Accessibility links

НАТО саммитінде «Ресей жау ма, әріптес пе?» деген мәселе де талқыланды


Солдан оңға қарай: НАТО саммитінде отырған Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон мен АҚШ президенті Барак Обама. Польша, Варшава, 8 шілде 2016 жыл.

Солдан оңға қарай: НАТО саммитінде отырған Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон мен АҚШ президенті Барак Обама. Польша, Варшава, 8 шілде 2016 жыл.

НАТО жасақтары Ресеймен шекараға жақын Эстония, Латвия, Литва және Польшада орналасатын болды. Ол батальондардың әрқайсысында мың сарбаздан болады. НАТО-ның Варшавада өтіп жатқан саммитінде негізінен осы әскер орналастыру мәселесі талқыланды.

НАТО лидерлері бұл қадамға Ресей тарапынан агрессия күшейгені себепті барып отырғандарын мәлімдеді және мұндай шара Батыс пен СССР арасында болған қырғиқабақ соғыс аяқталғаннан кейінгі 25 жылда жасалып отырған ең үлкен қадам екенін айтады.

Варшава саммитінің бірінші күні АҚШ-тың Польшада мың жауынгерден тұратын батальон орналастыратынын растаған осы елдің президенті Барак Обама "Бұл кейінгі 25 жылда альянс қабылдаған ең маңызды шешім" деп мәлімдеді.

АҚШ басқаратын батальон Польшаның "Сувалки дәлізі" аталып кеткен аймағына орналасуы мүмкін. Бұл аймақ - Беларусь пен Ресейдің Калининград облысы арылығында, Польша мен Литва шектесетін жер. Бұл аймақ стратегиялық жағынан аса маңызды шеп болып саналады. Өйткені, Ресеймен қақтығыс болған жағдайда Ресей әскері Балтық елдерін осы "дәлізді" басып алу арқылы НАТО-дағы одақтастарынан бөліп тастауы мүмкін.

Эстония, Латвия, Литва және Польшада орналасатын НАТО батальондары НАТО-ға мүше кез келген елге екі күн ішінде көмекке келе алады. Бұл батальондарды Канада, Германия, Ұлыбритания және АҚШ басқаратын болды.

Альянс басшылығы мұндай шешімін Ресейдің Грузиямен соғысуы, Қырымды аннексиялауы және Украинаның шығысындағы қақтығысқа араласуы Кремльден шығып жатқан соңғы қатер болмауы мүмкін деп түсіндіреді. Украинаның шығысында басталған соғыстан 9300 адам қаза тапты.

Ал Чехия халықаралық қатынастар институты сарапшысы Марк Галеотти The Power Vertical подкастына берген сұхбатында Ресей шекарасына жақын маңға әскер қою әрекетіне былай баға берді:

- Бұлар – шабуылдаушы құрылымдар емес. Қанша мықты болса да, қанша жерден бес қаруы сай болса да, Ресей жаппай соғыс бастаған жағдайда анда-мұнда орналасқан мың әскер ештеңе істей алмайды. Бұлар – тек саяси маркер ғана. Олар «Бұл елдерге кіретін болсаңдар сендер тек эстондар мен латыштарды ғана емес, америкалықтар мен немістерді де өлтіресіңдер» дегенді меңзеп тұр. Бұл – өте маңызды, - деді сарапшы.

НАТО ережесінің 5-бабында бір мүше мемлекетке шабуыл жасалған жағдайда оның альянсқа кіретін барлық елдерге шабуыл болып саналатыны жазылған.

Варшавадағы саммитте НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Еуропадағы зымыраннан қорғану жүйесі "бастапқы әзірлікке келтірілгенін" мәлімдеді.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг. (Көрнекі сурет)

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг. (Көрнекі сурет)

Бірақ ол бұл әзірліктің қорғаныс сипатында ғана екенін ескертті. Испаниядағы АҚШ кемелері мен Түркиядағы радиолокациялық станция және Румыниядағы қағып түсіруші зымырандар бұдан ары НАТО басқаруына өтеді.

Столтенберг бұл қорғаныс жүйесінің тікелей Ресейдің ядролық қаруына қарсы тұруға арналмағанын, НАТО аймағынан тыс жерден жасалған зымыран шабуылдарынан қорғануға бағытталғанын айтады. Ол және "НАТО одақтастарына тікелей төніп тұрған қауіп жоқ" деді. Столтенбергтің сөзіне қарағанда, "НАТО елдерінің барлығы Ресеймен конструктивті диалог жүргізуді қолдайды". Ал Ресей Еуропадағы зымыраннан қорғау жүйесін өзінің ұлттық қауіпсіздігіне төніп тұрған қатер деп біледі.

Мәскеуде Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков НАТО басшыларының мәлімдемелеріне комментарий беріп, "Ресей тарапынан қауіп төніп тұр деген сөз бекер" деді. Ол Кремльдің саммиттен ақылды шешімдер күтетінін айтқан.

НАТО мүшелері мұнан бөлек, Ресеймен өзара сенімді қайта қалыптастыру тұрғысындағы келіссөздердің жалғаса беретінін айтты. 2014 жылы Мәскеу Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысында ресейшіл сепаратистермен соғыс басталғалы Ресейге сенім азайып кеткен еді.

ОЛЛАНДТЫҢ ОҚШАУ ПІКІРІ

НАТО саммитінде Франция президенті Франсуа Олланд Ресейді қауіп не жау ретінде санамау, бұл елге әріптес ретінде қарау мәселесін көтерді.

Ол «Ресеймен қарым-қатынастағы барлық мәселелерді НАТО шешпейді. Мәселен Франция үшін Ресей жау емес. Ресей - кейде күш қолданып, онысын біз Украинаның Қырым түбегін аннексиялап алған кезінде көрдік, яғни кей кездері күш қолданып отыратын әріптес ел» деп мәлімдеді.

Франция президенті Франсуа Олланд.

Франция президенті Франсуа Олланд.

Олланд Францияның Мәскеумен байланысты үзбеу қажет деп есептейтін позициясын білдірді. Бұл ел Украинаның шығысындағы үкімет әскері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы соғысты тоқтату үшін Минск келісімдерін жасауға қатысқан еді. Олланд "Біз қақтығысты шешудің жолдарын әлі іздеп жатырмыз" деді. Минск келісімдеріне қол қойған Ресей және Украина бітім шарттарының орындалмай отырғанына бірін-бірі айыптап келеді.

АУҒАНСТАН МЕН УКРАИНА ЖАЙЫ

Саммиттің алғашқы күні Ресей мәселесіне көп назар аударылса, одан кейін Варшавадағы басқасуда Сирия мен Иракта халықаралық коалиция соғысып жатқан "Ислам мемлекеті" (Қазақстанда тыйым салынған - ред.) террористік ұйымымен күрес, кибершабуылдар және миллиондаған босқындардың Еуропаға келу сияқты проблемалар да талқыланды.

Ал саммитттің екінші күні талқылау анауы Украина мен Ауғанстанға ауды. НАТО-ға мүше 28 ел Ауғанстан әскерін оқытуды жалғастыру керек деген шешім қабылдады. 2014 жылы бұл елден халықаралық әскердің негізгі бөлігі шығарылған еді. НАТО ауған қауіпсіздік күштерін қаржыландыра беретін болды әрі 2020 жылға дейін бөлінетін қаржының көлемі 4 миллиард доллар екені, оның көбін АҚШ аударатыны айқыналды.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг саммит қарсаңында "Біз ауған әскерін өз елдерімізді қорғау үшін қаржыландыра береміз, ол елдің халықаралық терроризм ошағы болмауына мүдделіміз" деген еді. Қазір мұнда 12 мың АҚШ және НАТО әскери қызметкерлері оқыту-жаттықтыру жұмыстарын атқарып жатыр.

Солдан оңға қарай: Украина президенті Петр Порошенко, АҚШ президенті Барак Обама, Германия канцлері Ангела Меркель НАТО саммитінде әңгілемесіп тұр. Варшава, 8 шілде 2016 жыл.

Солдан оңға қарай: Украина президенті Петр Порошенко, АҚШ президенті Барак Обама, Германия канцлері Ангела Меркель НАТО саммитінде әңгілемесіп тұр. Варшава, 8 шілде 2016 жыл.

Шілденің 9-ы күні НАТО жетекшілері Украина президенті Петр Порошенкомен кездеспек. Ол кездесу НАТО-Украина комиссиясы аясында өтеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG