Accessibility links

Ағылшын патшайымын Назарбаевты қабылдағаны үшін сынады


Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева (солдан оңға), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета және принц Филипп Букингем сарайында. Лондон, 4 қараша 2015 жыл.
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева (солдан оңға), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета және принц Филипп Букингем сарайында. Лондон, 4 қараша 2015 жыл.

Британ басылымдары Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета бір кездері ықыласпен қабылдаған автократ басшылар туралы жазады. Бұған қоса, Тони Блэрдің Қазақстандағы мәмілелеріне қатысты жанжалдың қайта қозғанын хабарлаған.

ДЖЕК СТРО ЖӘНЕ ХАМИД КАРЗАЙ

Euronews телеарнасы сайты осы аптада Астана қаласында өткен Еуразия медиафорумы деп аталатын жыл сайынғы конференция туралы жазған. «Еуразия медиафорумы: саяси тактика, мұнай бағасы және дипломатия» деген мақалада конференцияға Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі Джек Стро, Ауғанстанның бұрынғы президенті Хамид Карзай, Bloomberg TV компаниясының атқарушы продюсері Тодд Баер және ресейлік ТАСС агенттігі директорының орынбасары Михаил Гусман сияқты адамдар қатысқанына назар аударған.

ХІІІ Еуразиялық медиафорум. Астана, 21 сәуір 2016 жыл.
ХІІІ Еуразиялық медиафорум. Астана, 21 сәуір 2016 жыл.

Мақалада Джек Строның жиындағы баяндамасын «[әлдебір] құпияларды ашқан жолдаудан гөрі жөні түзу сөз деген жөн болар» деп сипаттаған. «Джек Стро тұрақтылық пен саяси сүйкімді кетірмеу үшін қажет мықты жұмыс этикасы жайлы айтты. Бұдан бөлек, ол әйел немесе ер адам болсын, билікте ұзақ отырған басшының «жарамдылық мерзімі» таусылар сәт жақындай беретініне және электоратты немесе өз әріптестерін өзіне қарсы қойып алуы ықтимал екеніне назар аударған. Стро «сайлаушылардың арман-мұраты ешқашан орындалмауы мүмкін» деп ескертті» деп жазады Euronews.

Құрамында Хамид Карзай, Джек Стро және «Астана» қаржы орталығы басшысы Қайрат Келімбетов бар сарапшылар тобы «әлемдік державалар арасындағы сенім тапшылығы проблемаларды бірлесіп шешуді қиындатады деген қорытындыға келді» деп жазады Euronews.

Жалпы, Батыс басылымдары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның қолдауымен жыл сайын өтетін бұл конференция жайлы онша көп хабар таратпағанын айта кеткен жөн.

ПАТШАЙЫМ КІМДЕРДІ ҚАБЫЛДАМАУЫ ТИІС?

Ұлыбританияның Times газеті «Блэр мұнайшы жұмысшыларды өлтірген режимге жәрдемдескен» деген мақаласында «2014 жылы Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр мен оның Tony Blair Associates (TBA) консалтинг компаниясы Астанадан «ереуілде тұрған 14 мұнайшы жұмысшыны полиция өлтірген» Маңғыстау облысына инвестиция құюды ынталандыру жөнінде тиімді контракт алғаны белгілі болды» деп жазады.

Мұнайшылар наразылығын оқ атып басқан соң екі күннен кейін Жаңаөзендегі орталық алаңда тұрған полиция арнайы жасағы. 18 желтоқсан 2011 жыл.
Мұнайшылар наразылығын оқ атып басқан соң екі күннен кейін Жаңаөзендегі орталық алаңда тұрған полиция арнайы жасағы. 18 желтоқсан 2011 жыл.

Ұлыбританияның тағы бір газеті Daily Mail бұл тақырыпты өрбітіп, «Тони Блэр Қазақстан президентіне мұнайшылар қырғынын «қасірет» ретінде, бірақ елдегі зор прогреске «көлеңкесін түсірмейтіндей» етіп жеткізуге кеңес берген» деп жазады. Бірнеше жыл бұрын Тони Блэр мұндай айыптауға тағы іліккен болатын. Мақала авторларының түсіндіруінше, Тони Блэрге қатысты жаңа айыптаулар легі «Ұлыбританияның жетекші салықшыларымен байланыстан кейін Тони Блэр мырза өзінің миллиондаған байлық-дәулетін басқару үшін құпия тресті (мүлікті сенімхат арқылы басқару – ред.) пайдаланған деген айыптауларға қатысты сұрақтарға жауап беруі тиіс» деген талаптарға байланысты шыққан.

Ұлыбританияның Independent газетінде жарияланған «Патшайымның туған күні: ІІ Елизавета адам құқығын таптаумен танылған жеті диктатор мен лидерге қошемет көрсеткен» деген мақалада Ұлыбритания патшайымы тақта отырған ғұмырында өткен ғасырда билік құрған бірқатар саяси тұлғаларды қабылдағанын жазады. Ол «әлемдегі ең қорқынышты диктаторлардың кейбірімен және кіршіксіз абырой-бедел иесі деуге келмейтін басшылармен оңаша кездескен». Газет олардың қатарында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты да атаған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақтан екінші) сап түзеген құрметті қарауыл жанынан өтіп барады. Букингем сарайы, Лондон, 4 қараша 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақтан екінші) сап түзеген құрметті қарауыл жанынан өтіп барады. Букингем сарайы, Лондон, 4 қараша 2015 жыл.

«Жоғары мәртебелі патшайым былтыр қарашада Назарбаевты сарайына шақырды. Қазақстан президенті патшайым, ханзада Филипп және Эндрюмен бірге түскі ас ішті. Назарбаевтың Қазақстан президенті болғанына 27 жыл болды, былтыр сәуірде ол 97,7 пайыз дауыс алып, қайта сайланған. Бұл лидер елінде авторитарлы режим орнатып, өзгеше ойлайтындарды басып-жаншып отыр әрі адам құқығын бұзғаны үшін талай айыптауға іліккен» деп жазады Independent газеті.

Қазақстан президенті Елизавета патшайымның ресми қабылдауына Қазақстан премьер-министрінің орынбасары қызметіне тағайындалғанына көп болмаған қызы Дариғаны ертіп барған.

Independent газеті патшайым Нұрсұлтан Назарбаевтан бөлек, Сирия президенті Башар әл-Ассад, Конго президенті Мобуту Сесе Секо, Зимбабве президенті Роберт Мугабе, Кувейт шейхы Насер әл-Сабах, Уганда президенті Йогеви Мусевани және Бруней сұлтаны Хассанали Болкиа сынды «диктатор әрі автократ президенттермен» де кездескен деп жазады.

XS
SM
MD
LG