Accessibility links

Жовтис: Асқаров ісі бойынша БҰҰ шешімін орындамау Қырғызстан беделіне нұқсан келтіреді


Евгений Жовтис.

Евгений Жовтис.

Азаттықтың Қырғыз қызметі қазақстандық танымал құқық қорғаушы Евгений Жовтистен қырғызстандық құқық қорғаушы Әзімжан Асқаровтың ісі бойынша сұхбат алды. Әзімжан Асқаров 2010 жылы болған Ош оқиғасынан кейін сотталған еді.

Азаттық: - Әзімжан Асқаровтың ісін [Қырғызстан] Жоғарғы сотының қайта қарауының қандай мәні бар?

Евгений Жовтис: - Біріншіден, бұл оқиға басқаларға үлгі бола алады, себебі бұл - БҰҰ комитетінің шешіміне байланысты жаңа жағдай бойынша қайта қаралатын Жоғарғы соттағы алғашқы процесс.

Екіншіден, бұл - өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілген және жазасын бірнеше жыл бойы өтеген жеке адамның ісі. Бұл - әділдік іздеу құқығы. Демек, қай жағынан алсақ та маңызды процесс.

Сот алдында маңызды мәселе тұрғанын ескеру керек, себебі бұл процестің заңдық 0ана емес, саяси мәні бар. Іс жүріп жатқан кездегі елеулі психологиялық және эмоционалдық жағдайларды да ескеру қажет.

Бұл іс бойынша шешім қабылдау сот жүйесінің, қылмыстық процестің, ұлттық және халықаралық құқық пен институттар арасында өзара қатынастың дамуына айтарлықтай ықпал етеді.

Әзімжан Асқаров.

Әзімжан Асқаров.

Азаттық: - Екі күннен соң Ангела Меркель Қырғызстанға ресми сапармен келмек. Асқаров ісі бойынша сот процесі Меркельдің сапарына орайластырылды деген пікір жиі айтылып жатыр. Сізге де солай көріне ме?

Евгений Жовтис: - Маған бұл туралы айту қиын, бірақ мен әркез істің оңтайлы шешілгенін қалаймын. Егер Меркельдің сапары Асқаров ісінде оң шешім қабылдауға ықпал етсе, өте жақсы. Яғни, жеке адам үшін бұл маңызды.

Өкінішке қарай, бізде құқық пен саясат тығыз байланысты, құқық пен сыртқы саясат та дәл солай. Жоғарғы соттың бұл істе нені басшылыққа алатынын болжау қиын, себебі процесс көп сын тудырды және халықаралық қоғам назарын аударды.

БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитеті айқын шешім қабылдап, Қырғызстанға қатысты нақты ұсыныстар жасады. Осы жайтты және Меркельдің сапарын ескергенде, бұл жағдайлар Асқаровқа қатысты дұрыс шешім қабылдауға түрткі болады деп үміттенемін.

Азаттық: - Асқаров ісі – билікке және қоғамның бір бөлігіне ауыр тиетін мәселе. Істі қараудан сіз не күтесіз?

Ош оқиғасы

Бакиев биліктен кеткеннен екі айдан соң этникалық өзбектер мен қырғыздар арасында қанды қақтығыс болып, Ош пен Жалалабадта 450 адам көз жұмған еді.

Евгений Жовтис: - Көп жағдайда, әсіресе қоғам назарын ерекше аударған істерде құқықтық шешім қабылдауға эмоционалдық іс-әрекеттер де ықпал етеді. Билік пен сот жүйесі құқық шеңберінен ауытқымауы керек немесе саяси мақсатқа сай әрекет етеді.

Егер мемлекет барлық азаматтардың заңды сыйлағанын қаласа, өзі де заң аясынан шықпай әрекет етуі керек. Демек, басқа адамдар үшін де заң саяси мақсатты көздемей орындалуы керек. Керісінше болса, заң саясатқа айналады.

Азаттық: - Көптеген сарапшылар мен құқық қорғаушылар Асқаров мәселесі Қырғызстанның беделіне тікелей ықпал етеді дейді. Сіз осы пікірге қосыласыз ба?

Евгений Жовтис: - Көбіне абырой мен халықаралық имидж елдің ішкі жағдайын, тұрғындардың хал-ахуалын есепке алуды қажет етеді. Оның қайсысы басым түсетінін айту қиын. Сондықтан мен әркез мәселенің құқықтық жағын айтамын.

Азаттық: - Егер Жоғарғы сот Асқаров үшін жағымсыз шешім қабылдаса, Қырғызстан одан қандай зиян шегуі мүмкін?

Евгений Жовтис: - БҰҰ комитеті шешімін орындамау елдің беделін арттырмайды және республикаға жақсы көзқарас қалыптастырмайды. Себебі Қырғызстан халықаралық шарттарды сақтайды деген сенімге селкеу түседі.

Бақыт Асановтың сұхбатын орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG