір орындарына жас спортшылар келді. Демек, «қартайғандар» құрамаға ілінбей Cпорт журналисі Дина Искакова. Сурет жеке архивінен алынды.

Cпорт журналисі Дина Искакова. Сурет жеке архивінен алынды.

қалды. Ресейге керек болмай, Қазақстан азаматтығын алып жатыр, - дейді.

Спорт шолушысы Дина Искакова «Ұлттық құрамаға шетелден спортшы әкеліп, олардың жүлдесіне мәз болу – спорт басшылары таңдаған оңай жол. Легионердің көздегені – ақша. Жанкүйерге легионер жүлдесінен гөрі, өз спортшыларының жеңісі керек. Легионер әкелгеннен бұрын, ауылдағы спорт мектептерін көбейткен жөн. Қазақстаннан да чемпиондар шығады. Спорт басшыларының қателігі – асығыстықта» дейді.

ЖАҚТАЙТЫНДАР

Жанкүйерлер мен спорт журналистерінің осы тақілеттес пікірлеріне қарамастан, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының мемлекеттік жаттықтырушысы Меңдіхан Тәпсірұлы соңғы «келген Қытай спортшылары (Чонтай және Харки - ред.) өте мықты» дейді.
Гояң қаласында (Оңтүстік Корея) өткен әлем чемпионатында алтын медаль алған ауыр атлет Мая Манеза. 25 қараша 2009 жыл.

Гояң қаласында (Оңтүстік Корея) өткен әлем чемпионатында алтын медаль алған ауыр атлет Мая Манеза. 25 қараша 2009 жыл.


- Қытайдан спортшы әкелу арқылы біз ішкі чемпионаттағы бәсекелестікті арттырмақпыз. Дүнген спортшыларына қарап, біздің жастарымыз да ауыр атлетикамен айналысатыны анық. Мая Манеза мен Зүлфия Чиншанлоның жеңістерін көріп, талай қазақ қызы ауыр атлетикаға бет бұрып жатыр. Ал соңғы келген екі дүнген Арли Чонтай мен Фархад Харки өте мықты. Екеуі де Лондонда жүлде алуы мүмкін, - дейді жаттықтырушы.

Ал Қазақстанның спорт және дене шынықтыру агенттігі төрағасы Талғат Ермегияев «Шеттен спортшылар әкелу – қазақстандық балаларды спортқа тартудың басты құралы» дейді.

Талдықорғанда өткен Қазақстанның ауыр атлетика чемпионатында Азаттық тілшісі агенттік басшысының осы мәселеге қатысты пікірін сұраған еді. Талғат Ермегияев:

- Қазақстанға келіп жатқан спортшылар арқылы біз елімізде кенже қалған спорт түрлерін дамытпақпыз. Осы спортшыларға қарап, біздің жастар спортқа жаппай келеді. Қазір теннис, жүзу, ауыр атлетика сияқты спорт түрлеріне келіп жатқан жергілікті балалар көбейді, - деп жауап берді.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG