Accessibility links

Темір ауданындағы шабуылшы топтың тірі қалған 2 мүшесі тұтқындалды


Шұбарши ауылындағы мешіт. Ақтөбе облысы, 1 шілде 2011 жыл

Шұбарши ауылындағы мешіт. Ақтөбе облысы, 1 шілде 2011 жыл

Ресми орындар Кеңқияқ ауылында полицейлерге шабуыл жасаған «қылмыстық топтың толығымен жойылғанын» хабарлайды. Ал тұрғындардың бірі өз ауылындағы жағдайға қатысты басқаша пікір айтады.


Шілденің 11-і күні Қазақстанның ішкі істер вице-министрі Марат Демеуов Ақтөбе облысында полицейлердің өліміне қатысы болуы мүмкін тағы екі адамның ұсталғанын хабарлады.

- Бүгін таңертең соңғы екі күдікті ұсталды. Осылайша 11 адамнан құралған қылмыстық топ толығымен жойылды, - деді вице-министр Марат Демеуов Астанада өткен брифингте.

Ол қазір сонымен бірге өткен аптаның соңында мерт болған тоғыз күдіктінің жетеуінің аты-жөні белгілі болғанын айта кетті. Демеуов сөз арасында олардың дәстүрлі емес діни ағымдарға қатысы барын да жоққа шығарды.

ҚАНДЫ ҚАҚТЫҒЫС

Өткен жұма күні Кеңқияқ ауылында полицейлерді өлтірген күдіктілердің ізіне түсу барысында атыс болып, он адам қаза тапқан еді. Олардың біреуі - полиция қызметкерінің майор шеніндегі Айболат Иманбаев болса, тоғызы қарсылас жақтың өкілі екені хабарланды.

Осыған байланысты Ақтөбеде сенбі күні шұғыл түрде өткен брифингте облыстық ішкі істер департамент өкілдері мерт болған тоғыз адамның ішінде бұрындары іздеу жарияланған алты күдіктінің барын айтқан болатын.

Осыдан бір апта бұрын Ақтөбе полициясы құқық қорғау қызметкерлерінің өліміне қатысы болуы мүмкін ақтөбелік алты азаматтың атын атаған болатын. Бұлар: Тоқтарбек Мәмбетов (27 жас), Ақылбек Мәмбетов (25 жас), Бектемір Оразов (22 жас), Айбек Жұмағазин (23 жас), Қуаныш Әлімбетов (43 жас) және Мирас Қаражанов (23 жас).
Екі полиция қызметкері кісі қолынан қаза тапқан жер. Шұбарши, 1 шілде 2011 жыл

Ақтөбе полициясы бұл азаматтарды Темір ауданында көптен бері «діни идеяларды жамылып, Кеңқияқ пен Шұбарши маңындағы құбырлардан мұнай ұрлап, т.б қылмыс жасаған» ұйымдасқан қылмыстық топпен байланыстырып отыр.

Маусымның 30-ынан шілденің біріне қараған түні Ақтөбе облысындағы Шұбарши ауылында екі полиция қызметкерін белгісіз біреулер атып кеткен болатын. Бірнеше күннен кейін осы қарулы топпен атыста тағы бір арнайы жасақ сарбазының мерт болғаны белгілі болды.

Апта басында Ақтөбеде баспасөз жиынын өткізген ішкі істер департамент өкілдері полицияға «қарсылық көрсеткен» күдіктілердің бірінің ағасы оққа ұшқанын да хабарлаған еді.

Ақпарат бойынша, күдіктілерді ұстауға ішкі әскери бөлім солдаттары, ішкі істер министрлігінің «Сұнқар» мен «Бүркіт» атты екі арнайы жасағы және ақтөбелік «Арлан» мен «СОБР» арнайы жасақтары жұмылдырылған. Операцияға сонымен бірге әскери әуе көліктері де тартылған.

«ҮШ АУЫЛДЫҢ ЕКІ МЕШІТІ БІР-БІРІНЕ ҚАРСЫ»

Азаттық радиосының Ақтөбе облысындағы тілшісі Әлима Әбдірованың хабарлауынша, қазіргі таңда ауылда жағдай қалыпты.

Осы айдың басынан басталған Темір ауданындағы оқиғаға байланысты ауыл тұрғындарының көзқарасы әртүрлі. Кейбір тұрғындар азаматтардың мешітке баруына кедергі келтірген полицияны айыптап отырса, кейбірі – мәселенің ушығып кетуіне халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлығы, жастар арасында жұмыссыздықтың ұлғаюы, тәртіптің әлсіреп кетуі себеп болғанын айтады.

- Әкімшіліктің салғырттығанан осындай жағдайға душар болып отырмыз. Мұнайлы аймақ болса да, жастардың қос-қостан дипломы бар болса да, жұмыссыз отыр. Ал жұмыссыз жастарды «сетевой бизнес» сияқты ислам ағымдары деп айта алмаймын, түрлі діни ағымдар өздеріне тартып алып жатыр. Ауылымыздан Пәкістанға оқуға барып келген жастар бар. Бұл «сигнал» осыдан үш-төрт жыл бұрын болған, - дейді Кеңқияқ тұрғыны Ардақ Құбашева Азаттық тілшісіне.
Шұбарши ауылының тұрғыны Айман Жұмағазинаның уақытша қамауға алйнған кезі. Кеңқияқ, 1 шілде 2011 жыл

Оның айтуынша, қазіргі таңда «тәртіптің нашарлығынан кез-келген адамда қару бар».

- Жақында ғана мамырдың 25-і екі мектеп оқушысының соңғы қоңыраулары болды. Кеңқияқ пен Шұбарши ауылын қосып тұрған көпір бар. Сол көпірдің астына оқушылар жиналып, бір-бірімен атысып, пышақтасты. Сондықтан бұл кеше ғана басталды деп біржақты айтуға болмайды, - дейді Ардақ Құбашева.

Ардақ Құбашева мәселенің тағы бір себебі діни сауатсыздықта жатыр деп ойлайды. Оның айтуынша, Шұбарши, Кеңқияқ, Сарыкөл аумағындағы «бар-жоғы екі мешіттің өз арасында қарама-қайшылықтар бар».

- Қазір шығып жатқан түрлі ағымдарды түсінбейміз ғой. Осының барлығы сол ағымды түсіндіретін, жастардың көзін ашатын сауатты имамның жоғынан болып жатыр. Осымен ауылға бесінші имам келді. Олардың барлығы бір айға жетпей кетіп қалады. Оларға үй берілмейді, жағдайлары жоқ. Діни өкілдерде ешқандай жалақы жоқтығын білесіз. Екі мешіт әуелі салынғаннан-ақ екі жаққа бөлініп кетті. Шұбарши клубының жанында бір мешіт бар. Ешқандай пітір-садақа бергізбейтін, Құран оқытқызбайды. Ешкімді жолаттырмайды. Өздері – би, өздері – қожа. Әркім Құранды әрқалай түсіндіреді, - дейді Ардақ Құбашева.

Оның айтуынша, осының салдарынан ауылда діни-рәсімдерді, ғұрыптарды атқарар кезде тұрғындар арасында қарама-қайшылық туындайды. «Сүйекке да таласқан кездер болған» дейді сұхбаттасымыз.

- Бір жағынан ұят. Айқайлап жылағың келеді. Қазақ пен қазақ өзара қырқысып жатыр. Бәрі де өзіміздің ауылдың балалары. Сырттан келген ешкім жоқ. Мен білетін 13 жастағы қыз бала осы Кеңқияқ мектебінің оқушысы керек болса, "мектепті жарып жіберем" деген. Бұл не деген сөз!? – дейді Ардақ Құбашева.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG