Accessibility links

ЕАЭО: экономикасы осал елдер одағы


Еуразия экономикалық одағын құру келісіміне қол қойған Беларусь, Ресей мен Қазақстан президенттері. Астана, 29 мамыр 2014 жыл.
Еуразия экономикалық одағын құру келісіміне қол қойған Беларусь, Ресей мен Қазақстан президенттері. Астана, 29 мамыр 2014 жыл.

ЕАЭО туралы келісім Қазақстан, Беларусь және Ресейдің шикізат саласына тәуелді экономикасын біріктіруді көздейді. Бұдан нақты интеграция күтетіндер де, "сауда соғысын" болжаушылар да бар.

РЕФЕРЕНДУМСЫЗ ҚҰРЫЛҒАН ОДАҚ

Еуропа Одағына кірер кезде көп мемлекеттер өз елдерінде референдум өткізді. Ал ЕАЭО құру туралы келісімге қол қоятын кезде үш елдің бірінде де референдум ұйымдастырылған жоқ. Алматылық саясаттанушы Досым Сәтпаев «жаңа одақ құру жауапкершілігін үш елдің басшылары өз мойнына алды» деп есептейді.

"Еуропа Одағын демократиялық елдер, ал ЕАЭО-ны авторитарлық елдер құрды. Авторитарлық елдердің ұзақ мерзімді ортақ бірдеңе құруға қаншалықты қабілетті екені енді анықталады" дейді саясаттанушы.

Досым Сәтпаевтың пікірінше, демократиялық елдердің әріптестік қарым-қатынас орнату мүмкіндігі көбірек. Қазір Қазақстан мен Беларусьте билік транзиті өзекті мәселеге айналды, ал билік ауысқан жағдайда бұл елдердің сыртқы саяси бағыты да өзгеруі мүмкін.
Еуропа Одағын демократиялық елдер, ал ЕАЭО-ты авторитарлық елдер құрды.


Бірақ "қазақстандықтардың ЕАЭО-ға деген түзу көзқарасына" сілтеме жасайтын кейбір жергілікті сарапшылар референдум өткізу қажет емес деп есептейді. Олар мұны нақтылығын тексеру қиын жергілікті социологиялық зерттеу деректеріне сүйеніп мәлімдейді.

"ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҰҚСАСТЫҚ"

Жұрттың ЕАЭО-ға деген түзу көзқарасын «растайтын» зерттеулер бұл елдердің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің ұқсастығын уәж етеді. Ресми валюта бағамына сәйкес, 2013 жылдың желтоқсанындағы есеп бойынша Беларусьте орташа жалақы мөлшері долларға шаққанда 621 доллар, Қазақстанда – 890 доллар, Ресейде 1197 доллар болған. Ал ең төменгі күнкөріс шегі Беларусьте 110 долларға, Қазақстанда 111 долларға, Ресейде 223 долларға тең болған. ЕАЭО-ға мүше елдерде баға біртіндеп теңесіп келеді. Мысалы, Беларусьте бір киловатт-сағат электр қуатының құны - 6,1 доллар, Қазақстанда - 6,8 доллар, Ресейде - 9,2 доллар.

Сарапшылардың есебінше, үш ел экономикасының деңгейлес дамуы болашақта ЕАЭО-ға мүше елдердің экономикалық, қаржылық және әлеуметтік өлшемдерді белгілеуде ортақ келісімге келуін оңайлатады.

ЕАЭО елдерінің экономикасы негізінен табиғи ресурстарды өндіру, экспорттау және тасымалдауға тәуелді. Егер дамыған елдерде табиғи ресурстар қоғам игілігіне, адам капиталын арттыруға жұмсалса, ЕАЭО елдеріне шикізат қарғыс болып жабысты. Бұл модельдің тиімсіздігінің түп-тамыры - СССР-ден қалған әлсіз инфрақұрылымда. Ал инфрақұрылымға салынатын инвестицияның тапшылығы мемлекетті бұл салаға қайта-қайта субсидия бөлуге мәжбүрлейді. Мұны әсіресе қалаларының арасы шалғай Қазақстаннан анық байқауға болады.

БИЛІК «ТАБЫСҚА ЖЕТЕМІЗ» ДЕП УӘДЕ ЕТЕДІ

Қазақстанның ресми тұлғалары жаңа одақтың көбінесе экономикалық артықшылықтары туралы ғана айтады. Парламент сенатының депутаты Ахан Бижанов ортақ нарық көлемі (2 триллион 500 миллиард доллар) мен адам ресурстарын (168 миллион адам) және өндірістік әлеуетін (600 миллиард доллар) ЕАЭО-ның артықшылығына балайды. Оның пікірінше, ЕАЭО-ның ішкі шектеулерді алып тастау, сауда-саттықта артықшылықтың болуы, бірыңғай тарифтік саясат, нарықты кеңейту сияқты ұтымды тұстары бизнесті дамытуға жол ашады.
Алматы базарында сауда жасап жатқан әйел. Көрнекі сурет.
Алматы базарында сауда жасап жатқан әйел. Көрнекі сурет.


Бірақ кейбір сарапшылар жаңа одаққа мүше елдердің арасында қайшылықтар да барын айтады. Мысалы, Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры Толғанай Үмбеталиева Азаттық тілшісіне берген сұхбатында ЕАЭО-да келіспеушіліктер де тууы мүмкін екенін айтады.

"Экономистер үш мемлекет арасында сауда-саттық соғысы болуы мүмкін деп болжайды. Өйткені Ресей мүше болған дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) мүлде басқа нормаларды ұстанады. Ал Қазақстан мен Беларусь сауда қатынастарын Кеден Одағы нормалары бойынша реттейді" дейді ол.

Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісімге мамыр айының аяғында Астанада қол қойды. Үш ел қазіргі бірыңғай кеден кеңістігін келесі жылдың басында бірыңғай экономикалық кеңістікке айналдыруға уәде етеді. Одақ сыншылары мен оппозиция "Қазақстан мен Беларусьті Ресейдің колониясына қайта айналдыруды көздейтін ЕАЭО екі елдің тәуелсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін" деп алаңдайды.

Мақаланы әзірлеуге Мақпал Мұқанқызы қатысты.
XS
SM
MD
LG