Accessibility links

Жансая Әбдімәлік: 15 жасымда әлем чемпионы болғым келеді


Халықаралық жарыстардың жеңімпазы, 13 жастағы шахматшы Жансая Әбдімәлік халықаралық гроссмейстер атағына қажет нормаларды орындады.

Шахматшының әкесі Данияр Әшіровтің айтуынша, Жансая Әбдімәлік қыркүйек айында Түркияда өткен шахмат турнирінде халықаралық гроссмейстер атағына қажет нормаларды орындаған. Жылдың соңына таман халықаралық шахмат федерациясы оған арнайы сертификат тапсыруы тиіс.

Азаттық тілшісі жарыстан екі күн бұрын оралған Жансаямен тілдесті.

Азаттық: Жансая, Түркияда өткен шахмат турнирінде күміс медаль иеленіпсің. Жеңісің құтты болсын. Турнир қалай өтті?

Жансая Әбдімәлік: Рахмет! Мен шахматтан 20 жасқа дейінгі қыздар арасында өткен чемпионатқа қатыстым. Жарыс Түркияның Хожаели қаласында өтті.

Чемпионатқа әлемнің әр елінен келген 100-ге тарта шахматшы қатысты. Мен тізімде он үшінші болып тұрдым. Қазақстаннан менімен бірге Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева, Жанна Кәрібаева барды.

Бірінші орынды ресейлік гроссмейстер Александра Горячкина иеленді. Мен екінші болдым. Үшінші орынды ресейлік Алина Кашлинская алды.

Азаттық: Турнирде сегіз рет жеңіп, үш рет тең түсіп, екі рет жеңілген екенсің. Қандай-қандай қарсыластар кездесті?

Жансая Әбдімәлік. Алматы, 27 маусым 2012 жыл.

Жансая Әбдімәлік. Алматы, 27 маусым 2012 жыл.

Жансая Әбдімәлік: Менің ойымша, өте мықты ойыншылар болған жоқ. Арасында ұтылып қалғаным рас. Бірақ рейтингтері жоғары ойыншылардың менімен қайта-қайта ойнауына тура келді.

Қызықты партиялардың бірі 12-турда болды. Қарсыласым, Перуден келген Кори Телло Дейзи тізімде екінші орында тұрды. Ол 2011 жылы 20 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы болған. Қызықты ойын болды. Мен қарамен ойнаған едім. Мүмкін, өте шешуші партия болған шығар. Дебюттан соң есепті теңестіріп жеңдім. Кей кезде дебютта-ақ жеңдім. «Құрбандыққа барған» кездерім де болды.

Азаттық: Осы жарыста халықаралық гроссмейстер атағына қажет нормаларды орындаған екенсің. Шахматтағы бұл жоғары атаққа жетудің қандай шарттары бар?

Жансая Әбдімәлік: Ол ойнайтын турниріңе байланысты. Мысалы, алты партияны жеңіп, біреуінде тең түсуің керек десе, соны орындау керек. Осындай тапсырмаларды орындасаң, норматив береді. Кейде екі немесе төрт гроссмейстерді жеңу керек деген сияқты тапсырмалар да болады. Өзім үш норманы орындадым.

Азаттық: Гроссмейстер нормативтерін өткен жылы орындаған екенсің. Неге атақты ала алмадың?

Жансая Әбдімәлік: Оған Ресей шахмат федерациясы мен Мәскеу шахмат федерациясы арасындағы әлдебір кикілжің себеп болды. Әйтпесе мен бәрін істегенмін. Олар мен орындаған нормаларды алып тастап, санамай қойды. Ал осы жолғы чемпионатта басқа норманы орындадым.

Азаттық: Бұған дейін Азаттыққа берген сұхбатыңда Сингапурдегі шахмат академиясында оқып жатқаныңды айтқан едің. Қазір қайдасың?

Жансая Әбдімәлік: Ол жақтан кетіп қалғаныма көп болды. Үйге қайтқым келді. Сингапурде 2010-2012 жылдары ғана оқыдым. Ол жақта жанымда тек анам ғана болды. Әкем, бауырларым, атам мен әжем – бәрі осында еді. Біртүрлі болған. Қазір Алматыда оқып жатырмын.

Азаттық: 16 жасында әйелдер арасында әлем чемпионы атанған қытай шахматшысы Хоу Юфанның рекордын жаңарту туралы арманың өзгерген жоқ па?

Жансая Әбдімәлік: Жоқ, әлі де соны армандаймын. Оған екі жылдың ішінде, яғни 15 жасымда жетуді жоспарлап отырмын.

Азаттық: Алда тағы қандай жоспарларың бар?

Жансая Әбдімәлік: Жуырда ешқандай турнир жоқ. Өзім екі күн бұрын ғана келдім. Сондықтан қазір демалып жатырмын.

Азаттық: Арманыңа жетуге тілектеспіз. Сұхбатыңа рахмет!

Жансаяның Азаттық тілшісіне 2011 жылы берген видео-сұхбатын мына жерден көре аласыз:
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG