Accessibility links

ТМД бақылаушысы байқамағанды ЕҚЫҰ көрді


Кезектен тыс президент сайлауындағы дауыс бюллетені салынған сайлау жәшігі. Aстана, 26 сәуір 2015.

Кезектен тыс президент сайлауындағы дауыс бюллетені салынған сайлау жәшігі. Aстана, 26 сәуір 2015.

Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстан президенті сайлауында сайлаушының таңдау құқы шектелді дейді. ТМД өкілдері баламасыз сайлауды қазіргі басшының «талассыз беделіне» балайды.

ЕҚЫҰ МӘЛІМДЕМЕСІ

27 сәуірде Астанада өткен брифингте ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқығы бюросының сайлауға бақылау жасау миссиясының басшысы Корнелия Йонкер саясатта Нұрсұлтан Назарбаев пен оның «Нұр Отан» партиясы үстем екенін мәлімдеді. Бақылаушылардың хабарлауынша, азаматтардың пікір білдіру еркіндігі айтарлықтай шектеліп, сайлаушылар таңдау жасай алатындай шынайы саяси балама ұсынылмаған.

Сайлау барысын бақылаған ЕҚЫҰ миссиясының мәлімдемесінде «ЕҚЫҰ миссиясы аралаған орта және төмен деңгейдегі комиссиялардың көбінде комиссия мүшелерінің басым көпшілігі мен төрағаларының бәрі дерлік «Нұр Отан» партиясы мүшесі болды, бұл олардың бейтараптығына күмән тудырады. Саяси партиялардың сайлау комиссиясында тең деңгейде мүшелік ету механизмі сайлау туралы заңда қамтамасыз етілмеген» делінген.

Мәлімдемеде кандидаттарға қойылған тіл сынағын тапсыру сияқты талаптар «кандидаттарды тіркеу процесіне теріс әсер еткені» айтылған.

Бақылаушылардың мәлімдеуінше, БАҚ жұмысын шектейтін заңдардың қабылданып, интернет-сайттарды жабу немесе бұғаттауға қатысты санкциялардың күшеюі салдарынан азаматтардың көзқарас алуандығы мен ашық пікірталастар азайған. Сайлау науқаны кезінде кандидаттарға үгіт-насихат жүргізудің тең мүмкіндігі берілгенімен, қазіргі президенттің ресми қызметі туралы жан-жақты есептер кандидаттар арасында теңсіздік тудырған.

ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқығы бюросының сайлауға бақылау жасау миссиясының басшысы Корнелия Йонкер сайлау туралы баспасөз мәслихатында мәлімдеме жасап отыр. Астана, 27сәуір 2015.

ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқығы бюросының сайлауға бақылау жасау миссиясының басшысы Корнелия Йонкер сайлау туралы баспасөз мәслихатында мәлімдеме жасап отыр. Астана, 27сәуір 2015.

ЕҚЫҰ-ның алдын ала мәлімдемесінде «Тұтастай алғанда, сайлау ұйымдасқан түрде өтті, бірақ дауыс беру, дауыстарды санау, нәтижесін қорыту кезінде үлкен процедуралық кемшіліктер мен заң бұзушылықтар және бюллетеньдерді топтап тастау фактілері байқалды» деп жазылған.

ЕҚЫҰ бақылаушыларының айтуынша, бюллетеньдерді топтап тастаудың 46 оқиғасы тіркелген, дауыс берушілер тізімдеріндегі қолдардың ұқсастығы байқалған, топтасып дауыс беру, өкілі арқылы дауыс беру, сайлау бюллетеньдерін салатын жәшікті талапқа сай бекітпеу, бірнеше мәрте дауыс беру мен дауыс берушілерге қысым жасау сияқты заң бұзушылықтар тіркелген.

ШЫҰ МЕН ТМД МӘЛІМДЕМЕСІ

Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) мен Тәуелсіз елдер достастығы (ТМД) бақылаушылары мұндай заң бұзушылықтардың ешқайсысын байқамаған. Бүгін Астана қаласында Орталық сайлау комиссиясында ШЫҰ бақылау миссиясының басшысы Дмитрий Мезенцев "Қазақстандағы президент сайлауы ашық, еркін, демократиялық жолмен өткенін» мәлімдеді.

ТМД елдері бақылаушылары да Қазақстандағы президент сайлауын сынауға негіз жоқ деп тапты. Олардың мәлімдеуінше, «дауыс беру нәтижелеріне ықпал ете алмайтын жекелеген техникалық кемшіліктер» байқаған.

— Сайлау учаскелерінің бірінде бюллетень тастайтын жәшік бақылаушылардың көрінбейтін ыңғайсыз тұста тұр екен. Оны жылжытып қойды, - дейді ТМД елдері бақылау миссиясы басшысы Сергей Лебедев.

Ол учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерін көбейтуді ұсынады. Оның айтуынша, сайлаушылардың үлкен белсенділік танытуынан кезекте көп адам жиналып қалған. Ол кейбір халықаралық бақылаушылардың «Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы баламасыз өтті» деген пікірімен келіспейді.

ТМД бақылаушылар Орталық сайлау комиссиясы мүшелерімен бірге тұрып суретке түсті. Aстана, 27 сәуір 2015.

ТМД бақылаушылар Орталық сайлау комиссиясы мүшелерімен бірге тұрып суретке түсті. Aстана, 27 сәуір 2015.

— Балама кандидаттар болды, бірақ Қазақстандағы бір ерекшелік - елдегі жетекші көшбасшы талассыз беделге ие. Оның беделі Қазақстан мен ТМД елдері кеңістігінен өзге елдерде де мықты. Халық арасында талассыз беделге ие мемлекет басшысының сайлауда жеңуі заңды нәрсе. Мұнда тұрған ешқандай оғаштық жоқ. Сондықтан Қазақстан Республикасы мен онымен жағдайы ұқсас өзге көрші мемлекеттерде өтетін сайлауларды сынауға негіз жоқ, - дейді ТМД елдері бақылау миссиясы басшысы Сергей Лебедев.

ТМД елдері бақылау миссиясының тағы бір мүшесі Леонид Слуцкий Қазақстан халқы сайлауға «құдды мерекеге жиналғандай, көздері жайнап» бара жатқанын байқаған.

ТМД елдері бақылау миссиясының мәлімдеуінше, сайлау «жария, еркін, ашық әрі демократиялық сайлау принциптеріне сай өткен», ал «барлық деңгейдегі билік органдары мен сайлау комиссиялары сайлау кезінде ел азаматтарының өз еркін білдіру құқын жүзеге асыруын қамтамасыз еткен».

Орталық сайлау комиссиясының алдын ала жариялаған дерегінше, сәуірдің 26-сі күні өткен сайлауда қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 97,7 пайыз дауысын жинап, жеңіске жеткен. ОСК-ның хабарлауынша, елдегі сайлаушылардың 95,22 пайызы сайлауға қатысқан. Сайлаудың түпкілікті нәтижелерін мамырдың 3-іне дейін жариялау жоспарланған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG