Accessibility links

Үкіметтік емес ұйымдар бірігуге келісті


Fзаматтардың әлеуметтік құқықтарын бірігіп қорғау туралы меморандумға қол қойып жатқан үкіметтік емес ұйым жетекшілері. Астана, 18 тамыз 2015 жыл.
Fзаматтардың әлеуметтік құқықтарын бірігіп қорғау туралы меморандумға қол қойып жатқан үкіметтік емес ұйым жетекшілері. Астана, 18 тамыз 2015 жыл.

Үкіметтік емес 17 ұйым Астанада «азаматтардың әлеуметтік құқықтарын бірігіп қорғау» үшін ортақ меморандумға қол қойды. Баспанаға қол жеткізе алмай жүрген үлескерлердің кейбірі бұл бастамаға күдікпен қарайды.

Астана мен Алматы қалалары және алты облыстағы жалпы саны 17 үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) өкілдері бүгін ортақ меморандумға қол қойды. Бірақ, Астанада өткен қол қою рәсіміне Алматы және басқа облыстардағы қоғамдық ұйымдардың жетекшілері келген жоқ. Ұйымдастырушылар мұны «жол шығыны және уақыт тапшылығымен» түсіндіріп, «құжаттарды қол қойып, мөр басуға беріп жіберетіндерін» айтты.

Меморандумға қол қойған 17 қоғамдық ұйым тізімі. Астана, 18 тамыз 2015 жыл.
Меморандумға қол қойған 17 қоғамдық ұйым тізімі. Астана, 18 тамыз 2015 жыл.

Меморандумда ҰЕҰ-лар «халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап бара жатқанын, биліктің әлеуметтік конфликтілерді тиімді шеше алмай отырғанын, азаматтардың сот әділдігіне сенімі жоғалғанын және корррупциядан зардап шегіп отырғанын ескере келе, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау үшін өздерінің административтік, қаржылық және кадр мүмкіндіктерін біріктіретінін» мәлімдеген.

Меморандумға қол қойған үкіметтік емес ұйымдар енді «азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау, коммуналдық тарифтердің өсуіне қарсы әрекет ету, мемлекет мұқтаждығы үшін алынған жекеменшік жер телім иелері, үлескерлер мен банк борышкерлерін қолдау» секілді жеті бағытта біріп жұмыс істемек.

Құжатта осы істерді атқару барысында билік органдарына арыз беру, сарапшыларды жалдау, БАҚ-қа бірлескен үндеу жасау, митингілер, пикеттер, флешмобтар ұйымдастыру тәсілдері қолданылатыны жазылған. Меморандумға қол қойған «Демократия институты және адам құқығы» ұйымының жетекшісі Болатбек Блялов Азаттық тілшісіне:

– Бұрыннан бері осы шаруалармен айналысып келеміз. Бірақ әр қайсымыз жеке-жеке кеңселерде отырып, бөлек әрекет еттік. Енді бірігіп қызмет істеп, нәтиже шығару қажет,– дейді.

Үкіметтік емес ұйымдардың өзара келісімі бойынша бір жылға үйлестіруші қызметін алған «Халық бірлігі» қоғамдық ұйымының төрағасы Мақсат Нұрыпбай «ендігі мақсат - үкіметпен бірігіп жұмыс істеу» дейді.

– Ниет білдірген үкіметтік емес ұйымдар бірігіп болған соң, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешу және болуы мүмкін қақтығыстардың алдын алу үшін үкіметке ортақ жұмыс тобын құру туралы ұсыныс түсіреміз. Қазіргі күрделі жағдайда олар бастамамызды қолдауы тиіс, - дейді Нұрыпбай.

«Ар. Рух.Хақ» қоғамдық бірлестігінің президенті Бақытжан Төреғожина.
«Ар. Рух.Хақ» қоғамдық бірлестігінің президенті Бақытжан Төреғожина.

Меморандумға қол қойған «Ар. Рух.Хақ» қоғамдық бірлестігінің президенті Бақытжан Төреғожина «үкіметтің өздерімен бірге жұмыс істейтініне» күмән келтіреді, бірақ ҮЕҰ-лардың бірігу туралы меморандумының жүзеге асатынына сенеді.

- Төменнен шыққан бастама өміршең келеді. Мәселен, «Антигептилдің» жұмыс істеп келе жатқанына үш жыл болды, өзім азаматтардың бейбіт жиындар өткізу құқықтарын қорғаумен айналысамын. Бізге бір-бірімізді моральдық қолдау өте маңызды. Үкімет бізбен жұмыс істеген емес, одан үміттенбейміз де. Әр ұйым бұрын атқарған жұмыстарымен айналыса береді. Бірақ біреуміздің басымызда бір проблема туындағанда бірігіп әрекет етеміз, - дейді.

Қоғам белсенділері назар аудармақ мәселенің бірі –үлескерлер дауы. ҮЕҰ өкілдері сөзінше, «Астананың өзінде 13 мыңдай алданған үлескер бар». Үкіметтік емес ұйымдардың бірігу туралы құжатқа қол қою рәсіміне бастаған құрылыстарын бітіре алмай, орта жолда тұрып қалған құрылыс компанияларының бірді-екілі өкілдері де қатысты. Бірақ олар Азаттыққа қандай да бір пікір айтудан бас тарып, «бастамалары жақсы, соңы қалай боларын көреміз» деумен ғана шектелді.

Бітпеген үйлеріне қарап тұрған үлескерлер. Астана, 5 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Бітпеген үйлеріне қарап тұрған үлескерлер. Астана, 5 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Ал Астанадағы «Тамаша үй» кешеніне ақша салып, не үйіне жете алмай, не салған қаржысын қайтара алмай жүрген үлескер Дәурен Байжанов ҮЕҰ-лардың бірігу туралы бастамасынан өз проблемасына қатысты бір нәтиже шығарына күдікпен қарайды. Оның сөзінше, үлескерлер мен баспана дауына келгенде «бос сөз көп, нақты іс жоқ».

– Олар (үкіметтік емес ұйым жетекшілерін айтады – ред.) нақты нәтиже шығарса қанекей. Өз басым күмәнім көп. Оларды айтпағанда, бір кешенге ақша салған үлескерлердің басын қосып, ортақ мәселеге келісу қиын, - дейді Байжанов.

Ал меморандумға қол қойған қоғамдық ұйым өкілдері алдағы күндері үкіметке талап-хат жазбақ. Онда олар «2017 жылы өтетін ЭКСПО көрмесіне дейін үлескерлердің мәселесін толық шешуді сұрамақ».

XS
SM
MD
LG