Accessibility links

Депортация куәгері: «Сол озбырлықты әлі түсінбеймін»


Қазақстанға 1944 жылы күштеп қоныстандырылған ингуш халқының өкілі Хажбикар Акиев. Алматы, 13 ақпан 2014 жыл.

Қазақстанға 1944 жылы күштеп қоныстандырылған ингуш халқының өкілі Хажбикар Акиев. Алматы, 13 ақпан 2014 жыл.

Биыл Кавказ халықтарының елінен күштеп көшірілгеніне 70 жыл толады. Депортацияны бастан кешірген алматылық ингуш көрген қорлығын ұмыта алмаған.

Алматы қаласында тұратын 82 жастағы Хажбикар Акиев – совет билігі осыдан 70 жыл бұрын, 1944 жылғы ақпан мен наурыз айларында жарты миллиондай шешен мен ингушты Орталық Азияға жер аударғанына куә болған адамның бірі.

Ол кезде әке-шешесі, жеті бауырымен бірге Ингушетияның Базоркино (қазіргі атауы – Чермень) ауылында тұрып жатқан Хажбикар Акиев депортацияны әлі ұмыта алмаған.

ДЕПОРТАЦИЯ

Хажбикар Акиевтің айтуынша, 1944 жылы ақпан айының басында Базоркиноға совет әскері келе бастаған. Ел арасында «бұлар совет-герман соғысында шегінген әскерлер» деген сыбыс тараған. Көп ұзамай бұл әскерлердің келу мақсаты не екені де белгілі болған.

«Ақпанның соңғы күндерінің бірінде таң бозынан бәрімізді оятты. Ер адамдарды «жиналысқа барасыңдар» деп алып кетті. Айнала жарық бола бастағанда әскерлер үй-үйді аралап, жиналуға 30 минут уақыт беретінін айтты. Бізді бір жаққа алып кететінін түсіндік. Жиналуға мұрсат та берген жоқ. Жұрт әйтеуір қолға ілінгенін асығыс-үсігіс алып жатты. Әскерлер «жастық, көрпеше алыңдар деді» деп еске алады ол кезде 12 жаста болған Хажбикар Акиев.

Депортация. Шешенстан, 23 ақпан 1944 жыл.

Депортация. Шешенстан, 23 ақпан 1944 жыл.

​Тұрғындарға тіпті ас-су, керек-жарақ заттар алуына да мүмкіндік бермей, жүк вагондарына тиеген. Жолшыбай аштық пен суықтан сәбилер мен қарттар көп өлген.

«Вагонда әрбір отбасыға бір-бір сәкіден ғана берілген. Бір вагонда төрт-бес отбасы болды. Күн суық. Жейтін ешнәрсе жоқ. Тамақ пісіретін орын да жоқ. Ортада буржуйка пеш тұрды. Дәретханамыз – шелек. Жолшыбай станцияларға тоқтаған кезде тек бір адамға шәйнекпен су алуға немесе шелекті төгуге рұқсат. Ал былайша тіпті су алуға да тыйым салды. Егер адам өлсе, көмуге мүмкіндік болған жоқ. Мәйітті тастауға тура келді. Кейде мүмкіндігінше жүзін қармен жасыруға тырысып жатты» дейді Хажбикар Акиев.

Тарихшы ғалым Жарас Ермекбай «шешендер мен ингуштардың тарихи отандарынан қуылған себебі совет билігінің оларға деген сенбестігінде ғана емес» дейді.

«Мәскеу мұрағатындағы деректерді қарадым. Сол құжаттарда «Бұлардың барлығы – сатқын, немістермен астыртын байланысы бар, советке қарсы» деп түсіндірілген. Ал шын мәнінде Сталин ингуштар мен шешендерге тиесілі территорияны Солтүстік Осетия мен Дағыстанға бөліп бергісі келді. «Түріктер соғыс ашса, ингуштар мен шешендер сатып кетеді, немістерге де көмектеседі» деген жәй әншейін сылтау болатын» дейді тарихшы.

Тарихшы Жарас Ермекбайдың айтуынша, 1944 жылғы депортациядан бұрын Шешен-Ингуш АССР-інде шамамен жарты миллион тұрғын болған. Совет билігі қаңтар айында бұл республиканы таратып, тұрғындарын түгелдей Орталық Азия мен Қазақстанға көшіру туралы бұйрық шығарған. Тіпті майданда жүрген азаматтарды да қайтарып, күштеп жер аудартып жіберген.

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚОНЫСТАНУ

Отанынан қуылған Хажбикар Акиевтің отбасы Қазақстанға жеткен соң Ақмола облысындағы Макинка станциясына қоныстанған. Ол депортациядан кейінгі алғашқы төрт жыл қатты қиналғанын, небәрі 12 жаста болса да жұмысқа араласқанын айтады.

Дағыстаннан Шешенстанға депортацияланған адамдар. (Көрнекі сурет)

Дағыстаннан Шешенстанға депортацияланған адамдар. (Көрнекі сурет)

​Хажбикар Акиевтің қарт әкесі станциядағы ағаш өңдейтін шеберханаға ұста болып орналасқан. Шешесі өзге әйелдер сияқты шұлық тоқып, майданға өткізуге міндетті болған.

«Отбасындағы еңбекке жарамды адамдардың бәрі қанша еңбектенсе де, табысы тамаққа әрең жететін. Кей кезде аш қалған кездеріміз де болды. Ішерге ас, киерге киім болмай қатты қиналдық» дейді ол.

Хажбикар Акиев ағасы «үш килограмм бидай ұрлағаны үшін» 10 жылға сотталып кеткен соң тұрмыстары тіпті ауырлағанын, өзі әуелі ұста, кейін етікші болып күн көргенін айтады.

«Әкем қартайғандықтан Ақмола облысы Амангелді ауылындағы етікші шеберханасына қарауыл боп орналасты. Мен де әкем арқылы етік тігу өнерін меңгеріп алдым. Амангелді ауылы нағыз қазақ ауылы болатын. Бірнеше неміс отбасы, бірнеше ингуш отбасы болды. Қалғаны – қазақтар. Ондағы қазақтар бізге мүмкіндігінше қатты көмектесті. Қолдап, қолындағы нанымен бөлісті. Олар менің етікші екенімді білгеннен кейін үйлеріне алып кететін. Бір-екі апта бір үйде болып, аяқ киімдерін бүтіндегеннен кейін келесі үйге ауысатынмын» деп еске алады Хажбикар Акиев.

Оның айтуынша, етік, не шәркей тіккізген қазақтар еңбекақысы ретінде қолда барын – бірі нан, бірі бидай, бірі майын берген. Ол сәл есейген соң трактор бригадасында тіркеуші, одан соң комбайншының көмекшісі болып жұмыс істеген.

Хажбикар Акиев депортациядан кейін бірнеше жыл ішінде аштықтан үш бауыры шетінеп кеткенін, 1947 жылы әкесі де қайтыс болғанын айтады.

Қыс ортасында пойызбен азып-тозып жеткен жұрттың бөтен жерге бейімделуі оңайға соқпағанын, аштық-жоқшылық салдарынан көп адам қырылғанын тарихшы Жарас Ермекбай да растайды.

Депортация туралы спектакль. Шешенстан, Грозный, 10 мамыр 2013 жыл.

Депортация туралы спектакль. Шешенстан, Грозный, 10 мамыр 2013 жыл.

Оның сөзінше, совет билігі депортацияланған 500 мыңға тарта шешен-ингуштардың біразын Қырғызстанға, 300 мыңнан астамын Қазақстанға қоныстандырған. Қазақстанға әкелінгендерін Гурьев пен Оралдан басқа облыстарға таратып жіберген.

«Шешен мен ингуштарды «майданға, Сталининградқа жақын» деп елдің батысындағы Гурьев пен Орал облысына апармай, қалған облыстарға қоныстандырды» дейді тарихшы.

«ЖЫЛЫМЫҚ»

Сталин өлген соң, 1957 жылы совет билігі депортацияланған ұлттарға тағылған «сатқындық» туралы айыптарды алып тастады. Қуғындалған халықтардың біразы отандарына орала бастады. Бірақ Хажбикар Акиев туған жеріне – қайтадан құрылған Шешен-Ингуш АССР-іне қайтуға шамалары келмегендерін айтады.

«Кім ауылдан кетіп қалса, оның орнына өзге ұлттар келетін. Ауылдардың барлығында бос үй болмады. Егер кеткен адам орта жолда айнып қалып, бұрын тұрған үйіне қайтып келсе, оны тіпті үйдің ауласына да кіргізбей қуып шығатын. Ондай дау-дамай көп болды» дейді ақсақал.

Тарихшы Жарас Ермекбайдың айтуынша, депортацияға ұшыраған ұлттар отандарына барған соң да талай қиындыққа душар болған.

«Жер аударылғандардың көпшілігі туған жеріне оралғанмен ойдағыдай қоныстана алмады. Бұрынғы үйлерінде бөтен адамдар тұрды. Бұған қоса Шешенстан астанасы Грозный қаласындағы депортация құрбандары мемориалы. (Көрнекі сурет)

Шешенстан астанасы Грозный қаласындағы депортация құрбандары мемориалы. (Көрнекі сурет)

оларды тұрақты тіркеуге тұрғызбау саясаты болды. Ал тұрақты тіркеу болмаса, совет заманында адам жұмысқа орналаса алмай, әлеуметтік қиындықтарға ұшырайтын» дейді зерттеуші.

​Тарихшы Жарас Ермекбай Кавказ халықтарын күштеп көшіру саясатының зардабы әлі күнге дейін жойылмағанын, кейін ол ұлттар арасындағы жер дауына да себеп болғанын айта келіп, бұл депортацияны «Кавказ халықтарының Холокосты» деп бағалайды.

Депортация куәгері, 82 жастағы Хажбикар Акиев ондай қатігездіктің не үшін керек болғанын әлі күнге дейін ұға алмайды.

«Мал екеш малды да бір жаққа апарсаң, жем-шөбін ала барасың ғой. Бізге ештеңе бермеді, екі-үш күн бойы нәр татқызбады, су да ішкізбеді. Қаншама адам суықтан, аштықтан өлді. Мемлекет қалайша халыққа сондай озбырлық жасай алады? Мен соны түсінбеймін» деп күрсінді ақсақал.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG